Алтынның сынығы, ақылдың тұнығы

1492

0

Халқымыздың жыраулық, жыршылық, әншілік рухани қазынасы дәстүрлі мәдениетіміздің негізін қалайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Ұрпақ жалғастығы қанша ғасырдан бері бойын да, ойын да түзеп, ел іргесін берік ұстап, халқымызға қызмет жасап келеді. Жыраудың, термеші-жыршының орындауындағы қисса-дастандарымен, жыр-толғауларымен ауызданып өскен, сонан ұлттық тәрбие алған елміз. Қыстау мен жайлаудағы кештерде  ел жиналып жыраудың өнерін тамашалайтын. Қандай да бір той, үлкен ас жыраусыз өткен емес.

«Мына ауылда, мынадай кісінің үйінде жырау жыр­лайды екен» деген хабар тез тарайтын. Халық сондай сәтті қуана, тағатсыздана, асыға кү­тетін. Бала кезімізде жалаң аяқ, жалаң бас, жолдың шаңын бұрқыратып, жаңағы жырау жыр­лайтын ауылдан бір-ақ шы­ғатынбыз. Ол үйдің іші-сыр­ты тыңдарманға, жырсүйер қа­уымға лық толатын. Киіз үй­лердің түндіктері ашылып, біз құсаған сыймай қалған ба­ла-шаға, жастар сыртта тұ­рып-ақ тыңдайтын едік. Ел тап­жылмай отырып, таң атып, күн шыққанын  білмей де  қалатын.  Сол жерден үйді-үйлеріне та­рап жататын. Ауылымызда бір жыраудан кейін екіншісін тың­дап өстік. Кейде үйге сыйған кезімізде есікке таяу жерде немесе пеш қасында ұйық­тап та қалатынбыз. Осы­лай­ша терме, қиссаларды жыраулар­дың аузынан тыңдап өскен ұр­пақпыз.

Ес біліп, етек-жеңімізді жи­нағаннан кейін білгенім, сол кезде Үбісұлтан, Нұрмахан, Рүс­тембек, Мұзарап, Зайыр, Сабыт, Берман, Сүйінбай, Сағынтай, Жап­пар секілді белгілі жы­рау­ларды өз ауылымызда тың­дай­ды екенбіз. Ол кісілердің жыр, терме мақамдары әртүрлі. Жас айырмашылығымыз бір жас Көшеней ағамызбен бір мек­тепте оқыдық. Ол – атақты Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың бел ба­ласы. Көшеней мектеп сах­на­сында сол кездің өзінде на­қышына келтіріп термелер орын­дайтын. Көшенейдің туған інісі, Рүстембек жыраудың бел баласы Бидас та осы мек­тепте оқып, бала кезінен жыр-терме айтатын. Олардың орын­дауындағы мақамдар ерекше, тыңдарманды тәнті ететін.

Мен бұл естелік мақаламды «Алтынның сынығы» деп ата­уым да тегін емес. Термені өз мәнінде, нақышына келтіріп, тыңдаушыларының жүрегіне жеткізе орындау және мақамның бұзылуына жол бермей, қаз-қалпында сақтап отырып айту екінің бірінің қолынан келетін дүние емес. Ал, Сыр бойында орындалып жүрген терме сазы, мақамдары онша көп емес, саусақпен санарлық. Терменің тектілігі де, киелілігі де сонда. Көрінген термешімін деп теп­кілей беретін көшенің көк аты емес. Өз қалпында сазымен, мә­нерімен кейінгі ұрпаққа қал­дыру – бүгінгі ұрпақтың төл міндеті.

Терме – тұлпар секілді со­нау көз ұшынан шаңдатып көрінеді. Екінің бірінің қолы­нан келе бермейтіні содан бо­лар. Термешінің, жырау­дың тектілігі бұл киелі өнер­ді өз қалпында, бұзылып орында­луына жол бермей, келер ұр­паққа жеткізуінде деп біле­міз. Бидас Рүстембеков Алма­тыда тұрса да, облыс және Қар­мақшы ауданы әкімдіктерінің ұй­ым­дастыруымен жұмысы жол­­ға қойылған жыраулар, тер­­мешілер мектебінде дәріс бе­реді. Сыр бойы мақамдарын кейінгі ұрпаққа өз мәнінде үйретуі жырсүйер халқының қуанышына айналып отыр. 

