ЖАҢАҚОРҒАН: КӘСІПКЕРЛІК КЕМЕЛДЕНІП КЕЛЕДІ

376

0

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингке Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев те келді. Жиында аудан басшысы ауданның алғашқы жартыжылдықта әлеуметтік-экономикалық салаларының дамуы, атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы баяндады.

Соңғы уақытта аудан экономикасының өсу динамикасы қалыптасты. 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында жергілікті бюджет 121 процентті, өңдеу өнеркәсібінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 94,5 процентті құраған. Өнеркәсіп бойынша нәтижелі көрсеткішті қалыптастыруға өңдеу өнеркәсібі мен кен өндірісі саласы елеулі ықпал етіп отыр.

Ауданда кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъек­тілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалған.

– Бүгінде тіркелген шағын және орта кәсіп­керлік субъектілерінің саны – 3753, оның         254-і заңды тұлғалар, 1327-сі шаруа қожалығы, 2172-сі – жеке кәсіпкер. Кәсіпкерлік саласының басым бөлігін сауда және қызмет көрсету саласы қалыптастырып отыр. Бұл өңірдің дамуына, халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеруде маңызы зор. Айта кету керек, тіркелген кә­сіп­керлердің 95 проценті белсенді, – деді Ғ.Әміреев.

Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін тір­кел­ген шағын кәсіпкерлік субъекті саны 455 бірлікті құрайды. «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына сәйкес ауданда биыл 250 жобаға несие алу жоспарлануда. Осы бағдарламаның ІІ бағыты «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 92 адам оқып, сертификаттарын алды.

Шағын және орта бизнестің дамуына айрықша қолдау көрсетілуде. «Бизнес-кеңесші» жобасына биылғы жылы барлығы 129 адам оқытылды. Бүгінгі таңда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының ұсынысымен 255,5 млн теңгенің 86 жобасы мақұлданып, ішінара қаржыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістік ауыз толтырып айтарлықтай. Биыл ауданда егін көлемі 36246 гектарға межеленіп, жос­пар 778,4 гектарға артық орындалды. Аудан әкімі хабарлағандай, су тапшылығына байланысты Сыр салысы биыл былтырғыға қарағанда 1300 гектарға аз егілген. Есесіне малазықтық дақылдар, оның ішінде жаңа жоңышқа 5866,5 гектар жерге, 91 гектарға сүрлемдік жүгері себіліп, күтімге алынды. Сондай-ақ, 2700 гектар күздік бидайдың 159 гектары жиналып, өнім әр гектардан 17,8 центнерден айналды. Ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауылдық округтерде өзін-өзі жұмыспен қамтуға ниетті тұрғындарға жағдай жасай отырып, картоп, көкөніс және бақша өнімдерін өндіруді арттыру мақсатында биыл 6 ауылдық округте агроиндустриалды аймақтар ашылып, іске қосылды.

Ауданда пилоттық жоба негізінде үйрек шаруашылығын дамыту қолға алынған. Ақ­үйік ауылдық округіндегі «Қаратау-Ақүйік» АӨК-нің мүшелері аталған жоба негізінде Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несие алып, жұмыс жасауда. Атап айтқанда, Жайылма ауылдық округінен Қайрат Әлменов 1000 бас үйрек алып, өз кәсібін жандандыруда.

2018 жылдың қаңтар-маусым аралығында аудан бойынша 886 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші жоғарылаған. Соңғы 3 жыл көлемінде ана өлімі тіркелмеген.

Биыл «Самрұқ Қазына Траст» әлеуметтік кәсіпкерлік дамыту қорының демеушілігімен Жаңақорған және Шалқия кенттерінде заманауи спорттық кешенін салу жұмыстары басталды. Бұл екі нысан да жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Мемлекеттік жастар саясаты бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, инновациялық гранттардан бөлек, жасы 29-ға дейінгі идеясы мол жұмыссыз және кәсіпкерлікке ниетті жастарды тарту мақсатында «Zhas Project» жобасы жүзеге асырылды.

– Оған аудан жастары 150-ден астам жоба ұсынды. Осыған сәйкес 15 ауылдық округте болып, ұсынылған жобалармен жеке-жеке таныс­тым. Әр ауылдың ерекшелігін саралап, барлық жобаларды жастармен, кәсіпкерлермен тал­қыладық. Нәтижесінде бүгінгі күні 69 жоба жеңімпаз атанып, 248 жас 6 ай бойы 40-60 мың теңге жәрдемақыға ие болды, – деді аудан әкімі.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<