Жаңа кітап жарық көрді

1999

0

Саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір «Мен ғылымға кеш келдім, өзімді зерттеуші ғалыммын деп санамаймын, ғылымның насихатшысындай сезінемін» деп ағынан жарылып отырады. Бұл мойындауда үлкен қарапайымдылықпен қатар қазіргі отандық ғылымдағы жағымсыз үрдістерді қалтқысыз байқау, ащы шындық та сезіледі. 

Жақында оның М.Шоқайдың туға­ны­на 130 жыл тол­уына орай  «Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығар­ма­шы­лығы» («Арыс» бас­пасы, 2020 – 328 бет) атты мақа­лалар жинағы жарық көрді.

Кітаптың құры­лы­мына да автор тал­ғампаздықпен қара­ған. Мәжілістегі 9 жыл депутаттықтан кейін оқытушылықпен айналысқандығынан алған әдіснамалық тәжірибесі көрініп тұр. Алғысөзден кейінгі «Мұстафа Шоқай: өмір деректері мен маңызды кезеңдерінің» жаңа мәліметтері зерттеушілер үшін маңызы зор. Бұл арада М.Шоқайдың әзір толық өмірбаяны жазылмағанын ескерген жөн. Бұдан бөлек кітап негізінен үш үлкен бөлімнен тұрады. «Мұстафа Шоқай және кеңестік шындық» атты бөлімде ұлы тұлғаның саяси қалыптасуы мен әлеуметтенуі, оның орыс большевизмнің жыртқыштық табиғатына терең талдау жасауы, кеңестік биліктің ащы шындығы және  онымен  саяси күрестің ерекшеліктері көрсетілген. Мұстафа Шоқай қатыгез жүйенің қайсар қарсыласы болды, большевик отаршыларының болмысын барынша терең тани білуімен қатар, оның басқа отаршылдық саясаттан айырмашылығын да көре білді. Қайсар тұлғаның: «Дүниежүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жапа шеккендер аз емес. Алайда, дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ», – деп жазуы жайдан-жай емес.

«Мұстафа Шоқай және тәуелсіздік» деген екінші бөлімде Мұстафа Шоқай­дың ұлттық зиялылыққа қатысты тұжырым­дамаларын, ұлттық рух, ұлттық мемлекет, Түркістан Мұқтарияты төңірегіндегі ойла­рын қазіргі ұлттық мүдде, мақсат  тұрғы­сымен сабақтастырады. Бүгінгі ұлттық құнды­лығымыздың өзегі деп санаған өз тілімізге өзіміздің ие бола алмай отырғанымызды мысал етеді. Өйткені ғалым тілдің тәуелсіздігі халықтың тәуелсіз санасының кепілі деп біледі.

«Отандық мұстафатану ғылымы туралы» атты соңғы бөлімін оқыған кезде өзім үшін тосын ойға тап болғанымды жасыра алмаймын. Өйткені  мұстафатанушылар қатары қазіргі белгілі Қазақстан тарихшылары мен зиялыларынан, әрі кеткенде түрік авторларынан басталатын шығар деп шамалаған едім. Алайда автор бұл ғылымның Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна Горинаның «Менің Мұстафам» атты тамаша естелігінен  басталатындығын ғылыми негіздейді. 1918 жылы 18 сәуір күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы некелерін қиып, мұсылмандықты қабылдаған және өзіне Шоқай фамилиясын алған М.Я.Горина 1942 жылдың 8 ақпанында Париж мешітінің «Дебасси» залында күйеуінің қырқын өткізіп, оған Мұстафаның елу шақты досын жинайды. Осыдан кейін Мария Шоқай әлі атқарылуға тиіс жұмыстар ауқымын топшылайды. Алдымен Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларды келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алып, оларды сұрыптап, түптеп, арнайы қораптарға салып мұрағаттарға өткізеді. Бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де, көп жылдан өздерімен алып жүретін жалғыз пианиносын сатып, ерінің бейітіне бейнесімен ескерткіш орнатады. Осыларды бітіргеннен кейін, асықпай күрделі іске кіріседі. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, жиырма жылдан астам уақытта естелік жазып, 1963 жылы оның соңғы нүктесін қояды. Автор  Мария Шоқай «оқырмандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп, аса қарапайымдылық танытқанымен, бұл – Мұстафа Шоқай туралы тұңғыш әрі нақты мәліметтерге толы естелік кітап еді» дейді. Мария Шоқай орыс тілінде жазған қолжазбасын Мұстафаның шәкірттері түрік профессорлары ерлі-зайыпты Әбдуақап пен Саида Оқтайларға аманаттайды. Еңбек тұңғыш рет түрік тілінде 1972 жылы Стамбулда «Жұбайының аузынан Мұстафа Шоқайұлы» деген атпен Т.Шағатайдың аудармасымен жарық көреді. Мұстафатану осылай басталады. Ал, отандық мұстафатанушылардан Ә.Бәкір профессор Көшім Есмағамбетовтың еңбегін айрықша атап өтеді. Кітаптың соңында берілген «Мұстафа Шоқайдың афоризмдері» деген материал танымдық және әдістемелік тұрғыдан еңбектің ажарын ашып тұрғанын айтпасқа болмайды. Сәтті іріктелгендіктен көлемі бір баспа табақтан астам саяси әлеуметтік тұжырымдамалар энциклопедиялық білімдар Мұстафа Шоқайдың дүниетанымын танудың тұлғалық коды бола алады.

Түйіндей келгенде, М.Шоқай туралы жаңа туынды өзінің өзгеше стилімен, тың деректерімен, қызғылықты материалдарымен оқырман жүрегіне жол табары күмәнсіз. Кітапты оқи отырып, «білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез» дегіміз келеді.

Т.СӘТБАЙ,

тарих ғылымдарының докторы,

 Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

қауымдастырылған профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<