Жастайынан күміс көмей атанып, Сыр сүлейлерінің саң­лақ жырларын алыс-жақынға паш еткен даңқты жырау Би­дас Рүстембеков алдағы жы­лы 70 жасқа толады. Бұл ме­рей­тойды республика, об­лыс көлемдерінде атап өту жө­нінде нақты іс-шаралар бағ­дарламасы жасалуы тиіс. 1974 жылы жыраулар мен терме­шілердің мақамдарын нотаға жа­зып алу үшін (ол кезде сту­денттер, қазіргі кезде бірі – бел­гілі  композитор, бірі – бел­гілі музыка зерттеуші ғалым)  Бейбіт Дәлденбаев пен Алма Құнанбаева Қармақшыға келді. Ол кезде мен аудандық ком­со­мол комитетінің бірінші хат­шысы болатынмын. Қар­мақ­шыда тұратын белгілі – ақын-жырау Кете Жүсіптің не­мересі Сабыт ағаны, белгілі жырау Шамшат Төлепованы, Ақжар совхозында тұратын Би­дасты алып, сол кездегі Ле­нин совхозындағы (қазіргі Тұр­мағамбет ауылы) белгілі жырау Ақбаев Сүйінбай ағамыздың үйіне Берман Бисенбаев, Зайыр Рахатов, Жаппар Тұңғышбаев, Алшынбек Сәрсенбаев, Орақ Дәнекеров, Қуандық Бүрлібаев, Зәуре Қосжанова және тағы да басқа жырауларды жинап, қызықты ән кешін өткізгеніміз есімде қалыпты.

Ол кезде атақты жырау, күміс көмей Көшенейдің өзі өмірде болмағанымен, оның өз орындауында пластинкаға жа­зылған термелері шыққан. Терме-жыр айтуға талабы бар жастар Көшенейдің өз орын­дауындағы күйтабаққа жа­зыл­ған термелерді қайта-қайта қо­йып, үйреніп жүргенін де білетінмін. Кейіннен аудан­дық совет атқару комитеті төр­­ағасының орынбасары бо­лып жүргенімде көршілес Өз­бекстанның Бұқара облысына қарасты Үшқұдық ауданының «Авангард» совхозында тұратын туысымыз, СССР Жоғарғы Ке­ңесі екі шақырылымының де­­путаты Қуаныш Даңбаев және ол кісінің туған ағасы Оңғар Данбаевтардың шақы­руы бойынша мен, Бидас және жырау ағамыз Зайыр Раха­тов үшеуміз Өзбекстанға бар­ған­быз. «Барған жерімізде өлең, қиссалар айт деп өтініш, сұ­раныс жасағанда өзің білген жерге дейін «Көрұғлы»  дас­та­нын айт және өзіңе күш түсіп бара жатқанда маған белгі бе­ріп қой, әрі қарай жалғап оты­рамын. Бірақ бұл – ер­теректе Рүстембекті, кешегі кез­де Көшенейді тыңдаған ел. Сондықтан «Көрұғлыны» олар­дың орындағанындай етіп ай­туға бар күшіңді сал» деп Бидасты жігерлендіріп, Зәкең ағамыз өз тапсырмаларын жол үстінде беріп отырды. 

