Ынтымақты елдің ырысы ортаймайды

795

0

Облысқа әкім болып тағайындала салысымен Қуанышбек Ысқақов аймақтың барлық аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік орындармен танысты, тұрғындарымен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігін бағамдап, алда тұрған міндеттерді пысықтаған болатын. Міне, Жаңа жылдың алғашқы сапарын батыста қанаттаса орналасқан қос аудан – Арал мен Қазалыдан бастады. 

Айтпақшы, аймақ басшысының бұл сапардағы басты мақсаты – шалғай орналасқан елді мекендердің жағдайын көзбен көріп, ауыл тұрғындарының тіршілігімен танысу. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, жұрт ішіндегі өзекті мәселелерге қатысты ойларын мұқият тыңдау. Бұрын Қырымбек Көшербаевтың алыстағы ағайынның талап-тілегін, мұң-мұқтажын өз аузынан естіп қайтатын дәстүрін бүгінгі облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жалғастыруы тегін емес. Арасы 50-60, кейбірі 100 шақырымнан ұзақта жатқан қос ауданның ауылдарына бару да аз шаруа болмасы анық. Облыс басшысы алыс ауылдарды арнайы көлікпен аралап, ел арасындағы жол қатынасын да өз көзімен көруді әдейілеп мақсат еткен сияқты. Бұл жолы Қуанышбек Досмайылұлы әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасары және бір топ басқарма басшыларымен бірге Арал маңын екі күн ішінде түгел аралап шықты десек, артық айтпаспыз.

Кәсіпкерлікте

серпіліс бар

Кезінде екі ауданда ауыз су мәселесі айтарлықтай қиындық тудырып келгенін мұндағы ағайын ұмыта қоймаған. Ол күндер артта қалып, бұның шешімі жыл са­йын оң жағына ойысып келеді. Аудан орталықтарын, тіпті кейбір жақын ауылдарда газдандыру мәселесі біртіндеп іске асуда. Ал ауыл шаруашылығы мен балық өнімін экспорттауда да қос ауданның арқалар жүгі салмақты екені тағы белгілі.

Алдымен облыс әкімі Қазалы ауданындағы Арықбалық ауылдық округінде аялдап, Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешенінде тұрғындармен сөйлесті. Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Шайқұл сервистік желі жүргізу жөнінде ұсыныс айтты.

– Ауылда, өздеріңіз көргендей, барлығы бар. 90 орындық бала­бақша, спорт кешені, саябақ салынды. Көшелер түгел асфальттанды.Кәсіпкерлер саны артып, ауыл азаматтары жұмыспен қамтылып отыр, – дейді ол.

Айта кету керек, Арықбалық ауылдық округі бойынша соңғы бес жылда кәсіпкерлік мақсатта 100 миллион теңгеге жуық несие алынып, жұмыссыздық санын азайтуда үлкен талпыныс бар. Былтырғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы және басқа бизнес саласы бойынша 40 миллион теңгеге дейін несие рәсімделген.

Батыр ауылынан кейін ор­наласқан Бекарыстан би ауылы – Қазалыдағы ең ірі елді мекеннің бірі. Дарияның арғы бетіндегі ауылға жақында ғана жергілікті халықты қуанышқа бөлеп, пайда­лануға берілген «Әлсейіт» учас­кесіндегі темір-бетон көпірі арқылы қатынас бар. Бұған дейін газетімізде хабарлағандай, ашылу рәсіміне аймақ басшысы өзі қатысқан, Сырдария өзені арқылы өтетін көпір екі жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы 219, ал ені 12 метр. Көпірдің екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Бұған дейін, күз бен көктемде жол қатынасында қиындық тудырған Әлсейіт өткеліндегі жаңа көпір Қазалы ауданының 7 және Арал ауданының 6 ауылындағы 14 мыңнан астам халыққа жыл соңынан бастап қызмет етіп келеді.

Облыс басшысымен болған кездесуде Бекарыстан би ауылының тұрғындары да сервистік желі жүргізу жөнінде мәселе көтерді. Сондай-ақ, ауылға типтік жобадағы спорт кешені салынса деген өтініштерін жеткізді.

Өз кезегінде Қуанышбек Ысқақов ауыл тұрғындарының кө­терген мәселелері назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, осы жы­лы Бекарыстан би ауылында мем­лекеттік-жекешелік әріптестік негізде спорт кешенін салу үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізі­летінін атап өтті.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында аймақта көптеген нысандар салынуда. Бұл – халыққа да, кәсіпкерге де, мемлекетке де өте пайдалы дүние. Егер ондай ынталы кәсіпкер азаматтар болса, біз қолдауға әзірміз. Ал «Ауыл –  ел бесігі» бағдарламасы негізінде арнайы қаржы қарастырылып, биыл әр тұрғын үйге су жүйесі тартылады. Мәселе шешілетін болады,– деді аймақ басшысы.

