ТУҒАН ТІЛДІҢ ТҰҒЫРЫ

442

0

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жаңғырудың басты шарты ұлттық кодты сақтай білу екенін айтқан болатын. Ал ұлттық кодтың басты тетігі – тіл. Өткен жылы ҚР Үкіметі қаулысымен 5-қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген болатын. Кеше атау­лы күнге орай, еліміздегі тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттар достығын нығайту мақсатында «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өтті.

Бүгінде әлемде 6 мыңнан аса ұлт пен ұлыс бар. Соның 56-ның ғана тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғанын атап өткен облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қазақ тілінің болашағы жарқын боларын баса айтты.

– Тіл – татулықтың тірегі, тіл – ұлттың жаны, болмысы, санғасырлық жүріп өткен шерлі шежіресі, сырлы тарихы. Ана тілде халықтың мінез-құлқы, психологиясы бар десек, қателеспейміз. Біз кешегі 1991 жылы тәуелсіздігімізді алып, Елбасы бастамасымен дамудың даңғыл жолына түскен сәтте оңтайлы мемлекеттік тіл саясатын жүргізуді қолға алғанымыз белгілі.  «Тіл – ұлттың жаны» дейтін болсақ, тілде халықтың болмыс-бітімі бар. Сондықтан тілді сақтау, ғасырдан ғасырға жеткізу, жаңа формацияларға сәйкес жетілдіріп отыру барша зиялы қауымға үлкен міндет жүктейді, – деді Руслан Рүстемұлы.

Сондай-ақ, 5 қыркүйек – ұлт ұстазы, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалап, қазақ әліпбиін құрастырған ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Сындарлы кезеңде ел тағдырын қазақ тілімен байланыстырып, халықтың болашағы үшін күрескен ғалымның еңбектері ел үшін құнды қазына.

 Мерейлі мерекеде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, тілдерді дамыту бағытында атқарған жұмыстары үшін облыстағы бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, этномәдени бірлестіктер өнер көрсетті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<