ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЖОБАЛАР

422

0

Кеше өңірге жұмыс сапарымен келген Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы А.Өрсариев  облыстық білім бас­­қармасы, білім саласындағы бақы­лау департаменті қызмет­керлері және облыстық білім беру ұйымдарының, облыстық оқу-әдіс­темелік орталық, мамандан­дырылған мектеп, мектеп-интер­нат, колледж басшыларымен кез­де­сіп, саланың жетістіктерімен танысты. Облыстағы білім беру ны­сандарының жұмыстарын көріп, жастарға арналған екі жобаның жайына қанықты.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов аталған жобалар туралы таратып айтып берді. Оның бірі – «Startup Bolashak (Стартап Болашақ): Менің арманым» байқауының аймақтық іріктеу кезеңі. Байқау 2015 жылы 20 шілдеде Білім және ғылым министрлігі және «Болашақ» қауымдастығы «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен, «Даму» қорымен бірлесіп жарияланды. Содан бері оған 16-35 жас аралығындағы тұлғалар, сондай-ақ құрамы 5 адамға дейінгі жобалық топтар қатысуда.

«Startup «Bolashak» конкурсының барысы «Хабар» телеарнасында көрсетілуде. Жоба өмір сапасын арттыруға бағытталған, қоғамдық маңызы бар, алдыңғы қатарлы білім алудың арқасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне технологияларды енгізуге негізделген жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын қолдауға бағытталған. Қазір осы жобаның үшінші маусымы өтіп жатыр. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттегі облыстық іріктеу кезеңі үш күнге созылады. Оған биыл бірінші рет колледж студенттері де өздерінің бизнес стартаптарын ұсынуда.

Екінші жобаны Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен  бірлесіп іске асырып жатыр. «Жастар корпусын дамыту» жобасы оларды қоғам өміріне тартуға және олардың қоғамдық пайдалы қызметке қатысуына, жас адамдарда өмірлік маңызы бар дағдыларын және олардың бастамашылдығын дамытуға бағытталған. Жоба шеңберінде қазақстандық жастар гранттық конкурсқа қатысуға өтінім бере алады, гранттың ең көп сомасы 1 млн теңгені құрайды. Оған қоса қатысушылардың бар­лығы 40-60 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы стипендия алады. 

Жобаға жалпы білім беру мектептерінің оқушыларынан басқа 14 пен 29 жас аралығындағылар шақырылады. Ерекше басымдық жұмыс істемейтін және оқымайтын немесе жұмыс істейтін қатысушыларға бері­леді.

Облыс әкімінің орынбасары осы жоба­ларға колледж студенттерін бел­сенді қатысуға шақырып, жұмысты ұйым­дастыруды колледж басшыларына тапсырды.

Білім және ғылым министрлігінің жауап­ты  хатшысы ең алдымен аталған ведо­мствоның білім және ғылым саласындағы бақылау комитетіне қарасты облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің жаңа басшысы Е.Қарабалаевты таныстырды. Жаңа басшы білім саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған. Қазақ Ұлттық университетін, Д.Қонаев атындағы жоғары оқу орнын бітірген және «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған.

А.Өрсариев іске асып жатқан екі жобаның мән-маңызына тоқталып, мамыр айында «Startup «Bolashak» жобасының ширек финалы, ал қыркүйекте финалы өтетінін айтты. Ал «Жастар корпусын дамыту» бойынша 2020 жылға дейін 8 мың жастың әлеуметтік маңызы бар бизнес-жоба ұсынып, іске асыруына мүмкіндік берілмек.  

Біздің аймақта стартап жобаларды жүзеге асыруда мақсатты жұмыстар қолға алынған. Қазір ІТ парк құрылысы аяқталуға жақын. Халықаралық ұйымдардың сараптамаларына қарағанда, өңір оқушыларының жараты­лыстану және математика пәндері бойынша білім деңгейі республикалық көрсеткіштен жоғары. Сондай-ақ облыс басшылығы сол жағалаудан дарынды балаларға арнап физика-математика мектебін салу туралы ұсыныс айтты. Бұл бастамалар жастардың жарқын болашағына жол ашады.  

М.МЕРЕЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<