Жастар жұлдыздарға жол салады

336

0

Қызылордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында ІХ «Наурыз кездесулері» өтті.  Ғарышқа, ғылымға қатысты әлемдік трендтерді талқылайтын жиынның «жер кіндігі» саналған Байқоңырдан бастау алуы заңдылық сынды. Наурыз кездесулеріне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, қазақстандық ғарышкерлер, Халық қаһармандары Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, NASA және SpaceX ұйымдарының ғылыми қызметкерлері қатысты.

Жастар жылы қарсаңындағы жиынға республикадан зият­керлік мектептердің 200-ге жуық оқушысы жиылған.  Бұл жолы жас ғалымдар қазір әлем бойынша аса маңызды, халықаралық ғарыш станциясын қоқыстардан тазарту, ғарышкерлерге – тамақ, медицина және арнайы техника үшін жағдайды оңтайландыру жолдарын ұсынды. Шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жастардың білімі, біліктілігі кез келген елді дамытушы ең маңызды ресурс екенін атады.

 – Сыр өңірі – адамзаттың айға ұшар арманы орындалған өміршең өлке. Соның белгісі, «Байқоңыр» ғарыш алаңында қаншама ұлт пен ұлыс өкілі өз арманын орындап, айға аяқ бас­ты, әлемдік зерттеулерге жол ашты.

Біздің облыс аумағында 12 ұшыру алаңы орналасқан, олар­дан аты аңызға айналған «Восток», «Союз» және «Боран» кемелері ғарышқа ат­тан­­ған. Сондықтан «Ғарыш. Ғы­лым. Интеллект» ІХ «Наурыз кездесулері» адамзат ғарыш­қа қадам басқан Шығыс өрке­ниеті орталықтарының бірі, әй­гілі Қорқыт ата мекенінде өтуі бекер емес, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде Қызылорда – еліміз бойынша әлеуметтік салаға ең көп қаржы бөліп отырған аймақтың бірі. Соның ішінде білім саласына бюджеттің бар­лық шығындарының 38 проценті тиесілі. 2018 жылы ауылдық жер­лердегі аз қамтылған және көп­балалы отбасынан шық­қан дарынды түлектерге ар­нал­­ған облыс әкімінің білім грант­тарының саны екі есеге артып, 205-ке жетті. Қазір грант иегерлерінің саны 900-ге жуықтаған. Нәти­жесінде, екінші жыл қатарынан облыс бойын­ша мектеп түлек­терінің 97 про­центі жоғары оқу орындары мен колледж­дер­ге оқуға түсті. Сондай-ақ, 2014 жылдан бастап Сыр елі мек­тептерінің 500-ден астам түлегі Ресей Федерация­сы гранты есебінен Ресейдің же­текші инженерлік ЖОО-да білім алу мүмкіндігіне ие болды. Өт­кен жылы алғашқы жас мамандар елге оралып, аймақтағы кәсіп­орындарда еңбек жолын бастады.

«Наурыз кездесулерінде» ғарышқа үш рет ұшқан Талғат Мұсабаев балалық арманы және есімінің ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің құр­метіне қойылғаны туралы айтып берді. Ғарышқа негізінен 25-27 жастағылар ұшса, ол алғаш рет 40 жасында ұшып, еліміздің ғарыш саласының қалыптасуына үлес қосқан.

Ал Айдын Айымбетов қалаға кіргеннен-ақ қарқынды даму байқағанын әрі осы жиында дарынды оқушылармен кез­­дескеніне қуанатынын, бола­шақта бұл таныстықты мақ­тан тұтатынын айтты.

Жиында оқушылар ғарыш саласына қатысты 80-ге жуық жоба қорғады. Бас жүлде ал­ған оқушыларға арнап Ал­ма­­­тыдағы Халықаралық ІТ уни­­верситеті және Астана қа­ла­сында биыл ашылатын ха­лықаралық ІТ университеті, Қожа Ахмет Яссауи атындағы ха­лықаралық университет грант ұсынған. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры Жұлдыз Сүлейменованың ай­туын­ша,  NASA және SpaceX ұйым­­дарының ғылыми қыз­мет­керлері екі күн бұрын келіп, оқу­шы­­лардың жобаларымен арна­йы танысқан. Әлемдік дең­гей­дегі ұйымдардан маман ша­қыру­дың мақсаты біздің елде ға­рыш саласы бойынша зерттеу­лерге жол ашу еді. Әсіресе, олар планеталар арасына баратын марсаходты дайындаған оқу­­шы­ның жобасына қатты қызыққан.

Қазір Жерден басқа адамзатқа қолайлы ғаламшар Марс қана. Бірақ арақашықтық айтарлықтай ұзақ, Марсқа жету үшін 270 күн қажет. Осы мәселені тиімді шешу үшін Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ерхан Еркін көпмодульді орби­талық станция жобасын таныс­тырды. Жер мен Марс арасына мұндай станцияларды қою 80 процентке жуық бөлігі жанармаймен толтырылатын ракетаның енді одан едәуір аз жанармай алуына мүмкіндік береді. Ал станциялардың басты артықшылығы жасанды тартылыс күшінің болуында. Мұнда тұрақтаған ғарышкерлер бой жазып, дене шынықтырумен айналыса алады. Тіпті энергия алатын күн панельдері, жылыжай орналастырылған.

Ғарышта су мұз күйінде ғана кездесетіні белгілі. Сондықтан Талдықорғаннан келген Дильназ Жемісбек тас түріндегі мұзды ерітіп, сұйықтыққа айналдыратын құрылғы жасаған.

Оқушылар жиында мәлім де бәймәлім аспан әлемін тану мақсатындағы бір-біріне ұқсамайтын жаңалықтарымен ерекшеленді. Наурыз кездесу­ле­рінің алғашқы күнінде мұ­нан өзге SpaceX және NASA ұйым­дарының ғарыш жүйе­ле­ріндегі тәуекелдер мен қауіп­сіздік мәселелері жөнін­дегі халықаралық сарапшысы Майкл Лутомски мен NASA ғы­лыми қызметкері Правин Пра­тапанның қатысуымен пле­нарлық мәжіліс өтті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<