Әлі есімде

602

0

Жазушы Ілияс Есенберлин құдды бір менің ойымды оқып қойғандай, бір шығармасында былай деген екен: «Адам өмірінде талай жанмен кездеседі. Жақсымен де, жаманмен де. Бірақ соның ішінде қара жерге кіргенше ұмытылмайтын аяулылары болады. Ондай жандардың бейнесі тот баспайтын сары алтындай, сенің есіңде сол өзіңе ұнаған қалпында қалады да қояды. Оны басыңнан өткен ұзақ жылдар да, қайғы-қасірет те, қуаныш та сенің жүрегіңнен өшіре алмайды». Иә, ондай жандардың есімдеріне дейін есіңде мәңгі жатталып қалады екен.

Мен Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданының «Төрт үй» деген шет аймағында дүние есігін ашыппын. Алаңсыз, бал бала шағым сонда өтті. Бастауыш класты бітіргенше сол жерде тұрдық.

Біздің үй мен Кенжебай ата үйінің арасы әудем жер. Екі ортада орталыққа баратын мәшине жол болды. Жолдан өткенше анам қарап тұратын. Сондағы атаның үйіне немерелерімен ойнауға барамын. Жаймашуақ жаз мезгілін солармен ойнаумен өткіземін. Қыс, көктем, күзде үйден көп шыға қоймаймыз. Біздің жақта қыс қатты, қар қалың, боранды, ал күз бен көктем жаңбырлы болатын.

Кенжебай атаның немерелерінің жанама есімдері болатын: Молдағали – Бөдән, Жасарал – Жасан, Бауыржан – Баука, Мұхаметжан – Том, қос қыз: Базарайгүл – Бөз, Ранайгүл – Ләкә, ең кенжесі Ерікті ғана өз атымен атайтын. Бөз менен екі, Ләкә бір жастай үлкен. Том екеуміз құрдаспыз. Үйдің артқы жағы саябақ па дерсіз, биік-биік талдар аптап ыстықта жаныңа сая, басыңа көлеңке.

Талдардың арасында ескі кереует бар, кереует деген аты ғана, әйтпесе біздің аттракцион. Онда кім секірмеді дейсіз?! Допты жарға ұрып, ортаға түспек, тығылмақ, бестік, ондық мак, секірмек, дойбы ойнаймыз. Атаның кемпірі өте салмақты кісі еді. Әже үйдің шатырына құрт, ірімшік жаяды. Көзін ала төртеуміз кезекпен төбеге шығып, құрт ұрлаймыз. Ұрланған құрт дәмдірек бола ма, қалай? Әженің төбесі көрінсе, тапырлай қаша жөнелетініміз тағы бар. Сонда жұмсағын емес, кепкенін жеңдер дейді ғой. Аңғал балалық-ай!

Сөйтіп жүргенде бастауышты бітірдім. Орталықтан үй беріліп, көшетін болдық. Кішкентай болсам да сол кездегі жан сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес еді. Төртеуміздің бір-бірімізге бауыр басқанымыз сондай, құшақтасып жыладық кеп… Анама жүгіріп келіп: «көшпей-ақ қояйықшы» деп қоямын. Әйтеуір, не керек, көштік!

Біздің көшеде орыс, украин, ұйғыр, беларусь, татар отбасылары тұратын. Мен үйден шықпадым. Кітап оқыған боламын, бірақ көңілім «Төрт үй» жақта. Бөз, Ләкә, Том не істеп жүр екен деген ойлар кетпейді. Мектепке баратын уақыт та жақындап қалған болатын.

Бір күні анам сырттан үйге қуанып келді де: «Жүр кеттік Кенжебай атаның үйіне» демесі бар ма? Қуанғаннан жүрегім аузыма тығылды. Біздің қораның аяқ жағы, яғни келесі көшеге атаның үйі көшіп келіпті. Екі ортаны тек аяқ жол ғана бөліп тұр. Төртеуміз құшақтасып, мәре-сәре болдық. Сол күні қас қарайғанға дейін жүрдім. Бірге туған бауырларыммен қауышқандай болдым. Қуанған сәтім әлі есімнен кетпейді.

