Аталы сөз айтар ақсақалдар қайда?

2589

0

Мәселенің мән-жайы

«Ақсақал» тақырыбы өзім­ді көп жылдар бойы әркез мазалап келгенмен, осы мақа­ланы жазуға мынадай бір оқиға тікелей түрткі болды. Жақында әлеуметтік желіден қазақтың бір жас азаматы ақсақал мәселесін қайта көтерді. «Қайта» дейтінім, осыдан бірнеше жыл бұрын академик Төрегелді Шарманов ағамыз «шал»  мен «ақсақал» ұғымдарының аражігін аша келіп, өзінің ақсақалдық сөзін де, ойын да айтқан болатын. Бірақ бұл әңгіме БАҚ бетінде де, әлеуметтік желіде де арагідік қылаң бергенімен, әттең, кейін жүйелі түрде жалғасын таппады. 

Әлгі азаматымыздың бұл мәселені тағы да орынды көтергенімен, «елімізде қа­зір ақсақалдық сөз айтар адам қалған жоқ» деп қара аспанды жаудырғаны маған ерсі көрінді. Оған жауап ретінде және жалпы қауымға арнап, сол желіге мынадай ойымды жолдағанмын. «Кім екен бұл «жоқ, жоқ» деп жылап отырған? Ел ішінде өз басы дана ақсақалдарды іздеді ме екен? Олардан кімдерді біледі екен? Олармен сұхбаттасты ма екен? Ай қайдам…               

Елімізде, шүкір, сөз айтар ақсақалдарымыз баршылық. Бірақ оларды кім іздеп жатыр? Олар кімге қажет болып жатыр мына сөз тыңдамайтын, сөз қадірін қастерлеп, орынды бағаламайтын заманда? Абай данышпан: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей түзелген сөздер бүгін баршылық. Алайда олардың көпшілігін айттырмайды, БАҚ-та бастырмайды, оларды тыңдайтын құлақ болмай тұр ғой. «Тыңдалмаған сөз же­­тім­нің» заманы. Өкінішті-ақ. Дегенмен, айта беру керек, сөйлей беру керек, жаза беру керек. Елімізде лайық­тылардан (алдымен республика деңгейінде) «Ақ­сақалдар алқасын» құрып, оларды сөй­лететін арнайы телеар­налар ашылса және осы ұсы­нысымды газет-журнал шы­ға­ратын азаматтар қолға алып жатса, құба-құп болар еді» дегенмін.

Кейінірек осы ұсыны­сымды әрі қарай таратың­қырап, газет-журнал оқыр­мандарына бөліссем  деген ойға кел­дім. Бір ескертерім, бұл тақы­рыпты жасым жетпіс алты жасқа қараған шағымда, ақ­сақал мәселесіне азды-көпті көңіл бөліп келген қатар­дағы өркениеттанушы-руха­ният­танушы ретінде ғана көтеріп отырмын. Өйткені шынайы ақсақалға, әсіресе «ақсақал» сөзіне қойылатын талаптың өте-мөте жоғары болатынын ескеру қажет-ақ.

Жол бастаудан да, қол бас­таудан да, сөз бастаудың қиын екендігін бала кезімнен ауыл ақсақалдарынан жиі естігенмін. Кейінірек қазақ ауыз әдебиеті кітаптарынан оқығанмын да. Саяси экономия маманы ретінде К.Маркстің «Капитал» ең­бегінің бірінші томына жаз­ған алғысөзіндегі «Кез келген нәрсені бастау қиын – бұл ақиқат барлық ғылымға тән» дегені де есімде. Тіпті халқымыз айтпай ма «Өнерді бастау қиын, бастаған соң  – тастау қиын» деп. Қала берді, оның растығына көзімді жеткізген нәрсе – осы күнге дейін елу жылдан астам білім беру саласындағы оқытушы-зерттеушілік қызметімде өз басымда болған сөз бас­тау­дағы, сөз қозғаудағы, сөз саптаудағы талай өкінішті «әт­теген-айларға» толы ­қи­ын­­­­­­дықтар.

