Жымық (детектив-хикая)

499

0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Капитан Мұқан Расултегінің кезекті еңбек демалысынан келген күні болатын. Қалалық ішкі істер басқармасы ғана емес, облыстық ішкі істер департаменті бойынша да тоғыз айдың қорытындысымен тергеушілер арасында үздік атанып, демалысқа мүмкіндік алған-ды. Алматының күзгі табиғатын жиырма күннен аса тамашалау ерекше жігерлендіріп, бойына қуат құйғандай болды. Сол қалыптағы көңіл-күйді бастықтың шақыртуы бұзды. «Тағы да сапырылысқан тірлік, мазасыз күндер, ұйқысыз түндер басталды-ау» деп ойлады іштей.

Оперативтік жиналыс бұрынғы тәртіптен өзгеше жүрді, бұрын алдымен ауыр қылмыстарға қатысты шаруалардан басталып, соңы майда бұзақылыққа қатысты істер туралы болатын. Бұл жолы бастық әуелі көше төбелесі, балағаттау, ұрлық және т.с.с. істерге қатысты шаруаны қорытып, бағыт берді де, әңгіме бағытын кісі өліміне бұрды. Иә, мұны Мұқан Алматыда жүргенде естіген, телефонмен хабарласқанда әріптестері болған жағдайды айтып, өз-өзіне қол жұмсау деген еді. Мұның санасында «Бастық неге бұған мән беріп отыр, самоубийство болса, істі қысқарта салмай ма?» деген ой бой көтере бергені сол еді, бастықтың дауысы қалыпқа әкелді.

– Мына Абай ауылының қалаға кіргені бізге бөлек салмақ болды. Жігіттер! Естіген боларсыңдар… Әлеуметтік желі шулап жатыр. Министрден бастап барлық басшылықтың көз-құлағы біз жақта. Облыс әкімінің де, облпрокурор мен ДВД бастығының да бақылауында тұр бұл іс. Тұяқов өзін-өзі атып алды деп қорытынды жасадық, қосауыз мылтықтағы саусақ таңбалары соныкі боп шықты. Барлығы нақтыланған сияқты еді. Тұяқовтың әке-шешесі мәселені қайта қозғап отыр. Олар біреулерден баласын Әбдіханов Ғабит атып өлтірді деп естіпті. Міне, бұл әңгіме қайдан шықты, неге басқа емес Әбдіханов есімі аталады, мұны біреулер әдейі істеп отыр ма, осының барлығын анықтауымыз керек. Іс қайта қозғалды. Мұны Расултегі саған тапсырған дұрыс болар.

– Полковник мырза! Мен бүгін ғана…

– Иә… Білемін. Бүгін қосылдың жұмысқа. Қалған тергеушілердің бітпей жатқан талай ісі бар. Сен отпускаға кетерде бәрін бітіріп, тазалап кеттің, оның үстіне тәжірибең, хваткаң жетеді. Бұл ДВД басшыларымен келісіп шешілген. Әуелі сондағы важняктарға береміз бе дегенбіз. ДВД бастығының зам. по следствиесі сені қолай көрді. Осымен бітті. Іспен танысуға бір күн уақыт.

– Құп болады!

Кабинетіне келе Мұқан іспен таныса бастады. Барлығы да дұрыс. Жігіттер тәптіштеп-ақ түсірген екен қағазға, мұқияттылық көрініп-ақ тұр. Кенет… Кенет тергеушінің санасында бір күдікті ой қылаң берді. «Ау, мұнысы несі? Кісі оқ тиіп өліп жатса, ол жерге біраз қан таму керек емес пе? Иә, тек шөпке жұққан қан жұқанасы туралы жазылған, басқа әңгіме жоқ». Тоқта… тоқта… Апырай-ә?! Өзі мылтықты кеудесіне тақап атып жібергенде… Қалай ол шалқасынан жатыр? Осындағы мәйіттің жатысы дұрыс емес сияқты ғой… Егер өзі жинаулы тұрған шөпке арқасын тіреп отырса… Тоқта… Тоқта… Мына жер… Он алтыншы калибрлі қос ұңғылы мылтық… Так… Так… Шүріппеде марқұмның сұқ саусағының таңбасы… Немене? Неге сұқ саусақ… Ау, өз кеудесіне мылтық тақаған жағдайда оның сұқ саусағы шүріппеге қалай жеткен, керісінше бас бармақтың ізі қалу керек еді ғой… Е… мынаның құқайы шыға бастады ғой… Әңгіме-шу тегіннен-тегін шықпаған болды-ау, сонда… Әлде біздің ішімізде, басшылардың арасында істің осылай бұрылуына мүдделілер болды ма екен… Мүмкін, бәрі де мүмкін… Байқау керек. Қазір жау тауып алу дегенің шемішкі шаққанмен бірдей боп қалды ғой. Бастықпен ақылдасып көрген дұрыс болар. Не болса да алдын ала дабыра қылмаған дұрыс шығар.

Жұмыс соңына қарай бастықпен оңаша пікірлескен Мұқан өз бағытының дұрыс екеніне іштей риза болды. Бұл ойындағы күдігін айта бастағаннан ұзақ жылдар тергеу саласында қызмет атқарған басқарма бастығының қабағы түйіле түсті. Шылым шоғына қарап біраз отырды, шамасы ой қорытса керек, содан кейін барып шешімін айтты.

– Расултегі, бағытың дұрыс. Менің зам. по следствием сол кезде, оқиға болған кезді айтамын, тым зырылдап кеткен. Байқа! Маған айтқаныңды басқа ешкім естімесін. Әркім сұрауы мүмкін, қашыртпа жауап берерсің. Тек маған баяндап отыр, іс жағдайы соны қажет етеді. Бастықтармен, прокуратурамен өзім сөйлесемін. Ол жақта да әділдік үшін күресер жігіттер аз емес, бірақ… подлецтер де жеткілікті. Уақыт солай боп тұр ғой. Ал енді Абай ауылымен қалай жұмыс жасамақсың?

– Астыртын байланысқан дұрыс сияқты, полковник мырза. Өткен жылғы қылмысты ашқанымыздағыдай артист болуға тура келетін сияқты. Түрлі киімдер, грим, сақал-мұрт барлығы бар ғой. Қасыма кімді аларымды білмей отырмын.

– Ешкімді де… Тек өзің… Жеке әрекет етесің. Абайлау керек. Анадай қылмысқа барған адамдардың ешкімді аямасы анық. Жұмысты қайдан бастайсың?

– Балық саудасымен айналысатын таныс жігіттермен келісіп қойдым. Олар ылғи Жаңа базар маңында, №6 емхананың қарсысына таблетка УАЗ-бен барып балық сатады. Оларға «Отпускадамын, ақша керек боп тұр, сендерге көмек берейін» дедім. Сол жерге балық тиелген машинаны әкеледі де өз шаруаларына кетеді, мен сата беремін.

– Ол неге керек?

– Полковник мырза, ол жерде тек балық сатпайды, Абай, Қарауылтөбе ауылдарынан келген әйелдер сүт, қатық, қымыз, құрт-ірімшік сатып отырады. Соларды тыңдасам дегенім ғой.