Діттеген жерге жеткен соң «Авангард» совхозындағы Оң­ғар ағамыздың үйіне түсіп жай­­ластық, жақсылап демал­дық. Совхоз директоры таңер­тең келіп, үйіне шақырды. Азан­ғы сағат 10 шамасында бар­дық қой деймін. Барғаннан ке­­йін аздап шайланып алдық. Бидас әуелі қысқа терме­лер­ден бастап «Көрұғлы» дас­та­­нының саласына түсіп кетті. Тың­дармандар үйге сый­­мады. Уақыттың қалай өткені белгісіз, қиқулаған дауыс­тар, «Өй, пәлі!» деген кө­терме ай­қайлар басталып, жы­рауды қанаттандырып жі­берді. Тек ан­да-санда шай ішіп қойып, 5-6 сағат бойы сол «Көрұғлы» дастанын толық өзі білетін жерге дейін бірнеше мақам­мен, бірде жорғалатып, бір­де желдіре шауып, бірде ауыз­дығымен алысып, бірде басын қоя берген тұлпарларша кең демалып, еркін шаба жырлады. Жұрт сол кезде де қиқуға салып шуласты. Кеудесінде жаны бар адам селқос қарап отыра ал­­майды. Міне, жыршылық дәс­түрінің киелілігі сол – қалың қолға, жауға қарсы шауып ба­ра жатқандай сезінесің. Зайыр ағаның сейістігі мен бап­керлігі нәтижесінде Бидас «Көрұғлы» дастаны саласын бі­рін­­­ші рет айтқанын тыңдаған едім. Әрине, жыраулық атадан ба­лаға, баладан немереге жал­ға­сып келе жатқан киелі шаңы­рақ Жиенбай әулетінде. Оны ел тарихтан жақсы біледі. Бұл өмірде сирек кездесетін құбы­лыс. Міне, сол құдай бер­ген аруақты жолды жалғап келе жатқан тек қана Бидас десем, артық айтпаған болар едім.

Сонау 1973 жылы Көшеней өмірден озғаннан кейін арындап ағып жатқан дарияның ағын суы тоқтағандай, гүл жарып жаңа гүлзарға айналып түлеп, көктеп келе жатқан жырдың үзіліп қалғаны да есімізде. Мәскеуден қайтқан қара домбыра 2-3 жыл бойы қақсып төрде ілулі тұрды. Сол уақытта бір рет те шертілмеді. Киелі отбасынан ешкім домбыра ұстамады.

Сол қара домбыраға қайта жан бітірген Бидас болды. Дәл осылай болуды қалаған бі­раз жанашыр жиналып, Кө­ше­ней­дің шаңырағына бар­ған­быз. Сөйтіп, Көшенейді еске алып, естеліктер айтып, жел­пін­­діріп тастадық. Данагүл ха­­лық әндерін нақышына кел­тіріп орындап, оны Бөкең дом­бырамен сүйемелдеп отыр­ды. Сыбағалы тамақ ішіліп бол­ғаннан кейін, жырқұмар екі ағамыз Нағмадин мен Бо­латбек ұзақ жыр, тарихи тер­ме, жыраулық дәстүр қазақ­тың мақтанышы болған Кө­­­шеней  жайлы айта келіп, жең­­геміз Әна­­пиядан рұқсат сұрап, төр­­дегі ілулі тұрған дом­бы­раны қабынан алды. Әнапия – Көшеней мен Бидас­тың туған анасы, атақты Жиенбай жы­раудың бел ба­ласы Рүстембек жыраудың құ­дай қосқан қо­сағы. Баласы Кө­шенейге осы жыраулық өнер­ден тіл-көз тиді деп, кіші ба­ласы Бидасқа өлең айтуды жалғас­тыруға рұқсат етпеген кезеңі болатын.

Домбыра қақсып кетіпті. Құлағы келтірулі тұрғанын байқадым. Нағмадин, Болатбек ағаларымыз домбыраны қол­дарына ұстап, көздеріне жас алып, сәл үнсіздіктен кейін қай­та жігерленіп, аруақты бабалар салған сара жолдың үзілмеуіне сәттілік тілеп, Бидасқа ұсынды. Бидас та біраз толқып, көңілі босап домбыраны қолына алып қарап, үнсіз отырып қалған еді.

