Қазақша ай атауын қайтарған

441

0

Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында біз баламыз. Ел енді ғана ес жиған екі мыңыншы жылдар ғана есімізде. Бұл кезде де жарық сөніп, қала мен ауылды жалғайтын көпір көп бұзылатын. Пошташы газеттің бірнеше санын бір-ақ жеткізсе де «бұл қалай?» демейсің. Керісінше елден хабар жеткізетін жалғыз ақпарат құралын асыға күтіп, құныға оқисың. Соның арқасында ел жаңа заманға бейімделе бастады. Жаңа буын – біз үшін ай аттарын қараша, желтоқсан, наурыз деп атау, сынып, ұшақ деген сөздерді айту таңырқайтындай жағдай болған жоқ. Бірақ, қазақша сөздердің қайта оралуына, ұлттық болмыс сақталуына ақпарат құралдары өкілдері үлес қосқанын кейін қызметке араласа бастағанда ғана білдік.

Айталық, «Сыр бойы» газеті тәуелсіздік алардан екі жылдай бұрын ай аттарын қазақша бере бастады. Бұл бастамаға 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» Заң ықпал етті. Сол жылдары мұндай тәуекелге бару үшін журналистке де жүрек керек. Бұл – тілшілердің «енді «Сыр бойының» реттік көрсеткішіне ай аттарын қазақша жазайық» деген ұсынысты басқа тұрмақ, газеттің бас редакторына да айтуға батылы жете бермейтін кезең. Газеттің ардагер-журналисі Несібелі Рахмет сол кезді былай деп есіне алған еді.

Бір кабинетте отыратын ақын Мұхамеджан Нұрханов екеуміз Әскербек ағайға:

– Әсеке, тыңдаңызшы, наурыз, сәуір, маусым, қараша, желтоқсан деген сөздер қандай әдемі! Тұнып тұрған поэзия емес пе?! Осыны Нұрділдә ағайға айтыңызшы. Ол кісіге өзіміз де бір-екі рет айтып едік, үнемі алдына бара беруге батылымыз жетпейді,– дедік.

Қайта-қайта құлаққағыс қыла беруіміздің септігі тиді. Ақжолтай сәт – 1990 жылдың алғашқы күні туды. Қараңыз: басылымның мұның алдындағы саны «№250 (14139) сенбі, 30 декабрь, 1989 жыл» деп шыққан. Ал келесісі «№1 (14140) дүйсенбі, 1 қаңтар, 1990 жыл» болып  жарқ етті! «Сондағы көл-көсір қуанышымызды, селдеген сезім-толқынысымызды сөзбен жазып жеткізу мүмкін емес. Тіпті баспасөздің алғашқы бетіне баттиып үлкен әріптермен берілетін «Информациялық хабар» деген сөзді «Ақпараттық хабар» деп жазып, көзімізге жас алдық» дейді ардагер.

Тәуелсіздік алардан бұрын осы қадамға бару, ұмытыла жаздаған қазақ сөздеріне ел-жұрттың құлағын қайта үйрету оңай шаруа емес. Байқасаңыз, баспасөз халықтың талғамын, көзқарасын қалыптастыратындай үлкен күшке ие. Өткен ғасырда ұлт байлығы – тілдің қолданылу аясын тарылтқан жүйенің ыдырап, үлкен сеңнің бұзылуына «Сыр бойы» осылайша ықпал етті. Тілшілердің «елге пайдамыз тисін» деген ниеті орындалды. Олардың арманы да осы еді. Себебі, содан он жылдан кейінгі жаңа ұрпаққа декабрь, март, класс секілді сөздер тым тосын естіле бастады…

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<