Мұңаяды туған жер (әңгіме)

1305

0

Олар Алматыда жоғары білім алған. Қазір өз өңірінде. Бір сарындас, пікірлес, тұрғылас, күнде болмаса да, ұзамай кезігіп тұрады. Институттан соң алды бес-алты, соңы оншақты жыл ауылдарында жұмыс істеген. Кейін қызмет бабымен өңір орталығына қоныс аударған.

Реті келгенде туып-өскен ауылдарына барып, той-томалақ, өзге де атаулы шараларда бас қосу – бұлардың әдеті. Мұндай кезде олар дүбірлі, дүрмекті шаһар қарбаласынан алыстап, кең ауылда, артық шу мен абыр-дабыр қапылыстан аулақ таза ауада тыныстап, жайбарақат демалып, көңіл көтеріп, алаңсыз босаңсып, тынығып қалушы еді. Бүгін де достары Алтынбек әкесінің мерейтойына арналған салтанатты жиында бас қосты. Тойдың күрмеулі кезеңдері өтіп, қонақтардың басымы үйлеріне бет бұрып, тек жақындары мен сырттан келгендердің оңашалау қалған кезі еді. Қаладан жеткен достар бөлек тобымен екшеленіп, сөздері қыза түскен сыңайлы. Осындайда әрқайсы өз  ауылы жөнінде бұрын жария болмаған тың дерек айтуға әсіре ынтық.

Әңгімені жасы үлкен Ақжол бастады: «Үйлер жанында қоршаулар жоқ, маңы ашық. Көлеңке түскенде шай ішетін тек сәкі бар. Сондықтан, кім де болса, не де болса үйлердің оңы мен солынан да, күн демей, түн демей қымсынбай ойқастап жүргені. Құдды өз үйінің, жеке қорасы жанындағыдай. Салқындасын деп көлеңкеге қойған тегештегі айранды, шелектегі суды талайы ішіп кетеді. Осыған ренжіп жатқаны шамалы. Жазда масахана астында ұйықтаймыз. Ашық-тесік жатуға қымсынбайды. Кейде қамсыз біреулердің аяғы масахананың сыртына шығып қалады. Көрініп жатқан аяқ саусағына бояу, не батпақ жұғады. Өйткені, қатарластар арасында әзіл-ойын өршіп-ақ тұр. Ол ұйқыдан ояна саусақтағыны көріп, иесін іздеп әлекке түседі. Міне, осындай ауылда туып-өсіп, білім алып,  мектепті тәмамдап Алматыға аттанғанмын» – деп сөзін аяқтады ол. Айнала жұрт ду күлді.

– Қазіргілерге бұл ертегідей көрінуі мүмкін, – деді Елжан. Бірақ, осының шет-жағасын біз де көрдік. Білмеймін, мүмкін жалпы тұрмыстың орталығы ма, әлде, пейілдің дарқандығы ма, дәл сол Ақаң айтқандай болғаны рас! Ол кезде ауыл үлкен отбасы сияқтанатын. Көршіңмен бауырыңдай қатысып араласасың. Сенде жоқ онда бар болса, сенің де оған иелігің жүретін еді. Мұның бәрі – сол жаңа айтқан үйлер арасын бөліп, ажыратып тұратын қоршаулардың болмауы, – деп, сөзін жалғады Елжан.

– Туған жерімді елестетсем сол сәтте көз алдыма мына сурет келеді, – деді Кенже: «Төрт түлік қарасы мол. Көктем жылт етісімен отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, келе-келе түйелер қырға бет алады, өңірдің шыбыны мен сонасы, масасынан ұзап. Қыс-қыстауы дарияның шүйгінді-қоқты жағасы. Сол мал мұнда сайқын даладан жаз соңында ғана құлайды. Оған дейін өзен қолтығы, қуысы мен жағалаулары демін алып, алаңсыз көктеп, оясына келеді. Жаздың аяғы, күз басында дарияның маңайы жайқалып-ақ тұрады. Өзге аймақтағы туыстарына қыдырғанда қалта-қалта етіп апаратын мәуесі қарауытып піскен, ірілігі жүгері дәнімен пара-пар, жиде, шырмауығы жайылып гүлдеген жыңғыл мен оның арасындағы түйенің ынтыға күйсейтін  көкті-қоңырлы қоңырауы мол шеңгел, селебе құрағы майысқан алаңқайлар, тал мен бұталар астында тізеге дейін көтерілген өлең мен баттауығы шамалас ажырығы. Қырдан құлаған мал да, жан  да жай табады. Төрт аяқты мұрны тиген  жұмсақ та, құнарлы шөптен басын бір алмайды-ау. Малшыға да сол керек. Бұл бір осы маңның барақатқа кезігіп, толысқан кезеңі еді. Дария суға толы. Қазір осының бірде-біреуі қалды ма?!» – деді ол, сұраусалды жанарымен асықпай жұртты бақылап.