Жыраулық дәстүрдің жал­ғасын тапқанына іштей қуан­дым демеске амалым жоқ. Бидас қолына алған Көшенейдің дом­бырасы қайта сөйлеп, жауқазын гүлдер қайта көктеп, Сыр бо­йының құба жоны гүлзарға айналғандай. Сыр бойы аспа­нында ән қайта қалықтаған кезде жыраулықтың жалғасын тап­қанына қуанбағанда қай­теміз? Балалардың, отбасы жағ­дайымен сонау Алматы қала­сына қоныс аударса да, киелі өнерді өз қалпында кейінгі ұр­паққа жеткізіп кетуді алдына үлкен мақсат етіп, өзінің кіндік қаны тамған жерде аты алты Алашқа мәлім болған Жиенбай жырау мектебін екі жерде ашып, арнайы пәтер жалдап тұ­рып, жемісті жұмыс жасаған Бидасқа халқы да, ата-бабалар аруағы да риза.

Көшеней көзі тірісінде Би­дасты қасынан тастамай, қандай бір дүбірлі үлкен жи­ындар мен республика көле­міндегі болатын шараларға қа­тыстырып, баулып жүргенін бай­қайтын едім. Бидас әкесі Рүстекең дүниеден өткенде небәрі 15 жаста болатын. Сол кездің өзінде баласын «құ­лын­нан тай шығарып» кетіп еді. Жетпісінші жылдары өнер­ге берілген Алма Құнан­баева өзінің дипломдық жұмы­сында жыраулық өнерді зерттеп, дәс­түрдің әрі қарай қалып­та­суына өзіндік үлес қосты. Ле­нинградтан Қармақшыға қай­та-қайта келіп, жергілікті жы­рау-термешілермен дидар­ласып, қалыптасқан өнер ше­берлерінің әрқайсысының орын­дау мақамына ден қойды. Кө­бінің мақамын, әуезін үн­таспаға түсіріп, жазып алып, өзінше ғылыми талдау жасады. Ең алғаш болып атақты жырау Бидас Рүстембековті Мәскеу қаласында өткен халықаралық фестивальға алып барған да осы Алма болатын. Сонда Бидас жүлделі 1-орынды же­ңіп алған еді. 2009 жылдың желтоқсан айында сол Алма Бидасты Аме­рикаға шақыртып, жол шы­ғынын өзі көтеріп, «Көрұғлы» дастанын айтқызып, үнтаспаға түсірді.  

Ауданда жыраулар мектебі­нің тұңғыш рет ашылуына, қалыптасуына жетекші болып, ықпал еткен ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың еңбегін айтуға тиістіміз. Ол кісі қандай да бір шара болмасын Бидас пен Шамшат апаны алып ба­рып, ән-жыр думанына айнал­дыратын. Бірде Елеу ағаның жолдасы Дәнеш апамыз белгілі ақын Әбдікәрім Ахметов­тің «Дос жүрегі – шарайна» өле­ңін Шамшат апаға Рүстем­бек­тің мақамымен алғаш орындат­қанын қалай ұмытамыз.

1990 жылы ауданда «Базар жырау ізімен» атты тұңғыш рет жыраулар экспедициясы ұйымдастырылып, Базар атамыз жерленген Өзбекстанға сапар шектік. Бұқара облысының үш ауданын бір ай бойы аралап, өнер көрсеттік. Сол жерде тұ­ратын қандастарымыздың, аға­йын-туыстардың Бидасқа де­ген ықыласы ерекше болды. Мұнан 60-80 жыл бұрын Би­дастың әкесі Рүстембек жы­рау сол жерде болып, өз өне­рін көрсетсе, туған ағасы Кө­шеней 40 жыл бұрын барып, қан­дастарымызды таңырқатып қайт­қаны белгілі. Сол дәстүрлі жолды Бидас Рүстембеков жал­ғады.

