Алматыда бір жан бар Сырға ғашық

897

0

 Жуырда Алматыдағы «Арна» баспасынан (бас директоры Б.Ойса) құқық тақырыбына жазатын журналист-жазушы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Итен Қарымсақұлының  80 жылдық мерейтойына орай «Жақсының жарығы» атты кітабы жарыққа шықты. Кітап Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі ақын М.Әміреұлының: 

Бірде жақын болсақ та бірде қашық,

Қызық шақтар кеткен жоқ қырдан асып.

Арамызда күн сайын жүрмегенмен,

Алматыда бір жан бар Сырға ғашық, – 

деген арнау өлеңімен  ашылады. Осы кітапта Сыр бойының ақыны Ә.Рахымбекұлының  жүрекжарды өлеңі басылған. Университетте бірге оқыған досы, ғалым-жазушы Қ.Салғараұлы да кітапты оқып, «Бойынан қуат, жүзінен шуақ кетпеген» деген ой тұжырымдарын баспасөзде жариялады.

Біз әңгімені одан әрі сабақ­тайық. Қолына қалам ұстағанына көп бола қоймаған бозбала мен бойжеткен түгілі, тәжірибелі деген журналистердің өзі жазу столына отырып, ойындағысын қағазға түсіргенде тосылып қалып жатса, оған еш таңғалуға болмайды. Өйткені, автор та­қырыпты терең білмеуі, алдын ала зерттемеуі мүмкін. Мұндайда қаламгерді құтқаратын бір ғана тәсіл – толғандырған тақырыпты алдын ала жан-жақты әрі терең біліп алу. Осы төңіректе ой қозғағанда журналистика сала­сының ардагері, белгілі қаламгер Итен Қарымсақұлының айт­қан пікірлері еске түседі. Ең­бек­қорлықты, тереңдікті, білім­ді­лікті байқаймыз. Әсіресе, екінің бірі қаузай алмайтын құқық та­қырыбына келгенде Иекеңдей  ін­детіп, барынша терең жазатын жан табыла да бермейді.

Жасыратыны жоқ, қазақ баспасөзінде құқық тақырыбын  жазу күні бүгінге дейін күрделі проблеманың біріне айналды. Себебі – біздің журналистер дәл осы саланың түбіне жете үңіле алмай-ақ қойды.  Назар аударған күннің өзінде дұрыстап, жан-жақты зерттеп, терең жаза ал­майды. Мұның басты сыры құ­қық саласының салмағы ауыр­лығында. Жазу білімділікті та­­лап етеді. Ең бастысы, заң­ның, құқықтың бұзылуын, қыл­мыс жасаудың себеп-сал­дарын ашу керек. Айталық, кексе журналистердің өзі про­ку­рордың немесе судьяның  алды­на барғанда аса өткір сұрақ қоя алмайды. Байсалды сауал болмаған соң жазудан да береке кетеді. Прокуратура органдары атқарып жатқан жұмыстарды  кез келген журналист жеткілікті қамти алмайды. Осы жағынан келгенде Итен Қарымсақұлының таңдаған жолы бөлек.

Журналистік өмірдің есте қалар бір сәтіне оралайық. Е.Әуелбеков Қызылорда об­лыс­тық партия комитетінің бі­рінші хатшылығына келген бойы жұмыста үлкен сілкініс бай­қалды. Талап күшейді. Хат­шы газет қызметіне де баса назар аударды. Бірде облыс­тық «Сыр бойы» газетінің редак­торы Н.Уәлиев хатшының тап­сырмасы бойынша Итен Қа­рымсақұлын Қармақшы ау­дандық партия комитетінің күр­делі құрылысқа басшылық жөніндегі атқарып жатқан жұ­мыстарын жазуға  іссапарға жі­береді. Енді журналистің өз ау­зынан естіген әңгімемізді ай­тайын.

