Әдеби-танымдық жинақ жарық көрді

2895

0

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен «Сыр өңірінің киелі орындары мен ислам құндылықтарының әдеби-танымдық ерекшеліктері» атты жоба аясында ұйымдастырылған экспедиция кезінде қасиетті нысандар тізіміне енбесе де жергілікті халық киелі санайтын Арал, Қазалы аудандарындағы Жетес би, Орал ахун, Толыбай батыр, Орынбет ишан кесенелері туралы деректер (тарихи деректер, аңыз-әфсаналар, т.б.) жинақталған еді. Экспедиция барысында жинақталған осы және басқа да тарихи мәліметтердің орны, геолокациясы, сипаттамасы, аңызы әдеби-танымдық буклеттің негізгі мазмұнын құрайды.

2017-2019 жылдары «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Сыр өңірінде 72 тарихи-мәдени ескерткіштің 12-і жалпыұлттық,  60-ы өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. Оқырманға ұсынылып отырған зерттеу жинағында Қызылорда облысында орналасқан 55 қасиетті нысан енгізілген, оның 15-і – қасиетті нысандар тізіміне енбей қалған тарихи ескерткіштер. 

Жергілікті халық киелі санап, құрмет тұтатын осындай қасиетті орындарға тоқталсақ. Мәселен, Жетес би кесенесі Арал ауданы, Ескіұра ауылында орналасқан. Жетес Қыстаубайұлы (1828-1914) Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасы, Шекті руының Жақайым аталығынан шыққан. Жетес би ел арасындағы даулы мәселелерді шешуде тапқырлығымен, әділдігімен көзге түскен. Бидің Райым, Шыбынды болыстарын басқарғаны туралы деректер бар. Оның билік кесімдері, шешендік сөздері ел арасына тарап, «тілді би» атанған. Ол туралы Қ.Салғариннің «Көмбе», С.Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітаптары мен «Ел аузынан» жинағында жазылған.  Кесенесі 2007 жылы қайта жаңғыртылған.

Орал ахун кесенесі – Арал ауданы, Шөмішкөл ауылынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Орал ахун Қазмамбет ұлы (1823-1903) жастайынан ауыл молдасынан сауат ашып, 10 жасында ұстаздарын зеректігімен таңғалдырған екен. Кейін Бұхарадағы әйгілі Көкілташ медресесінде 40 жыл діни білім алып, 50 жасында елге оралған. Ахунның елге оралған уақыты Сыр өңірінде Ресей империясының отарлау саясатының күшейген кезеңіне сәйкес келеді. Елге келгеннен кейін мешіт салып, діни-ағарту жұмыстарымен айналысқан кісіге қайырымы мол, шапағаты зор болған. Аптасына мешітке түскен қайыр-садақадан аш-арықтарға «шүлен қазан» таратады екен. Дегенмен мешіт толық сақталмай, Кеңес өкіметі тұсында большевиктер бұзған, қазіргі уақытта тек орны сақталған.

Толыбай батыр Мыңбайұлы – Жанқожа батырдың замандасы. Көнекөздерден қалған дерек бойынша Толыбай Жанқожадан бес жастай үлкен. Шамалап есептегенде батыр 1770 жылы туып, 1869 жылы дүниеден өткен. Халық оның жаудан тайсалмайтын өжеттігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Кесенесі ХІХ ғасырда саз кесектен күмбез етіп салынған.

Орынбет ишан Дәрменқұлұлы (1821-1906) Жанқожа батырдың сенімді серігі әрі пірі болған Дәрменқұл ишанның баласы Орынбет ишан алғашқы діни сауатын әкесінен алып, 16 жасында Хиуадағы Көкілташ медресесінде 8 жыл оқып, үздік тәмамдаған. Мұнан соң Бұхарадағы Мир Араб медресесінде 5 жыл дәріс алып, Иршад ишан шатырхатын иеленген. Бұхара медресесінде діни оқумен қатар, әскери және табиб емшілікті де игеріп шығады. Ұстазы оқып жатқан 200 бітіруші шәкірт ішінен Орынбет ишанды Бұхара әмірінің қазылығына ұсынады. Орынбет ишан 37 жасында Кішкене аталығының, оның ішінде Асан руының сұратуымен Сыр бойына, Бекарыстан би бастаған алты Матығұл ағайынның ортасына алдырылады. Үш жерден мешіт салып беріп, балаларды діни, иман мен білімнің әр саласынан сауаттандырады.

Экспедиция барысында анықталған тарихи ескерткіштер әлі де зерттеуді, қасиетті нысандар тізіміне енгізуді  қажет етеді. Кітап құрастырушылар еңбегі Сыр өңірінің тарихын, мәдениеті мен әдебиетін зерттеушілерге, өлкетанушы туристерге жолбасшы құралы есебінде пайдаланылады.

                                          А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<