Мен осы сапар туралы Шам­шат апа жөнінде жазылған естелігімде толық жаздым. Сөз басында Бидастың ағасы Кө­шенейдің домбырасын қалай алғанын айтып едім ғой. Бұқара облысының Тамды ауданында «Майбұлақ» деген совхозға өнер көрсетуге келгенімізде бұл жерде ықыласы ауғанға көзі тиетін адам барын ескерткен. «Абайлаңыздар» деген хабарды алдын ала естігенімізде таңғал­ғанымыз да, бойымызды қор­қыныш билегені де рас. Шамшат апаның «Көшенейге көз тиді, Бидасты сахнаға шығармаңдар» деп үзілді-кесілді ескертуінің де өзіндік мәні болатын. Ескертуді жеткізу үшін Бидасты іздеп жүрсем, ол да қарап қалмапты. Көйлегін шешіп, майкісін те­ріс киіп, қазақтың көз тиюге қарсы қолданатын ырым­да­рын жасап жатқанының үстінен шықтым. «Мына Орақ Дәне­керов, Алшынбек Сәрсенбаев ағаларымыз майкісін теріс киіп жатыр. Осы кісілер бірдеме бі­лер деп мен де қарап қалмай жатқаным» деп ішек-сілесі қат­қанша күлгені есімде қалыпты. Сол күні клубта 6-7 сағат жыр жырлап, көз тиюдің қайда кет­кенін байқамай да қалып едік.

Бидастың құдай берген төрт ұлы бар. Рыстай екеуі немере сүйген бақытты шаңырақ ие­лері, бұған шүкіршілік жа­саймыз. Бидастың баласы Бар­бол 6 жасында қолына домбыра ұстап, белгілі режиссер Аб­долла Қарсақбаевтың  «Бала жырау», тағы да басқа бірнеше фильмге  түсті. Кейін көз тиіп қатты ауырып, өлең айтуды қойып кетті.

Атақты жырау Бидас ата-бабалары салған сара жолды яғни, жыраулық дәстүрді жал­ғастырып, бүкіл дүниеге паш етті. Оны еліміздің жоғары атақ-марапаттарына ұсынып, на­сихаттап, фильм түсіріп, рес­­публикалық дәрежеде жыр кеш­­терін өткізіп, жыраулар фес­­тивалін ұйымдастырып, ақын­­дар айтысын өткізсе, жы­раудың өзіне ғана емес, жыраулық өнерге «Сыр елі  – жыр елі» деген киелі ұғымға да жасалған құрмет болар еді. «Жүз шайырды тербеткен ал­тын бесік» атымен шыққан кітапты қайта бастырып облыс, аудан кітапханаларына таратса да артық емес.

Бидас жыраудың ата-баба­лары жөніндегі әңгімесінің та­ғы­лы­мы зор.

– Белгілі дүр шайыр Шо­раяқұлы Омардың туған апа­сынан Жиенбай туады, сонан бізге «жиен» деп нағашы ата­сы атын Жиенбай қойған. Жиенбайдың әкесі Дүзмембет деген кісі де қаражаяу болмаған, домбырамен шертіп өлең айта­тын өнерлі екен. Жиенбай бала күнінен өнердің ізіне түскен. Ірі, қара, еңселі, кеуделі кісі болған екен. Елді басқарып, билік те айтқан. Ол кезде би-болыстар бірін-бірі сынап, «қайт­сем жерге қаратамын» деп аңдысып отырған ғой.

Бір күні Жиенбай жайба­рақат үйде отырған кезде әр елдің игі жақсылары мен би­лері келіп қалыпты. Қорада соя­тын дайын малы жоқ, қол­дағы мал жұмсалып кеткен. Осыны сезген билер ойда-жоқ­та хабарласпай түскен екен. «Жиенбайды үйден шығармай, әңгіме айналдырайық» деп кел­ген кісілер, ананы-мынаны айтып уақыт өткізеді. Ет пісер уақыт болғанда үй иесі қонақ­тармен қосыла сыртқа шығып бәйбішесіне:

– Әй, не болды? – деген екен. Сонда бәйбішесі саспастан: «Отыра бер қонақтарыңмен, қам жеме» деп қазанда бүл­кілдеп қайнап жатқан етті көрсетіпті.

Бәйбішесі атақты Даңмұ­рын жыраудың туған апасы Балшаш деген кісі. Қазан­да­ғы етті көріп, көңілі бірлен­ген Жиенбай қо­нақта­рына сы­ба­ғасын беріп, тарасады. Қо­нақ­тар кеткен соң бәйбішесіне:

– Сен аяқ астынан малды қайдан таптың? – депті.

