Шетелдегі тұңғыш қазақ тілшісі

953

0

Көне дәуір парақтарында таңбаланып қалған әйгілі Отырар топырағында өсті. Сонау есте жоқ ескі заманды бізге жалғаған там-тұм дерек өңірде әйгілі Әл Фараби туған деседі. Жоспарлы экономиканың арқасында қай ауылдың да түтіні түзу шыққан заман еді ғой, әйтсе де әуелі «Овцевод» атанып, кейінірек Маяқұм атты тарихи атауын қайта иеленген елді мекеннің жағдайы өзгеше болды. Өзбекәлі Жәнібековпен бірге оқыған әкесі Үбәйдулла Маяқұмның май топырағын бұрқыратып жүрген баласының болашағына алаңдағанда «Балам, журналист деген не кәсіп, 5 жыл оқығанда бітірерің қағаз шайнау болса, қоя ғой. Одан да мен сияқты есепші бол» деп еді.

Бірақ бала Ержан үшін аудандық «Қызылқұм» газетінің редакциясындағы әкесі айтқандай «қағаз шайнап» отырған ағалардан жақсы ешкім жоқ. Барса, құрақ ұшып қарсы алады, жазғанын газетке береді. Солардың ақылымен облыстық, республикалық басылымдарға  да мақала жіберіп еді, жарық көрді. Бәрінен бұрын айына алатын 5-6 сом қаламақыны айтсайшы. Балалардың бәрі Ержанды төңіректейді. «Бала тілші» атанғанының арқасында мектептегі белсендінің бірі болып, дружина кеңесін басқарды. Осыны көрген Үбәйдулла әке де болам деп тұрған баланың бағын байламауды жөн санаған секілді. Сөйтіп, 1967 жылы мектепті алтын медальмен бітірген Ержан ҚазМУ журфагының студенті атанды. Оқу орнын бітіргеннен кейін ауылда 1 жыл жұмыс істеді. Мансап қуған адам болса, аз жылда жайлы креслоға жайғасуға да болатын еді. Бірақ, есіл-дерті өзі 5 жыл оқыған Алматы болды да тұрды. Арман қалаға қайтып оралып, телевидениедегі «Құрдастар» деп аталатын хабарға режиссердің көмекшісі болып орналасқанда көңілін бір демдеп еді. Ұстазы болған бағдарламаның бас редакторы белгілі қаламгер, ғалым, академик Жарылқасын Нұсқабаевтың қамқорлығын көп көрді. Сонда ғой әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев­тың «Бала, даусың гүрілдеп тұр екен. Тәрбиелесе, тәп-тәуір диктор болатын түрің бар, бізге кел» деп шақырып жүргені.  Бұл күнде өзі де ағалық жасқа келіп, ел алдында жүрген Ерекең көзден кетсе де, көңілден ұмыт болмайтын осындай ағалардың қамқорлығын көріп еді. Күйкі тірліктен сәл қажыса болды, сол ағалар арқасынан аялай қағып тұрғандай сезініп, сергіп қалатыны бар.

Қазақтың маңдайға басқан жалғыз телевидениесінде жұмыс істеу – кез келген журналистің арманы. Ал сонда қызмет істей жүріп, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды насихаттау тобына ілігу екінің бірінің түсіне кірмес  еді. Мая­құмнан шыққан Ерекең сондай таңдаулылардың бірі болды. Аз жылда Қазақстандағы барлық екпінді құрылыстарды аралап, тележәшіктен түспейтін танымал тілшіге айналды. Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қасында жүрді, 1-мамыр мен 7-қараша күні өткізілетін шерулерден тікелей репортаж жасады.

Қазақстан сол кезеңдерде Отан қамбасына 1 млрд пұттан астам астық тапсыратын. Қазақ телевизия­сында «Алтын дән» хабары ұйымдастырылды. Күн сайын берілетін арнайы хабарды Қажы Қорғанов, Төлеубай Смағұлұлы, Ержан Уәйісов жүр­гізетін еді.

