Манақ батыр

1811

0

Алдағы жылы қазақтың біртуар батыры Манақтың   туғанына 275 жыл  толады. Ол шамамен 1745 жылы туып, 1810 жылы дүниеден озған. Негізгі ата қонысы, туған жері  – Жалағаш ауданы, Таң ауылы. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда ол тумысында өте ірі, қапсағай денелі, зор дауысты кісі болған. Он жасынан бастап басына құрық түспеген асау аттарды бас білдіреді екен. Он бес жасында ел азаматтарымен бірге жорыққа шыққан. Жорықтарда батырлығымен көзге түсіп, жекпе-жекте жауырыны жерге тимеген.

Манақ батырдың ата тегіне келсек, Тілектен Сандаулы, Сандау­лыдан Көне, Көнеден Қара Дулат хан болған. Дулаттан  Таз, Таздан Бидас, Жандос деген екі ұл тараған. Жандостан Жәдік, Жәдіктен Мүсірәлі сопы  – үш жүздің пірі туған. Бидастан Көшеней, Қара, Андағұл, Жартыай, Қожан деген бес ұл тараған. Бидастың кенже баласы Жартай, Жартайдан Үрістем, Үрістемнен Итқұсты, Итқұстыдан Шерубай, Шерубайдан Тайлақ, Жабағы, Ізбасар, Манақ Батыр, Артық атты бес ұл тараған. Манақ батырдан Сағындық, Қуантай, Күншығар атты үш ұл туған.

Батырдың арғы атасы Бидас  елге танымал кісі болған. Жас­тайынан ерлігімен көзге түскен, сонымен қатар өте ақылды, тап­қыр, тілге шешен, ұтымды жерде төрелігін де айтқан. Өз қатарынан озық ойлы, тұлғасы биік кісі болған.

Тарихи деректерге қарағанда 1645-1652 жылдары жоңғар мен қазақтар жиі соғысып, екі елдің арасында бітпес дау-дамай болған. 1652 жылы бір соғыста қазақтар жеңіліс тауып, Жәңгір хан қаза тапқан. Тәуке хан ол кезде жас бала екен. Сондықтан Тәукені тәрбиелейтін яғни, хан тағына отырғанға дейін дайындайтын «Хан ата» сайлау керек болады.  Сол заманда Керей мен Жәнібек салған үрдіс бойынша қазақ хандығына тек төре ғана отыру керек делінген. Осы қағида бо­йынша өз заманында айрықша көзге түскен тұлға ғана «Хан ата» сайлануы керек. Ұйғарым бо­йынша таңдау Тәкей мен Бидасқа түсті. Ол кездерде Бидастың жасы Төле,  Қазыбек, Әйтеке билерден үлкен екен. Тәкей батыр «Мен жолымды Бидас батырға бердім» дейді. Мұның да өз себебі бар болатын. Жаугершілікте Қызылбас шахтың қызы мен келіні қолға түскен. Сол кезде Бидас батыр Тәкей батырға жолын берген. Сонда Тәкей қызына үйленіп, Бидас келініне үйленген. Бұл екі кісі жастайынан үзеңгі дос, бір-бірін қимас жандар болып, қатар өскен.

Жәңгір хан қайтыс болғасын жас қалған Тәуке ханға тәрбиеші «Хан ата» тағайындау мақсатымен құрылтай шақырылады. Осы құ­рыл­тайда бірауыздан Бидас батыр тағайындалды. Бұл оқиға казіргі Кентау қаласының маңындағы «Хан тағы» деген жерде өтеді. Аталған жазба «Жазушы» баспасынан 1990 жылы шыққан Шә­кәрім Құдайбердіұлының жина­ғында бар. Мырзабай ахунның «Шежіре ақпар» кітабында айт­қандай, Рүстем керейт пен Даң­мұрын Кенжебекұлы Жүсіптің айтысында былай дейді:

Көп думан көрмегенсің,

ұлы жікті,

Сөзіңе болды Жүсіп

көңілім күпті.

Үш жүздің баласынан

үш би шығып,

Басында Күлтөбенің кеңесіпті.

Үлкені – үйсін Төле

Ұлы жүзден,

Орта жүз Қаз дауысты

Қазыбек-ті.

Алшынның Әйтекесі

Кіші жүзден,  

Руы төртқарадан асыл текті.

Сайлансын төреден –  хан,

қарадан – бек,

Халқына бір түрлі айтқан

өсиеті.

Қарадан би болмайды,

қарға – сұңқар,

Қарадан хан болса жұрт

бүлінер депті.

Билердің кеңесінде айтқан

сөзін

Жиналған көп халайық

«мақұл» депті.

Ізденіп тайпа төре әулетінен.

