Жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей

1935

0

Қазақ халқында адам өмірінің барлық қырын қамтып, кез келген мәселеге қатысты дөп айтылған дана сөздер өте көп. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөздің түп негізінде бала отбасында қандай тәрбие алады, қандай бағытта тәрбиеленеді, өмірде де отбасында алған тәрбиеге сәйкес ұстанымда болатыны айқындалған.

Бала тәрбиесі мәселесі кімді де болса ойлантпай қоймайды. Мен де осы мәселе жөнінде сансыз ойлардың шырмауынан шыға алмай, санамдағы сан сұ­рағыма жауап іздеп, өзімше бір тұжырымға келдім. Осы көңілге түйген көкейтесті ойларымды қағаз бетіне түсіріп, сіздермен бөліспекшімін.

Бұл пікірім көптің көңілінен шыға қоймайтын да болар деп ойлаймын, дегенмен қарсы пі­кірлестер болса тіпті дұрыс деп шештім. Турасын айтамын деп туғаныма жақпасам да, әң­гімем әке тәрбиесін көрмей өс­кен балалар, оның ішінде ер балалар  туралы болмақ. Ба­­баларымыздың «молдадан мек­теп, атадан тәк-тәк көр­ме­ген» дейтін мағыналы сөзі әр ержеткен азаматтың есін­де шығар. Осы күні жасы­ра­тыны жоқ, күйеуінен ажыра­сып, баласымен қайтып кел­ген келіншек көп, яғ­ни әке­сіз өсіп жатқан бала көп. Өйткені, елі­мізде ажырасу коэф­­фи­циенті тым жоғары, жас­тар құр­ған шаңырақтың 40 процентке жуығы ажырасуда. Балалар аш-жа­лаңаш бола қоймас. Әри­не, бас­қа жағынан да тәр­биесіз бол­мас, олардың мә­де­ниеті, бі­лі­мі, ойы жо­ғары да болуы мүм­кін. Дегенмен, бала әкеден батылдық, қатал­дық, бір­сөзділік, көп сөзге үйір болмау секілді қа­сиет­терді бойына сіңіреді. От­тың басындағы жақсылы-жа­ман­ды қы­лықтарды көріп өс­се, мі­незі ту­ра, барлық уақыт­та шындықты ай­татын, айт­қа­нынан қайтпайтын, жыл­­постық пен екіжүзділікке, жа­ғымпаз бен жылмақай, өтірік сөй­лей­тіндерге жаны қас жан болып қалыптасар еді.

Көпке күл шашпаймыз әрине, дегенмен осыларды көр­мей, тәр­бие алған кейбір ер балалар, менің ойым­ша, әлсіз, жұм­сақ, жылы сөзге жа­қын, тиянағы аздау болып ке­ле­тін сияқты. Шынында да, қа­зіргі қоғамымыздағы жастардың ара­­­сынан осындайлар көптеп кез­деседі.

Ер балалардың барлығы тө­белесқұмар, ашушаң, тәр­биесіз де­генім емес. Қазір тәр­биесі аздау бала әкесі бар отба­сында да, әкесі жоқта да кездесетіні сөзсіз. Дегенмен, оқырманға тарихтан таныс әдет-ғұрып бойынша күйеуі қай­тыс болған әйелді де, оның ба­лаларын да сыртқа жібермей, сол ағайынның ортасында қал­дырып, інісі не аға­сына әмең­герлік жолымен қосып отыр­ған. Ондағы негізгі мақсат – өсетін бала әке тәрбиесін көр­сін, ер адамның қасиетін бо­йына сіңірсін, ағайынмен ара­лассын, әулеттің тәр­биесін көр­сін деген ой.

Бұл жерде әйелді еркектен тө­мендету не кемсіту ойым жоқ. Алла тағаланың ер адамды ерекше етіп жаратып, оған ай­рықша күш-қайрат және өз­геше сезім беруінде мән бар. Әрине, олардың арасында іш­кіш, қайырымсыз және басқа жағымсыз мінездері барлары да кездеседі. Бірақ, табиғаттың заңы бойынша жастар отбасы құру үшін өздерін алдын ала дайындау керек. Ата-ана әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді және олардың мағынасын, өмірде алатын орнын жастардың құ­лағына құюы қажет. Үйлену оңай, үй болу қиын екенін, осы қиындықтарға төзу керегін ұғындыруы қажет. Өйткені, қа­зақта «Отан отбасынан бас­талады» деген қанатты сөз бар. Жастар құрған әр шаңырақ берік болуы үшін онда дана хал­­қымыздың керемет әдет-ғұр­пы, салт-дәстүрлерімен қа­тар әлемдік өр­кениеттің озық үлгілері де орын алуы қажет. Әр шаңырақ биік болса, Отаны­мыз да берік болады.

Халық арасында жастай бер­ген тәрбие, жас шыбықты иген­дей деген сөз бар. Баланың бо­йына жастайынан ізгілік, мейірім­ділік, қа­йырымдылық, яғни адам­гер­шілік қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отба­сы­ның орны ерекше. Оның ішінде ер адам­ның, әкенің орны айрықша екенін баса айтқым келеді.

Бақыт САПАР,

еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек

сіңірген аудиторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<