– Дұрыс. Әртіс боласың енді. Түріңді өзгерт. Ана жігіттерге «Жұрт танып қалса күледі ғой, сосын осылай істеймін» деп ескертерсің.

– Иә. Оларға тура солай дедім, барлығын ескерткенмін.

– Онда, іске сәт!

***

Бұл ерте келді, жігіттер де уәдеде тұрып, таблетка УАЗ-ды бұрынғы орындарына ерте қаңтарды. Абай, Қарауылтөбе бағытынан осында таңғы 7-дегі автобуспен келген болар, он-он бес минуттан соң әйелдер де орналаса бастады. Әуелі бұған сенімсіздікпен қараса, сәлден соң мұрты қиылған әдеміше жігіттің әңгімешілдігі ұнаған әйелдер бұрыннан таныс жандай іштарта бастады. Осы кезде жасы қырыққа таяған әдеміше әйел келіп қосылды бұларға, Мұқанның байқауынша осы қалада тұратын, бірақ жақын ауылдардан келген сүт, айран, қатықты сататын тәрізді. Мінезі ашық, адуындау келген ақсары әйел орыс мектебін бітірген болуы керек, «Привет!» деп сәлемдесті де, орысша-қазақшаны араластыра әңгімеге кірісті. Ақ кепканың күнқағарын баса киген әйел ол отырар-отырмастан сөзге тартты:

– Света! Әу, Света! Біраз кәністір келді ғой, дұрыс өлшеп алдың ба? Әйтпесе, ана Аманның қатыны нағыз жұмыртқадан жүн қырқатынның өзі ғой. Су қосып жібермеп пе? Оны да байқау керек.

– Окэй, қылдым тәте. Тот раз, өзің білесің ғой, үйіне барып, война жасап қайттым ғой, ыдыстарын бетіне лақтырып. Арыз жазып, соттатып жіберемін дедім. Пәленбай адам сенің сүтіңнен отравление болып, инфекционныйда жатыр деп едім, сорлы еңіреп жылап жіберді.

Отырғандар ду күлді. Бәрі де «Сауап болған. Халықты олай алдауға болмайды» десіп жатты. Әлі көшеде адам аз. Сатып алушылар тоғыздан өте келеді, оған дейін біраз мәлімет ала алсам жақсы болар еді деп ойлады Мұқан. Оның осы ойын күткендей Света әңгіме бағытын бұған бұрды.

– Ей… Красавчик! Откуда? Бұрын бұл жақта, горизонтта жоқ едің ғой.

– Нең бар? Жайыңа отыра алмайсың ба? Болат балықшының інісі екен…

– Красавчик! Женатыйсың ба, әлде? Ой, сендей жігіттер бос болатын ба еді…

– Ту… Света-ай, сенің еркек көрсең бітті, буының босап қоя береді-ау…

– Ну-и… что, әйелміз. Көріксіз емеспіз. Любовь деген болады, татешка…

– Өй… сөзің құрысын сенің… Қырыққа келгенде неғылған адасып жүрген үлубоб?

– Настоящи любовь қырықта келеді екен, тәте.

– Ту-у. Мынада қайт жоқ екен ғой. Әй, сол үлубоб дегенің талайдың басын жұтып жатқан жоқ па?

– Тате… Саспа… Вся жизнь впереди… Алла Пугачева дегенің жетпісінде де любовь болып жатыр.

Осы кезде Мұқан әңгімені қажетті арнаға бұру керектігін түсінді.

– Апам дұрыс айтады. Сол махаббат деген Баян сұлудың да, Қыз Жібектің де қасіретіне айналып, Қозы мен Төлеген өлген жоқ па? Қазақстанның өзінде қазір қаншама адам атысып-шабысып, бірін-бірі өлтіріп жатыр, атып тастап жатыр. Менің бір досым айтқандай «Махаббат – опасно для жизнь» болып тұр ғой.

Света бойын тіктеп, бір-екі қимыл жасады да, аналарға бұрылды.

– Оу, Абай, Карауылтөбе… Атыс демекші, анадағы атыстарың не болды. Кімді кім атты, әлде өзін-өзі атты ма, түсінбей қалдық қой. Тіпті, не понятка…

Сәл үнсіздік орнады. Әйелдер төңіректі бір шолып алды да, жақын тұста адам қарасы көрінбегесін сөз шүйкесін соза түсті. Әңгіме тізгінін қолына алған кексе әйел сөзді әріден бастады.

– Не шықса да ана Ғабит сұмырайдан шығады, қанын ішіне тартып, сұп-сұр болады да жүреді. Ал марқұм Жетес дегендер тұқымымен тәуір адамдар ғой. Әкесі Сәмит Тұяқов ағай өмір бойы мектепте мұғалім, директор болды. Қыздары қандай, сызған қағаздай… Бір өнегелі семіия еді. Мына бір қатын, әлгі марқұмның қатынын айтамын, сол келді де, осы үйдің берекетін алды.

– Сен не айтып отырсың, а?! Ал ол біздің алыстау болса да нағашы сіңліміз. Оның кімнен несі, қай жері кем… Қайта байы аузынан суы ағып жүрген түсірімсіз емес пе. Сосын жан-жағына қарайды да… Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді демей ме бұрынғылар.

– Ол мақал қатыныңның құлы бол деген сөз емес. Сол сіңлің мектепте жүргенде-ақ елге белгілі болды емес пе, беті жылтырап, кеудесін керіп, көрінген еркекке көзін сүзіп, алдын басса арты, артын басса алды ашық жүрген әуейі еді ғой. Қайта мына қасқа тап бола кетіп, біраз абыройын жапты…

– Әй, қатындар! Хватит! Тоқтаңдар! Не понятка болып кетті ғой. Давай по-порядку…

– Не пәрәдкісін сұрайсың, Света! Әлгі өлген жігіттің қатыны бет біткеннің ажарлысы болғаны құрысын, жас күнінен бұрандасы босап кеткен….

– Тоқта! Не бұранда ол? Босап кеткені несі?

– Ойбай-ай! Сен қатын да құрттың-ау, тым жақсы әңгімені бұзып… Не қазақ емессің, не орыс емессің…

– Татешка, давай не оскарбляй. Почему қазақ емессің. Қазақпын…

– Енді… Құрышы әрі… Жүргішті… не дейтін еді. Мынаған түсіндірсеңдерші…

Келесі әйел өзінше түсіндіріп жатыр.

– Гуләшшій деген ғой…

– Да…А… Слабый передок па… Ондайлар бар енді… Дальше…

– Бәле сол қатыннан басталып тұр. Жетес марқұмның көзін ала бере, ана сұмырай Ғабитті айтам, әлгі сұқсырға бара қалмай ма. Сүйіс-пүйіс, істі енді бастайын деп жатқанда Жетес үстерінен түскен көрінеді. Тұйықтығы болмаса нағыз қара күштің иесі ғой ол, қатынды да, ананы да өлтіре сабайды. Айқай-шуды әкесі естіп, арашалап алады. Әйтпесе екеуін де капут қыла жаздаған ғой. Қатынды қуып жіберген сосын, ана сұмпайы бүкіл ауылды, ақсақал, қарасақалды салып, кешірім сұрады ғой Тұяқовтардан…

– Содан… Дальше…

– Содан кейін екі ай өткесін ана сұмпайы бар, тағы да Ерлан, Қабылан дегендер бар Жетесті ертіп киікке шығыпты. Содан сорлы бала өлі келді ғой. Онда да мал қарап жүрген балалар көріп, хабар беріпті.