– Осындай, жанға да, малға да жағымды аймақ болғанына қазір кім сенеді?.. Солай болғанын бүгін баршамыз растап, дәлелдеп отырмыз. Шынымен ертегі сияқты. Енді сол ұйтқы кері қайта ма? Оралуы мүмкін бе?.. Сонда сұрақ туындайды емес пе?.. Кім кінәлі осыған?!.. Бұған не дейсіңдер, білгіштер?! – деп, мәселені келтесінен қойды көп сөйлемейтін, сабырлы, аузынан кейде сөз түсіп қалатындай көрінетін, оқта-текте томаға-тұйықтау сияқтанып, көп тыңдап, тіліне кемерік беретін Батырбек.

Осыдан соң тыныштық жайлады біразға дейін. Әркім шама-шарқына сүйене арқаулы сөз айтып тығырықтан шығу жолын тапқысы келеді.  Оңай іс болмаса керек, көп ойланғандарына қарағанда. Бір күндік, біржылдық емес, өмірлік болып жатса ше?.. Онда өте ауқымды болғаны да! Онда осыны атқаруға, орындауға бір адам емес, көп адамның екпінді күші мен қайратты ықпалы керек шығар. Сонда бұл өмірлік мақсатқа айналғаны ма?! Шүкірлігі осыған көпшілігінің жоғары мән беріп, мойындарын бұрғандығы. Орта жасты соңына қалдырған азаматтар үшін күрделі жағдай, әрине. Кештеу болса да!.. Ештен кеш! Көп түкірсе көл. Саналарында мәселені терең түсініп, тұшыну бар.

Бәрінен бұрын осы Ақжолға ауыр бататын сияқты. Оның туған ауылы жер бетінен өшірілген. Қазір сол ауылда екі-үш отбасы ғана түтін түтетуде. Бұрын жүзден асатын. Соған қарамастан  тысқары жүргенде ауылын аңсайды, бала кезінде ойнақтаған жеріне ыстық ықыласы сөнген емес, сол шағын аумақтың бір күні қайтадан көгеріп, гүлденуіне әлі күмән келтірмейді ол. Осы ойы шын мәнінде қол жетпес арман мен орындалуы қиын биік мақсат болып кейде көрінсе де. Бәрібір, сол арман мен мақсат оған мол жігер мен ыстық қайрат сыйлайды. Осыны ол іштей сезеді, сол құдіретті күш оны кереметтей қолдап, сенімін аспандатуда. Ауыл орны үлкен жол үстінде. Олай-бұлай өткенде оқыған мектебі үйінділері жанындағы бұтақтары шарықшақтанып қураған екі-үш талды көргенде  ылғи ауыр күрсінеді ол.

Жұқа, жүдеу көктемгершілік. Қыс қатты болып, мал арық. Жұрт үйлерін жығып, алыстағы отты өрісті жайлауға көшкелі сапырылысты, шым-шытырық дайындық үстінде. Шеткерірек ауылдың жылқысы қаңтарылған, сәлден соң айдауға дайын. Шаңлақта кәрі, арық айғыр ғана. Тұра алмайды. Иесі жаны ашығаннан қасындағы бір-екі кісімен оны олай-бұлай қозғайды, жылжитын емес.  Осыны көнекөз қария байқап отырыпты. Ол шыдай алмай, кезінде топ бастаған жануарды аяп: «Ана үйірді айдаңдар үстінен!» деп бұйырды. Екпінді топ жанынан өтіп жатқанда айғыр ышқына бір ұмтылады, екі ұмтылады, болмайды. Үшіншісінде тұрады, жайлап үйір соңына ереді. Сәлден соң ортасынан көрініпті. Жылқыдан тер шығатын мезгіл жетті-ау дегенде, жаңағы жануар үйірді өзі бастап бара жатыр екен дейді байырғы аңыз. «Қатарың қалмай шауып баратқанда, арқаңның ауруы не қозбай-тұғын?» деп Тұрмағамбет ақын жазыпты. Сол айтқандай, дүбірлі тойдағы сөз жалғасын тауыпты. Пенде жаратылысынан өз қамын күйттейді ғой. Осы үшін оны қатты сынаудың қажеті де шамалы. Дегенмен, «Үмітсіз шайтан» дегендей, адамнан игі жақсылық күту – міндет. Көбі күнделікті бітпейтін тірліктен аса алмай, өмірінің қалай аяқталып та қалғанын байқамай, ұзап, өтіп жатады. Өзгенің қамын ойлап, сыртына, айналасына көз тігіп, жұрт болашағы мен келешегін межелейтіндер де жоқ емес.  Сондықтан да, бұлардың түпкі ойлары түгелдей бір жерден шығып, тоғысып жатыр деп айтудың жөні келмес. Дегенмен, жалпы түсіністік, мәселе маңызы мен қажеттілігі бағытында ортақ ымырашылдық көрініп қалды.

