Көз жоғалса жетектерміз, сөз жоғалса не етерміз?

996

0

Қазіргі ақпараттық-технологиялар заманында БАҚ-тың рөлі ерекше. Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеті халыққа ақпарат тарату болса, оның елене бермейтін ерекше маңызды тағы бір міндеті бар. Ол  – тіліміздің қолданыс аясын кеңейту мен тіл мәдениетінің сақталуын қамтамасыз ете отырып, қоғамдық санаға әсер ету.

Міне, осы міндетке келгенде БАҚ-тың бағы жанып тұр дей алмаймыз.

Бүгінгі күні облыстың медиа кеңістігінде жүзге жуық бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасайды. Нақтырақ айтсақ, электронды ақпарат құралдары, ақпараттық агенттіктермен қатар, 25 журнал, 58 газет жарық көреді.

«Күн сәулесі түспейтін көңіл түкпіріне сөз сәулесі түседі» дейді дана халқымыз. Осы қағидаттың газет-журналдардағы көрінісі қандай деген сұрақ қойып көрейік. Журналистік жанрлардың ең басты құралы сөз екені естен шығып кеткен. Кейбір мақалаларды сүйсініп оқи алмайтынымыз рас.

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын марқұм, ардагер журналист Ахат Жанаев «Мен газеттерден жүйесі бұзылмаған бір сөз оқысам, сол автордың бетінен сүйіп алғым келеді» деген еді. Осы пікірдің өзі-ақ біздің әріптестеріміздің сөз қолдануға деген салақтығын әшкерелеп тұр. 

Қазіргі телеарна мен баспасөз бетінде «құлағыңа алтын сырға» деген мәтел мода болып кетті. Тіпті, соңғы кездері «әкімдердің құлағына алтын сырға» деген сыңары қалыптасты. Мұның дұрысы – «жеңгемнің құлағына алтын сырға, ағама айтатын бұйымтайым бар» деген тұрақты тіркес. Мағынасы – «ағама айтатынымды жеңгем естімесін» деп тұр. Ал, біз оны керісінше «есті, құлағыңды тос» деп қолданамыз.

Сонымен бірге, ақпараттық құралдарда «бару керекпіз», «алу керексіз», «жасау керексіз» деген сөздер ауа жайылып жүр. Дұрысы – «баруымыз  керек», «жасауыңыз керек», «алуыңыз керек». Қазақ тілінде мұның «қимыл иесі ілік септігінде тұрады»,  «қимыл-есім  тәуелденіп, белгілі бір жаққа тән болады» деген ережелері бар. Бірақ, мамандар болмаса әрбір адамның бұл ережені білуі міндетті емес. Әр қазақ осы ережені білмей-ақ, дұрыс сөйлеуге дағдыланған. Ал, мыжып сөйлеп, бұзып жазатын бүгінгі жастар қайдан шыға келді?

Мұның басты себебінің бірі – кейінгі буынның кітап оқымауы, он сөзінің тоғызы қате жазылатын әлеуметтік желілерге тәуелділік.

Көптеген газет хабарлар құзырлы орындардан қай мәтінде келсе, сол мәтінде жариялайды. Түзеуге батылы жетпейді, өйткені өз ісінің маманы емес. Тіл тазалығы үшін күреспейді. Басқаны былай қойғанда лауазымды кісілердің аты-жөні мен тегін өздері қалай жіберсе, солай жазады. Абдукаликов, Бакиров деген текті өзгертпейді. «Олар бізге төлқұжатым солай, өзгерпе деп айтты» дейді. Газет төлқұжаттағы қатеге байлаулы мекеме емес, тіл заңдылығын сақтайтын мекеме» деген уәж қайтармайды.

Осы ретте, әсіресе тіл тазалығы мәселесінде облыстық «Сыр бойы» газетінің аймақта ғана емес, республикалық деңгейде алдыңғы қатарда тұратындығын айтқым келеді.

Осыдан біраз уақыт бұрын мен өзім  бір  басылымның  «Әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген тұрақты тіркесті бұзғанын сынға алып, редакцияға хат жазған едім. Жауап алған жоқпыз.

Шын мәнінде бұл мәтел «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп айтылады. Қазақ бұл жерде бір ғана «де» деген демеулік шылау арқылы «әкең өлсе де» деп жұмсартып сөйлеп, жұбату айтып тұр. Әріптестеріміздің мұны білмеуі – ұят.

Егер көшеде жол жүру ережесін бұзсаңыз, айыппұл арқалайсыз не қылмыстық іс қозғалып, қамалап қалуыңыз да мүмкін. Ал, тіл ережесін бұзған адамға ешкім ештеңе демейді. Жол ережесін бұзу бір-екі адамға зиян келтірумен шектеледі. Тіл ережесін бұзу аталардың аманатына қиянат жасап, ұлт тілінің келешекке кемтар күйде жетуіне жол ашады.

Бұл айтылғандарға көшелердегі орысша, ағылшынша, қытайша жазылған және қапталына қазақша түсінік берілмеген жарнамалық-ақпараттық көрнекіліктерді қосыңыз.

Жақында ғана тілдер комиссиясы, университет оқытушылары және БАҚ өкілдері бірігіп, қаладағы әлеуметтік-көпшілік нысандарды араладық. Нысандардың маңдайшасындағы жарнамалық көрнекіліктердің біржақты жазылғанын көрдік. Оларға «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның жаңа баптарын түсіндірмек болдық. Алайда, өзге ұлт өкілдері бізбен санасқысы келмейтіндіктерін көрсетіп, дөрекілік танытты. Бұл енді басқа тақырып.

Ақпарат құралдарында тіл қолданысы дегенде менің есіме жиі түсетін сөздің бірі – жанұя сөзі.

Бұл сөз қазақтың әдеби-лексикалық қорында кейінгі жылдары пайда болды. Қазақтың ертегілері мен батырлар жырында мұндай атау жоқ, оларда «от басы, ошақ қасы» деген сөз бар. Сондықтан, термин жасамшы ғалымдар бұл сөзді қабылдамады. Соған қарамастан баспасөз бұл сөзді жиі қолданады. «Пайыз» сөзінің өзі күмәнді, кең қолданысқа еніп кеткенімен сәтсіз аударма деп айтуға болады. Кейбір ғалымдар «пай-ыз», «ыз» қосымшасы– «жүз» сөзінің құбылысқа түскен түрі, яғни, «жүздің пайы», «жүздің үлесі» дегенді білдіреді деп дәлелдейді. Дегенмен, бізге халықаралық экономикалық термин жақын. Алайда, аударудың жөні осы деп бір кезде «балконды» «қылтима» дегеніміз күлкіге қалдырып еді. «Сол тентекке жанымның қошы келген, еркелігін мен болсам кешірер ме ем. Шіркін, оның бабасы бақытты ғой, бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген» деген Ұлықбек Есдәулеттің өлеңі еске түседі. Балконы жоқ үйлерде өскен біз үшін сол балкон сөзін аударудың аса қажеті де жоқ болатын.

Рас, кірме сөздердің бәрін сол қалпында алу тілдік заңдылығымызға сәйкес келмейді. Дегенмен, халықаралық қолданыстағы сөздерді сол күйі қалдыру маңызды. Мысалы, президент, медицина, театр, кино, жанр, журналист сөздерін аудару тіл қорымызды байыта ма? Әрине, ең біріншіден өзі тіліміздің мәнін жоғалтпай сөйлегеніміз маңызды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген екен.

Біздің айтпақ ойымыздың түйіні осы сөзде тұр.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<