«Томиристі» көргенде…

1262

0

«Тұмар ханша туралы кино түсіріледі» дегеннен-ақ ел эфирге шығар сәтін асыға күтті. Сөз жоқ, «Томирис» – кірпік қақпай көруге тұрарлық тарихи киножоба. Әсіресе, басты рөлдегі актрисаның отты жанары, сақ қыздарының жауынгерлік шеберлігі кім-кімді де сендірді. Содан да болар, кинотеатрдағы көрсетілімнен кейін қызылордалық көрермендер ұзақ уақыт қол соқты. Залда фильмге қатыс­ты ешкім жоқ. Бірақ, мұны өткенімізді мақтан тұту мен ризалықтың белгісі деп ұқтық. Сәлден кейін эмоция басылды. Сонда ғана кинода «мұны да қосқанда болар еді» дейтін тұстар бары байқалды. Сонымен, «Томиристен» не түйдік? 

Алдымен, фильмді кімдер таспалағаны туралы айтып өтсек. Екі жарым сағаттық тарихи киноны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бо­йынша «Қазақфильм» киностудиясы мен «Sataifilm» компаниясы түсірген. Сценарий авторлары – Тимур Жақсылықов пен Әлия Назарбаева. Ал режиссер Ақан Сатаев «Томиристі» дайындауға 2,5 жыл уақытын жұмсапты.

Бұл – «Қазақфильм» тарихындағы сенімді кинолардың қатарын толықтырған фильм. Киножобада басты рөлдегі Альмира Тұрсын Томиристің айт­қанынан қайтпайтын қайсар мінезін де, ішкі түйсігі арқылы алдағыны болжап отыратын парасатты болмысын да айнытпай бере алған. Фильм басталғаннан Тұмар ханшаның түпкі мақсаты таққа отыру болмағаны, «әке кегін қайтарсам» деген ниеті сақ даласында билік жүргізуге апарғаны да нақты бейнеленген. Бала күнінен бір түсті қайталап көре беретіні қазақ ертегілерін еске түсірді. Бұл да – көркемдік ерекшелігінің еселене түсуіне жол ашқан кадр.

 Тарихта «Сақтар – ержүрек тайпа. Дұшпандары ерлері тұрмақ, әйелдерінен де өлердей қорыққан. Өйткені олар ер азаматтармен тең дәрежеде соғыс тәсілдерін меңгерген» демеуші ме еді?! Расында, фильмдегі Томирис пен Сардананың өзі де, нөкерлерінің жауынгерлік тәсілдері де біз тамсанып көрген корейдің тарихи киноларындағы Сондок, Со Со Нодан артық болмаса, кем емес. Әсіресе, патшайымның мейірімділігі мен сезімталдығын бірнеше оқиғада беруге тырысқан. Айталық, Кир жіберген елшінің айтқанына сеніп, парсы жерінде қаза тапқан жары Арғұн мен ұлы Спаргаписті жерлеу рәсімінде Томирис тосын мінез танытты. Бақсының «бірнеше құлды өлтіріп, марқұмдармен бірге жерлеу керек» дегеніне қарсы шығып, «адамдар бізге осы әлемде керек» деуі арқылы сақ даласында жаңа мәдениет орната бастағандай көрінді. Тіпті, мұндай қарсылыққа шыдамаған бақсының өзін-өзі өртеп жіберуі қараңғылық пен ескі дәстүрдің аяқталған кезеңін білдіргендей болды.

Фильмде іштей ұғынып, дәстүр мен тарихты саралауға жетелейтін кадрдың бірі – Томиристің жары мен ұлы қаза тап­қан мезетте сарайдағы оттың да өшіп қалатыны. Бір-біріне «отың өшпесін, түтінің түзу ұшсын» дейтін қазақ үшін оттың тапталуы, өшіп қалуы – жаман ырым. Режиссер осы арқылы қазақтың ырым-тыйымдары мас­сагет, сонау сақтар заманынан қалғанын көрсете білді.

