Бас мүфти сапары: Қызылордада «Хазірет Әбу Бәкір» мешіті ашылды

1727

0

Тәуелсіздігімізбен бірге ана тіліміз, ата дәстүріміз қайта оралып, дініміз бен діліміз де еркіндік алған  еді. Айталық, өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Осы орайда Қазақстан діни басқармасының ( ҚМДБ ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел руханиятының ежелгі құндылықтары сақталған Сыр еліне сапарлап келді.

Қаладағы, қабырғасы қаланғанына бір жарым ғасырға жуықтаған «Айтбай» мешітінде болған Бас мүфти және басқарманың облыстағы өкілдері мешіттегі жұмыс кеңсесінің ашылу рәсіміне қатысты. Ғимараттың құрылысы өткен жылы басталып, биыл пайдалануға беріліп отыр. Мұнда дәрісхана, кеңсе, аударма бөлімдері жұмыс жасайды.

Қасиетті ораза айының қарсаңында жүзеге асырылған тағы бір жағымды жаңалық – облыс орталығындағы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде республикалық «HALYQ ARNA » телеарнасының Қызылорда облысындағы филиалы «TANYM-MEDIA» студиясы ашылды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған студияда діни тақырыптағы сұхбаттар жүргізіп, видео, аудио уағыздар жазуға, монтаждауға болады. Жаңа студияның лентасын қиған шара қонақтары, бұл орталықтың заман талабына сай, ел игілігіне қызмет ететініне сенім артты. Сонымен қатар, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауыл имамдарымен кездесіп, қазіргі сын кезеңде қолданыстағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес көпшілікпен қалай жұмыс жүргізу қажеттігі жайында пікірлесіп, басқарма тарапынан қабылданып отырған шаралардан хабардар етті. Сондай-ақ, жеті аудан бойынша өз жұмыстарын зор жауапкершілікпен атқарып келетін  бір-бір ауыл мешіттерінің имамдарына 100 мың теңгеден сыйақы табыс етті. Одан соң «Саяхат» шағын ауданында бой көтерген 350 адамға арналған «Хазірет Әбу Бәкір» мешітің ашылу салтанатына қатысты.

Осы сапарында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ел үлесі пәтерге»  республикалық жобасы аясында   Жалағаш ауданындағы 3 көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыстады. Бұдан бөлек, «Көшпелі керуен» акциясы бойынша қасиетті ораза айының қарсаңында Жалағаш ауданындағы жүз мұқтаж отбасына азық-түлік қоржындары берілмек. Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен 30 көпбалалы мұқтаж отбасына пәтер беру жоспарланып отыр.

ҚМДБ өкілдері облыстағы рухани танымдық және жалпы тәрбие бағытындағы бірқатар шараларға қатысты.                                          

                                                                                              Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<