– Малды қайдан таба­йын, сені ұятқа қалдырмас үшін жалғыз атыңды сойдым, ел жақсылары жаяу қалдырмас, – деген екен.

Соны естіген халықта әңгіме жата ма? «Жиенбай жалғыз атын сойып тастапты» деген сөз билерге жетеді. Мұны естіген билер: «Қой Жиенбайды жаяу қалдырғанымыз болмас» деп, мінерге ат, алдына мал айдап әкеліп берген көрінеді. Міне, жырау да, оның бәйбішесі Балшаш та өте кең, салауатты, текті кісілер болған.

Жиенбайдың екі ұл, екі қызы болған. Ең үлкені – Рүстембек, кіші баласы Дастанбек, Мар­құма, Алқыма деген қыздар. Дастанбектің даусы зор болған деседі. Құрдастары «Әй, Дас­танбек көк ішегіңді ақтар» деп әзілге айналдырады екен. Ол өзі сұранып майданға кетіп, содан қайтпаған.

Рүстембек 12 жасынан бас­тап үлкен топта жырлаған.

Үш жүздің билері жиналған жерге әкесі Рүстембекті тайға мінгізіп жетектеп бара жатса, дария жанында егін егіп жатқан жалғыз үй иесі, екі әңгелекті құшақтап қорадан шығып келеді екен. Жолаушылар бұрылып, «сусын ішіп кетейік» деп аттан түседі. Бұларды көрген үй иесі «төрлетіңдер, егіннің алғашқы шығуы» деп әңгелектен ауыз тигізеді. Қашаннан ырымшыл қазақ «алғашқы шыққан әңге­лекті балам жесін, бірінші рет топқа түседі» деп, Жиенбай баласына ұсынады.

Дәм алып, екеуі ас өтетін жерге де жетеді. Адам көп жи­­налған екен. Жыраулар өзде­ріне арнайы тігілген үйлерде жырлауды бастап та кетіпті. Кілең белгілі билер отырған ақбоз үйге кірген Жи­енбай: «Уа, ағайын, мына тай­ды бірінші рет бәйгеге қо­сайын деп отырмын» деп Рүс­тембекті көрсеткен екен. Он екі жасар бала жырау кішкене домбырасын қолына алып кең даусымен қайырған кезде да­уысы бірте-бірте ашы­лып, отыр­ған жұртты аузына қара­тыпты.

Әр жерде жыраулар жырлап жатады, Рүстембек, қанша де­генмен, бала, түн ортасы ауа бергенде шаршай бастайды. Мұны сезген Жиенбай домбы­расын қолына алып, жырды үстін-үстін төгіп, күңірентіп айтып отырып, төбеге қараса, үстіндегі сегіз қанат үй кө­теріліп бара жатқанын көреді. Сөйтсе, сырттағы халық үйге сыймай, үйді көтеріп басқа жерге қойыпты. Алғашқы әң­ге­лектің тәтті дәміндей бал таңдайынан, күміс көмейінен шыққан жырларын халыққа жеткізіп, елге абыроймен ора­лыпты. Кейін небір дүбірлі тойларға қатысып, жыраулық дәстүрдің тізгінін осылай ұстап, баба жолын жалғастырған екен.

«Ол кезде домбыра көп емес, тек әкемнің домбырасы биікте ілулі тұрады. Оны балаға ұстатпайды, үйде ешкім жоқ кезде домбыраны жасырын алып, пішен қораға барып ойнап оты­ратынмын» дейді Бидас ба­лалық шағын еске алып.

Жоғарыда айтып өтке­нім­дей, атақты жырау Бидас ата-бабалары салған сара жолды, яғни жыраулық дәстүрді бала кезінен жалғастырып келеді. Қаңтар айында 70 жасқа то­латын Бидас жырауға қандай құрмет жасаса да жарасады. Өнерді бағалау, жыраулық дәс­түрді түркі тілдес елдер ара­сында танытудың бір жолы – осы.

Нұртілеу САЛЫҚОВ,

Қармақшы ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<