1989 жылдың 22-маусымы естен кетпейді. Дәл осы күні Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып еді. Пленумнан кейін жаңадан сайланған республика басшысы қасына үркердей ғана топ ертіп, Пушкин көшесіндегі Орталық мешітке бас сұқты. Аты орталық болғанымен, көрер көзге қораш-ақ ғимарат. Айнала қоршаған алып үйлердің тасасында қалған имандылық үйін аралап шығысымен Нұрсұлтан Әбішұлы орталық телеарна тілшілеріне сұхбат берді. Кеңестік «қызыл шарбақ» сетінегенмен Орталықтың одақтас елдерге әлі де ықпалын жоғалта қоймаған кезі. «Дін – апиын» деген қағидамен қаруланған жүйені басқарып отырғандар Нұрекеңнің республика басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс күнін мешіттен бастауына «бәрекелді» дей қоймасы анық. Солай боларын білсе де Нұрсұлтан Әбішұлы тілшілерге «Қазақ – 70 жыл өзгенің бодауында жүрсе де, тілі мен дінін, жүрегіндегі иманын жоғалтпаған ұлт. Мешітке кірген сәттен-ақ елімнің жарқын болашағы үшін тілек қылдым» деп сұхбат берді. Сөздің құдіреті дегенді қойсаңызшы, ел басшысы ақжарыла сөйлегенде телетілші Ерекең қолындағы микрофоннан бойына бір жылу жүгіріп өткендей сезінді-ай… Сол әсерден арыла алмай жұмысына жетті. Сюжеттің мәтінін жазуға отыра бергені сол еді, алдындағы қара телефон безектей жөнелсін. Көтерсе, сонау Германиядан қоңыраулатып тұрған Хасен Оралтай деген азамат екен. Шетелдік ақпарат құралының жылдамдығын қараңыз, бұл жұмысқа келем дегенше «Азаттық» радиосында қызмет жасайтын Хасен ағасы Нұрекеңнің мешітке барғанынан хабардар болып отыр. Ақпараттың мәтінін жазып та қойыпты, кейбір жерін анықтап алу үшін телефон соғып отырған беті. Сол күні кешке халықаралық радио жер-жаһанға «Бүгін Қазақстанның жүрегінің түгі бар басшысы имандылық үйіне барды» деп жар салды.

1992 жылы Тәуелсіздіктің  елең-алаңы. КСРО-дан енші алып шыққан басқа да одақтас республикалар секілді Қазақстан үшін де сырт әлем тым жұмбақ еді. Сондай күндердің бірінде жазушы ағасы Қалтай Мұхамеджанов шақыра қалсын. Калекеңнің шаруа тапсырғаны да қызық өзі, міндеттеп ештеңе айтпайды. Айналып-толғанып отырып, мойныңа бір шаруаны іле салғанын байқамай қаласың. «Арыстаным, жолбарысым» деп отырған ағаның сенімімен шығу үшін барыңды саласың сосын…

– Өй, жолбарысым-ай, жеттің бе? – деді бұл есіктен бас сұқпай  жатып.  Шаруа былай: бізге түріктер келе жатыр. Қазақстаннан «Заман» газетінің өкілдігін ашпақ. Сырт елді көрген тілшісің ғой, ертең Мырзатайға бірге кіріп шығайық.

Айтқан уақытында Үкімет басшысының орынбасары Мырзатай Жолдасбековтің алдынан табылады. Қазақтың тәуелсіздігін алғаш таныған Анадолыдағы ағайындар вице-премьермен әңгіме үстінде газет өкілдігін ашудан бөлек өз елдерінде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары үшін тілші ұстамақ ниеті барын да жеткізеді. Сонда ғой Қалтай ағасының «Тілшілікке осы жігіттен лайық адамды таппайсыз» деп Ержанға Түркияға жол ашып беретіні. Ертесінде өткен Президент қабылдауында ­Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы келіп «Ержан, Қазақстанда шетелдік аккредитация алған тұңғыш журналист атандың. Түбіміз бір елмен жан-жақты байланыс жасауымыз қажет. Осы үшін барыңды сал, еңбегің жемісті болсын!» деп қызметіне сәттілік тіледі. Көп ұзамай ел өкілі ретінде «Қазақстан әуе жолдары» авиакомпаниясымен Түркияға сапар шеккен алғашқы делегация құрамында Ержан Уәйіс те бар еді.

Кемал Ататүріктің арқасында кемел елге айналған Түркия бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері үшін бар жағдай жасап қойған. Ерекең де бара сала бауырмал елдің құшағына қойды да кетті. Теле­визиядағы тілшілігіне қоса, «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Заман Қазақстан» басылымдары үшін материалдар жазуға кірісті. Осы газеттердің Түркиядағы арнаулы тілшісі қызметтерін атқарды. Сол жылдар оқырмандары осы газеттің бетінен Ерекеңнің қазақ-түрік байланысы жөніндегі «Ағайын­дар Анадолыда қауышты», «Ыстамбұлға қазақтар қайдан келді?», «Қазақ жігіті Еуропа чемпионы», «Шеризат мырза шаңырағында» атты мақалаларын тұшына оқыды. Түркия президенті Тұрғыт Озалдан бес мәрте сұхбат алды. Жалпы Анадолыдағы ағайындар Тұрғытты үлкен тұлға санайды. Кемел Ататүрік Түркияны сара жолға салған басшы болса, Тұрғыт – ел тұрмысын Еуропа деңгейіне жеткізген президент. Сабырын сабасынан асырмайтын, сын сәтте сыр бермейтін сарабдал басшы. Талай мәртебелі мінбелерден Түркияның кеткен есесін түгендеген саясаткер. Күллі түркіге ортақ Тұрғыттың қазақ елінің президенті ­Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрметі ерекше болатын. Екі президент сан рет тамырлас елдер келешегі жөнінде саясаттағы қалтарыс-бұлтарыссыз, емен-жарқын әңгімелесті. Ерекең қос президенттің кездескен сәттерін талай мәрте суретке тартты. Бауырлас елдер байланысының тарихынан сыр шертетін сол фотоларды баға жетпес қымбат қазынаға балайды.

