Жарты жылдағы жемісті жұмыс

345

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс салаларында бірінші жартыжылдықта атқарылған істердің легімен таныстырды. 

Қазіргі таңда облыстың 3 аудан орталығын, яғни Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттерін газдандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Облыс әкімінің орынбасары биыл Жосалы кентіне АГТС құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 892 млн теңге, облыстық бюджеттен 99 млн теңге қаржы бөлініп, нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталатынын айтты. Жалағаш, Сырдария аудандарына АГТС құрылысының жобасына республикалық және облыстық бюджеттер есебінен биыл 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, Махамбет және Наурыз елді мекендерін газдандыру жобасының жоба-сметалық құжаттамасын әзір­леуге облыстық бюджеттен 49,6 млн теңге қаралды. Ал Қызылорда қаласының сол жағалауын газдандыруға бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан Қызылорда қаласындағы жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту бойынша 8 жобаға 2,2 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Биыл «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша 14 жобаға 3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, Қызылорда қаласының кәріз жүйелерін жаңғыртатын 5 жоба және Жаңақорған ауданын сумен қамту бойынша 1 жоба бар. Жоба аяқталған кезде 72 шақырым ауыз су, 4,5 шақырым кәріз жүйесі жаңғыртылады. Сонымен қатар, 2018 жылы облыстық бюджеттен Сырдария өзенінің сол жағалауын сумен қамту және суды бұру жобасының құрылыс жұмысын жалғастырға 350 млн теңге бөлінді. Қаржы толығымен игерілді, 12,3 шақырым ауыз су жүйесі жүргізілді.

Брифингте өңірдегі құ­ры­лыс жұмыстарының көле­мі артқандығы да айтыл­­ды. Биыл бұған барлық қар­жы­ландыру көздерінен басқармаға бар­лығы (республикалық бюджет, облыстық бюджет) 27,6 млрд теңге қаржы бөлінді.

– Жалпы басқарма арқылы 41 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. Жыл соңына дейін барлығы 30 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарлануда, қалған 11 нысан 2019 жылға өтпелі болып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы облыс бойынша 69 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 21 үй жеке құрылыс компаниялары есебінен, – деді облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов.

Басқа салаларда да өсім бар. Алты айда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 13,5 млрд теңге бөлініп, 277,87 шақырым автомобиль жолы мен елді мекен көшелерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, 4 көпір салынып, 3 көпірге күрделі жөндеу жүргізіледі.

– Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен жалғайтын 211 тұрақты автобус қатынасы ұйымдастырылған. Облыс орталығынан Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Сарыағаш қалаларына күнделікті жолаушы тасымалдау қызметтері де көрсетіледі. Сонымен қатар, халықаралық ба­ғыттағы жолаушы тасымалын жетілдіру мақсатында, осы жылдың 18 шілдесінен бастап, халықаралық «Қызылорда-Таш­кент-Қызылорда» тұрақты маршруты іске қосылды, – деді С.Сүлейменов.

«Жобалық басқару» жобасы шеңберіндегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізінде 2 жоба, яғни қоғамдық көліктерге электрондық билеттік жүйесін орнату және қаладағы «Салтанат» ЖШС автовокзалына «НАС» автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу жоспарлануда. Аталған жобалар іске асырылғанда жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы көтерілетін болады.

Сыр елінің әуе қатынас­тарында да серпінді жобалар мен жетістіктер жетерлік. Бүгінгі күні Қызылорда әуежайы арқылы аптасына барлығы 28 тұрақты рейс орындалып, Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды қалаларына әуе байланысы ұйымдастырылған. Биылғы 6 айда әуежайдан 46,4 мың жолаушы жөнелтілген.

Бір қуанарлығы, 16 шіл­де­ден бастап аптасына 4 рет қа­тынайтын халықаралық «Мәскеу-Қызыл­орда-Мәскеу» рейсі ашылды.

Қызылорда қаласындағы жаңа әуежай терминалының құ­рылысы жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы іске асыру жоспарланып отыр.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<