Түрткі болған өмірлік жайттар

Тақырыпқа тікелей көш­пес бұрын әлқисса ретінде қаралмақ мәселеге қатысты өз басымнан өткен бірнеше жайттарға тоқталмақпын. Бала кезімізде (өткен ға­сыр­­дың 50-жылдары) Қа­залы теміржол стансасына жақындау жерге орналасқан «Ақкиіз ауылы» деп аталатын біздің бөлек ауылымыздың ру басшысы (көсемі) hәм батыры, ел-жұрттың нағыз ақсақалы Шәден көкеме (1878-1961 жж., ол кісі менің Әлі атамның інісі) арнайы сәлем береміз деп сонау Ырғыз, Қарабұтақ жағынан бір топ аттылы ағайындар жиі-жиі келіп тұратын. Келген қонақтардың бір бөлігі ылғи да біздің үйге жайғасатын. Оларды күтіп алу жабдығына әкем Жолмырза (1898-1982 жж.) жауапты. Анам Жамила (1912-1998 жж.) әжептәуір діни білімі бар (жас кезінде ишаннан дәріс алған) адам ретінде қонақтар жиналған кезде ойын баласы жасындағы бізді «үлкендердің әңгімесін тыңдаңдар» деп есік жаққа отырғызып көгендеп қоятын. Сол көп сабақтардан бас­ты есімде қалғаны: үлкен кісілердің бір-бірімен емін-еркін, жайбарақат отырып, өнегелі әңгіме-сұхбат құру тәртібі мен өнері бұл – менің осы күнге дейінгі ұстанымым.

Сол Шәден көкемнің баласы тұрмай, ұлдан жалғыз ғана Байқазақ ағамыз – (1936-1978 жж.) өзінің әке­сінен дарыған ұлттық тарихи, фольклорлық, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық және зайырлық (инженер-механик, техникумның бө­лім меңгерушісі, училище директоры) білімді­лі­гімен, біліктілігімен, ай­рық­ша ше­шендігі және сұң­­­ғы­ла­лы­ғымен, нағыз аза­­­матқа тән жайлы да жай­­дары, мәрт­тік  мінез-құлы­­ғымен жасы қырыққа жетпей-ақ «ел ақсақалы» атағына ие болған адам. Басқа басқа, ағайындары бас қосқан үлкен жиындарда бір айтқанын еш қайталамай ұзақ-сонар ғибраттық әң­гіме-толғаулар айтып отырып, бір кездері оянып кетіп: «Ау, ағалар, әңгіме неге айтпайсыздар?» дегенде ба­ғанадан бері оны үн-түнсіз рахаттанып тыңдап отырған, өзінен 30-40 жас үлкен ағалары: «Байқазақжан-ау, сен сөз сөйлегенде әңгіме бізге не керек?» дейтұғын. Мен осы Байқазақ ағама өте жақын болдым, үйінде жатып, Қазалы ауылшаруашылық тех­никумын бітіріп шықтым. Кейін сол жерде қызметтес те болдым, одан кейінгі кездерде де жиі-жиі кездесіп әңгіме-дүкен құратынбыз. Тоқ етерін айтсам, ол кісі – маған арнайы да өмірлік сабақ берген нағыз Ұстаз және «ақсақал қандай болу керек?» дегенде ылғи да Байқазақ ағам еріксіз есіме түседі!

Реті келгенде аталған тақы­рыпқа қатысты айта кететін тағы бір қағидат-ұстанымым бар. Ол «Адам­ның сәні не, жердің сәні не, сөздің сәні не, пікірдің сәні не?» деген сауалға ойланбас­тан жауап берген, он алты жасынан бастап әділ билік айтып, үлкен дау-даламаларды шешкен Әлім тайпасынан шыққан атақты  Жетес бидің (1828-1914 жж.) жауа­бы. «Адамның сәні – өнер-білім ақылы, Жердің сәні – жеміс-өнім дақылы, Сөздің сәні – өнегелі өткір нақылы, Пікірдің сәні – ең пайдалы мақұлы». Шіркін-ай, бүгінгі күнгі ақсақалдарымызға осы Жетес бабамыз айтқан қа­сиеттер – «өнер-білім ақы­лы, өнегелі өткір нақылы, ең пайдалы мақұлы» тән болып жатса ғой деймін армандап!

Ақсақалтануға алғашқы қадам

Ал енді осы «Ақсақал институтын» болашақта ай­шық­тайтын Ақсақалтануға (ақсақалтанымға) қатысты қан­дай сұрақтар қойылып, қандай мәселелер талқы­лан­бақ? Ел ақсақалдары тарапынан  қандай елдік те аталы, тұшымды да ғибратты, үлгілі де өнегелі сөздер мен ойлар, пікірлер мен ұсыныстар айтылмақ керек?» деген сауалдар төңірегінде аздап сөз қозғайын. Бұны ақсақалтануға қатысты ав­тор­лық сөзімнің бастауы деп қабыл алыңыздар, құр­метті үлкенді-кішілі газет оқырмандары!