Ал, ғалымдар кинода сақтардың көне түрік тілінде сөй­леуі – ең бір ұтымды тұсы болды дейді. Кинотанушы, PhD докторы Баубек Нөгербек «киноны идеологияның құралы дейміз. Осы тұрғыдан алғанда сақтардың тілін көне түркі етіп көрсетуі үлкен жетістік болды. Яғни, түркология ғылымының жетістіктеріне арқа сүйеген отандық киноиндустриядағы ірі жоба жүзеге асты деп есептеймін. Осыған дейін сақтарды «парсы тектестерге» жатқызып жүргендердің қарасы көп болды. Біз тәуелсіз ел ретінде осыны қорықпай көрсетіп, батылдық таныта алдық» деп, фильмнің басқалар түп-төркінін түсіне қоймаған жаңалығын тарихпен байланыстырды.

Киноның басым бөлігі Томиристің балалық шағы мен жауынгер ретінде қалыптасу кезеңіне арналған. Айта кету керек, парсының әйгілі патшасы Кирдің басын алып, әскерін тас-талқан етіп жеңгеннен кейін ғана Томиристің аты әлемге жайылды. Біздің де кинода негізінен күткеніміз – осы кезең. Фильмнің мұнан кейін бітуі де заңдылық. Бірақ, Томиристің  бірнеше батырмен ақылдасып, жоспарлары бірден жүзеге асып, жауынгерлерінің шайқас барысында Кирдің басын алып келе қоюы тым жылдам өткендей көрінді. Кинода халықтың неліктен Томириске бірден сенім артып, тайпа тізгінін ұстатқаны да түсініксіздеу болып қалды.  Иә, фильм негізінен патшайымның бет-бейнесін ашып, ерлігін насихаттауға бағытталған. Сондықтан үйлену тойы кезінде, жорыққа дайындық барысында оның ғана бірінші болып сөз сөйлегенін осыған жорыдық. Бірақ, патшайымның халық арасында осыншалықты беделге ие болуына не ықпал еткені көрсетілгенде дұрыс болар еді. Тарихи киноларда басты кейіпкер әбден соғыста сыналған, халықты қиындықтан құтқарып, әділдігі мен ақылы арқылы елдің сеніміне ие болған жан ретінде көрсетілмеуші ме еді?!

Сондай-ақ, Томирис ұлының кегін қайтару үшін, Кирдің басын шауып, «тірі кезіңде қанға тоймадың, енді сусының қанғанша іш» деп басты қан толы меске салдыртқан. Бұл оқиға картинада жоқ, сондай-ақ фильмде Кир Томиристің емес, құлдарының қолынан қаза табады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл «Ханның басын қара алмайды» деген байырғы заң бар екенін және кинодағы олқылықтың бірі – патша сарайының жұпыны болғандығын айтыпты.  «Томирис қазақ жерінен табылған «Алтын адамның» әшекейлі, салтанатты киімін киген күйде сомдалған. Ғажап! Алайда, патшайымға лайық сарай табылмапты. Қайдағы бір балшықтан соғылған лашықтан шығады. Сонда алтынмен апталған киіммен айдалада жүрген бе? Көшпелі скифтердің киіз үйде тұратынын алғаш рет ертедегі грек тарихшылары Геродот, Страбон және басқалары айғақтаған. Демек, кинода сән-салтанатты, ханға лайық киіз үйді көрсету керек еді» дейді.

Бірақ бұл киноның көркемдік ерекшелігін, шығармашылық топтың шеберлігін төмендететіндей себеп емес. Өйткені, «Томиристе» біз іздеген сапа мен жаңашылдық бар. Тек, көрермендердің «Томирис­тің шайқасы біз ойлағаннан гөрі тез аяқталды, мектеп оқулығында да бұлай жазылмаған еді», «Фильм бастан-аяқ қуаң далада түсірілген секілді, қазақ жерінің кеңдігі мен сұлулығын неге көрсетпеген» деген пікірлері келесі фильмдерде ескерілсе дейміз. Айтпақшы, елімізде фильм тұсаукесерінің орыс тілінде ұсынылатыны да қалыпты жағдай. Мұның «Томирис­тей» киноны айналып өтпегені өкінішті.

Десек те, ең басты жетістік Тұмар ханшаның өжет те еркін болмысы, ерлікке толы өмірі бүгінгі буын үшін айқындала түсті, «біздің тарих осындай болған» деп айтуға тұрарлық фильм алтын қорға қосылды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<