– Да-а-а… Дела…

– Әй! Сен қатын көзің көрді ме? Ол қоян атып жүріп, байқаусызда өзі жазым болған жоқ па? Бүкіл ел, мілитса солай деген жоқ па?

– Мілитсаң не бітірсін… Мына Ғабиттің ол жақта құдасы бар екен, бір шишка дейді, сол көмектесіп жауыпты ғой…

– Оны қайдан білдің?

– Ал, білдім. Сонда бәрін саған айтуым керек пе? Сондай-ақ сен кімсің, сотсың ба, піркорорсың ба? Одан да нағашы сіңліңнің жайын ойламайсың ба…

Сатып алушылар келе бастады, әңгіме бағыты басқа жаққа бұрылды. Келіскендей түс кезінде Болаттар да жетті, бұл оларға сатылған балық пен түскен ақшаның есебін беріп, жөніне кетті. Тергеуші бастық жіберген арнайы жабық машинада келе жатып та, көлік үстінде киімдерін ауыстыру кезінде де ой үстінде еді, ол жаңа бір ізге түскенін сезді. Манағы әйелдің айтқаны шын болса… Ойпыр-ай, не деген сұмдық! Адам баласы жауыз болып бара ма? Ойланбайтын болғаны ма? Кек алу ғой шамасы… Ойпыр-ай, жауыз-ай, ә…

***

Қарауылтөбе мен Абайды күріш сатып алушы болып екі күн аралаған, ешқандай нәтиже бермеді. Мұқан барлығын бастыққа баяндады. Бастық ой үстінде, бір мезет ойына бірдеме түскендей бұған қарай айналмалы креслосымен еңсеріле бұрылды.

– Капитан, жүнжіме! Менің бір танысым Тараздан осында сатылатын қара күріш іздеп келіпті. Өзі ақтап аламын дейді және бір вагондай алмақ. Сен соны ертіп апар, күріш сататындармен кездестір, сөйтіп, ол жақты тағы бір байқап көр. Кім біліпті, сәтін салайын десе… Сөйт. Ол жақтан келгесін маған жолығарсың…

Ол орнынан тұра бергенде есік ашылып, бастықтың тергеу жөніндегі орынбасары, майор Қапаев енді. Есіктен кіре сөйлеп келеді:

– Кешіріңіз, бастық мырза! Мына бір қағазға срочно сіздің подписіңіз керек болғаны. Ол бір парақ қағазды бастыққа ұсынды да бұған қарап:

– Ау, Мұқан мырза! Сен звезда болып кеттің ғой тіпті. Көрмейміз жұмыста, қайда жүргеніңді ешкім білмейді. Бұл қалай? Бұл аузын ашамын дегенше бастық жауап берді.

– Капитан өткендегі іспен жүр. Мазаламаңдар. Сол самоубийства деген дұрыс сияқты. Ешқандай із жоқ. Жаппар, сен де бұған көмектес. Қазір қысқарта салсақ, ертең полиция іздеген жоқ деп шығады жұрт. Сондықтан уақыт созып отырмыз. Сондай-ақ сабылып іздеген болып та көрінуіміз керек. Әйтпесе болмайды. Түсіндің бе мені?

– Дәл солай, полковник мырза! Әрине ол – самоубийства ғой. Мен мына капитан босқа жүр ғой десем, үлкен саясат бар екен ғой. Түсіндім. Дұрыс. Әй, капитан жарайсың! Тымпиып, түк сездірмейсің ғой. Маладес.

– Тісіңнен шықпасын. Бұл менің тапсырмаммен жұмыс жасауда. Істің түпкі бағыты белгілі ғой, соған барлық жағынан балталаса да бұзылмайтындай ғып подгон жасауымыз керек. Жүрген-тұрған жерінің бәрін хаттамаға түсіріп дегендей…

– Ұқтым бастық мырза! Ал капитан көмегім керек болса, мен дайын. Ну и дает. Тіпті сездірмейді де. Жұрттың бәрі Штирлиц болып кеткен бе, немене өзі?

Майордың түрі манағы келгендегідей түнеріңкі емес, жайнап кеткен, манағы тығыз қағаз дегенін де ұмытып кеткендей. Ол шығып кетті, бастық байқадың ба дегендей иек қақты, бұл байқағанын сездіріп басын изеді.

…Бастықтың танысы жеңіл көлікке отырар-отырмастан бұдан «Полиция қызметкерісің бе?» деп сұрады. Бұл жеке кәсіппен айналысатынын айтты. Анау үнсіз қалды да, жүргізушіден «Сен ше?» деп сұрады. Ол да басқа салада, «КазГерМұнайда» жұмыс істейтінін, жақында вахтадан келгесін, қолы бос болғандықтан бір танысының өтінішімен келе жатқанын айтты. Анау басын шайқап мырс ете қалды. Мұның сұраулы кейпін аңғарған болуы керек, анау сампылдай жөнелді.

– Мына Нұрланды айтамын-ау. Бала күннен бірге өстік. Сол кезден осы мінезі. Әйтпесе, қарамағанда зырылдап тұрған машина да көп, ызғып жүрген сотрудниктер де көп. Мына ауылға, әкімі ме, учасковойы ма біреуіне бір звонок тастаса бітті ғой, бүйтіп сандалмай-ақ, күрішті өздері әкеліп берер еді және арзан алар едім. Көрмейсің бе істеп отырғанын. Оның беделін пайдаланам ба десем, ол «Менің атымды атасаң не менімен таныс екеніңді айтсаң бос қайтуың мүмкін» деп қарап отыр. Не дейсің енді бұған. Шынында да солай ма?

– Әрине, – деді бұл, – кім полицияны ұната қойсын.

Мұқан қонақты күріш сатамын деушілердің бірі Айдарханның үйіне апарды. Себебі, оның үйі бұл күдіктеніп жүрген Ғабит Әбдіхановпен көрші еді. Сатып алушы мен сатушы біраз саудаласты, ақыры бір мәмілеге келді, дастархан жайылды, қазанға ет салынғаны хабарланды. Мұқан шылым шегуді сылтаурата сыртқа шығып, үйдің көше бетіндегі скамейкаға тізе бүкті. Анадай жерде, көп болса бұдан елу-алпыс метрдей тұста бір топ бала төбелескен екеуді қоршалап тұр екен. Мұның айқайын елең қылған бірі жоқ, шамасы бұл ауылдыкі емесін біліп тұр-ау. Ауылдың хабары деген осы, өзіңнен бұрын жетеді. Бір кезде жеңіліп, таяқ жегені жылаған күйі топтан бөлініп шығып, бұған беттеді. Жылап та келеді, боқтап та келеді: «Тап қана шешеңнің… Көрсетемін әлі саған… Әй, яп…. Көкемнің гаражға тыққан мылтығын әкеліп атып тастайын ба осы. Әкеңнің аузын… Ойбай-ай, ойбай, мұрнымды қанатты-ау. Көрсетемін саған…». Он-он екілердегі бала жылаған күйі мұның тұсынан өтіп, көрші үйге кірді. «Ие, бұл Әбдіхановтың баласы болды ғой. Гаражға мылтық тыққан ба сонда. Ім-м…».