Ақжол сойлы отбасынан, ата-анасынан оңды тәрбие алды, табиғаты жайқалған, үйлесімді өңірде балалық шағын өткізді. Сол аймақты ол ылғи түсінде көретін. Қолынан келіп-келмесе де туған жерге деген көңілі адал да, ыстық, кең.  Бала кезінде ата-анасы тусырап жатқан өзек жағасын қарықтап, қауын-қарбыз егетін. Соларға аса күтім де қажет емес, анда-санда суарып тұрса болды. Отағы аз, бары қауын пәлегін көлеңкелеп, түйнектің жетілуіне көмектеседі. Бір жарым-екі айда пісіп-жетіледі. Пәлектен жаңа үзілген торлама алқымына өткір пышақ ұшы тиісімен-ақ өзінен-өзі қақ айрылады. Дәмі қандай десеңші?! Тіліңді үйіреді!.. Ақжолдың есінде қалғаны өзектен алатын арық сағасын ашатыны. Содан шамалы уақытта қауын су ішіп болды-ау дегенде, шөп арасында жатқан кетпенмен сағаны жабатыны. Су қалай толды екен деп қарықтарды жағалайтыны. Алдынан қоңыр тарақшаның суды сызып зуылдап жылдам ұзайтыны. Бір емес бірнеше тарақшаның. Сөйтсе, тарақша –екі-үш сүйемдік дарияның сары сазаны. Олар өзек жағасындағы қауын өскен арық сағасы қашан ашылады деп күтумен жүреді-ау, шамасы… Көптігінен бе, әлде, өзектің терең, салқын суынан жалығып, қарықтағы таяз, жылы суға асыға ұмтылды ма екен?.. Әки, бұл сол замандағы табиғат пен адам жарасымдығы ма?! Баладан қашып суды сызған сары сазан сәлден соң, су топыраққа сіңгесін қайырлап, қолға түседі. Ақжол оның сағалдырығына көк құрақ сабағын өткізіп, бірнешеуін көтеріп үйіне келіп, анасына береді. «Қауын суара, балық аулау» деген осы.

Адам өсе келе, ұлғая түсе, ата-анасы әлдеқашан ұзақ сапарға аттанғалы, ойлана бастайды, әке-шеше сөзін сағынады, аңсайды, ардақтыларынан кезінде есіткен, бірақ бұрын соған онша мән бермеген лебіздерін еске алып, түгендей түседі. Ақжол әкесі ескіше оқыған кісі еді. Ауылдастары оны молда деп қадірлейтін. «Балам, күнәнің ең ауыры – кісі ақысын жеу, осыны есіңде сақта, өзгенің «Ала жібін» аттама! Үлкенді сыйла, адаммен жақсы бол. Туған жеріңді күт, көмектес! Қолыңнан келсе кісіге жақсылық көрсет, қиянат жасама! Өйткені, өзгеге не істесең, алдыңа сол келеді» деп еді әкесі. Солардың растығына қазір мұның көзі әбден жеткен. Тек, туған жеріңді күт деген тәмсілге Ақжол қазір жауап бере алмайтынын біледі, осыны ол соңғы кезде жиі ойлайды.

Әкесінің тағы бір сөзі Ақжолдың есіне түсе кетті: «Туған жер қасиетті, балам! Әрбір азаматқа туған жері анадай. Өйткені, анаң бар сырыңды біліп,  жақсы болуыңды тілейтіндей, туған жерің де сенің әрбір қадамыңды, аузыңнан шыққан әр сөзіңді күтіп, болысып отырады. Содан өзі де демеу алар, өзі де қуанар, өзі де күш алып, шабыттанар!.. Жер ана біреу, ал, оған қызмет жасар адам ұрпағы көп. Осыған ылайықты бол!» деп еді қария әкесі. 

