Жоғалған жыр жарты ғасырдан соң халқымен қайта қауышты

2551

0

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабы мен «Жоғалған жыр» фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Ынтызар Әбішев – іздеусіз қалған ақын. Небәрі орда бұзар 30 жасында ауру алып тынған, сүйегі туған жерінен алыста, сонау Қырымда қалған. Көзі тірісінде ғана емес, өмірден өткен соң да тартқан қасіреті аз емес. Артында ұрпақ қалмаған ақынның бар байлығы – өлеңдері, қолжазбалары талан-таражға түскен. Оның кітабын құрастырған немере інісі Нұршайық Әбдуәли мен досы Нұрсұлтан Мықтыбай.

«Қазақтың құтханасына айналған Ұлттық кітапханамызға өмірден ерте кеткен қазақтың талантты ақыны Ынтызар Әбішевтің «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесер рәсіміне жиналдық. Қазақ поэзиясының алтын қоры тағы бір мықты ақынмен толықты, әдебиетіміздің асыл қорына осындай жаңа кітап, жаңа есім келіп қосылды деп қуанып тұрмыз. Болашақта Ынтызар ақынның есімі, шығармашылығы туралы жазыла, айтыла береді. Бүгінгі кеште Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан бір ауыз сөз айтып, осында отырған, сонау Сырдан келген туған-туысқандарын, оқырмандарын құттықтауға рұқсат етіңіздер! Тұсауы кесілгелі тұрған жаңа кітапқа ақ жол, сәт сапар тілейік! Ақынның талан-таражға түскен жырларын тірнектеп жинап, жарыққа шығарған азаматтарға алғысымыз шексіз! – деді шараны ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, профессор Бауыржан Жақып.

Әдеби кештің қадірменді меймандары кітаптың лентасын қиды. Жиналғандар Ынтызар Әбішев туралы «Жоғалған жыр» фильмін тамашалады. Идея және сценарий авторы – Нұрсұлтан Мықтыбай. 45 минуттық фильмде ақынның тауқыметке толы тағдыры баяндалады. Оның жоғалған, қолды болған өлеңдерінің қалай табылғаны сөз болады. Көзін көргендер естелік айтады. Автор ақын туралы алыпқашпа әңгімелерге архив құжаттарына сүйене отырып, нүктесін қояды.

Аталған шараның ҚР Ұлттық кітапханасында өтуінің өзіндік мәні бар. Себебі ақынды жарты ғасырдан кейін халқымен қайта қауыштыруға Бақытжамал Оспанова бастаған ұжымның сіңірген еңбегі зор. Осы кітапхананың анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері Ы.Әбішевтің өлеңдері жарияланған газеттерді тауып, оның жоғалған жырларын қалпына келтіруге, жинағының шығуына қомақты үлес қосқан.

Бұл кеште ақын туралы фильм мен жыр жинағы ғана емес, оның азапты тағдырына арналған «Ынтызардың зары» атты әннің де тұсауы кесілді. Н.Мықтыбайдың сөзіне жазылған әннің авторы, әнші Сәуле Жанпейісова.

– Жат жерде қалған бабаларымызды іздеп жүріп, Қырымға да барғанмын. Сол Қырымда қазақтың ханы Нұралы, Кеңес Одағының батыры және Севастополь қаласының коменданты болған 1 рангты капитан атамыз жатыр. Ақын Ынтызар Әбішев Қырымда сүйегі қалған төртінші қазақ болып менің «Жат жерде қалған қазақтар» атты энциклопедияма еніп отыр, – деді Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық Ақпараттар академиясының академигі Ермек Жұмахметұлы.

Осы шараға Сыр елінен арнайы келген ақынның немере інісі, аталған кітаптың жарыққа шығуына себепші болған Кәмен Әбішев пен зайыбы Рабиға Қайып, ақынның көзін көрген ауылдасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын Набат Оспанова естеліктер айтты. Сәуле Жанпейісованың шәкірттері Жайна Барахатова, Дидар Шонаев, Нұрсұлтан Өтеген ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.

– Ынтызардың есімін естігенде, өлеңдерін оқығанда ылғи көзіме жас келеді. Толқып кетемін. Сондай аянышты, сондай қасіретті тағдырдың соңын тойға ұластырып, екінші рет өмірге әкелу үшін күн-түн демей қыруар еңбек еткен екі достың ерік-жігеріне таңғалмасқа шарамыз жоқ. Қазіргі құндылықтар өзгерген заманда аруаққа, руханиятқа еңбек ететін жастар өте аз. Жасыратыны жоқ, мен өлеңдерін оқып, қайран қалдым. Ең алдымен, оның поэзиясында керемет сурет бар. Мәселен, табиғаттың көріністерін, атап айтқанда, жаз, күз, көктем, қыстың портретін жасап кеткен. Табиғатты жырлағанда, онымен өзінің сырласындай сырласады, мұңдасындай мұңдасады. Одан демеушілік іздейді. Ақынның теңеулерінде де соны жаңалық бар. Мысалы, өзінің қаламын «жүйрік пыраққа» теңейді. «Қаламым, сенсің мінетін жүйрік пырағым» дейді. Қарап отырсам, шынында да, біздің қаламымыз жүйрік пыраққа тең екен. Соншама жап-жас бола тұра осындай теңеулерді жазып кеткен Ынтызар Әбішевті, расында да, тегін адам емес деп ойлаймын, – деді кешті қорытындылаған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова.

Серік АҚМЫРЗА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<