Бұл қайта оралса, дастархан басындағылардың барлығы қуырдаққа кірісіпті. Үстел үстіне ішіндегі запыранды сусыны мөлдірей бір бөтелке арақ келіпті, екі саудаласушы бір реттен тартып жіберген сыңайлы.

– Оу, жігітім! Далаға шығып ең, жоқ болып кеттің ғой, мына қуырдақ керемет екен. Ал мына орыстың дүниесіне қалай едің? Шопыр бала за рулем, оған болмайды, сен қосыласың ба?

– Аға, рахмет! Ем алып жүр едім.

– Қазіргі жастар – осы. Ішпейді. Намаз оқиды. Заман солай боп тұр, ладно, онда қуырдақтан алыңқыра. Тәтті екен. Айеке, бұл ненің етінен жасалған?

– Киіктің еті ғой… Алыңдар. Жеңсік ас. Көршіміз охотник. Бір шыққанда бортовой УАЗ-ды толтырып әкеледі. Бізге арзан береді. Ал қалаға қымбатқа өткізеді екен.

– Сонда киікті қайдан аулайды екен? Бұл елеусіздеу түрде ғана сұрақ қойды.

– Қайданы несі? Айдархан таңқала қарады:

– «Айтақырдан» да. Мына «Құмкөл» жақтағы.

Екі сағаттан соң бұлар қалаға қайтты. Шаруасы біткеніне қонақ та мәз, біраз нәрсені біле алғанына Мұқан да мәз.

– Апыр-ай, деп қояды іштей тергеуші, – Тура бастықтың айтқанындай болғанын қарашы. Сәті түсті деген осы емес пе?!

***

Бұлар келгенде тал түс еді. Басқармадағылардың көбісі түскі асқа кетіпті, бастық та сыртқа шығып келеді екен, бұлардың көлігіне отырды. Көлік бастықтың үй жанына келгенде ол жүргізушіге:

– Інішек, бес-он минут күте тұрарсың. Қазір мына ағаң қайта шығады, соны баратын жеріне жеткізіп саларсың, – деді де, бұларға:

– Ал, үйге кірелік, – деді. Ауладан кіре бере бастық қонағына:

– Хама! Шаруаң біткен сияқты ғой. Көзің күлімдеп тұр, – дегені сол еді, анау да шап ете қалды.

– Ту-у… Бұдан ешнәрсе жасыра алмайсың ғой енді. Ішіңдегіні біліп қояды. Чекистпісің деген. Иә, Нұреке! Шаруа бітті. Тамаша. Мына жігітің де жарады, тура керек жерге дөп түсті.

– Е… Енді тәжірибесі бар кәсіпкер емес пе, Хама! Сен үйге кіре бер! Обед дайын. Менің мына жігітпен екі ауыз сөзім бар еді.

Қонақ ырғала үйге кірісімен ол іс жайын сұрай бастады. Бұл білгенін, естігенін айтты.

– Жақсы. Онда сен қазір тездетіп жұмыстан осы іске қатысты барлық материалды ал да, түскі асыңды іш. Ешкімнің сезбегені дұрыс. Әсіресе анау… Сосын мына адреске келесің. Ол пәтер жөнінде жан баласы білуге тиіс емес. ДВД-ның жасырын пәтері, жан-жағыңды тексеріп барып кірерсің, тура сағат екі жарымда, қоңырауды екі рет ұзақ, бір рет қысқа басасың. ДВД бастығы, оның тергеу жөніндегі орынбасары және мен боламын. Іс туралы баяндайсың. Түсінікті ме?

– Дәл солай!

…Мұқан пәтерге кіре бере-ақ мұның арнайы жабдықталған үй екенін ұқты. Ішкі істер саласында он жылдан аса қызмет атқарса да, мұндай пәтер барын білмегеніне таңқала тұрып, ол кең бөлмеге сканер, компьютер және т.б. жабдықтар қойылғанын көрді. Бастығы асықтыра бастады.

– Капитан тездет, барлық құжаттарды, экранға шығар!

– Құп болады!

 Мұқан баяндай бастады. Оның дауысын анда-санда құжаттарды ауыстырған кездегі сканер дыбысы ғана бөлуде.

– Күдік алуыма алғашқы себеп – мүрденің жату қалпы. Бұл тұста бірден екі кереғарлық бар. Біріншісі, адам өзін-өзі атқан жағдайда оқиға болған жерде біраз қан жойылтары анық. Оқиға орнын қарау хаттамасында ондай төгілген не ұйыған қан жоқ, тек аз ғана қан жұққан пішен көрсетілген. Бұл оқиғаның басқа жерде болғанын, яғни, оның басқа жерде өлгенін көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды, өлген адамды біреу не біреулер жиналған шөп жанына басқа жақтан әкеліп жатқызған. Бұл – біздің оқиға, өзіне-өзі қол жұмсау емес, керісінше кісі өлтіру болған деп топшылауымызға негіз болады. Енді осыны дәлелдермен толықтыралық. Біріншіден, жоғарыда айтылған жағдай кісі өлімінің басқа жерде болғанын көрсетеді, екіншіден, оқиға басқа жерде болса, өлген адамның жиналған шөпке келіп, өзі жата кетпесі белгілі, яғни, біреулер әкеп тастады. Бұдан кісі өлтіру жағдайы болғанын көреміз.

Келесі күдік тудырған жайт, егер өзіне-өзі қол жұмсаған адам арқасын жинаулы тұрған шөпке тіреп отырса және кеудесіне тірей мылтықпен атып жіберсе, онда ол шалқасынан құламайды. Себебі, ол мылтыққа қарай еңкейе отырады, өйткені мылтықтың ұзындығы метр жарымдай, ал шүріппе тұрған тұс өзіне мылтық кезеушіден кемі 80-90 сантиметр, мұндай жағдайда еңкеймесе, оның шүріппеге қолы жетпейді. Оның үстіне қос ұңғылы аңшы мылтығы атқан кезде кері тебетінін есепке алсақ, оқ тиген адам етпетінен, не бір бүйірге қарай құлау керек еді. Біздің жағдайда тіпті басқаша болып тұр, бұл да кісі өлімінің өзін-өзі өлтіру емес екенін анықтайды.