Бала кезінде ол көбелек соңынан жүгіруші еді. Қуалағаны – сұлулығына қызыққаны. Көбелектің ұшуы да бір қызық. Жәй ұшады, бірақ, келесі сәтте қалай, қайда бұрылатыны белгісіз, жеткізбейді, ұстатпайды. Оны ұстау – қиынның қиыны. Бір мәрте ғана қолға түсіргені есінде. Ұстағаны құрысын, қол тиген тұсы со бойы күлге айналды. Шошып кетті! Әдемі мен сұлудың нәзік сыры осы болғаны ма?!.. Онда, жақсы мен көркемнің жанын жараламай, әрдайым барынша қолдап, қыспаққа орамай мәпелеп, оның өзгеге жақсылық таратуына ықпалды күш-жігерді барынша аямау қажет пе?.. Содан кейін ол көбелек қуған емес. 

Күнімен қызметінде қауырт қимылдап сеңсоқты болып, төсекке қисайысымен ол ұйқыға басты. Таң ата түс көрді. Айнала бала кезіндегідей жайқалған жайлау емес. Бұрын суы мол, жағалауы көк құраққа толы, арасында көктемгі өрттен аман қалған ірі қамыстары анадайдан ағараңдап шошайып көрінетін, ирелеңдеген өзек қазір қурап тұр. Жыңғылды, жиделі иіндер шөбі тізеге жетер-жетпес алаңдармен кезектескен маңай танымастай өзгерген. Шөп әр жерде, аралары ақтаңдақ тұзды топырақ. Бұл өзек жағасындағы тал көлеңкесінде тұр. Айдалада еш жан көрінбейді. Бала кезінде талай жүрген жері. Үйреншікті дыбысты күтеді. Өзек суы жағадан асып, топырақ жырып, ылдиға жол салатын сырылдап. Бүгін ол сырыл қайдан келсін, өзек құрғап қалса!.. Тал көлеңкесінде. Болдырған, қартайған ескі жиде. Бұтақтары сынған, жаралы. Маңдайын ыстық самал сипап өтті. Сыбырлаған дыбыс сияқты?.. Әлде, самал дыбысы ма?.. Құлағын түрді. Сонда ғана жіңішке сыбыр күш алды. Сөйтсе, қасындағы көк жиде екен үн қатып тұрған: «Бізді ұмыттың ба, Ақжол! Сен ұмытсаң да, біз ұмытқан жоқпыз!.. Бұрын арамыз жақсы еді. Бірімізге өзгеміз көмекші едік. Аңсадық соны! Қиналдық қой!» – деді ол жай ғана. Бар шамасы сол-ау. «Мен жамылған шырмауығымның собығын үзіп, рақаттана жейтін едің!» деді, шамалы мұңы да жоқ емес нәзік, бәсең үнмен бұты жұмыр кексе жыңғыл. Осыны мақұлдағандай, төмендегі жүдеңкі өлең мен бидайық та бастарын ақырын шұлғып жатыр…

Шөл далада жалғыз жолаушы әбден шаршап, діңкелеп оқшау тұрған жалғыз талға зорға жетіп көлеңкелейді. Алып бара жатқан шөл мен жанып тұрған ыстық күннен талдың салқын көлеңкесі сақтап қалады оны. Ымырт үйіріледі, қараңғылық қоюланып түн көрпесін жамылады. Көзі ілініп кеткеніне біршама уақыт ергеннен соң, дірдек қағып қалжыраған жолаушы шырт оянады. Ол аумақтың түні осындай салқын болады деп кім ойлаған?! Жолаушы тіпті өлермен күйге тақайды. Қымтырылып жамылар, болдырған денесін жылытар лыпа жоқ. Сол кезде үстіндегі тал өзінің ылаждап күн көріп тұрған  жапырақтарын үзіп адамның үстіне жабады, оны жылытады, аман алып қалады. Ерте сәскеде бұлт түнеріп, өлмегенге өлі балық жолығардай, нөсер жауып, жолаушы шөлін басып, әрі жылжыпты. Артында, әйтеуір, тірі жанға бір пайдам тиді ғой, тәубе деп, жапырақтарынан айырылған, қурауға бет бұрған тал қалыпты. Ақжол ұйқыдан шаршап, шалдығып тұрған соң ертеректе естіген сол көне аңыз жадына орала кетті. Ендеше, жолаушыны құтқарған сол кәрі жиде болғаны ма?..