Бұған қосымша ауыл әкімі Ғалымжан Зинадинов былтырғы атқарылған жұмыстармен таныс­тырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Майдакөл ауылдық округі әкімінің айтуынша, биыл жеке кәсіпкер Болат Сансызбаев ауылдан 90 орындық балабақшаның құрылысын бастайды. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Төлеу Смағұлов өз қаржысына ауылда мейрамхана тұрғызған. Жалпы құны жүз миллион теңге болатын нысан жақында пайдалануға берілмек.


Орынды ұсыныс ойластырусыз қалмайды

Облыс әкімі әр кездесуде тұр­ғындардың ұсыныс-пікірлерін мұ­қият тыңдап, тиісті атқарушы ор­ган жетекшілеріне нақты тапсырма беріп отырды. Бекарыстан би ауы­лымен көршілес жатқан Арал ауданына қатысты Жаңақұрылыс ауылындағы көптің көкейіндегі мәселенің бірі – дария арнасынан көлге тартылған тоспалардың (шлюз) іске жарамсыздығы. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев осыны тілге тиек етті.

– Осы ауылдағы «Нұралы» жарма каналына тоспа (шлюз) салу арқылы жайылымдық жер көлемін ұлғайтып, Қаракөл, Ақбасты көлдерін суландыру арқылы балық шаруашылығын дамытуға болар еді. Шабындық, мал азығы да көбейетіні белгілі. Екінші мәселе аудан территориясына қарасты былтыр басталған 23 шақырымдық «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» авто жолына жүргізілген жөндеу жұмыстары тезірек бітсе деген халықтың ұсынысы да бар, – дейді ол.

Бұған аймақ басшысы арнайы назар аударатынын, тиісті орындарға тапсырма беретінін айтса, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев та өз жауабын берді. Аудан әкімінің айтуынша, алғашқы мәселе «Нұралы» жарма каналы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының теңгеріміне алынған. Енді тоспаны орнату қаржыға қатысты кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.Ал жол мәселесі бойынша бүгінге дейін 23 шақырым болатын «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» автомобиль жолының 9 шақырымына орташа жөндеу жұ­мыстары жүргізілген. Қалған жөн­делуге тиісті жолды асфальттау алдағы жылдары қоса қаржыландыру бойынша жалғасын табады деп сендірді.

Аймақ басшысының сапары Қаратерең ауылында жалғасты. №82 орта мектепте өткен кездесуде ауыл тұрғындары жол мәселесіне қатысты түйткілді ойларын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі Қарашалаң, Бөген  ауылдарында да болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ежелден мал және балық шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғындар ең қажетті деген мәселелерді көтерді. Онда жол қатынасының қиындығынан бөлек, ұялы байланыс желісін орнату, ғимараты ескірген балабақшалар мен ауылдық клуб үйлерін жаңарту және кейбір елді мекендерге аяқ су тарту сияқты ұсыныстарын ортаға салды. Облыс әкімі тұрғындар тілегінің міндетті түрде қаралып, арнайы шешім шығарылатынын атап өтті.

Айта кету керек сапар барысында Қуанышбек Ысқақов «Ақлақ» су тоспасына да арнайы барып, жұмысымен танысты. 2006 жылдан бері пайдалануға берілген, көлдерге, шабындықтарға, каналдар арқылы су жіберіп, балықтың өсуіне және мал азығы үшін шөп дайындауда бұл тоспаның маңызы айтпаса да түсінікті.

Көпірді жаңарту керек

Арал халқы көтерген өзекті мәселелер – Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жа­ңарту мен Қарашалаң елді мекенінің жол мәселесі. Қуанышбек Ысқақов қалқымалы көпірге қатысты қаржы қаралып, тиісті жұмыстарды тезірек атқару қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, «Қарашалаң-Бөген» бағытындағы жолды жөндеуге 429,6 млн теңге қаржы бөлініп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

– Бұл елге қажет көпір. Ауылдар арақатынасында, аудан орталығына баруда осы өткелдегі қалқымалы көпірдің маңызы ерекше. Тиісті қаражатты биылдан қалдырмай, көпірді түгелдей жаңартуымыз керек. Мен тиісті орындарға тапсырма беремін. Оң шешім болады. Осыған дейін біз біршама ауылдарды аралап келдік. Айтылған ұсыныстардың барлығы жазылып алынды. Енді оны аудан басшылығымен бірлесе отырып, өз уақытында жүзеге асыратын боламыз, – деді аймақ басшысы аманөткелдік тұрғындармен кездесуінде.