Одан соңғы күдігі – мылтықтағы саусақ таңбасы. Қос ұңғылы аңшы мылтығында Жетес Тұяқовтың сұқ саусақ таңбасы шүріппеде ғана барын сарапшылар көрсетеді. Міне, қорытындысы. Бұл тұста да қисынға келмейтін нәрсе бар. Егер Жетес Тұяқов өзін-өзі атпақ болса қос-ауыз мылтықты омырып, оқпанға оқ салуы керек. Ондай жағдайда мылтық стволында да, дүмінде де оның саусақ таңбалары қалуы керек еді. Сарапшылар көрсеткендей оның саусақ таңбасы тек шүріппеде ғана. Бұл да қисынға келмейді, өйткені, өзін-өзі ату жағдайында адам тек өз аяғын атса ғана сұқ саусақпен шүріппе басуы мүмкін, басқа жағдайдың барлығында сұқ саусақ шүріппені баса алмайды, тек бас бармақпен ата алады. Бұл да жоғарыдағы пікірді бекіте түседі. Содан соң Тұяқов өзіне-өзі қол жұмсамақ болып, мылтық оқпанына оқ салды делік, енді оны ату үшін мылтық құлағын қайыруы керек қой. Міне, мылтықтың екі құлағында да із, таңба жоқ, тап-таза. Сонда неге тек шүріппеде сұқ саусақ таңбасы қалған? Біреу Тұяқовты атып өлтіргеннен кейін, мылтықты сүртіп, оны марқұмның қолына ұстатқан және шүріппеге оның сұқ саусағының таңбасын әдейі қалдырған деп қорытынды жасаймын.

– Оқ дәл сол мылтықтан атылған ба? Департамент бастығы түйіле сұрады.

– Иә. Дәл солай… Бірақ, мылтық тіркеуде жоқ екен.

– Одан соңғы шаруа қалай болып жатыр?

– Абай, Қарауылтөбе ауылдары адамдары арасында жүргізілген астыртын іздестіру жұмыстары мынадай жайттарды анықтауға мүмкіндік берді. Біріншіден, Жетес Тұяқов отбасы – сол ауылдағы өнегелі отбасылардың бірі. Марқұм да салмақты, қақ-соқпен жұмысы жоқ, шаруасына мығым жігіт болған. Алайда, әйелінің жеңіл жүрісі бар көрінеді. Мәселе, осыдан басталған сияқты. Оқиғадан екі ай бұрын марқұм болған жігіт сол ауылдың Ғабит Әбдіханов деген жігітін өз үйінде әйелімен сүйісіп тұрған жерінен ұстап алады да, өлтіре сабап жібереді. Әйелді де үйінен қуып жібереді. Әлгі Әбдіханов ауыл ақсақалдарын араға салып, Тұяқовтардан кешірім сұрап құтылады. Бірақ ішіне кек сақтаған болуы керек. Оқиға болардың алдында сол ауылдың Ерлан, Қабылан деген жігіттері бар, әлгі Әбдіханов Жетес Тұяқовты аңшылыққа алып шығыпты. Бортты «Уаз» – Әбдіхановтікі, «ЛандКрузерПрадо-80» – Ерландікі, төртеуі прожектормен, мылтықпен кетеді. Ана үшеуінің жауабы – міне. «Былай шыға бере Жетес аңға барудан бас тартты, қоян атамын деп поля тұсынан түсіп қалды. Біз де ауылға қайтып кеттік». Үшеуі де осылай түсінік беріп отыр. Бірақ олар сол күні киік атуға барған болуы керек. Көршілерінің айтуына қарағанда «Құмкөл» жақтағы «Айтақыр» атты жерге баратын сияқты. Жаңбыр суы қақ болып бір-екі ай тұрып қалатындықтан киіктер сол маңда көп айналсоқтайтын көрінеді. Енді сол төңіректі қарау керек болып отыр. Айғақтар табыла ма деген ой бар. Әйтпесе, қолымызда бұлтартпас дәлел жоқ.

 – Ім-м… да… жақсы, капитан, сен бара бер! Біз ақылдасып, шешерміз. «Айтақыр» жаққа бару керек болса, барасың. Бірақ жұрт сенің ол жаққа кеткеніңді білмеуі керек. Сенімді екі машина, криминалист, видеооператор да қажет. Бұйрық күтіңіз! Кез келген уақытта жолға шығуға дайын бол!

– Құп болады!

***

 Сыр бойының Арқамен шектесетін тұсында екі машинаның дала кезіп жүргеніне екі күн болды. Маң дала, көз алдар сағым, бірінен екіншісі аумайтын, ұқсас табиғат көрінісі. Алыстан кішкентай бұтаның өзі буалдырланып, сағыммен көтеріле шөп тиеген жүк машинасы келе жатқандай көрінеді. Иә, екі машинаға бөліне мінген жігіттер Мұқан бастаған топ болатын. ДВД бастығы бұларды әдейі Оңтүстік Қазақстан облысына іссапарға жіберген болып бұйрық шығарды. Азық-түлігін, жанармайы мен суын аптаға жетерлік етіп алған бұлар сол күні таң алдында шығып кеткен. Сапар бағытын жұртқа білдірмес үшін із тастап, Жаңақорғанға барып, одан қара жолмен кері оралуға тура келді. Бұлар көлікке мінер алдында Қапаев кезіге кетті.

– Ну, капитан, саған повезло. Рахат, қыдырыстан қыдырыс…

Мұның қабағы түйілгенін көрісімен кілт өзгерді. Жұртқа байқатпаған болып көзін қысты, онсыз да қушық иығы арасына басы кіре, күржиіп, шиқ-шиқ күлді.

– Шутка ғой, шутка… Білемін ғой, ситуация требует. Давай жол болсын!

Міне, содан бері жол үстінде. Төңірекке жіті көз тігеді, бірақ санасында жауабы жоқ сансыз сауал. «Құқық қорғау саласы қызметкерлері арасында қылмысқа баратындардың болуы неліктен, неге барлығы әділдік, шындық үшін күреспейді, неге жала жауып біреуді күйдіріп жатады. Адамдар неге бір-біріне өш, неге ұрыс, керіс, төбелес болады? Неге бірін-бірі өлтіруге дейін барады? Әлде жүйкелері дұрыс емес пе?»

Бүгін олар «Айтақырдың» шығыс бетін қарауда. Созылған сары дала, күз кейпі барлық жерде бірдей. Көліктер «Айтақырдағы» қақтың екінші бетінен шықты. Жан-жақты дүрбімен сүзе қарап келе жатқан Мұқанның көзіне кенет алыстан дүзгін бұтасы арасында бірдеме көрінгендей болды да, машина бағытын сонда бұрды. Сақтық ойлап, көліктерді тым жақындатпаған ол барлық қызметкерлерді әрі қарай жаяу бастады. Оператор видео түсіруде. Тақырлау тұстарға машиналар ізі түскен екен, сірә, жаңбыр суы дегдіп кетпей тұрғанда жүрсе керек, ап-анық көрінеді. Криминалист іске кірісті, бір тізелей отырып із таңбаларын алуда. Жасы Мұқаннан үлкен, майор шеніндегі жігіт ағасы:

– Бала, босқа арамтер болып жатпайық. Машина деген өріп жүр емес пе бұл далада, бұл із саған керек емес боп шықса қайтесің? – деп қояды арасында.

– Бәрібір алғанымыз дұрыс, ой-пікірді жоққа шығару үшін де дәлел керек, – дейді бұл.

Көлік іздері таңбасы алынған соң ғана ол өзі межелеп келе жатқан дүзгінге қарай беттеді. Оған бір-екі метр жер қалған еді, тергеуші кілт тоқтады. Сазды жерге тереңдеу түскен киік тұяғының ізі қарауытады.