Аудан орталығында күзгі науқанның аяқталуына байланысты шаралар өтіп жатыр. Бұлар осы жиынға қатысып, өз салалары бойынша азды-көпті ұсыныс-ойларын ортаға салып, міндеттерін орындап, енді қалаға бет бұрайын деп тұрған кез. Орталарына Бақытбек келді. Ол да баяғыда Алматыда бірге оқыған, қазір осы аудан ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. Ас мәзірін дайындатып қойғанын, қалаға жүрер алдында шай ішіп, аз-кем демалып алыңдар деп үйіне шақырды. Олар келісе кетті.

Бақытбек отбасындағы шай үстінде түнеу күнгі сүрелі әңгіменің жалғасып кеткенін бұлар өздері де байқамай қалды. Тағы да тізгінді Ақжол ұстады: «Немқұрайлылық» атты күшті құрал бар адам қолында. Оны олар өзгенің болымды еңбегін қасақана, әдейі көрмей, жөнді бағаламай, атқарып жатқан игі істеріне жасанды, майда, қорқау пенделік кедергі орнату үшін қолданады. Осыдан, талай талапты, өнегелі азаматтар құқай көрген, зиян шеккен, жүректері жараланған, бірақ, аққа Құдай жақ дегендей, ақыр соңында көпшілігі артық күш-қуат жұмсап абырой, табысқа жетіп, ел-жұрт ықыласын жаулап иеленген. Осы теріс мінезді адам адамға көрсетіп жатса бір жөн ғой, егер осыны адам туған жеріне қаратса, онда сол адамда перзенттік қасиеттің жұтағаны ғой!..» деп, бетбұрды сөз тастады ол. Біреулерге бұл онша ұнамай қалған сыңайлы. Олардың қыңыр қарағандығы жанарларынан байқалды. Сөзге Ақылбек араласты.

Осы азаматтың институтта оқып жүргенде-ақ пысықтығы байқалған. Білімі анау айтқандай болмаса да, өзгемен сөйлесуі мығым, жұртпен жылдам тіл табысады. Ақылбектің әкесі ертеде ауылдың есепшісі болыпты. Тұрмыстары да жоғары. Обалы не керек, Алматыда оқып жүрген достары осының жылы жұғымды, пайдалы тұстарын көргені де рас. Бірақ, оның ата-анасы тәкаппарлау еді. Балаларының көзінше өзгелерді жамандап, мұқатып отыратын. Оларға салса өздерінен жақсы адам жоқ.

– Ақа, Сіз осы артық кеткен жоқсыз ба? Жаңағы айтқан перзенттік қасиеті жұтағандар ішінде осы отырғандар да бар ма?.. Түсінбей қалдық қой! – деді, сыздана Ақылбек. Ақылбектің өзгелерге іштей ұнамайтын, бірақ осы кезге дейін ешкім оның бетіне баспаған, пәс мінезі белгілі. Оның көбінесе өзгені себепті-себепсіз сынап-мінеп, шұқылап-түрткілеп отыратын сімтіктігі бар еді.

– Бұл жерде жоқ болғанымен, жалпы жоқ деп айта алмассың, Ақылбек! Ия, өзгенің ұсынысын оңайлықпен қабылдаушы ма ең?! Бірақ, сен өзгелердің де ойын біліп, ескерсең зиян болмас игі еді, – деп, сабырлы жауап қатты Ақжол.

«Мынау – менің ауылым» деп көп азамат аузын толтырып мақтанады, – деді, шоқты мінезді, ойға шомғыш, қиялға берілгіш Ардақ. Сол сияқты олардан да бұрын өмір сүргендер осы сөздерді маңайына таратқан, әрине. Оның ата-анасы да сол қасиетті сөздерді кезінде айтқан. Әкесі мен анасының ата-аналары да сол сиқырлы сөздерді ауыздарынан шығарғанына еш күмән жоқ. Ендеше, бір ауылдың өзі қаншама ұрпақтың жарық дүниеге келіп, өсіп-өркендеп, уақыты жеткенде адами міндеттерін балалары мен ұрпақтарына аманат етіп, алысқа көше беруіне негіз болып қала берген. Олай болса, ұрпақ жалғастығы мен туған жер байланысын жоқ деуге бола ма?.. Ата-ана барында солайымен сыйлап, кейін аруағын ардақтап, арасында арғы ата-баба рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштап жатады. Мықты мұсылмандық парыз. Бірақ, мұнан да биік міндетіміз бар емес пе?.. Ендеше, сол ардақтыларымыз басына көтеріп өткен туған жер қасиетті қадір-салмағы неге жеңілдеуі керек, қайта барған сайын басымдық алып, олардың мән-маңызы биіктеп өсудің орнына?! Ақаң бізге осыны жадымызға салып отыр. Мен қолдаймын! Бабалар «Игілікке – сүйгілік» деп бекер айтпаған. Басты мәселе әр азаматтың туған жеріне деген адал пейілінде жатқанын түсіндіріп отыр Ақжол аға! – деп, сөзін түйіндеді Ардақ.

