Өңірде тіркелген қылмыс саны төмендеген

1339

0

Биыл облыс көлемінде жалпы тіркелген қылмыстар саны азайған. Дегенмен, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар мен кісі өлтіруге оқталу және алаяқтық деректері көбейіп отыр.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов хабарлады.

«Жалпы өңірде ұрлық, бұзақылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмастарының саны азайды. Кәмелетке толмағандар мен жастарға қарсы және олармен жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада», «Ата-ана Жасөспірім, Көше», «Тұрмыс», «Квадрат», «Учаске»профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Нәтижесінде беймезгіл уақытта кезбелікке салынған 201 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Ал балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 99 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, алаяқтық бойынша қылмыстар 27 пайызға көбейген. Сондықтан тұрғындардан бейтаныс адамдарға сенімділік танытпауды сұраймыз. Ең алдымен заң қызметкерлерінен қажетті кеңестер алып, сақтық шараларына ерекше назар аудару қажет», – деді Шамшидин Егенбердіұлы.

Соңғы уақытта өңірде жол көлік оқиғалары салдарынан қайғылы жағдайлар көп орын алды. Жыл басынан бері 295 жол көлік оқиғасынан 362 адам дене жарақатын алса, 68 адам қаза тапқан.

«Жыл басынан бері жол ережесін бұзудың 102 340 дерегі анықталды. Жол апатына тікелей әсер ететін құқық бұзушылық 54,3 пайызды құрады. Атап айтқанда, мас күйде көлік басқарған 791, көлік құралын басқару құқығынан айырылған 188, жылдамдықты шамадан тыс асырған 38 264 жүргізушіге заң бойынша тиісті шаралар қолданды», – деді Ш.Амитов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<