– Ау, неге тоқтадың?

– Бөке! Мынаны қарашы, ана бір киіктің ізі мына із сияқты қара емес, ақшыл. Неге? Мүмкін мына ойыла түскен ізге қан құйылып, қарайып кетті ме екен, ә? Тексеріп көріңізші. Мұны да суретке түсірейік, сосын төңірегімен қоса ойып алып, коробкаға салайық, сарапшылар ашар не екенін. Маған қазір керек болып тұрғаны – бұл жерге қанның тамған-тамбағаны.

Криминалист әлгі киік ізіне құйыла жиналғанның қан екенін анықтады, алайда, өз ойын да айтты.

– Мұқан! Қан екеніне дау жоқ. Бірақ адамдікі ме, киіктікі ме, оны сараптама ашады. Мен оны айта алмаймын.

– Рахмет, Бөке!

Одан әрі дүзгінге жеткенде тергеуші жүрегі қаттырақ соқты. Бұл жүрелей отырып, сәл дем алды да, қарай бастады. Иә, жүрек бекерге мазаламапты, дүзгін бұтақшаларына шашыраған қара дақтар көрінеді. Арасында әдетте жұмыс кезінде киетін жеңіл қолғап жатыр екен. Түсі сәл оңған, алайда ақ қолғаптың қарақошқыл түрге енгені қанға малынғаннан деп ой түйді тергеуші. Мана дүрбімен қарап келе жатқанда алыстан көзге ілінген осы қолғап екен.

Жігіттер іске кірісті. Шашыраған дақтар да қан болып шықты, ал қолғаптағының қан екені балаға да белгілі шығар, тіпті, бірнеше саусағы бір-біріне жабысып қалыпты. Бұлар барлығын фото, видеоға түсіріп, құжаттады. Дүзгін маңы картаға түсірілді. Неше күнгі шаршағандары ұмытылған, жүргізушілерге дейін қутыңдап, әзіл айта бастаған.

Бүкіл аймақтың видео көрінісін, видеоның түсірілген уақытын, күнін, айын, сағатын, мезгілін хаттамаға түсіре, түсіру жұмысының бірнеше бағыттан жүргізілгенін, күннің қай тұста тұрғанын, дүзгін бұтасының орналасуын, сынған бұтақшалар, бұтақшалардағы таңба, оның арасындағы қолғап және т.с.с. әншейінде ұсақ-түйек болып саналар жайттардың барлығы да құжатпен рәсімделді. Мұқан бойын тіктеді, өз топшылауының дұрыс болып шыққанына өңінде масаттану да бар.

– Жігіттер! Қазір жер тоңдаған, біздің ізіміз түсе қоймас. Сонда да енді шиырламай, арырақ барып, түскі тамағымызды ішіп алайық, сосын Қызылордаға бет алармыз. Істің құпия екенін естен шығарушы болмаңдар. Бұл жүргізушілерге де қатысты бұйрық. Ертең Шымкент жақтан, Созақ беттен келдік дейсіңдер сұрағандарға. Түсінікті ғой. Бұл туралы басқарма бастығы ескерткен болар. Сонда да еске салып отырмын. Біздің ісіміз – құпия. Байқамай ауыздан шығып кетіп, ертең заң алдында жауап беріп жүрмеңдер.

***

Тағы да бұрынғы құпия пәтерде іс тыңдалуда. Баяндаушы тағы да Мұқан. Алла-ау, кейде осындай дәлме-дәл қайталаулар болатынын қайтерсің. Адам баласы кейде бір жайтты не бір оқиғаны бұрын да көрген сияқты болып тұратыны бар ғой. Ал мұның өзгешелігі – нақтылығы. Тек мезгілі мен уақыты басқа демесең тыңдаушылар да сол бұрынғы адамдар. Алайда, әңгіменің тақырыбы бұрынғы болғанмен, мазмұны басқа. Тергеуші әуелі «Айтақыр» іссапары туралы айтып, үшінші күні айғақтарға жолыққанын баян етті. Барлық видео, фото құжаттар көрсетілді.

– «Айтақырдың» шығыс бетінен алынған айғақтар сараптамадан толық өтті. Қорытындысы міне. Сол тұста алынған автокөлік дөңгелектерінің іздері «Уаз» автокөлігі мен «ЛандКрузерПрадо-80» жол талғамайтын көлігінікі болып шықты. Оларды Әбдіхановтың «Уаз» автокөлігінің және Ерлан Ілесовтің көліктері протекторларымен салыстыру нәтижесі мынау. «Айтақырдағы» автокөлік дөңгелектерінің іздері солардың машиналарынікі болып шықты. Бұл туралы әзірге автокөлік иелері білмейді, біз оларға сездірмей дөңгелек іздерін көшіріп алғанбыз.

Сонан соң «Айтақырдағы» саздау жерге ойыла түскен киік тұяғының ізіне жиналған қан Жетес Тұяқовтікі болып шықты. Сараптама қорытындысы міне. Сол сияқты дүзгін бұтасы арасынан алынған мата қолғаптың Тұяқовтікі және ондағы қан да сол марқұмдікі екенін сарапшылар дәлелдеп отыр.

Осыларды қорыта келе, кісі өлімі облыстың Арқамен шектесетін тұсындағы «Айтақырда» болған деп тұжырым жасаймын. Тұяқовқа қатысты іс «Өз-өзін өлтіру» бабымен емес, енді «Адам өлтіру» бабымен дәрежеленуі керек деп ойлаймын.

– Не істейміз? Прокуратурадан санкция аламыз ба қамауға? Сенің қандай ойың бар, капитан?

– Қазір бұл туралы, біздің өздерін анықтағанымызды қылмыскерлер білмейді. Осыны пайдаланған дұрыс сияқты. Кеше Абай ауылымен астыртын хабарлассақ, Ерлан Ілесов күріш саудасымен Алматыға кетіпті, бір апта сонда болатын сияқты. Біз сол азаматты Алматыда тергеуге алсақ, айғақтарды, сараптама қорытындысын көрсетсек, аздап өтірік қосып, істі Ғабиттің соған аударып отырғанын біреулер арқылы жеткізсек, ол амалсыз шындықты айтуы мүмкін. Ол мойындаса, қалғандары қайда барады. Тағы да «Айтақырға» барып қайтармыз қар жаумай тұрып.

– Дұрыс. Ертең жолға шық. Өзіңе қажетті құжаттардың толық көшірмесін ал. Тездету керек.

Ертеңіне тергеуші ұшақ иллюминаторынан Алатау басындағы ақ қарды тамашалай, сұлу қала әуежайына табан тигізген еді.

***

Мұқан ДВД бастығының нұсқауына сай қалалық ішкі істер басқармасы бастығына барып, өзінің келуі туралы, мақсаты, қажет болар көмектер туралы баяндады. Лезде тапсырмалар беріліп, жұмыс басталып кетті. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, Ерлан ашық кафеде даяшымен сөзге келіп қалады да, арты айқайға ұласып, кафе әкімшілігі полиция шақыртыпты. Бұл хабар құлағына тиісімен Мұқан Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына жетті, оған толтырылған хаттамамен танысты. Енді онымен әңгімені неден бастауды ойлануда. Тергеуші аздан соң Ерланның аңғалақтау мінезін пайдалана, іске тікелей кіріскенді жөн санады.