Айта кетсек, аудандық әкімдік мәліметінде көрсетілгендей, Аман­өткелдегі қалқымалы көпірді қайта жаңғырту үшін аудандық бюджеттен бөлінген 13,4 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.

Сондай-ақ, Қуанышбек Ысқақов ауданға сапарлау барысында Қосжар, Райым, Ескіұра, Қызылжар, Аралқұм және Сапақ ауылдарында да болды. Тұрғындармен ашық кездесу өткізіп, айтылған мәселелерді бірге талқыға салды.

Қияндағы қоныстар

Облыс әкімінің келесі күнгі сапары Арал ауданының шалғай ауыл­дарынан басталды. Жолы ұзақ әрі қары қалың түскен теңізді өлкедегі шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігін өз көзімен көруді мақсат еткен аймақ басшысы ертелете жолға шықты. Мұндағы Абай, Ақеспе, Мергенсай, Жақсықылыш, Тоқабай, Сазды және Қосаман сияқты аудан орталығынан алыста жатқан елді мекендердің көбісі мал шаруашылығымен дендеп айналысады.

Алдымен Мергенсай ауылдық огругіне қарасты Жалаңаш елді мекенінде болған облыс басшысы тұрғындармен жүздесіп, пікір алмасты. Аудан орталығынан 60 шақырымнан әрі жатқан ауыл тұрғындарының бас­ты тіршілігі – балық шаруашылығы.

– Ауылдың тіршілігі өте жақсы. Тұрғындар ілгеріден балық аулап, несібесін теңізден теріп келеді. Жаңа мектеп, балабақша, медпункт халыққа тұрақты қызметін жасап тұр, – дейді ауыл тұрғыны Әсемхан Әбілов.

Жалаңаштағы кездесуде тұрғындар елде науқастарға көмек көрсететін жедел жәрдем көлігі жоқтығын айтып, облыс басшысына өтініштерін білдірді. Аталған мәселе бойынша, биылдан қалдырмай, ауылдық округке жаңа медициналық қызмет көрсететін жедел жәрдем машинасы берілетін болады.

Әкім сапары Жақсықылыш кен­тінде жалғасты. Қазақстаннан бөлек, сырт елдерге тұз өнімін экспорттайтын шағын қалашыққа биыл газ құбыры тартылады деген қуанышты хабар бар. Облыс әкімі осы ақжолтай жаңалықты кент тұрғындарымен бөлісті.

– Газ мәселесі жақын арада  шешіледі. Биылға 160 миллион теңгедей қаралса, жалпы кентішілік газ құбырларын жүргізуге 670 миллион теңгеден астам қаржы республикалық және облыстық бюджеттен қарастырылған. Күн жылына салысымен осы уақытқа дейін жүргізіліп келген құрылыс жұмыстары дереу жалғасын табады. Бұл атқа­ры­лып жатқан игілікті істің бәрі ел Тәуелсіздігінің жемісі екенін өздеріңіз де білесіздер. Тұз өндіруде, оның сапасы жағынан біздің Аралдың өнімі дүниежүзі бо­йынша алдыңғы қатарда тұр. Сондай-ақ, кент ішіндегі жолдарға құжаттар әзірленген, биыл «Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасы аясында тиісті салалық министрлікке жоба да ұсынылды. Енді сол қажетті қаржыны тезірек шешуді жауапты басқарма басшылығына арнайы тапсырамын, – деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесуде.

Сақалды құрылыс салдары

Тоқабайда өткен кездесуде 2015 жылы пайдалануға берілген жаңа мектептің құрылысында кеткен қателік облыс әкімінің назарын аудартты. Мектептің тұрғызылуы үш жылдан астам уақытқа созбалаңға салынып, сақалды құрылыс атанған, әртүрлі мердігер компаниялар салған бұл нысанның спорт залы пайдалануға жарамсыз. Сапасыз жұмыс салдарынан мектеп ғимаратының аталған бөлігінің іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылған. Облыс әкімі аудан басшысы Мұхтар Оразбаевқа мәселені тез арада шешуді тапсырды.