– Мен осы көп білгішсінгендерге түсінбеймін, қарсымын!.. Қызыл езулікке неге саласыңдар осы?.. Барлығың сайрап кеттіңдер, мәселенің шешімін көзбен көріп тұрғандай. Түбіне үңілсеңдер қайтеді, жағдай олай емес қой. Баршасы бүгінгі қолдағы бар мүмкіншілікке тіреледі. Ал, қазіргі жағдайымыз белгілі. «Көрпеңе қарай көсіл» дейді. Сондықтан қазіргімізді ойлайық алдымен. Анау былай деді, мынау солай айтты деп жұрттың басын қатырып, алаңдатпайық! – деді Ақылбек қорытынды, салмақты түйін айтқандай кекірейіп.

Ақылбек ойындағыны сыртқа шығарып жатқанда Ақжол былқ етпеді. Тек ол тоқтағанда ғана сабырлы үн қатты: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болған. Жиденің басында қырғауыл қоразы мен мекенінің қонақтап отырғанын, қораңның ішіне қырғауыл шөжелері кіріп кетіп, тауығыңның балапандарымен бірге жайылғанын көрдің бе, сен Ақылбек?.. Қайдан көрейін деп ең, татыранда өссең?! Ендеше, Ақылбек, саған туған жер қадірі тіпті белгісіз! «Жаны ашымастың қасында бас ауырмас» дегендей, саған мұны айтып не, айтпай не?! Саған бүгін ақша болса болды, бірақ, сол байлық келешектің есебінен, алдағы ұрпақтың несібесінен жырып, жұлмаланып жатқаны, әрине, сені селт еткізбейді, ойландырмайды, қобалжытпайды! Сенің санаңның жұтауын табиғат жүдеуімен байланыстырамын! Сендейлердің кесірінен туған жер қиналды. Оған жанашырлық көрсетпедің. Тек өз пайдаңды қамдадың. Құдайыңды ұмыттың!.. Өзгенің ала жібін аттадың!»  – деді Ақжол. Осыны есту мұң екен, Ақылбек түлен түрткендей ауыздығын шайнады. Біреу біз тығып алғандай орнынан ұшып тұрды.

– Неге екенін білмеймін, осы Сіз менің соңыма түсіп алдыңыз!.. Менен ала алмай жүрген қандай ақыңыз бар осы?!.. Бұрынғымен өмір сүрудесіз. Қазір айналаңызда не болып жатқанымен хабарыңыз мүлде жоқ! Бүгін заман өзгерген. Сіздің айтқаныңыз, ақыл-кеңесіңіз кімге дәрі осы?! Сізге осыны қатты ойлану керек. Сіздің ойыңыз тіпті артта қалып қойған! Бүгін алдыңғы кезекте пайда мен ақша, көке!.. Сіз, осыны әлі түсінбепсіз!.. Қарай гөріңіз! Жер жағдайын ойлағысы келеді!.. Дәмеңіз зор! Жұрт күнін зорға көріп жүргенде! – деп, ағасына қатты шүйлікті Ақылбек. Мынадан кейін не болар екен деп отырғандар бірден Ақжолға қарады. Ол түк болмағандай сыр беретін емес. Тек, Алтынбек қана қызараңдап, қозғалаңдап отыр екен.