Анам тойға, құдайыға барып, сол күні келе алмайтындай болса, мені Кенжебай атаның үйіне апарып тапсырып кететін. Түнде Бөз қасына алып жататын. Ләкә – менің орыс тілінен екінші ұстазым. Ол: «Сен бізге орысша сөйлей бер, қате айтқан жеріңді өзіңе қайталап айтамыз, сонда есіңде қалады. Келесіде дұрыс айтасың, ұялма, тілің жаттығады» дейтін. Орыс әдебиетін мәнерлеп оқытады. Орыс тілінен екпін қай жерге түсу керек екенін тәптіштеп түсіндіретін. Екеуі де орысша кітаптар оқитын, кейде маған мазмұнын айтып беретін. Сөйтіп, менің орысшаға тілімді төсеп, шығарманы нақышына келтіріп оқуыма Ләкәнің көп көмегі тиді.

Кейде атаның үйіне қонған кезімде кешкі ас мезгілінде бәріміз дастарқан басында дөңгелене отырамыз. Ата менің алдымдағы ыдысты өзінің алдына қояды да: «менің қызым боласың ба?» дейді. Аңқаулық па, балалық па десеңші, «боламын» деймін. Сосын ыдысты қайта алдыма қояды. Оған бәрі күледі. Шай, тамақ ішіп болған соң атамыз бата береді. Содан кейін барып ретімен шығып кетеміз. Бөз бен Ләкә үй жұмысын кезекпен істейді. Біреуі үй жинаса, біреуі ас дайындауға, дастарқанды жинауға көмектеседі. Ал Том болса, ата мен әжеге көмектеседі. Малға жем-шөп, су беру, қораны тазалау Томның мойнында. Ерке бала Ерікке ғана ерік берілген, қатарластарымен ойнаудан қолы босамайды.

Атаның ұлы Мінәжәдин аға – рентгенолог, ал жұбайы Феруза апай мектепте мұғалім болып қызмет жасайтын. Үйлерінен бір жаймашуақ леп есіп тұратын. Әрқайсысы өз міндеттерін үнсіз атқаратын. Бір-біріне дауыс көтеріп сөйлегендерін көрген де, естіген де емеспін. Жаз мезгілінде, әсіресе, түстен кейін 6-7 класс оқитын кезіміз болу керек, үйдің ішінде дойбы, шахмат, домино ойнаймыз. Көбіне Бөз екеуміз бір жақ болатынбыз. Кешке қарай велосипед тебеміз. Бөз мені артқы жағына отырғызып алатын, ауылдың сырт жағында жайдақ жол бар, соған түсіп алып, біраз жерге әндетіп барып қайтатынбыз. Өзі орысша әндерді жақсы айтатын. Маған велосипед тебуді үйреткен де сол. Екеуі де мені өз сіңлілеріндей көретін. Бір күн бармай қалсам, «кеше неге келмедің» деп, бетімнен кезек-кезек сүйетін.

Иә, сөйтіп жүргенде Бөз бен Ләкә мектеп бітіріп, қалаға кетті. Біздің отбасы да соны күтіп отырғандай ауылдың басқа шетіне қоныс аударды. Екі жылдан кейін мен де мектеп бітіріп, оңтүстік облысқа жол тарттым. Солай арамыз үзіліп кетті.

Иә, не нәрсе де Алланың қалауымен болады деген рас екен. Ауылға барған сайын жолығудың бір сәті түспеді. Елу жылға таяп қалса да, ол отбасын еш есімнен шығарған емеспін. Мені өз бауырларындай көрді. Ойлап отырсам, тіпті бала боп ренжісіп, сөзге келген кезіміз болмапты. Неткен татулық! Ауыл жақтан әрі-бері сұрастырып көрдім, бұрынғы көзкөргендердің бәрі жан-жаққа көшіп кеткен. Кейінгі жастар біліңкіремейді. Көшедегі көне үйлердің бәрі бұзылған, жаңа нысандар бой көтереді деген хабар алдым.

Ақ жүрек, өте шыншыл, турашыл, мейірімді, өзгеге шынайы қамқорлық, бауырмалдық танытатын, адал, еңбекқор, кең пейілді, сондай ерекше жандар болатын. Жүрегіңнен бейнелері өшпейтін, есіңнен есімдері кетпейтін осындай жақсы адамдар, әрине, жадыңда мәңгі сақталары сөзсіз!

Бибісара КЕНЖЕБЕКОВА-ОМАРОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<