– Ауданға келген бойы ау­дандық партия комитетінің бірінші хатшысына кіріп осы мә­селелер жөнінде әңгіме қоз­ғай беріп едім. Ол шошып кет­ті, – деді Итен аға – Газет қыз­меткерінің аудандық партия ко­митетінің жұмысын тексеруге құқы жоқ. Сізді редактор жа­ңы­лысып жұмсаған. Біз бұл мә­селе жөнінде ешқандай құжат көрсете алмаймыз деп айбат шекті.

Бұл кеңестік дәуірде қайта құрудың алғашқы бастамасы еді. Содан газет редакторы бұл жағдаятты обкомға жеткізеді. Бірінші хатшыға ресми мәлімет беріледі. Обком тарапынан же­дел нұсқау алған аудандық пар­тия комитетінің бірінші хат­шысы сасқалақтап дереу бүкіл құрылысқа байланысты қаралған деректерді газет тілшісіне тауып береді. Көп ұзамай газетке «Бос тұрған он екі пәтер» де­ген тақырыппен көлемді сын ма­қала жарияланады. Тіпті соқ­қының бірі аудан басшысына тиеді. Құрылыстағы сапасыз жұмыстарға байланысты талай адам жазасын алады. Ал бұл өзге партия ұйымдарының хат­шыларына да үлкен сабақ бол­ғаны рас.

1996 жылдың жазында Ал­маты қалалық прокуратура­сында алғаш рет баспасөз қызметі ашылып, оған жетекшілікке Итен Қарымсақұлы таға­йын­­дал­ды. Қызылордада «Про­­ку­­­­ратура тынысы» га­зетін шы­­­­ғарған тамаша үрдіс Ал­ма­­тыда жалғасты. «Про­ку­ра­­тура хабаршысы – Вест­ник прокуратуры» газеті екі тіл­де шыға бастады. Ол Итен қа­ламының жүйріктігін бай­қатты. Республикалық басы­лым­дарда жиі жарияланатын ақ­параттары мен мақалалары, сұхбаттары өз алдына әңгіме. Әсіресе, қазақ оқырмандарына бұрын-соңды жиі айтыла бер­мейтін қылмыс хроникасын жаңа қырынан жеткізді. Ұры-қарылар мен қарақшылар, алаяқтар мен арамтамақтар тақырыбы елді елеңдетіп тұрғанда, бұрын екі­нің бірі жазбайтын тың та­қы­рыпқа түрен салды. Сөйтіп өзек­ті мәселелерді шешуге, қиналған жанға қол ұшын беруге дәнекер болды. Итеннің  ақпараттары мен көлемді мақалаларының қай-қайсысы да шебердің қолы­нан шыққан жүзіктей көрінетін.

Сол уақытта өмірдің өзі де қайнап тұрған-ды. Аумалы-төк­пелі кезде жауапты жұ­мысқа келген жігіт ағасы Ал­маты қаласы журналистер қауы­мы­ның жан досына айналды десек те жарасады. Олар қалаған мә­ліметті Итен аға арқылы қи­налмай алатын. Сөйтіп, бұ­рын­дары журналистер ақпарат алуға  қолы жете бермейтін ме­кеменің есігі айқара ашылды. Әріптестеріне осындай мол мүм­кіндік жасап берген Итен аға­ға әлі күнге алғыс айтатындар бар.

Шын мәнінде бұл өз алдына қиындығы бар қызмет еді. Про­куратурадан әділдікті та­лап ететіндер көбейген шақ. Қыл­мыс, дау-дамай, ұрлық, бұ­за­қылық дендеген уақыт. Сон­дықтан басылымдарға бері­ле­тін дерек нақты болуы тиіс. Жур­налистикадағы мол тә­жі­рибесінің арқасында қазақ және орыс тілді басылымдарда Итен Қарымсақұлының мақалалары қарша борады.

