ТҰРҒЫН ҮЙ АЛУДЫ НЕСИЕЛЕНДІРУ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

341

0

Президент Қазақстан халқын тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімді жолдарын жариялады. Осы орайда облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан несиелік тұрғын үйлер сатып алынып, тұрғындарға алғашқы жарнасыз және кейін сатып алу құқығымен ай сайын жалпұл төлеу шартымен берілетін болады. 

«Біздің облыстағы «Орда» бағдарламасы Елбасының «7-20-25» бағдарламасының лайықты қосымшасы болады», – деп атап көрсетті облыс әкімі жуырда ғана Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Б.Сағынтаевпен өткізілген жиында. Жалпы, бұл орайда Орталық атқарушы билік органдарында қандай шаралар қолданылуда?

Жақында ғана Ұлттық Банк ресми ақпарат таратып, 2018 жылдың екінші жартысынан бастап банктер «7-20-25» бағдарламасы негізінде ипотекалық кредиттер бере бастайтынын жариялады.

– Бірінші жартыжылдықта барлық дайын¬дық шараларын аяқтап, жылдың екін¬ші жартысынан бастап, банктер жаңа бағдарлама аясында несие бере бастайды деп күтілуде. Бұл кредиттердің алғашқы бөлігі рәсімделе салысымен біздің компания, еншілес ұйымдар аталған кредиттерді сатып алып, механизм іске қосылады, – деп мәлімдеді Үкімет оты-рысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Бұл ретте «7-20-25» бағдарламасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен біріктіріледі. 5 жыл ішінде бағдарлама меңгерушісі – Ұлттық банктің еншілес ұйымы 1 трлн теңге көлемінде займдар береді. Смоляковтың айтуынша, банктер ипотека ретінде бір жылға 70-80 млрд теңге бөледі. 20 млн теңге несие алған адамның айлық төлемақысы 140 мың теңге болады. Тиісінше, 7 млн теңгеге ие болған қарыз алушы айына 50 мың теңге төлеуі тиіс. Осы орайда басты қаржылық қадағалаушы орган бағдарламаны жүзеге асыруды төрт негізгі кезеңге бөліп қарастырады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те Ұлттық банк жасаған механизм негізінде сәуір айында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін хабарлаған. Аталған өзгерістер негізінде тұрғын үй құрылысының көлемі артады, сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тұрғын үй займдарын беру параметрлері қайта қарастырылады.

Кейбір сарапшылар ипотекалық жаңа несиелердің берілуі өз кезегінде тұрғын үй бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін –дейді.

– «7-20-25» бағдарламасы азаматтардың төлем қабілетін және құрылыстың даму қарқынын арттырады. Былтыр шілде айында басталған «Нұрлы жер» ипотекалық несиелендіруді субсидиялау бағдарламасы сатып алу-сату жағдайында өсімді анық көрсетті. Бұл тұрғын үйге деген сұраныс бар екенін, халықты қолжетімді қаржылық құралдармен қамту керек екенін, сол құралдың бірегейі – ипотека екенін айғақтайды. Жылдық 7 процент – орта табысты қазақстандық үшін қолайлы мөлшерлеме. Егер бір адам 25 жылға 20 млн теңге жылына 7 процентпен, алғашқы төлемі үй құнының 20 проценті негізінде алатын болса, онда ол айына 113 000 теңге төлейді. 20 миллионға екі немесе үш бөлмелі пәтер алуға болады. Үйде екі адам да жұмыс істеп тұрса, аталған қаражатты төлеу қиын емес. Дегенмен, төлеу мерзімі ұзақ болған сайын, артық төлеу де арта беретінін ұмытпау керек. Сол себепті, кредитті барынша қысқа мерзім ішінде жауып тастауға тырысқан дұрыс. Бағаға келер болсақ, жыл басынан бері жылжымайтын мүлік нарығында тоқыраудың азайып жатқанын аңғарамыз. Тұрғын үй бағасына макро және микроэкономикалық факторлар көп әсер етеді. Ең маңызды факторлар – құрылыстың өзіндік құны және сұраныс. Яғни, алдағы уақытта тұрғын үй құнының өсімі күтіледі, – дейді білікті сарапшылар.

Жыл басынан бері елімізде тұрғын үй бағасы біршама қымбаттаған. Бірақ бұған қосымша айтарымыз, екінші рынокта баға арзандағандар қатарында Қызылорда облысы алда келеді.

«Қазақстан Халық банкі» АҚ басшысы Үміт Шаяхметова отандық БАҚ-қа берген сұхбатында «7-20-25» күрделі жоба екенін айтыпты.

– Бұл арзан ипотеканы 25 жылға алу мүмкіндігін береді. Бұл – сөз жоқ, халықты қолдау. Алайда қазір бағдарлама туралы егжей-тегжейлі әлі білмейміз, тек Ұлттық банктың еншілес компаниясы пайда болатыны ғана белгілі. Бұл схема қиындау. Біз басқаша жол ұсынған едік – екінші деңгейлі банктерге 3 проценттік маржамен (айырым) ақша беру және қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме – 7 процент. Аталған бағдарлама ақшаны тез игеріп кетуге мүмкіндік беруші еді. Сосын банктер процентсіз жұмыс істей алмайды. Онда мемлекет үнемі банктерге көмектесіп, капитал салып отырады. Біз сүйеніп отырған орташа маржа – операциялық шығындар, желіні қолдау, қызметкерлерге жалақы беру деген сияқты қызметтерге кетеді. Сол себепті, мемлекет тарапынан 3-4 процент банк маржалары болса деп айтып отырмыз, – дейді Үміт Шаяхметова.

Жуырда ғана жаңа ипотекалық бағ­дарламамен қатар Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз қызметтерін жалғастыра беретіні айтылды.

Қазіргі таңда жаңа бағдарламаға деген көпшілік қызығушылығы жоғары.

Сарапшылар да осы жолы жаңа ипотекалық жобаға қатысушылар саны әдеттегіден көп болады деп болжап отыр. Айдың соңындағы нақтылы талап пен тәртіп бекітіліп, сәуір мен мамырдағы түбірлі өзгерістер «7-20-25» бағдарламасын нақты жобаға айналдырады.

Ұлттық банк басқармасы жақын уақытта 100 проценттік еншілес арнайы компания құру мәселесін қарастырады. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық Банк қаражаты негізінде қалыптасады. Екінші кезең – аталған компаниялардың қаржылық агенттік ретінде қалыптаса бастауы. Компаниялардың облигациясы үшін – мемлекеттік құнды қағаздарға салынғандай салық жүйесі салынады. Бұл тұрғыда Ұлттық банк тиісті заң жобасын Үкіметке жолдайды.

Бұл орайда болашақ борышкерлер қаржылық тұрғыда төлем қабілеттілігін растауы тиіс. Бағдарламаға ресми табысы бар қазақстандықтар қатысады. Қазір банктер нақты талаптарды айқындап жатыр.

Әзірлеген Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<