Рухты көтеретін өршіл толғаулар

588

0

Алматыдағы «Арна» баспасынан (бас директоры Б.Ойса) ел тәуелсіздігі жолындағы күрестің  қаһарманы Келменбет «Сарықасқа» Келдібайұлы және оның ұрпақтары жайлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, белгілі ақын Махмұтбай Әміреұлының «Келменбет батыр» атты ауқымды жыр жинағы жарыққа шықты. Ақын бұл еңбегінде зерттеуші Тұрлыбек Деменұлының 1996 жылы Алматыдағы «Шартарап» баспасынан шыққан «Келте тонды Келменбет» атты шежіре кітабындағы деректерді де пайдаланғанына сілтеме жасайды.

Қазақтың көрнекті ақыны М.Әміреұлы осы тамаша туындысы арқылы елді бір елең еткізіп, жүрек қылын шертіп жіберді. Жүзге және руға бөліну қанымызға әбден сіңген нәрсе, оны сылып алып лақтырып тас­тай алмайсың. Тектілік – үлкен қасиет. Біздің рухымыздың биік­тігі де, ғасырдан ғасырға тай­салмай аяқты нық басуымыз да соның арқасы. Демек, ақын М.Әміреұлының бұл тарихи аса үлкен құнды шығармасы ата-бабадан келе жатқан биіктігімізді, тектілікті одан әрі асқақтатып, бойымызға сарқылмас күш-жігер дарытып, қуат беріп отыр. Бұған қатты қуану керек.

Белгісіз нені ұғып,

не білеміз,

Кейде алға,

кейде кері шегінеміз.

Үш ғасыр бодандықта

болсақ-тағы,

Үш жүзге

әлі күнге бөлінеміз.

 

Демеймін тарихымызды

танып болдық,

Айқындап алдағыны

анық көрдік.

Әйтеуір етек-жеңі

жиылмаған,

Қам-мұңсыз қазақ деген халық болдық, – деп ағынан жарылып жырлауы да көңілге қонады.

XVІІ ғасырда Жайық бойын жаулаған қалмақтармен кү­ресте ерлігімен ерекше көзге түсіп, өмірін қиған Келменбет батыр және  оның кейін жарық дүние есігін ашқан, өсіп-өнген үрім-бұтақтары қазірде 17 рулы елге айналды. Олар Қызылорда облысының Жалағаш, Қар­мақшы аудандарында, Қызыл­орда, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұрады.

Әріптесім М.Әміреұлының батыр және оның ұрпақтары жайлы ұзақ жылдар бойы маң­дай тер төгіп зерттеп жазған осы жыр жинағына  «Келменбет батыр»,  «Құба би», «Қара би», «Зарқұм би», «Сәтбайдың бурылы», «Шыңғырлау аңы­зы», «Аманат», «Адам ғұмы­ры жайлы аңыз», «Белгі сыры», «Ырыс­байдың белгісі» дастан­дары, «Қызыл жыңғыл» балладасы, «Жолбарыс пен жайын» аңызы, «Жеті тарау, жетпіс толғау», «Сыр елі» толғаулары  және «Жеті белес» ғұмыр дас­таны енген. Оқып көріңіз. Жасынан жыр әлеміне мейлінше еркін құлаш ұрған ақын жүрегінің ыстық лебі есіп тұр. Шынын айтқанда, жырды бұлай жосылтып жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Баба ұрпақтарының есімдері жырда жан-жақты әрі толық аталған. Қандай ғанибет!

Ақын өмірге терең ой жі­береді. Оны былайша еркін толғайды:

Не дейміз жалпақ жұртқа,

жамағатқа,

Қашанда қалдырмайды

талап артта.

Бар азап, қайғы мен

мұң ашкөздікте,

Бар байлық, ырыс,

дәулет қанағатта!

Замандасымның бұл сөз саптауы да керемет. Талап бар жерде табыс бар, береке-бірлік, жақсы тірлік болады. Ал адамды орға жығатын – ашкөздік. Ол азапқа және қайғы-мұңға салады. Басына бұлт үйіреді, абыройдан айырады. Бұдан жас та, кәрі де, адамның бәрі де бойын аулақ салып, аса сақтануы қажет.