Тәукедей хан сайланған

ақ сүйекті

Атанды қара Бидас

«Хан атаға»

Тұрған жан бір дауыспен

қабыл етті.

Мекеңнің «Шежіре ақпар»

кітабында

 Бұл сөзді аңла Жүсіп баян етті.

Айтыстың  екі томдығы 1965 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан.

Бидас батыр «Хан ата» болған соң мемлекеттік басшылыққа көптеген жаңалықтар енгізілді. Жаңалығы демократияға жол ашты. Ол үш жүздің басын қосып, тайпа билігінің ортасынан «Төбе би» сайлады. Төбе би тайпа билерімен бас қосып, мемлекеттік мәслихаттар ұйымдастырды. Бұл үш палаталы мәслихат еді. Сонан соң, хандық жанынан басқару жүйесі құрылды. Ол жан-жақты жетілдірілді, үш түрлі мәдениетке бақылау жүргізіп,  назар аударды.

Осы қағидаға сүйене отырып, Бидас батыр «мамандар таза қазақ балаларынан қазақи тәрбиеде да­йындалсын» деген ереже енгізді. Реформалар мемлекеттік заң кү­­шімен билеуге,  яғни «Жеті Жар­­ғыны» қабылдауға жол аш­ты. Кемеңгер Бидас батыр көп­жылдық мол тәжірибесінің ар­қа­сында білімін тәлім-тәрбие беруге жұмсады. Би­дас­тың тәрбиесінің нәтижесі Тәуке хан кәмелетке толып, ел билеген кезде көрінді. Тәуке хан данышпандығына лайық «Әзіз» атағына ие болды. Қазақтағы үш «Әзіздің» біріне айналды. Осы дәрежесіне жетуі, әрине, бабамыз батыр Бидастың арқасы. Қадір-қасиетінің арқасында әзіз Тәуке ханның даңқы әлемге жа­йылды. Қазақ хандығының «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманы орнады. Биік парасатымен,  дархан данышпандығымен «Хан ата» болған Бидастың қазақ тарихында орны бөлек.

Батырлық, даналық, дарын кейінгі ұрпаққа дарымай тұр­май­ды. Батыр Бидастың бар қасиеті, бүкіл болмысы Манаққа дарыған. Ол Бидастың кенже ұлы Жартайдан тарайды. Керейтте 200 жылдың ішінде пайда болған екі ру бар. Оның бірі – Мүсірәлі сопы әзіз ұрпақтары.  Әулие ұстаз «Үш жүздің пірі, қожасы» атанған соң халық оның ұрпағын «керейт қожа» деп атап кетті. Екіншісі – Бидас батырдың бес баласы өздерін «Жартаймыз» деп атап кеткен. Бұл Жартайдан Манақ батырдай абыз адам шыққандықтан болса керек.

Манақ батыр салмағына белі шыдамайтын болғасын жауға шапқанда артынан он шақты ерттеулі атты алып жүреді екен. Ол батыр ғана емес, ел билеген би  болған. Кемеңгер,  көп сөйлемейтін бірайтар кісі екен. Анау-мынау дау-дамайды ақылмен шешіп, ел бірлігін әрқашан жоғары ұстаған. Заманында жаугершілік, барымташылық, қуаңшылық көп болған. Содан зардап шеккен халық алақан жайып келсе, қолын қайтармай көмектескен. «Атымтай Жомарт» атанған. «Береген қолға Алла береке береді» деп  айтады екен.

Манақ батыр туралы толық мағлұматтар жоқтың қасы. Мез­гілінде жазба түрінде сақ­тал­маған. Қазақтың қиыры мен шы­ғысының арасындағы бар соғысқа қатысқан ерлігі ел аузында аңыз болып, талай жыршы мен жыраулар жырлаған. Бабамыз  төрт мыңдай түтінге қамқорлық жасап, қарамағына алған. Он екі бөлімдей әскері болған. Жергілікті өлкетанушы Майдан Түйімбетов 2006 жылғы «Арыс» баспасынан шыққан «Жеті ру Керейт» атты еңбегінде батыр туралы айтып кеткен.

Бұрынғы өткен заманда Хорезм жерінде бес қала болды. Олар – Үргеніш, Хиуа, Төрткөл, Назархан, Шымбай.  Осы Хорезм патшалығынан Шымбай қаласына,  Сыр бойы – Ақмешіт қаласына тура жол шыққан. Шымбайдан келген саудагерлер мен кірешілер, жолаушылар түсетін кіре сарайлары салынған. Сарай салған мекенді «Шымбай» деп атап кеткен. Шыңғысханның тұсында Сыр бойынан өтетін мая жолы тағы бар. Екі жолмен саудагерлер мен кірешілер, жолаушылар жүргенде оларды жол торитын қарақшылар, ұрылар барымташылар тонап отырған. Осы екі жолдың қауіпсіздігін Манақ батыр өз мойы­нына алып, елдің тыныштығын сақтауға үлкен үлес қосқан.