Кешегі нарықтық қатынас­тың таңы атып келе жатқанда Алматы қаласында шығатын барлық бұқаралық ақпарат құ­ралдарында, әсіресе, қазақ ті­лінде жұрт назарын аударған ма­қалалар көп жарияланды. Сол кездері «Итен Қарымсақұлы ке­ремет мақала жазыпты, оқы­дыңыздар ма?» деген сөзді жур­налистер аузынан жиі еститін едік. Тәртіп сақшыларының заң­сыз іс-қимылы, ұйымдасқан қыл­мыстық топтардың іс-әре­кеттері жайлы Итеннің ма­қалалары өте жиі жарық көр­ді. Осындай ерекше еңбегі елі­міз­дің Бас прокурорының да на­зарын аударды. Құзырлы ме­кеме басшысы «ҚР Бас Про­курорынан» деген жазуы бар ал­тын сағат сыйлап, Құрмет гра­мотасымен марапаттады. Жыл­дар өте келе кеудесіне «Қа­зақстан Республикасының про­куратурасына – 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» ме­рекелік медальдарын тақты.

Өз басым газетте істеген­діктен, осы тақырыптағы мақа­ла­ларды тұрақты оқимын. Біз бұрындары қылмыс хрони­ка­сын баяндауды  «Егемен Қа­зақстан» газетінде қызмет ат­қарған Нұри Муфтах, «Ара» журналынан Көпен Әмірбек арқылы  үйренгенбіз. Ал Итен аға­мыздың жазуы өз алдына бөлек екен. Оқып отырып қы­зығасың. Болған оқиғаны оқыр­манға ерекше жеткізетін тың тәсілі бар. «Осы құқық саласын біз неге егжей-тегжейлі, ашық, батыл және әділ жаза ал­май­мыз?» деген сұраққа жа­уапты да Иекеңнің стилінен тап­тық.  Басты себеп, біздің ізде­нуіміз нашар екен. Ал ізден­бесең, біл­месең, мандытып еште­ңе жаза алмайсың. Өйткені, құқық­тық сала – өте ауыр сала.  Итен Қа­рымсақұлы осы жағынан бес­аспап. Азаматтық беделін кө­те­ріп отырған да  осы сала. «Ерінбегеннің еңбегі жанады» деген осы. Тынымсыз қызметтің арқасында ҚР Ақпарат сала­сының үздігі, Қазақстанның Құр­метті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы­ның лауреаты атанды.

Алматыдағы Ұлттық кітап­ханада әріптесіміздің «Жақсы­ның жарығы» атты кітабы­ның тұсаукесер рәсімі өте жо­ғары дәрежеде өтті. Оған қаты­су­шылар қаламгердің шығарма­шы­лығына барынша әділ және жоғары баға берді. Алматы қа­ласы әкімінің, Қазақстан Жазу­шылар және Журналистер одақ­тарының, Қызылорда облысы әкімі мен мәслихатының және Қызылорда қаласы әкімі және мәслихатының Құрмет грамо­талары тапсырылып, құттықтау хаттары оқылып, шапан жа­былды. Осының барлығы Итен ағаның баспасөз қызметіне сі­ңірген еңбегіне берілген ла­йықты құрмет, қара сөздің қа­дірін бағалағандық. Бұл де­ге­ніңіз – үлкен құрмет және зор абырой.

Қарап отырсаңыз, кітап­та­рын­да да жиі қозғайтын мәсе­лесі – құқық тақырыбы. Әр­қай­сысының арғы жағында адам­ның, қоғамның тағдыры тұр. Осы жағдайға  автор баса назар ау­дарады.

– Қазіргі журналистерге тә­жірибе, батылдық жетіспейді. Кез келген журналист проку­ратура органдарына емін-еркін кіре алмайды. Бұрынғыдай емес, қазір есік жабық. Соны ашудың амалын үйрену қажет,–  дейді еңбек ардагері.

