Қызға қоғам қорған болса…

2528

0

Бүгін – Халықаралық қыздар күні. Мерекенің маңызы мен сипаты 8-наурыздан сәл басқаша. Біріккен Ұлттар Ұйымы мерекені күнтізбеге енгізу арқылы қыздардың құқығын мойындауды және әлем қыздарының басындағы мәселелерді бірігіп шешуді мақсат еткен. 

Жылдарға шегініс жасайық. Бұл күн алғаш 2012 жылы атап өтіліп, ең өткір мәселе – балалар некесі тақырыбы қозғалыпты. Біздің елімізде қыз баланы кәмелет жасқа жеткеннен кейін ғана тұрмысқа беру қалыптасып, дәстүрге енген. Дегенмен, бойжеткендердің білім іздеп, медициналық қызметті алуы, әлеуметтік, заңдық және психологиялық тұрғыда қысым көрмеуі, ерте және өз еркінсіз некеге тұрмауы өте маңызды мәселе.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген еді. Расымен, Алаш жұрты ұлттың анасы, ұйытқысы болған қыз баланың тағдырына бей­қам­дық танытпаған. Анасын – ақыл­шым, әпкесін – ес тұтар айбыным, қарын­дасын қадірлім деп білген. Өз алдына ел болып, ұзатылғанша зерлі тақия, үкілі бөрік кигізіп, құтты қонағындай құрметтепті. Тіпті, мінезі бұзылады деп қыз баланың көзінше дауласып, қатты сөйлемеген. Кейін ел анасы атанатын «сөйлесе, сөзі әдепті һәм мағыналы», есті бойжеткен осындай текті әулеттің тәрбиесін алса керек. 

Соңғы уақытта тәрбиенің нәзік тұс­тарын ескермеу салдарынан бойжет­кендердің мінезі, психологиясы бұ­зы­ла бастағаны байқалады. Жуырда ғана Алматы облысында оқушы қыз­дың 70 жастағы әйелдің қолын сын­дырып, басын жарғаны туралы ақ­парат тарады. Даудың басы қыздың қойларды әйелдің ауласына жіберуінен басталған. Оқушының дәл бұлай ашынуына, үлкеннен именбеуіне не себеп? Демек, бұрын бала санасына әсер еткен қоғамда не отбасында жайсыз оқиғалардың болғаны анық. Үлкенді-кішілі осындай жағдай қыз баланың көрген, сезген, санасына соққы болып тиген оқиғалардан туындайтын секілді. Қыз баланың жаны нәзік. Қоғамдағы дін атын жамылған түрлі топтар мен лаңкестік ұйымдар да бойжеткендерді тез арбап, иіріп әкететіні анықталған. «Айқынның» жуырдағы санында 2000 жылы Мәскеу метросының «Парк культуры» стансасында 12 адамның өмірін жалмап, 23 адамды жарақаттаған лаңкестік болғаны жазылды. Істі зерттеу қорытындысы елді таңғалдырды, себебі лаңкес – дағыстандық жан­кеш­тінің 17 жастағы әйелі болып шықты. Соңғы деректер бойынша, кейбір діни ағым өкілдерінің біздің ел қыздарын да сөзбен арбап, сырттай әйелдікке алып, ата-анасына, қоғамға қарсы үгіттеп, өз мақсаттарын жүзеге асыратыны да анықтала бастады.

Қыз жанының нәзіктігін түрлі мақсаттағы топтар осылай пайдаланса, әлсіздігін де кейбір жігіттер пайдасына шешеді. Қыз алып қашу арқылы өмірдегі маңызды мәселеде өзі ғана таңдау жасағысы келетін ер адамдар бар. Саналы түрде келісіммен орындалатын «қыз алып қашу» салтына ешкімнің қарсылығы жоқ, дегенмен қыздардың құқығы тапталмауы керек.

Айта кетейік, елімізде әйелдердің құқығын қорғауға арналған «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия», бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жұ­мыс істейді. Халықаралық қыздар кү­ні­нің де негізгі мақсаты белгілі. Қыз ба­ла­ның құқығы ескеріліп, әлсіздігі артықшылық деп бағаланса ғана жеке адамға емес, тұтас әулет, елге пайдасын тигізеді. Себебі, бойжеткен – болашақ ана. Сөз басын өткенімізден бастадық, өйткені, қазақтың дәстүрі мен тәрбиесі – қыз бала құқығының қорғаушысы бола білді. Біздің халық ұл тәрбиелеп, жер иесін, қыз тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейтінін ескерген. Бірақ, дәуір дөңгелегі айналды, алақұйын ақпарат заманы басталды. Енді қыз тағдырына әлемдік деңгейде көңіл бөлінуі, нақты жұмыстар жүргізілуі, қадағалануы өте өзекті.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<