Ерлан кабинетке сөйлей кірді, үстел басында, кабинетте кім отыр оған мән де берместен бұрқырай келді:

– Бұларың қалай? Бір орыс қатынның сөзіне сеніп адамды осыншама қорлауға бола ма? Қазақтығымыз қайда? Өз жерімізде, өз Отанымызда бейшара болып жүре береміз бе өйстіп? Заң қайда? Әділдік қайда? Бар болғаны әлгі орыс қатынға тамағының суып қалғанын айтып едім, аузы көпіріп, ойбайлап шыға келді, енді міне, мені айыпты қылып отырсыңдар? Сонда орыс атаулыға жақ ашпай, бұға беруіміз керек пе? Мен шындықты айттым. Менің ешқандай кінәм жоқ.

Бұл тоқтатпаса, оның әлі біразға шабар түрі бар сияқты. Мұқан оған қадала қарап отырып:

– Менің аты-жөнім Мұқан Расултегі. Тергеушімін. Жаңа заң қайда, әділдік қайда дедіңіз бе осы? – деп сұрады.

– Иә. Заң қайда? Әділдік қайда?

– Заң осында, ал, әділдік «Айтақырда».

– Не дейт?! «Айтақыры» несі? Ол селк ете қалды. Тергеуші нысанаға жақын екенін сезді.

– Иә, иә… «Айтақырда» кімді атқаныңды айтарсың. Сосын барып заң мен әділдікті іздерміз.

– Қой… Ойыныңды қой, жігіт. Мен кімді атыппын? Ешкімді де. Мені басқаға қосақтама.

– Басқаң кім? Ғабит пе? Ол бәріне кінәлі сен деп отыр ғой.

Бұдан әрі тергеуші оның ойлануына мүмкіндік бермей, бір бума қағазды ұсынды.

– Мә, таныс мыналармен. Анау «Айтақырдан» алынған сурет – машина дөңгелегінің ізі, ал, мынау – сенің машинаңның ізі. Екеуі егіздің сыңарындай. Екеуінің бір машинанікі екенін дәлелдеген сарапшының қорытындысы міне.

Ол құжаттармен таныса бастады. Сәлден соң еріндері дірілдеп, қолы қалтырай бастады. Барлығын қарап болды.

– Барсақ, барған шығармыз. Онда тұрған не бар? Менікінен басқа машина құрып қалып па?

– Бардыңыз ба, ол жаққа, барған жоқсыз ба? Нақты айтыңыз. Хаттамаға солай түсіреміз.

– Бардым. Сонда немене, бұл тергеу ме?

– Әрине, тергеу. Барсаңыз, солай деп жазамыз. Ескертемін, жауап алу үнтаспаға, видеоға жазылуда. Өтірік айтсаңыз, өзіңізге зиян. Жақсы… Мұның басы ашық, барғаныңызды өзіңіз айтып отырсыз. Ал ол жаққа неге бардыңыз?

– Енді адам болғасын тіршілік те. Үйге отын керек, малға шөп керек дегендей…

– Сіз кімді мазақ қылып отырсыз. Сіздің машинаңыз жүк машинасы емес қой отын, шөпке баратын. Жөн сөйлеңіз.

Ол қателескенін білді, біраз кідірді, сосын барып қайта сөйледі.

– Дұрыс түсінбей қалдың-ау деймін. Бұл машинамен оларды тасымаймын, тек қай жерден алуға болатынын көріп келемін ғой.

– Ал солай делік… Сонда машина ізінің қасынан табылған мына қан дағына не айтасыз?

Мұқан киіктің ойыла түскен ізіндегі қан туралы сараптаманы оның қолына ұстатты. Сол кезде Ерланның тізесі дірілдеп отырғанын байқады. «Қыса түс. Межеге жақын қалдың Мұқа» дейді ішкі бір үн.

– Көрдіңіз бе? Сіздің машинаңыздың ізіне жақын жерден осы алынды. Міне суреттері. Енді мына сараптама қорытындысын қараңыз. Ана жердегі қан Жетес Тұяқовтікі екен. Міне, оқыңыз. Сіздер үшеуіңіз де, Ғабит та, сіз де, Қабылан да Жетесті поляда түсіріп кеттік депсіздер жауаптарыңызда. Сонда ол поляға қалай келеді, оны «Айтақырда» атып тастасаң…. Кімнің машинасымен әкелдіңдер? Әрине сенің машинаңмен… Тазалап жуған шығарсың, бірақ түп-түгел тазалай алмасың белгілі, бір жерінен Тұяқовтың қаны табылса, біттің. Пәленбай жылды арқалап кеткенің онда, соның үстіне киік атқандарыңды да қосамыз.

Тергеуші Ерланның жанды жерінен ұстағанын білді, өйткені оның еңсесі түсіп кетті. Мұны айтқанда Мұқан ішкі интуицияға және қисынға сүйене сөйлеген, себебі ол іштей өлікті бортовой «Уаз»-ға отырғызу қиын әрі машина кабинасы тар, сондықтан кең, «Уаз»-дан біршама аласа жеңіл машинаға әкеп салу жеңілдеу ғой. Қылмыскерлер де солай істеуі керек. Екіншіден ауылдан шыққанда да Жетестің Ғабиттің машинасына мінбесі анық, яғни, оны сол өзі мінген машинаға салады деген ішкі болжамды тірек еткен-ді. Ойы дұрыс шықты. Ерлан үнсіз. Бұл оның қай ойдың делбесін ұстарын білмей отырғанын сезді. Енді тосын сұрақтарды бастырмалату керек.

– Жетесті атқан мылтық сенікі ме? Ол тағы селк ете қалды.

– Жоқ. Менікі емес. Осыны айтқан ол бетін басып еңкейе түсті, шамасы қақпанға түсіп қалғанын түсінген болуы керек.

– Сен атушысың ба, әлде?

– Мен жақсы ата алмаймын. Менікі тек прожектор ұстау.

– Жетес сенің машинаңмен барды ма?

– Иә…             

– Оның мылтығы қандай еді?

– Жымық қой.

– Жымығы несі?

– Құлақсыз, безкурковый қосауызды біз жымық дейміз…

***

Абай, Қарауылтөбе ауылдарының азаматтары түгелге жуық мылтық ұстайтын және сол мылтықтардың сексен-тоқсан пайызы тіркеуге қойылмайтын. Оның себебі көбісі заңсыз аңшылықпен айналысып, киік, қабан ататын, күрішті жинап алғаннан кейін егістік алқапта өріп кететін қырғауылды атып, бөшке-бөшке қылып тұздап алатын еді. Полиция не аңшылық инспекторлары кездесетіндей болса, әлгі мылтықтарды көзден таса жерге лақтырып кететін. Мылтығы жоқ адамға дәлелдеп көр сосын аң атып жүргенін. Соңынан әлгі өздері межелеп лақтырып кеткен жерден қайта тауып алып, кәсіптерін жалғастыра беретіндер үшін тіркелмеген мылтық өте тиімді болатын.