1992 жылы наурыз айында Алматы және Ыстамбұл арасында алғашқы халықаралық әуе рейсі ашылды. Бірінші ұшақпен Қазақстан делегация­сын үкіметтің орынбасары Мыр­затай Жолдасбеков бастап барды. Ел Президенті Тұрғыт Озал қазақ өкілдерін жылы қабылдады. М.Жолдасбеков әлемдегі, әсіресе түрік дүниесіндегі ірі тұлға Озалға Нұрсұлтан Әбішұлының ыстық сәлемін жеткізді. Ата дәстүрімізге орай түйе жүнді шапан, құндыз бөрік, қазақ қамшысын сыйлады. Ал өз кезегінде Тұрғыт Озал тарихи кітаптар, Ата Түрік фотоальбомын және де естелік сыйлықтар берді.

Мені (Ержан Уәйіс) Түркиядағы тұңғыш тілшіміз деп таныстырды. Менің жұмысыма сәттілік тілеп, жапондық арнайы фотоаппаратын сыйлады. Түркиядағы қызметтік күндерінде осы Озал бейдің фотоаппарат, камерасымен талай істердің куәсі болдым. Сол бағалы тарихи бұйым менде әлі сақтаулы дейді Ержан аға.

Ерекең Тұрғыт Озалдан алған алғашқы сұхбатын «Халық кеңесі» газетіне жариялады. «Мен қазақ халқына бар жақсылықты тілеймін» мақала тақырыбы бауырлас  ел басшысының еркіндік жолына жаңа түскен Қазақстан мен оның Тұңғыш Президентіне деген рия­сыз көңілі еді. Жұртын жаңа белеске көтерген Тұрғыт Озал өмірден озғанда күллі Түркия қайғыдан теңселіп кеткендей болды. Нұрекең бауырларға басу айту үшін арнайы барды.

Қазақ-түрік байланысының нығаюына қаламмен сеп болған Ерекең Анадолы жұртында аттай 8 жыл жұмыс істепті. Тілшіліктен елшілікке ауысты. Елден келген ағайын үшін есігі айқара ашық болды. «Азаттық» радиосының тілшісі ретінде алатын айлығын ағайынның қажетіне жаратты. Дінмұхаммед Қонаев ағасын Түркияға шақырып, ел аралатты, батасын алды.

2002 жылы елге оралды, Ақтөбе облысы әкімінің инвестиция жөніндегі кеңесшісі болды. Мұнайлы аймаққа түрік фирмаларын тартып, жаңа өндіріске өріс ашты. Қызылордаға қызмет ауыстырғанда  да «Туркуаз» фирмасының өкілдерін шақырып, Сыр мен Анадолы арасындағы достықтың дәнекері болды. Кешегі журналист осылайша күтпеген жерден дип­ломатқа айналып шыға келді. Оңтүстік Корея мен Ресей іскерлерінің Сыр жеріне келуіне жол ашты. Облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімінің орынбасары ретінде біраз қайырымдылық істердің бастамашысы болды. Облыс көлемінде ашылған 35 мешіттің (лентасын) керме жібін кескенде осы Ержан Уәйіс болатын. Қазіргі таңда облыстың 200-ден астам елді мекендерінде болып, ұжымдармен кездесулерді жалғастырып келеді. Әсіресе Тұңғыш Президент күні, Елбасының туған күні, Тәуелсіздік күндеріне орай Елбасы жайында өзі түсірген сурет көрмесін ұйымдастырып, насихат жұмыс­тарын жүргізуді әдетке айналдырған. Руханият саласының  сардары мемлекеттік тілдің мерейін көтеретін шаралар жасап жатыр.

Атасы Уәйіс 10 жыл әйгілі Арыстанбаб кесенесінің шырақшысы атанып, жұртты иманға шақырған белгілі адам еді. Сол қасиет Ерекеңнің бойына қоныпты. Мұсылман дінінің тарихы, әр дәуірде ғұмыр кешкен ғұламалар жайлы таңға ұрып әңгіме айтуға бар. Осы уақытқа дейін ел алдында жүргені сол бабалар аруағының жебегені шығар…

Кейде қазіргі тілшілерге қызығатыны бар. Аясын кеңейткен Ұлттық арна меншікті тілшілері дайындаған Түркия мен Қытай, Бельгия мен Ресей жаңалықтарын үнемі беріп келеді. Заманауи техника да телетілшінің тіршілігін жеңілдетіп тұр. Компьютердің тетігін бассаң болды, дайындаған сюжетің қай қиыр­дан болса да жетіп жатады. Бірақ тұңғыштың аты – тұңғыш. Ерекең шетелдегі алғашқы қазақ тілшісі атануын тағдырдың ерекше сыйы деп ұғады.

 

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.

Сурет Ержан Уайстің жеке мұрағатынан алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<