ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА АНАЛАР ДА ЫНТАЛЫ

299

0

Бейсенбі күні Қызылордадағы Достық үйінде Аналар форумы болды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы кезекті жиынды «Қазақтану» жобасын жүзеге асырудағы аналар кеңесінің ролі» тақырыбына арнады. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

«Қазақтану» – өзге ұлт өкілдеріне қазақтың тарихын, тілін, ділін танытатын, елді біріктіретін бірегей жоба. Сыр жұртшылығына жобаның мән-маңызын түсіндіру мақсатында жуырда өңірде республикалық лекторий өткені белгілі. Лекторий аясында жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйла Төрешова осы орайда оған атсалысқан қыз-келіншектерге алғыс білдірді.

– Жобаны іске асыруда аналар кеңесінің ролі ерекше. Біз ұлттық тәрбие мәселелерін талқылап, құндылықтарды насихаттап отыруға тиіспіз. Іс-шараларымыздың басым бөлігі осыған бағытталған, – деді ол.

Қазақ халқының ұғымында ана бейнесі қашан да биік. Ақын, жазушы, күйші, композиторлардың арасында ең қымбат адамдарына арнап туынды жазбағаны кемде-кем. Әйел – ең алдымен, отбасының ұйытқысы, одан кейін қоғамның тірегі екенін облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов тілге тиек етті.

– Халқымыз Жер-Ана, Отан-Ана, Табиғат-Ана деген теңеулер арқылы әйел затының қадірін арттырған. Әлемде туған тілін ана тілі деп біз ғана айтамыз. Мұның өзі – жоғары құрметтің белгісі, – деді ол.

Одан кейін ғылыми-ағартушылық жобаға қыз-келіншектер қандай және қалай үлес қоса алатыны туралы облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесі төрайымының орынбасары Нұрсәуле Мұсаева, «Қолөнер» орталығының директоры Аида Керімқұлова және басқалар әңгіме өрбітті.

Форум соңында жоғарыда аталған көрменің жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан бірқатар қолөнерші марапатталды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<