Сол күні Ғабит Жетесті ертіп шыққанда санасында бірнеше пиғыл бой созған, бірақ атып тастау ойында да жоқ болатын. Жетестің жақсы ататын мерген екенін бүкіл ауыл біледі, бұл соны пайдаланып біраз киік атқызғысы келді. Ал сол ойдың астарындағы арам пиғылын тек өзі мен Жаратушым ғана білетін. «Полиция не охотсоюз тап болса, Қабыланның да, мұның да мылтығы тіркеуде жоқ, лақтыра салады. Ал Жетестікі тіркеуде. Ұсталса, сол ұсталсын. Он бес бөтелке арзан арақ, бір бөтелке спирт бар. Осыны аналарға беріп, әдейі керіс шығарып, Жетесті өлтіре сабатса. Айдалада кім араша түссін. Әй, бір іштің жанғаны басылар еді».

Бұлар ауылдан таң сыз бере шыққанмен, киік жатқан жерді іздеп жүріп қалды да, «Айтақырға» көз байлана жетті. Апыл-ғұпыл тамақтарын ішіп, оқ-дәрілерін қамдады, прожекторлары мен қосалқы аккумуляторды тексеріп алды, пышақтар тағы бір рет қайралды. Жетестің қолындағы мылтықты көрген Ғабиттің ішінде кек жыланы басын қайқайта ысылдай бастады. «Итіңнің ауызының салымын… Қатынның да сұлуын, мылтықтың да жақсысын иеленіп…».

Екі сағаттан соң «Айтақырдағы» қаққа келіп тірелер қырдың екі бетінде түн қараңғысын екі прожектор тілгілей бастады, әлсін-әлсін гүрсілдеген мылтық дауысы естіледі. Аздан соң атқан киіктерін бортты «Уаз»-ға тией бастаған кезде Ғабиттің кек жыланы көрінбей қалған, машина толуға жақындаған тұста тағы да айыр тілін көрсете бастады. «Итіңнің атқышын. Құдайда да ес жоқ қой. Барлығын осындайларға береді. Енді бұл жерден тез кету керек те, бір жерге барып дем алып, мынаны сабатып алуым керек».

– Жігіттер! Енді тез кетейік бұл жерден.

– Ана бір тұста да құлағандары болған. Сол жаққа барайық.

– Осы да жетеді. Кеттік. Қалғың келсе, қала бер.

– Ғабит, олай деме. Жетес айтқан тұсты көре кеткен дұрыс.

Машиналар қайта қозғалды. Олар тағы іздеуге кірісті, әп-сәтте тағы екі-үш киік көлікке тиеліп үлгерді. Ғабит пен Ерлан машина тізгінінде, фар жарығымен жаяу жүгіре іздеп жүргендер – Жетес пен Қабылан. Міне, машина жарығына Жетес түсті, анадай жерде бір дүзгіннің қасында үлкен текені көтере алмай тұр екен. Бұған қолын көтерді, көмек сұрағаны ғой. Осы кезде алыстан бір сәуле жарқ ете қалды. Ғабиттің санасына келген ой «Охотсоюз шығар» болды. Машинадан қолына оқтаулы мылтығын ала түсті де, Жетеске айқайлады.

– Таста! Охотсоюз жүр. Кеттік.

– Мына теке семіз екен. Салып алайық та.

– Таста деймін саған.

– Әй, неге айқайлайсың?

– Өй, шешеңнің… Сен-ақ құртып болдың ғой… Енді ұсталу қалып еді.

Көзіне қан толған Ғабит шүріппені басып қалды, мылтық гүрс етті де, Жетес кеуде тұсын баса бүгіле құлады. Төңірек тып-тыныш болып тына қалды, Ерландар да машина фарын өшіре, кішкентай шамдар жарығымен бұларға жетті.

Біраз айқайласудан соң барлығы бір мәмілеге келіп, Ғабиттің айтуымен іске кірісті. «Ерланның да, Қабыланның да құлағынан Ғабиттің: «Енді кетсек,  бірге кетеміз. Групповой боп. Оның үстіне киік атқанымыз бар. Он жылдан кем бермес. Сондықтан үндеріңді өшіріңдер. Менің айтқанымды істеңдер. Бәрін шешеміз» деген үні кетер емес. Бұлар барлығын соның айтқанындай ғып істеді, бірақ кейін істің тәжірибелі тергеуші қолына түсерін білмеген еді ол кезде.

***

Ерланды Қызылордаға жеткізу құпия жүргізілетін болды, ұшақтан түсісімен Мұқан бастыққа жолығып, іссапар нәтижесін баяндады.

– Ой, жарайсың! Міне, азамат! Бір істің түйіні шешілді-ау. Енді прокурорға хабарласып, санкция алайық.

– Полковник мырза! Марқұмға оқ атылған мылтық оныкі емес екен.

– Сонда кімдікі?

– Ол мылтық Әбдіхановтікі болса керек. Тұяқовтың мылтығы жымық екен.

– Жымығы несі?

– Безкурковый он алтыны жұрт солай деп атайды екен.

– Так, так… сосын.

– Өткен жолы Әбдіхановтың баласы жылап келе жатып, өзін сабаған балаға «Көкемнің гаражға тыққан мылтығын әкеліп, атып тастайын ба?» дегенін айтқан едім ғой. Сол кезде бала неге «Көкемнің мылтығын әкеліп» деп айтпады деп ойланған болатынмын. Сөйтсем бала бөтен мылтық болғасын «Көкемнің гаражға тыққан мылтығын» деп айтып тұр екен. Бұдан Тұяқовтың жымық мылтығы Әбдіхановтың гаражында тығулы тұр деп топшылауға болады.

– Түу… Кезінде біздің жігіттердің асығыс істегені ғой. Тіркеуді көтерсе Тұяқовтың мылтығы басқа екені шыға қоятын еді. Қап, енді ол өтті. Айт не, айтпа не? Әлгі біздің замның да ықпалы болған шығар. Сен Алматыда жүргенде мен зерттеп, Әбдіхановтың құдасы біздің зам екенін анықтатып қойдым. Так, так…

– Оған дейін оның үйін астыртын бақылауға алу керек сияқты. Бізге жымық керек қой, ана қанішердің соны жойып жіберуіне жол бермеуіміз керек.

– Дұрыс. Сенімді оперларға қазір тапсырма берейін. Прокурорға звондап қоямын, сен де тездет ордер, санкцияны. Шұғыл және құпия істеуіміз керек.

***

Сол күні сағат онда Әбдіхановтың үйін, гаражын тінту талай нәрсенің бетін ашты. Үш қап киіктің жас мүйізі тәркіленді, сыйымдылығы үш жүз литрдей болатын ағаш бөшкелердің бірі толған тұздалған киік еті, бірі толған қабан еті болып шықты. Гараждан мылтық табылды. Бұл сол жымық еді. Иә, Жетестің жымығы еді. Жымықты көрген Әбдіхановтың сүдіні кетіп қалды, тұтылғанын білді.

Барлық ережеге сай алынып, қылмыскерге көрсетілген мылтыққа қарап тергеуші «Жымық, жымық» деп ішінен бірнеше рет қайталады.

Алдажар ӘБІЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<