– Бұл мәселені жылдам қараңыздар. Мектеп іргетасына ыза кеткен деп есептесек, қазіргі қыс айында ол білінбеуі мүмкін. Ертең-ақ күн жылына салысымен астыңғы іргетас қайта шөгіп, ғимарат қабырғасы одан са­йын ашыла түседі. Ал мұнда қанша бала мен қызметкер бар. Адам өміріне қауіп төндіретін осындай ақауға кім жауап береді? Тездетіп тиісті шаралар қолданыңыздар. Меніңше, жұмысты атқарған компаниялар осындай жөнсіз іс-әрекетіне жауап беруі тиіс деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.

Қосымша айтар жайт, аталған ақауға қатысты төтенше жағдайлар басқармасы арқылы қажетті қаржыға жоба-сметалық құжаттары жасалып жатыр.

Тағы бір жаңалық, құрылысы жүріп жатқан «Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автожолының Тоқабай ауылына баратын 2 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 42,7 млн, ал облыстан 5 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Тиісті жұмыс­тарды қадағалауды аймақ басшысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықовқа тапсырды.

Тоқабайдан соң аймақ басшысы Қарақұм ауылында болды. Екі жарым мыңға жуық халық тұратын елді мекен жанынан теміржол торабы тартылғалы тіршілік тынысы ашыла түскендей. Сондай-ақ, шағын кәсіппен айналысуға жергілікті халық ден қойған. Ауыл әкімдігінің арнайы ғимарат бөлуінің арқасында Қарақұмда шаштараз, шағын тігін цехы, дүкендер бір жерге топтастырылған.

– Өзім 340 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып, екі тігін машинасын сатып алдым. Бір тұрғынды жұмыспен қамтып отырмын. Істеймін деген адамға ауылда да жұмыс жетеді. Мектеп формалары, түрлі шараларға киімдер, елдегі болатын тойға қыз жасауы мен төсек-жабдықтар дайындаймыз. Тапсырыс жетерлік, – дейді тігін цехын ашқан қарақұмдық Алтын Жалғасбаева.

Мұнан соң Қуанышбек Ысқақов Сазды ауылында жергілікті халықпен жүздесті. Ауыл тұрғыны, ел ақсақалы Зәкір Кеншімбаевтың үйінде болып, қарияға сәлем берді. Бұдан бөлек, Қосаман мен Ақеспе ауылдарына да барып,  жұртшылықты толған­дырған мәсе­ле­лерді талқылады. Қос­аман­дықтар ауылға жедел жәр­дем көлігі қажеттігін алға тартса, орталықтан 160 шақырым қашық­тықтағы Ақеспедегі ағайын көне елді мекендегі ауылдық клуб пен меди­циналық бекет мәселесін қозғады. Олардың айтуынша, аталған нысандарды жаңа Ақеспе елді мекеніне көшіру керек. Бұл мәселелер бойынша облыс басшысы тапсырма беріп, аудандық әкімшілік тиісті көмекті уақытылы көрсететін болды. Сонымен қатар аймақ басшысы Қосаман ауылдық округіндегі екі ауданның халқын таза ауыз сумен қамтып отырған «Арал-Сарбұлақ» су тарату бөлімшесінде аялдады.

Рас, бұл сапардан түйгеніміз, Аралдың қыр беткейіндегі елдің бас­ты мәселесі – жол қатынасы. Көп қаржыны қажет ететін осы сала бо­йынша атқарылар жұмыстар жылдан-жылға артып келеді. Мәліметке сүйенсек, жол жөндеуге байланысты былтыр 10 жобаны іске асыруға 760 млн теңгеден астам қаржы қаралыпты. Оның ішінде аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай», «Арал қаласына кіре­беріс», «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» автожолдары бұрынғыдай жал­ғасын тапса, «Ақлақ-Қаратерең», ­«Самара-Шымкент-Бекбауыл» автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, «Қамыстыбас елді мекеніне кіреберіс», «Самара-Шымкент-Сексеуіл», «Самара-Шым­кент-Шижаға», Сексеуіл кентінің ішкі көшелері және Арал қаласының көшелері ағымдағы жөндеуден өткен.

730 шақырымнан астам жол жүріп, жиырмаға жуық елді мекенді аралаған аймақ басшысының жыл басындағы сапары көптің көңіліне қуаныш ұялатқандай. Мұнан басқа, ауылдарды аралау кезінде ауыз су, ұялы байланыс мұнарасын тұрғызу, жаңа әлеуметтік нысандарды жаңарту сияқты өтініштер жиі түсіп жатты. Аталған мәселелер қағаз бетіне түсіріліп, алдағы уақытта арнайы облыс әкімінің қатысуымен бірге талқыланатын болады.

Айта кетейік, облыс әкімінің сапары бүгін Қазалы ауданының елді мекендерінде жалғасады.

Қызылорда-Қазалы-Арал-Қазалы.

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<