Біріншіден, алдымен әң­­­­­гіме болып отырған та­қы­­­рыпқа қатысты өзекті сөз­­дер, атау сөздер (термин­дер), ұғымдар мен кате­гория­лардың басын ашып алу керек-ақ. Айталық, ха­лық­­аралық стандартты бы­лай қойғанда қазақ халқы адамдарды жас жағынан және әлеуметтік орны жа­ғынан қандай санаттарға бөліп, оларды қалай атаған? Мысалы, адам жасын 100 жылға шамалап, оны төрт дәуірге: 25 жасқа дейінгіні «жас дәурен», екінші 25-ті «жігіт ағасы», үшінші 25-ті «аталық», соңғы 25-ті  «қарттық дәуір» деген де пікір бар. Бұл дәуірлердің әрқайсысының ішінде адам­­ның жасы, жынысы,  әлеу­мет­тік жағдайына қарай  одан әрі жіліктеліп-жіктеліп кететіні тағы бар. Олардың аталуы да біркелкі емес. Олай болса, мұны қалай бірізділікке салуға болар екен деген сұрақ туындайды.

Екіншіден, бізге керегі – негізінен «егде адам», «шал», «қария» «қарт» «ақсақал»  ұғымдарының мән-мағынасы, оларға қо­йы­латын нақты талаптар. Оларды қолдану аясы мен жағ­дайлары, шарттары мен үлгілері, ақсақал адамның орындар парызы мен атқарар міндеттері, көпшілік қолдайтын сөздері мен іс-қимылы, мінез-құлқы. Сонымен қатар «ақсақал» атану үшін адам белгілі бір жасқа толуы міндетті ме, ақсақалдық сөз бен іс-қимыл,  мінез-құлық танытқан әйел адамды қалай атауға болады, «ақсақал» ұғымы мен  «би», «көсем», «көшбасшы» (лидер) ұғымдарының және  ислам әлемінен (араб, иран тілдерінен) бізге енген «азамат», «абыз»,  «ахун», «ишан», «ұстаз», «хазірет», «хакім» ұғымдарының арақатынасы қандай деген сұрақтар өз жауаптарын күтіп тұр.

Үшіншіден, «ақсақал» ұғы­мына толық сәйкес келетін және шынайы ақсақалдық мінез-құлық  танытқан Қа­зақ Елі тарихында бұрын-соңды өткен және қазіргі кездегі қандай тұлғаларды атауға болады? Олар нақты несімен осындай мәртебелі атаққа ие болды және ел жадында қалай сақталып қалды. Әсіресе бүгінгі заманда (соңғы 30 жыл аралығында) үлгі тұтарлықтай, ауыз толтырып айтарлықтай қандай ақсақалдарымыз болды және бар? Олар не айтты, кімдерге айтты, қандай жерде айтты, қалай айтты, айтқандарын тыңдар құлақ болды ма, болса тыңдармандар не бітірді деген сыңайлы сауалдар еріксіз ойға оралады.

Төртіншіден, қазақтың «ақсақал» сынды қасиетті ұғымына сәйкес өзге елдер мен халықтарда қандай сөз, сөз тіркесі, ұғымдар бар екен? Бар болса, оларды біздің «ақсақалмен» салыстыра-сал­­ғастыра отырып неге зер­делемеске, әсіресе жас зерт­теушілерге?

Бесіншіден, аталған және аталмаған жайттарды БАҚ бе­тінде жан-жақты талқылай келе және  оларды негізге ала отыра неге «Ақсақалдар кодексін» жасамасқа? Рес­пуб­ликалық деңгейден бас­­тап барлық деңгейде «Ақ­­са­қалдар алқасын» құр­масқа? Ақса­қал­дар алқа­сының орынды пікірлері мен нақты ұсы­ныстарын әр деңгейдегі билік өкілдеріне ресми түрде жет­кізіп, жолдап отырмасқа? Бұл шаралар, билік жағын былай қойғанда («Бұрын әкімдер ақсақалдарды тыңдайтын, ал қазір ақсақалдар әкімдерді тыңдайтын болды» деген кереғар жайтқа қарсы), жалпы бүгінгі үлкен-кішіге де, әсіресе өскелең жастарға таптырмас игілікті дәріс те сабақ, үлгі де насихат, ізгілікті іс-амал болары хақ.

Ақсақалтанудың қалған бө­лігінде оқырман қауыммен өзімнің көп жылдар бойы жиған-терген бірнеше ой-тол­ғауларымды бөліскім келеді. Оның алғашқысы қазақ халқының белгілі мақалына, ал екіншісі адамдардың бір-бірімен амандасу-сәлемдесу рәсіміне қатысты болмақ.

Орақ АЛИЕВ,

«Тұран-Астана» университетінің профессоры.

(Басы. Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<