Ботабай

924

1

Әбілқайырова Раушан Сағынайқызы 1993 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ботабай елді мекенінде туған. Қазіргі облыс орталығы – Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» мектебінде мұғалім.

Таңқаламын құдыретіңе, бас иесін о, тоба-ай,

Жәудәреген қызыңмын екі көзі ботадай.

Тарихпен бірге жасасқан менің туған мекенім,

Халқы үшін қасиетті, алыс жатқан Ботабай.

Сол ауылдың жүрегінен, көңілінен гүлдеппін,

Жіктеп отыр ауылдың абыройын міндет күн

Киелілер мекендеп, даналар жүрген жерімді,

Бала кезде балалықпен, шалалықпен білмеппін.

Сол күндердің дәмі бар кетпестей болған таңдайда,

Сырлар айтсам таң қалма, сіз білмейтін қандай да.

Көп білмейді Ботабайды, алыс дейді, алайда,

Батырларды  берді Алла  аямастан маңдайға.

Жөнсіз жерде дұрыс сілтеп, жалсыз жерде жол бағар,

Кезде келді тоқтамастан тарихымды қолға алар.

Аруағыңнан айналайын, тасқын суды тоқтатқан,

Шықты бізден құдіретті Махамбеттей молдалар.

Бүгінгі күні айтқанға, болды деуге кім сенбек,

Армандады талай бала, жүріп алып кемсеңдеп.

Қаламын алған қолына, мақтанарлық бір ұл бар

Шаңды ауылдан шыққан бала Аяшұлы Дүйсенбек.

Айта алмаған шығармын, нарқын кесіп,

Әйтеуір қалса деп ем, даңқың өсіп.

Біліп жүрсін, алыс жатқан Ботабай,

Көп ұлына қазақтың алтын бесік!

Мен көбіне асқақпын, кейде өзім сырбазбын,

Тарих бетін парақтап, мәні терең сыр қаздым.

Киелісің, киелімсің, мақатанамын Сыр елі,

Айналайын өр ерлерім алдарыңда мың тағзым!

***

          Жаным шықпай

Жаным шықпай жатыр менің кеудемнен,

Не жазып ем, бұл опасыз  тағдырға.

Намыстанып күйіп  барат өр кеудем,

Берілгені маған осы тағдыр ма?!

Тілім неге кәлимаға келмейді?

Жасаппын-ау, сондай талай күпірлік.

Пендемін деп жасадым ба көп бәле,

Жасамадым жалғыз ғана шүкірлік!

Қоршап отыр «жаным шықпай» көп пенде

Қиналғаным болып жатыр ұятты.

Болмап еді еш жұмысым көппенде

Өзіме де осы керек  сияқты!

Дәмеленіп жүріппін ғой жұмақтан,

Жұмақ түгіл, жаным шықпай шаршадым.

Қорқам бірақ от боп жанған тозақтан,

Қайта өмір берсе екен деп аңсадым.

Қандай қиын жұртпен бірге бола алмау,

Күйін кешіп жатырмын ба елестің?

Қандай қиын жаның шықпай өле алмау,

Тірінің де қатарында емеспін.

Шырмап кетті мені талай көмескі ой,

Деп ойлап ем, мен өзімше батырмын.

Көзімді ашып, қоштасайын деген ой,

Тым қараңғы, төсегімде жатырмын.

Улап-шулап аңыраған халық жоқ,

Жоқ сияқты отбасымда бөтен ой.

Ескерттің бе,  е, жасаған  Тәңірім,

Сонда бәрі, шүкір, түсім екен ғой.

Әміріңе о, Құдайым бағындым,

Бар екен ғой маңдайымда бағым мың.

Дәл жанымда ұйықтап жатқан қаперсіз,

Отбасымды қатты-қатты сағындым.

Раушан ӘБІЛҚАЙЫРОВА.

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<