Әскери прокуратура әлеуеті

631

0

Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының өзіндік құрылу, қалыптасу және даму тарихы бар. Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының ажырамас бөлігі ретінде Қарулы Күштердегі ұлттық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған аса маңызды міндеттерді орындайды. Қорғаныс әлеуетін күшейтуге, үздік әскери дәстүрлерді сақтауға және көбейтуге, тәртіп сақтауға, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін дамытуға ықпал етеді.

Бұл жауапты міндеттерді өз ісіне берілген, кәсіби әскери борышын лайықты атқарып жүрген пікірлестер ұжымы атқарады. Мемлекет пен халық мүддесіне берілгендік, адалдық пен жауапкершілік – бүгінгі жұмыстың басты бағыты. Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2003 жылғы 4 мамырдағы бұйрығына сәйкес құрылды. Бас әскери прокуратураның аумақтық бөлімшесі. Штаты мен құрылымын Бас прокуратура айқындайды. Қазіргі уақытта құрамына 4 жедел қызметкер кіреді.

Алғашқы әскери прокурор қызметін 2003-2005 жылдары Жанболат Ерекешов атқарған. Ол прокуратураның жұмысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасады. Қала әкімдігімен, аумақтық құқық қорғау органдарымен және әскери қолбасшылықпен тығыз өзара іс-қимылды жолға қойды. Қылмысқа қарсы күресте және гарнизонның жеке құрамы арасында қатаң жарғылық тәртіпті орнатуда бірлескен іс-қимылдарды қамтамасыз етті.Кейінгі әскери прокурорлар М.Түсіпеков, С.Рашқалиев, К.Бердалин, Е.Сыбанбаев, К.Рахматулин құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосты. Әскери прокурорлар мемлекеттілікті нығайтуға баға жетпес үлес қосты, берік құқықтық база құрды және Әскери құқықты одан әрі үдемелі дамыту үшін құқық қолдану практикасын қалыптастырды. Олардың көмекшілері болып А.Байманов, А.Кортаев, С.Бутубаев, М.Буриев, Н.Патсаев, Б.Амалдықов, А.Айтубаев, Б.Нұрмаханбетов, М.Қуанбайұлы, Ж.Мұхаметқалиева және басқалар еңбек етті.

2019 жылдан бастап әскери прокуратураны әділет полковнигі Ғалымжан Төлеұлы Маханбетов басқарады. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатын алға қойған әділет полковнигінің басшылығымен ынтымақпен бірлік орнаған шағын ұжымда төрт әскери қызметші және бір әкімшілік қызметкер жұмыс істейді.

Олар – әскери прокурордың орынбасары, әділет майоры Б.Қаратаев, аға прокурор, әділет майоры Р.Снопов, прокурор, әділет капитаны Н.Кішкенебаев, ефрейтор Г.Омарова және Н.Баянова. Қызметкерлердің аздығына қарамастан, әскери прокуратура қызметкерлері Бас және Бас әскери прокуратуралардың бұйрықтары мен нұсқауларын орындау бағытында тынымсыз жұмыс істейді. Бүгінде ұжым гарнизонның әскери бөлімдері мен мекемелерінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша жемісті жұмыс жүргізуде.

Қарулы Күштерді жасақтау, олардың қызметі қағидаттарының құрылымдық және сапалық өзгерістері қатар жүреді. Реформа жағдайында әскери прокуратураның негізгі күш-жігері қатаң әскери тәртіпті және әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібін нығайту мен қамтамасыз ету бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуге шоғырланады. Әскери прокуратураның күнделікті қызметі толығымен қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын, әскери қауіпсіздікті, гарнизонның әскери бөлімдері мен мекемелерінің тұрақты жауынгерлік әзірлігін, жауынгерлік қабілетін прокурорлық қадағалауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің, әскери ведомстволардың азаматтық қызметкерлерінің және басқа да азаматтардың конституциялық, өзге де құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау шаралары қабылдануда.

Әскери прокуратура қабылдаған шаралар жалпы Қызылорда гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінде алдын алу қызметін күшейтуге ықпал етті. Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға қызметкерлердің өзара қарым-қатынасына, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге, жұмыс орнында қойылатын талаптарға ерекше назар аударылады. Өйткені бұл факторлар тұтастай алғанда жұмыстың нәтижесіне әсер етеді.

Қазір әскери прокуратураның функциялары сақталып қана қоймай,  мемлекет пен қоғамның мүдделері үшін жетілдірілді. Ол заңдылық пен құқық тәртібін белгілеуге қажетті барлық шараларды, шешімдер мен ұсынымдарды қабылдауға мүмкіндік беретін жеткілікті құзыретке ие.

Р.СНОПОВ,

Қызылорда гарнизоны әскери прокуратарасының аға прокуроры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<