Жақып Асанов: Азаматтар өте күрделі тілмен жазылған сот шешімін түсінбейді

409

0

Жақып Асанов: Азаматтар өте күрделі тілмен жазылған сот шешімін түсінбейді ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов сот шешімін құрастыру әдісі бойынша нормативтік қаулының жобасы дайындалғанын мәлім етті. деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 
«Бүгін өте өзекті, маңызды мәселені қараймыз. Ол соттардың, судьялардың шешімі қандай болуы керек деген мәселе. Жалпы, сот қызметінің түпкі нәтижесі, түпкі өнімі деп айтуға болады – ол сот шешімі. Сот шешімі қандай болуы керек. Оның мазмұны, оның стилистикасы, құрылымы, тілі қандай болуы тиіс? Көп жағдайда сот шешімін азаматтар түсінбейді. Неге түсінбейді? Өйткені, олар өте қиын, өте күрделі тілмен жазылған. Содан кейін көп жағдайда қаралып жатқан мәселелерге қатысы жоқ артық ақпараттармен шешімдерімізді толтырып тастаймыз. Содан кейін оны қолдан көлемін ұлғайтамыз. Әрине, қарапайым адам ондай кәсіби «жаргон», тілімен жазған сөздерді түсіне бермейді», – деді Жақып Асанов ҚР Жоғарғы сотының бүгінгі жалпы отырысында.
Оның айтуынша, көп жағдайда азаматтар: «Біз өзіміздің арызымызда өз уәждерімізді жазамыз. Бірақ, соттың шешімінде әрбір уәжге жауап жоқ» деп жазатынын айтады. «Екіншіден, құрылымы да түсініксіз. Не интервал жоқ, не абзац жоқ. Қателер көп. Енді әрбір шешімді ол судьяның атынан, Қазақстан Республикасының атынан шығарамыз. Үшіншіден, майда шрифтті оқу мүмкін емес. Адамның көзі ауырады. Төртіншіден, судья шешімін жазады, шығарады, қабылдайды, жариялайды. Сот залында жариялайды да, бірден кетіп қалады. Ешкімге түсіндірмейді. Түсінбеген соң азаматтар «заңның тілімен шатастырып, бізді алдап соқты» деп өкпелейді. Содан кейін барлық сатыға арыздарын жаудырады», – деді ол. Жақып Асанов осы себепті нақты шаруалар қолға алынғанын атап өтті.
«Сондықтан, бұл мәселе өте маңызды. Біз Жоғарғы сотта бүкіл өңірлердің соттардың қатысуымен екі айдай талқылап жатырмыз. Бүкіл мүдделі құрылымдар да қатысты. Бүгін тиісті нормативтік қаулының жобасы дайындалды», – деді Жақып Асанов.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<