Бірде батыр кіреге басшы болып, Шымбай жолымен Үргеніш арқылы жол тартады. Жолай Жаңадариядан өткенде, сол жердегі Шөмекей ағайын батырға арнайы қонағасы беруге екі-үш күнге ұстап қалады. Керуен тоқтамай кете берген.  Екі-үш күннен кейін артынан барса, керуенді базарға жібермей тұр екен. Керуен басшысынан не болды деп сұраса, «Батыр аға, бізді базарға жібермей жатыр. Айлық салымды көп сұрап,  келіспей тұрмыз» депті. Манақ ойланбастан салымшыларға барып «Бұқара,  Хиуа хандығы мен орыс патшалығының арасында керуен қатынасын арнайы орнатуға байланысты алым-салым мөлшері келісілген. Жөн-жосықсыз бұл зорлыққа көнетін қазақ мен емеспін. Керуенді жібер, әйтпесе тұратын жеріңді айт. Менің Сырдария деген жерім бар, жетіру деген елім бар, танымасаң таныс бол,  Манақ батыр деген мен болам» деген екен. Батырдың атағы аспандап тұрған кезі болса керек. Атағынан ба,  елінен бе, әлде айтқан ұтымды сөзінен қаймықты ма, керуенді базарға жіберіпті. 

Кейбір құжаттарға қарағанда, ол Қосқұлақ би екеуі Орынбор Бұқара арасында керуен жүргізген. Тағы бір деректерде батырдың жаз жайлауы Ырғыз өзені мен Қаратаудың етегі болған дейді. Ал қыс қыстауы Сырдария мен Жаңадария, әрі қарай Ақтөбеге жеткен. Өмірінің кейінгі жылдары Маңғыстау өңірінде болған деп айтады. 1945 жылдары жазылған Шомбай Жұбанұлының «Шежіре Дастан» шығармасында:

Керейтте би боп өткен

батыр Манақ,

Қуантай жастай кетті

жауға қарап,

Аманжол дәулет иесі, Мәмбет,

Бедер,

Қасыммен алты атаға

кетті тарап.

Менің анам – Бедер байдың 18 қызынан қалған жалғыз тұяқ. Шом­бай ақын тағы бір шығар­масында:

Анаңнан сені тапқан

айналдым мен,

Алып күш, апайтөс, сом денелі,

Атыңнан жау түгілі

дию қашқан

Мың жылда бір-ақ туар батыр еді, – деген.

Манақтың ортаншы ұлы Қуантай әкесіне тартқан алып күш иесі және өте ұзын кісі болған. Он екі қанат қараша үйге еңкейіп зорға кіреді екен. Әкесі соғыста найза тиген жері жара болып, төсек тартып жатып қалғанда әскерді өзі басқарып, соғысқа кетеді.

Жау күші басым болып, Қуантай қаза табады. Манақ  бұны естіп, «Менің жаным Қуантайдан артық емес» деп, елді қорғауға алып қалған азын-аулақ әскермен барып жау қолына түседі. Жау батырды алпыс найзаға түйреп жоғары көтермек болады. Батыр бұлқынғанда найза сынып, жерге құлап сол жерде қаза тапқан. Бұл шамасы 1810 жылдар болса керек. Қуантай соғысқа кеткенде әйелі жүкті екен. Кейін дүниеге ұл келіп, атын Аманжол деп қояды. Аманжолдан Мәмбет туады. Бұл екі кісі ел билеген. Мәмбеттен Бедер туған. Бедер өте бай кісі болған. Кәмпескенің алдында болыс болған. Бедердің төрт әйелінен он төрт ұл, он сегіз қыз – кіндігінен отыз екі бала тараған. Манақ батыр туралы жыршы- жыраулардың жырларын балаларына жатқа айтқызып отырады екен.

Небәрі жиырма бес жасында кеткен Қуантай батыр туралы мәлімет жоқтың қасы. Батыр соғысқа елім-жерім, отаным үшін деп кірмей ме?! Қай елдің, қай жердің батыры болса да, қазақ халқына ортақ. Кеудесін оққа төсеп, жанын пида етіп, қаза болған батырлардың рухына бүгінгі ұрпақ бас иіп, перзенттік парызын өтеуге тиіс деп ойлаймын.

Ұлбала ЖҮНІСОВА,

Манақ батырдың ұрпағы.                                                                       

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<