Тынымсыз еңбектің табысты нәтижесі

439

0

Тынымсыз еңбектің табысты нәтижесі Бүгінде ауылда кәсіпкерлік саласы қарқын алуда. Бірі наубайхана ашып, енді бірі мал шаруашылығын дамытуды бағытқа алған,  шаштараз ретінде қызмет көрсетіп жатқандар да көбейді. Бастысы – екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар оқу курстарына қатысып, ісін бастауда. Мемлекет тарапынан кәсібін жаңа бастаған азаматтарға жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант беріліп жатыр. Міне, сан кәсіптің кілтін тапқан Қоғалыкөл елді мекенін де шаруасын дөңгелентіп отырған ауылдар  қатарына жатқызуға болады.
Жалпы, Қоғалыкөл ауылында 2500-ден астам  тұрғын бар.  Елді ме­кенде тіркелген 132 кәсіпкерлік субъектісінің 116-сы тұрақты жұмыс жасауда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша  «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» АҚ арқылы мал басын көбейту  мақсатында 36 млн тең­геге 11 жоба қаржыландырылды. Ауыл тұрғындары Ғафиз Жақып­бекұлы, Садырбай Медетов, Мұқтар Бегенов қор қаржы алып, мал бордақылау ісін дамытуда.
«Өңірлік инвестициялық орта­лы­ғы» наубайхана ашу және мал басын көбейту мақсатындағы 9 жобаға қолдау танытқан. Жоба арқылы қаржы алған іскерлердің  бірі –ауыл тұрғыны Темір Қожанов. Осыдан 20 жыл бұрын кәсібін балық шаруашылығынан  бас­тапты. Бүгінде  балықтың 7-8 түрін өсіріп отыр.  Кәсіп­кер он жыл бұрын ара бағуды да қолға алды. Омарта әліппесін  ойланып бастаған ол қазір 60-тан астам ара ұяшығын  ұстайды. Ара балы түрлі ауруларға ем екенін білген тұрғындар жиі тапсырыс береді екен. Кәсібі алға жылжыған шаруа тағы бір бизнесті бас­тады. Қорасындағы жылқысының санын 15-ке жеткізді. Өткен жылы Темір «Нұриман» жеке шаруа қожа­лығын құрыпты. Басты мақсат – Қам­бар ата тұқымын көбейту болды. Биыл жыл басында кәсіпкер  «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 6 млн теңге қаражат алды. Сөйтіп  қылқұйрықтың қатарын қы­рық­тан асырды.
– Жылқы текті жануар. Шөпті тал­ғап жейді. Сондықтан олар жайы­лымда. Тек бақылап отырамыз. Әсі­ресе, құлындайтын кезде қора-жайға алдырып, құлыны бой тіктеген соң, қосып жібереміз. Алда жоспар көп. Шаруашылықты дамытып, мал басын көбейте береміз, – дейді.  Кәсіпкер 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Айта кетерлігі, қазір ауылдық жерлерде отбасылық нәсіп кең өріс жайған. «Мынау кімнің шаруашылығы?» деп сұрай қалсаңыз, «Бауырлардың бірігіп ашқан отбасылық кәсіптері ғой» деген жауап дайын. Ауыл тұрғыны Жандос Сүлейменов жақында нау­байхана ашты. Бұл отбасылық кәсіп. Бүгінде кәсіпкер Қоғалыкөл мен жақын ауылдарды нан өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Жыл басында «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 3 млн теңге қаржы алды.
– Кәсіп ашқаныма көп уақыт бола қоймады. Дегенмен, бастаған ісіміз берекелі. Наубайхана заман талабына сай автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Қол еңбегін көп қажет етпейді. Енді алдағы уақытта нан түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сұранысқа сай жұмыс жасайтын боламыз, – деді наубайханашы.  Жақында іскер азаматқа ауыл әкімі мен мектеп басшысы мектеп жанынан ыстық нан өнімдерін сататын дүңгіршек ашу жөнінде ұсыныс жасапты. Енді осы істі қолға алып жатқандарын да жеткізді. Осы жос­пары іске асатын болса, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Сонымен қатар «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша 1 жоба 5 млн теңгеге қаржыландырылды.  «Сырдария» несие серіктестігі арқылы  мал басын көбейту бойынша бір жоба жүзеге асты. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының грант бөлу тетігі негізінде жеке кәсіпкер Сауранбек Жүсіповтің құны 778 мың теңгені құрайтын «Ағаштан жасалған өнімдер» жобасы жеңімпаз атанды. Сауранбек шебердің қолынан шыққан тұрмыстық заттары сұранысқа ие. Мұнда  кәсіп бастаймын деген жас­тар қатары да басым. Ол үшін алдымен кәсіпкерлік саласының қыр-сырын меңгеруге арналған арнайы оқу курстарына қатысып, білімдерін жетілдіруде. Мәселен, «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 17 адам оқытылса, «Бизнес бастау» жобасы аясында 2 тұрғын оқып, сертификат алған. Енді осы аталған жоба бойынша 8 адам білім алуда.
Тынымсыз еңбектің табыс­ты нә­тижесі болатынын білетін Қоғалыкөл тұрғындары шаруаларын дөңгелентіп отыр. Биыл мұнда жоспарланған 40 жаңа жұмыс орнының 25-і ашылды.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<