Атаның өсиеті

3808

0

    …Ол кезде жоқшылық заман болатын. Ішерге ас, киерге киім таппай қиналған ағайынды бауырлардың оның өлімінің кесірінен осыншама байлыққа қол жеткіземіз деп ойламаған еді. Жырым-жырым, әжім басқан қолында тесігі бар еді. Не себепті, қандай жағдайда орын алғанын немересі атасынан сұрап, сол сұрақтың жауабын ала алмай жүргеніне бірнеше жыл өтті. Бірде өте нашар хәл үстінде жатқан атасы немересін шақырып былай дейді:

     – Балам, о дүниеге аттанбай тұрып менің саған айтар өсиетім бар. Осыған дейін сенің білгің келіп, шыдамай жүргеніңді мен де сезіп, айтатын уақытын күттім. Қолымдағы қара даққа айналып қалған тесіктің себебін түсіндіргім келеді. Мына даңғарадай үй, байлық, мансап, ақшаның барлығы да уақытша дүниелер. Бірақ, осының барлығына мен жеңіл жолмен жетпедім. Өз бауырымды өлтіргеннен тапқан пайдам!,– деп өзін-өзі жегідей жеген ауыртпалық көмбесі сөйлегендей болды.

     …Ол кез жоқшылық заман. Тіршілік тауқыметінен қиналған ағайынды бауырлар жұмыс іздеп кезбеген жері, араламаған елі қалмайды. Өздері тұратын ауданда шағын қайыршылар жұмыс жасайтын базар бар-етін. Сол базарға біз де барсақ қайтеді деп, келісіп, сол жаққа қарай жол тартады.   

      Қайыр тілеген қаңғыбастармен бірге олар да әр есікке бір кіріп, жұмыс сұрайды. Бірақ, оларды адам санатына алмай, дүкен қожайындары теуіп-теуіп қуып шығады.

        Осы базарға қасындағы нөкерлерімен бір бай күнде келіп, шәй ішетін. Бір күні кезекті бір келгенінде жаңағы қайыршыларды көріп, шақырып алады.

     –   Сендерге жұмыс керек пе? , – дейді.

    – Иә-иә! Маған да, маған да! Маған да керек жұмыс! Жұмыс бізге де керек! ,– десіп жан-жақтан жамырасқан, жалынған үнмен жауап қатады.

    – Олай болса менің соңымнан еріңдер! ,– деп бай өзінің сарайына алып кетеді. Барған бойдан ең алдымен ас әзірлеп, қарындарын тойдырды. Содан соң, үстеріне ең әдемі деген киімдер беріп, төсек орынын даярлап қондырады. Оларды әбден бағып, қол астында ұстайды. Кім не десе, соның айтқандарын орындап, барлық жағдайын жасайды. Осылай біршама уақыт өткенін байқаған ағайынды бауырлар:

      –  Қой, мұнысынан түк шықпас! Бізге береміз деген жұмыстары қайда?! Осыншама адамды қамап ұстауға бола ма екен?! Бұл жерде бір гәптің бары анық! , – деп ертең таң атысымен қашуды көздейді. Ол екеуінің бұл ойын жанындағылар да құптаған болатын. Бірақ, сол түні бай нөкерлерін ертіп, қайыршылар жатқан үй-қамаққа келеді. Ағайынды бауырларды күштеп, сүйреп алып кетеді. Кісі аяғы баспаған үңгірге әкеп, байлап қойды. Үңгірдің ішінде терең құдық бар еді. Сол құдыққа інісінің бауын шешіп, тастап жібереді. Ал ағасы болса, бауырының қиналған түрін көріп, жанын қоярға жер таппай, дел-сал күйге ұшырайды. Сол мезеттен інісін өлі күйінде тартып шығарады.

   Негізінен, құдықтың түбінде улы жыландар мекендейді. Бай болса, қаншама қайыршыны үйінде ұстап отырып, әбден семіртіп, жетер жері жеткенде осы құдықтың түбінде жатқан жыландарға шаққызып, жыланның уы тараған адамның қанын қазанға қайнатып, құтыларға құйып, шетелдіктерге сатып, сол арқылы пайда табады. Бай тірі қалған ағасының аяқ-қолын шешіп:

      –  Бар, тұр, далаға барып отын теріп кел де, ініңнің қанын анау тұрған қазанға қайнат ,– деп бұйырады. Ағасы жылап жүріп қазан мен отын әкеледі. Барлық істі тындырып біткен соң, бай қайнатылған қанды құтыларға құйып қояды. Ағасы да қан құйылған бір түйір құтыны ұрлап, байға көрсетпей қалтасына салып алады. Кейін өзінің сарайына апарып тастайды. Сонан соң, жанындағы жора-жолдастарына мән-жайды айтып, өздерін не себепті бұл жерде ұстап отырғанын түсіндіреді. Бірақ, сол түні ағасы байдың бөлмесіне кіріп, қалтасындағы құтыны шығарып, байдың бетіне шашады. Ұйықтап жатқан жерінен сол кезде-ақ бай жан тапсырады. Әлгі ағасының да қолына шашырап кетіп, алақанында шұңқыр тесік пайда болады. Осылайша, барлығын құтқарады. Сарайдағы барлық байлық-дәулеттің бәрі осыған тиесілі боп қалады. Сонда атасы немересіне:

–  Мен осыған дейін айта алмай жүргенімнің бірден-бір себебі де осы. Бұл тегіннен тегін келген дүние емес. Бауырларыңа бас-көз бол ,– дейді де көз жұмады. 

Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА,

Қорқыт Ата атындағы ҚУ-дың 4-курс студенті

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<