– Ақылбек, сен адамның басты парызы – үлкенді қадірлеуді сезбейді екенсің! Білсең, сен мұндай, құрық көрмеген, жүгенсіз айдалаға шауып қара тер болған құнандай, бос шығандап, жөнсіз сөздер айтпаған болар едің! Оқалақ тиген сиырдай неге сонша еліресің, сен нойыс!.. Әшиін, құр кеудесің, сен, көзіңе шел біткен! Әйтпесе, Ақжол ағамыз баршамыздан жасы үлкен, білімі де биік, көпті көрген. Ағаның шыққан шыңдары сенің түсіңе де кірген емес. Сенің ісің өрескел шикі, жылдам қатеңді мойындап, ағадан кешірім сұрауға міндеттісің сен, шайпау, ындының төмен неме!.. «Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей, азды-көпті жетістігіңді малданып, қасыңда қақпайлайтын кісі болмаған соң, сен, бара-бара түбірі саяздардың үйреншікті өзімбілемдік кеселіне шалыққансың! – деді, ызбарлы үнмен, мүлдем қатуланып Батырбек. Оның мірдің оғындай өткір сөздері Ақылбектің сұсын тосып тұтты, басын көтертпеді.

Батырбектің сөзі Ақылбектің екпінін басып, бетін қайырды.Осыдан соң ол киліккен жоқ. Сөзге Елжан араласты: «Жақында ауылыма соғып, үлкендерге сәлем бердім. Ішінде көп жасаған, тоқсанға таяған, көргені мен тоқығаны көп қариямен біраз пікірлестім. Әнеукүнгі мәселе турасында сол қарияның ойын білгім келді. «Көке, біз мектепте «Өлі табиғат» атты пән оқыдық. Қазір адам мен сол табиғаттың арасы қашықтап бара жатыр деп жүр. Сіз осыған не айтар едіңіз?» – дедім. Сонда «Әй, қалқам! Мен сенің өлі ме, тірі ме табиғатыңды білмедім. Көргенімді айтайын!.. Жайлаудамыз. Айдын көл жағасында. Суы мол. Көлдің жағасы айнала жайқалған құрақ, майысқан қоға, ашық, терең, шылаулы  ортасында қиқулаған қаз, үйрек, құтандар, шет жағы суы тобықтан, әрі кетсе тізеге жетер-жетпес мол ашық алаң. Зауза аяғын ала бере, саратанның басында су жылысымен сазан ойнақ салады сол алаңда. Табиғаттың құдіретімен сазандар топ-тобымен бірін-бірі қуып, суды олай да бұлай, айқұш-ұйқыш сызады армансыз толқындатып. Сол уақытта ішінде жүрген біздей балаларды бар екен деп те есепке алмайды, кейде тіпті балтырымызды түйіп кетеді. Ал, енді осыны не дейсіңдер?.. Ендеше, осы барып тұрған туған жердің толқынысы мен қуанышы! Жер, су және балықтың қуанышы, жалпы тірі жан несібесі мен нәпақасының өсуі. Жаңағы сен айтқан табиғатыңның көрсеткен ризашылығы. Осыдан артық, табиғат енді не айтуы керек саған, жолың болғыр?!» деп демін алды ақсақал.

«Сөйтті де бүгінгі күні даланың шөбі сиреп, топырақ бозарып, өзектер құрғап, айналада бұрынғы үйір-үйір малдың орнына қарауытқан шаң көтеріліп, ұйытқығаны сендейлерге мол хабар, сол жаңа өзің айтқан табиғатыңның реніші мен өкпесі екенін сен сезбейсің, ә-ә, пәтшағар?!  Әй, бар болғыр балаларым-ай, жау алыстан келген жоқ, қасымызда! – деп сөзін аяқтады қария. Осы сөзден кейін өзімді біреу маңдайымнан салып қалғандай болғаны рас! Отырған орнымнан зорға тұрып, үлкендермен ұяла қош айтыстым.

Байқайсыңдар ма, мен сол қарттың сөзінен көп сырды ұққандаймын! Ойлансаңдар, сол қария салмақты бізге аударып отыр! Міне, солай!..» – деп сөзін түйіндеді Елжан.

Өмір болғасын кейде бұлар бір-бірімен келіспей қалатын кездері болып тұрады. Сондай уақытта Еріктің ара ағайындық міндетті атқарып, жұртты табыстырып жататын жақсы қабілеті бар. Сол қабілеті есіне түскендей ол орнынан тұрды: «Уа, ағайын, жаңа ғана көрдіңдер, мәселенің шындығына жетеміз деп те шаршадық, айқайластық, ренжістік, шатастық, берекеміз кетті, бірлігіміз сұйыла жаздады! Сонда не таптық? Түк те!.. Баяғыда қазақ даласында «Қырық өтірік» әңгімелері жиі тараған, олар жұртты көңілдендіріп, бірлікке шақырған, елге қызмет жасаған. Ендеше, осы баршамыз шындық түбіне жетеміз деп тыраштанбайық, бәрібір жете алмаймыз. Сол шындығың бар ма өзі? Қандай болады екен ол?.. Бірақ, оны ешкім көрмепті. Ендеше, сол бұрыннан қалыптасқан үрдісімізді жоғалтпай, үйренген жолымызбен жүріп, күнімізді көре берейік, маған сенсеңдер осыдан жаман болмаймыз!» деді. Ешкім үндемеді. Қолдағаны ма, әлде, теріс көргені ме?..

