Тақымда тұлпар, қолда қыран

337

0

Бала біткеннің қалтафонға телміріп, ойын қызықтағанына көз үйренді. Бұрынғыдай даланың тынысын танып, табиғатпен тел өскен буынды сирек көреміз. Міне, осындайда заман ығына жығылған буынды оятып, ата-баба дағдысына ықылас қойған кейіпкер кездестірсек көңіл жадырайтыны сондықтан.

Жуырда 13 жасар Саянбатыр есімді бозбаламен жолықтық. Өзі Шиелі ауданының тумасы. Орта білімді де сол өңірден алуда. Ерекшелігі сол, ол қатарластары секілді компьютер ойыны немесе смартфон қызығына елітпейді екен. Бар ықылас-зейіні қыран құс пен жүйрік ат баптау өнеріне ауған. Бос уақытында ат үстінен түспей, ата дәстүрді жалғастырып келеді. Бүгінде жеті қазынаның бабын бір кісідей игергенін байқау қиын емес.

Баланың мұндай ерекшелігінің сырын әкесі Бағдаттан сұрадық. Айтуынша, мәселенің мәні тек қызығушылықта емес, жастай баулыған еңбекте болып шықты. Әкесі баласын 2 жастан атқа мінгізіп, жақын болуына баулыған. Ат спортына әуес жастың тақымын қатайтып, тәжірибесі шыңдалған соң түрлі ұлттық ойын-сауыққа қатыстыруды тоқтатпаған. Соның нәтижесі болар, Саянбатыр – көкпар мен бәйгенің шабандозы.

– Болар баланы бірден аңдауға болады. Саянбатыр бала кезінен далаға құмар, жылқысүйер еді. Ат тұяғының дүбірі, жылқының иісін жақын тұтты ма, ес білгелі тақымы атқа тисе, арқаланып кететін. Жылқыға қызығушылық танытқасын мен де меселін қайтармай, білгенімді үйретудемін, – деді әкесі Бағдат.

Әрине, жылқыға құмарды кезіктіргенімізбен, қыранға қызығушылық танытатын баланы көру некен-саяқ. Бұл орайда кейіпкеріміздің бәсі биік. Саянбатыр қыран баптау өнерін де қалыс жібермей, құстың тілін табуға талпынып келеді. Перзентінің ықыласын сезген әке ұядағы қыранның балапанын әкеліп бергелі баланың аңшылыққа аңсары ауды. Қазір құмай тазыны қапталдатып, қыран құстың қомдап ұшқанын қызықтауға әуес.

– Қыранды қолға үйрету әрі баптау дағдысын үйренгелі көп болмады. Бәрі атқа құмарлықтан туды десем болады. Ұлттық салт-дәстүрді зерттей жүріп, жылқымен байланысты спорттарды шолдым. Кейін әкем ұядан қаршығаның балапанын әкеліп, оқыған және естіген мәліметтерді тәжірибе жүзінде іске асыруға мүмкіндік туды. Уақыт өте құсбегіліктің қыр-сырына қанығып, қажетті құрал-жабдықты түгендедім. Білерім әлі алда, – дейді Саянбатыр Тәліпов.

Кейіпкеріміздің сөзінше, қыран баптау – отбасылық үрдіс. Бұған дейін де әкелі-балалы ұядан балапан әкеліп, қолға үйретіп, кейін еркіндікке жіберетін болған. Бұл әдіс баланың тәжірибе жинауына жасаған қадамының бірі екен.

Саянбатыр есіміне сай ержетіп келеді. Батыр десе батыр, өн бойындағы салмақты қасиеті тіпті бөлек. Небәрі 8-сынып оқушысы болса да, ұлттық спорт туралы көрген-білген дүниесі мол. Келешекте қазақтың атын шығаратын шабандоз болып, сәйгүлік баптауды армандайды. Осылайша, атаның ғана емес, адамның да баласы екенін көрсеткісі бар. Талабы таудай балаға сәттілік серік болсын дейміз.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<