«Көктемді сендермен қарсы алам»

1298

0

Жалағаш топырағында біз білетін сонау Даңмұрын, Нысанбай жыраулардан бері Ә.Жүргенбаев, Т.Үркімбаев, Қ.Сүйеніш, З.Салықбаев, Т.Сарыбаев, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев сынды талай тарлан ақындар өмір сүрген. Сөздің киесі қонған қасиетті мекен күні бүгінге дейін таланттардан кенде емес.  Осындай тумысы бөлек ақын, талантты сазгер, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Айкүміс Орынбаеваны өмірдің мәуелі шағы – зейнеткерлік демалысына шығарып салуға арналған салтанатты кеш өтті.

Автордың танымал туындысы – «Көктемді сендермен қарсы алам!» әнімен мазмұндас әдеби-музыкалық кешті ұлағатты ұстаздың саналы ғұмырын өткеріп, талай шәкірттерін түлетіп ұшырған әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі ұжымы ұйымдастырды.

Туған жер төсін шуақты жырларымен, сазды әуенімен тербеген Айкүміс Телғарақызының мерейтойында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов бастаған аудан басшылығы ауданның ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыстап, ұлттық үрдіске сай сый-құрмет көрсетті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзат Құрманбаева ұлағатты ұстаздың білім саласындағы айрықша еңбегін атап өтіп, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың  және аудандық білім бөлімінің құттықтауын табыс етті. Сонымен қатар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі құттықтап, кеш қонақтары, ардагер ұстаздар ізгі тілегін арнады. 

Кеш барысында Айкүміс Телғарақызының өмірінің мағыналы белестері, шығармашылығы, ұстаздық жолы, қоғамдағы орны, адами биік болмысы кеңінен насихатталды.

«Сыр сұхбатта»  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақынның әріптесі Тұрақ Ахетов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ғазиза Әбілда, ақын Т.Сарыбаевтың жары Ақсұлу Еламанова, аудандық кітапхана директоры Ұлмекен Меңдібаева, ақынның бауыры, «Мәмбет әулие» кешенінің шырақшысы Алтын Телғарақызы және әріптес ұстаздар кеш иесінің балалықтан даналыққа дейінгі өмір жолы туралы айтып, өткен күндердің қызықты шақтарынан сыр шертті.

Ардақты ұстаздың «Қарлығаш келді үйіме» деп әніне қосқан шәкірттері еліміздің әр түкпірінен арнайы құттықтай келіп, өмір жолында бағдар болған ұстаздарына алғыстарын жеткізді. Тіпті шет елдерде жүрген шәкірттері де бейнеқұттықтау жолдап, ұстазының көңілін толқытты.

Кеш иесінің ұлы, осы білім ошағының түлегі Айбек Қалыбаев автордың ақын Темірше Сарыбаевтың сөзіне жазылған «Жалағашым» әнін орындаған сәтте көрермен қошеметі ерекше болды. Өйткені осынау сөзі мен сазы үйлескен тамаша ән бүгінде жалағаштықтардың әнұранына айналған. Айта кетейік, ақынның жары Батырхан Сүлейменов те білім саласында еңбек еткен. Бүгінде балалары Нұрбек, Айбек Қалыбаевтар өнер жолын таңдаса, қызы Балнұр ұстаздық жолын жалғастырып келеді.

Мерекелік кеш барысында ақын-сазгер Айкүміс Телғарақызы жас ақын, бірнеше әннің авторы, шәкірті Раушан Бекназарқызына «Қауырсын жырын» аманаттап, шығармашылық жолының жалғасатынына сенім білдірді. Ал мектеп-лицейдегі өнер бірлестігі атынан Алтын Жаңашева, Серіккүл Құлысбаева бастаған мұғалімдер автордың бірнеше әнін шырқап, шығармашылық кештің шырайын келтірді.

Қорытынды сәтте ұжымдастары ұлағатты ұстаз Айкүміс Орынбаеваға сый-құрмет білдіріп, шипажайға жолдама тарту етті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<