Бір уақытта Алтынбек күлсін кеп тоқтамай!.. Барлығы соған қарап қапты. Ол күлкісін зорға тыйып: «Африкада страус атты құс бар. Далада жүреді, ұша алмайды, жаудан құтқаратын ұзын аяқтары. Бойы биік, басы жұдырықтан да кіші. Қауіп төнгенде зымырайды, алайда құтылуға шама жетпегенде кішкентай, жұдырықтан да кіші басын құмға тығып алатын көрінеді. Жау жетіп, оның майлы құйрығын кеміріп, жұлмалап жатса да, құмнан басын шығармай шыдайтын көрінеді, басым аман болсын деп. Көрдің бе, мақұлықтың дәмесін? Өз-өзін жұбатып ақталуын! Одан не пайда, бәрібір біреуге жемтік болады. Сол жерде оның миы кем тек шүйкедей басы қалатын көрінеді. Жұдырықтан да мазасыз, мисыз басын не қылсын оның жауы?.. Ендеше, сен, Ерік,  сол страустың дәл өзісің! – деп, Алтынбек қайтадан сықылыққа басты.

Отырғандар күлген жоқ. Әлде, күлкінің ар жағында күлмейтін сыр барын сезді ме? Өлара, дүдәмал тыныштықты Кенженің екпінді, ойлы, тегеурінді дауысы тарқатты: «Өмірдің басты мағынасы – жақсы мен жаманның, оң мен терістің жігін ажырата білу. Жақсыны қолдағаның – өмірді жақтағаның, жаманды сынағаның – оған оң болуды ескерткенің, үйреткенің, ой салғаның, көмектескенің! «Жақсыны жақсы деп бағалап, қолдап, оның абыройын көтере алмасаң, жаманды жаман деп, кемшілігін бетіне басып, тәубесіне келтіріп, төменге ысырып, кейін алға қадам басуына мүмкіншілік жасамасаң» адам болып жүргеніңнен не пайда, не қайыр?! Мен осы сөзімді қазір жанымызда бастарын төмен салбыратып, салы суға кеткендей сүмірейіп,  кінәлі кісідей өзге жүзіне қарай алмай отырғандарға сілтеймін! Қараңдаршы, құдды өрелеп тастаған жылқыдай, кібіртіктеп, үндемей қалуын!.. Осылар да кінәлі. Немқұрайлылығы үшін, маған осы не керек, осында нем қалды, бәлесінен аулақ деп ұсақ, пенделік, пақырлық түнектен шыға алмай отқандары үшін!»

Төрт аяғы толық жорға үстінде келе жатқан ауыр денелі азамат оқыс қозғалғанда, астындағы жануар ылаждың жоғынан бір сәтке оң жүрісінен жаңылып, шоқырақтайтын көрінеді. Сол айтқандай, Кенженің уытты сөздерінен соң, кісі үні естілмесе де, кейбір орындықтар сықыры сезілді. Адам салмағының салдары тұлпар аяғын тәлтіректетсе, мағыналы, әсерлі сөз  құлақтан өтіп тілсіз орындық бұттарына жетсе не арман?!

Ұзақ үнсіздік орнады. Айтылған сөз жұрт санасына ауыр жүк боп, еңсесін түсірді. Өзгеден бұрын Ақжол бойын тіктеді: «Біздің көлеңкелі тұсымыз бар, қателігіміз де жоқ емес. Бірімізді өзгеміз түсінбейміз, түсінгіміз келмейді, бас пайдамызға жақынбыз. Бұған көнуге болар, бір күні, әйтеуір, келісерміз деп. Әркім шама-шарқы мен ақыл-біліміне сай тірлік жасап, тіс жарады. Алла солай бұйыртса амал жоқ, көнеміз. Бірақ, көнбейтін мәселе бар! Біздің білместігімізден, пенделігімізден шегеді зиян, мұңаяды туған жер».

Серікбай ҚОШҚАРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<