ЕҢБЕКТІҢ БАҒАСЫН ЕЛ БЕРЕДІ

445

0

 Қоғам байлығын тасытқан еңбегіне қарай жұрт «мал шаруашылығының академигі» атандырған Рысбай Мырзатаев ағамыз биыл сексен жастың сеңгіріне шығыпты. Ел алдындағы мінсіз қызметі үшін «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанған ақсақалды құттықтай барғанымызда қуаныш бөлісуге келген ағайынның көптігін аңғардық. Бұл шамасы Рекеңнің ел халыққа сіңірген еңбегі мен қайырымдылық шараларының қайтарымы болса керек.
Рекеңнің айтуынша, арғы атасы есімі елге мәлім Ақбас бай қуғын-сүргін жылдардың қармағына ілінеді. Шарасыздан Қармақшы аймағындағы Ақтайлақ елді мекенінен Түркіменстанға үдере көшіп, бой тасалайды. Мұнда да тыныштық жоқ екен. Түркімендер Ақбас байдың бар мал-мүлкін тартып алып, жоқшылықтың зардабына ұшырайды.
– Зорлық пен зомбылықтың зардабын шеккен атамыз, – дейді әңгіме үстінде Рысбай ақсақал, – екі баласын: Пірман мен әкем Мырзатайды Өзбекстанға қоныс аудартыпты. Тоқсан жас жасаған атама туған топырағы бұйырмай, өзбек ағайынның елінде жерленген көрінеді. Бертін келе, Пірман мен Мырзатай әкем бүгінгі «Талсуат» ауылына көшіп келіпті. Әкеміз төрт түлік мал баққан. Бала-шағасының қамы үшін аңшылықты да кәсіп еткен.
Ақбастың бай-құлақ атанып, қуғын-сүргінге ұшырауына байланысты, «біз де қуғынға ұшырармыз» деп бойын қорқыныш билеген Мырзатай Ақбас тегінен қашқалақтап, Қожабаев тегімен құжаттанған көрінеді.
Көнекөздердің айтуынша, Ақбастың үлкені Пірман Отан соғысына аттанып, қайта оралмаған. Шүкір, артында Болған, Ханзила, Ақзила есімді қызғалдақтай үш қызы қалыпты. Бүгінде кенже қызы Ақзила ғибратты ғұмыр кешіп, ұл-қыздарының қызықтарына кенеліп отырған жағдайы бар.
Ал, Мырзатайдың Тиыш­тық­бай, Райымбай, Рысбай, Ақ­тыным, Қыпшақбай, Жалғасбай есімді ұл-қыздары болған. Өкініштісі сол, Тиыштықбай мен Райымбай жастай қайтты.
– Жоғарыда айтқандай, – дейді үзілген әңгіме жібін сабақ­таған Рекең, – мен 1934 жылы бүгінгі «Талсуат» ауылында өмір есігін ашыппын. Ол кезде құжат алуда асығыстық жоқ. Содан болар құжатымда 1938 жылы туған деп көрсетілген.
Бар-жоғы 2-3 кластық білім алған ол ата кәсібі – төрт түлік мал өсіруге бел буады. 1948 жылы кезіндегі «Тереңөзек» ет совхозына көшіп келген ол мүйізді ірі қара малын баға бастағанда небәрі он екі жаста болыпты.
Қартайса да, қауқары кетпеген Рекеңнің көргені мен көңілге түйгені жүрегіне жазылып қалған. Үйір-үйір жылқы бағып, жыл сайын жүз биеден 75-тен құлын алған ол шаруашылықта ғана емес, ауданда да көш басында жүрді.
Рекең талай текті тұлғалармен сыйлас та сырлас болған. Ақсақалдың ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Оның кең кеудесінде ондаған медальдары мен «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырап тұр.    
– Әлі есімде, 1970 жыл болуы керек. «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудеме Қонысбек Қазантаев қадап тұрып: «Сіз мал шаруашылығының акаде­мигісіз» деп жоғары баға берген еді. Ал, 1977 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов арнайы ат басын бұрып, ол кезде дүркіреп тұрған Қазақ ССР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасын табыстаған болатын. Осы екі бірдей айтулы азаматтан еңбегіме баға, өзіме бата алуым мен үшін басыма қонған бақ, – дейді Рекең тебірене отырып.
Елуінші жылдар соңы Орын­басар есімді бойжет­кен­мен жұптасып, шаңырақ көтерді. Олар бүгінде 8 ұл-қызынан тараған 28 немере мен 16 шөберенің қызығына кенеліп отырған жағдайы бар. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атам қазақ айтқандай, Рекеңнің ұл-қыздары да сан алуан салада қызмет етуде.
Қорыта айтқанда, Рысбай ақсақалдың өнегемен өрілген өмір жолы мен ерен еңбегін келер ұрпаққа ұлағат ету – бізге парыз. Тереңөзек алқабының қайта түлеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сырдария ауданының құрметті азаматы Рысбай ақсақал жастардың жанашыры, кейінгі буынның ақылшысы ретінде әрдайым құрмет төрінен табылады.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<