Итен аға әлі күнге дейін ең­бектен қол үзген жоқ. Алматы қалалық прокуратурасының ар­дагерлер кеңесінде қызмет ат­қарады және республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары. «Қоңыр қалам», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Жүрек жаз­балары», «Жақсының жа­рығы», «Жаса, жарық күн!», өзге де кітаптардың авторы. Ең­бек ері А.Бисеновтің өмірі мен қызметі жайлы кітап жазып, деректі фильм шығарды.

Қолына қаламды жастай ал­ған Иекеңнің есінде қалған жан­ашыр жандары көп. Солардың арасында облыстық «Ленин жо­лы» қазіргі «Сыр бойы» газетінің редакторлары болған Зейнолла Жарқынбаев және Ұзақ Бағаев жайлы дүркін-дүркін естеліктер жазды. Олар кітаптарында да жарық көрді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Е.Көшер­баев, С.Шаухаманов, Қ.Бисенов, У.Бишімбаев, Б.Досманбетов, Ж.Шәріпов, Т.Маханов, А.Жә­лімбетов туралы жазып, қала әкімі Н.Нәлібаевпен бірнеше дүркін сұхбат жариялады.

Сыр бойының қылқалам шеберлері А.Жанаев, М.Әміре­ұлы, Ә.Рахымбекұлы, Қ.Дана­баев, Б.Ұзақбаев, С.Бекмұрат­ұлы, Б.Ойса, А.Меке­баев, С.Хан­гелдин, тағы басқалары­ның өмірі мен ақындық және журналистік жолдары жайлы қызықты материалдарды бас­па­сөз беттерінде жариялады. Ал, облыстық газеттің сонау бір жылдары жауапты хатшысы болған, жасында бірге қызмет істеген М.Сәрсеновтің отба­сынан келген өтініш-хатын зерт­теп, тиісті орындарға хат жазып, бір емес, екі дүркін мақала жазып, туған ауылынан көше атын алуына жәрдемін тигізді.

– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Неде болса шын көңілмен, жібі түзу сөз айтқан дұрыс. Абайлап сөйлеу керек. Жөнсіз айтылған сөз көңілге ауыр тиеді. Журналистік өмірімде адамдарды жақсылап та, кемшілігін сынап та көп жаздым. Сыбайлас жемқорлық, қызмет бабын асыра пайдалану, заң талаптарын бұзушылық ай­ғақтары бойынша түбегейлі зерттеп, үлкен қылмыстар жай­­лы нақты айғақтармен жа­зуға тура келді. Бәрі де дұ­рыс қабылданды. Мақала жө­нінде шағымданған, сотқа жү­­гінген адам болған жоқ. «Жақ­сымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жол­дас болсаң – қаласың ұят­қа» деген, айтар сөз нақты, жүйелі болғаны орынды, – дейді Итен Қарымсақұлы. – Ата­лы сөз – жүйесін табады, абай­сыз сөз – күйесін жағады. Біз­дің оқырмандарымыздың өре­сі биік, ойы терең, бүгінгі өмір­ге көзқарасы қалыптасқан ірі тұлғалар. Сондықтан жақсы­ның жақсылығын айт – нұры та­сысын, жаманның жаманды­ғын айт – құты қашсын.

Иә, жақсы адамға қай жерде де есік ашық, төр де соныкі.

Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, Қазақ журналис­тикасының қайраткері, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің ие­гері, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құр­метті азаматы, Қызылорда облысы әкімі мен облыстық мәс­лихатының, Қызылорда қаласы әкімі мен қалалық мәслихатының Құрмет грамоталарымен мара­патталды. Алматы қаласы Нау­рызбай ауданының құрметті ардагері Итен Қарымсақұлы да сондай асыл азамат. Ізін бассаң – аға болуға, жөн сұрасаң – дана болуға лайықты. 

Осындай ағаның, ақсақа­лы­мыздың көп болғаны қандай жақсы!

Жолдасбек ДУАНАБАЙ, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 

Мәдениет қайраткері, Б.Бұлқышев атындағы 

сыйлықтың иегері.

Алматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<