Жыр жинағын парақтап оқып, ой астарына тереңірек үңіл­­сеңіз, ең бастысы, батыр­лықты, ерлікті, адалдық­ты, жан­кештілікті, адамгершілік пен ізгілікті бәрінен де жоғары қояды, көңіл шуағын аңсайды. Туған елі мен қасиетті жері үшін жан қиған баба рухы желеп-жебеп, еңсені көтереді. Бойға қан жүгіреді, дене қызады. Ақын қаламы жүйрік, іркілмей төгіліп тұр. Нағыз таза, табиғи туынды осы.

Бұл шығарма халықтың сүй­іп оқитын асыл қазынасына ай­на­латыны аян. Кеудесінде жаны, жүзінде ар-ұяты және бойында намысы бар әрбір адам батырдың аруағын сыйлауы тиіс. Елін қорғап, бүгінгідей бақытты өмірге жету үшін кес­кілескен шайқаста кеудесін оққа тосып, мерт болған баба рухын естен шығарып ұмытып қалсақ, артта қалған ұрпақтарын жырға қоса алмасақ не болғанымыз?!

Ақын М.Әміреұлының әкесі кешегі қан майданда елін жаудан қорғап, жанын пида етіп, хабарсыз кеткен. Сон­да жөргекке оралып, бесікте қалған болашақ ақын   өмірдің барлық ащысы мен тұщысын бастан өткеріп, жетімдіктің тауқыметін тартып шыңдалды.

Ақылдың да аласа,

асқары бар,

Айтуға оны қарт та,

жас та құмар.

Өзеуреп өзгені

көп үйреткенше,

Әуелі өзіңді-өзің басқарып ал! – деп жазған ақын. Өте дұ­рыс қағида. Оның өзі бұл талапты қатаң сақтайды, бұлжытпай орындайды. Екі сөйлемейді. Бе­тегеден биік, жусаннан аласа болып жүреді. Таза, әділ іс-қимыл жасайды.

Жетпіс жаста бір

жеті қырдан астым,

Біразырақ ой толғап,

сыр да аштым.

Қаперіңе аларсың

қажет десең,

Алмасаң да қиылып, қинамаспын, – деп ойын кесіп айтады. Бұл нағыз азаматтық емес пе?

Поэзияға адал қарап, таза маңдай тер төгіп еңбек еткен, сезімге бөлеген М.Әміреұлы­ның жазғандары жүрегіңді ел­жіретеді. Ойлары жып-жылы күйінде көңілге қона қалады. Ой мен сезімді иін қандырып өріп, ақындық тілмен жырлайды. Жыр жинағының поэзиялық тілі көркем. Ақын көңілдегіні дәл басып айтады. Ұйқас үшін малтықпайды. Қаһарман батыр ерлігін өте күрделі әрі сыры терең қаз-қалпында көз алдыңа әкеледі. Сіз бен біз білетін және танитын талай ұрпақ есімдері қаздай тізіліп көз алдыңыздан өтеді. Тұтас алғанда, бұл ұзақ жыл талмай көз майын тауысып, ізденіп жазған туынды халықтың нағыз алтын қа­зы­­на­сына айналмақ. Ақын М.Әмі­ре­ұлы:

Ұтарсың бірде,

бәлкім ұтыларсың,

Тірліктен қалай тыныш

құтыларсың.

Төріңді өзің күткен

табу үшін,

Теріңді маңдайдан мың сыпырарсың, – деп тыныстап, жырын түйіндейді. Бәрекелді!

Енді ойда жүрген бір мә­се­лені айту қажет. Ел тарихында өзіндік ерекше үлкен орны бар Келменбет батыр ба­баға Қы­зылорда шаһарынан ұр­пақтары ашқан саябақ бар. Бұдан басқа даңқты батыр баба есімін есте қалдыруға байланыс­ты еш­қандай шара жасалмаған. Сон­дықтан ұрпақтары ел тәу­ел­сіздігі үшін күресте ерекше ер­лік көрсеткен әрі сол жолда жа­нын пида еткен баба есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында ең болмаса өздері бірыңғай қоныстанған облыстағы Жа­лағаш ауданы «Мәдениет» ауылын Келменбет батыр ауылы деп атауды қалайды. Мұны билік тарапы ескеретін шығар деген ойдамыз.

 

И.ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<