Алғашқы асу (хикаят)

3148

0

сурет ашық дереккөзден

«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек.»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда рухани қажеттіліктің бірі көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге бетбұрыс жасау керегін айтқаны белгілі. Бұл қаламгерлерді ғана емес, оқырман қауымды да айрықша елең еткізді. Әсіресе балалар әдебиетіндегі тұйықталудың кітап сөрелеріндегі орнының олқылығынан-ақ бірден аңғарылатынын айтқаны қалам ұстағандардың баршасын рухани серпіліске жетелегені хақ.

Жазушылар одағына тікелей бағытталған бұл ескерту журналистер мен баспагерлердің де жаңа әдеби дүниелерді көзден таса етпеуін өткірлей түсті. Осы тұрғыда Сыр бойы қаламгерлерінің ұстаханасы іспетті біздің редакция ұжымы да дәмді туындыларды елеп-екшеуге бет бұрды. Бүгін Жаңабай Кемалдың «Алғашқы асу» атты хикаятын жариялап отырмыз.

Жағалау бойы жалаңаяқтарына біткен делебе көңіл бәрімізді шаттық шабарманына айналдырды. Құйындай құйғытып, ауылдың ол шетінен бұл шетіне дейін башай белгісін күніне бір қондырмай тыншу таппас балалық-ай! Қалай дегенде күнге өпкізіп, теңіз суына бойлатпай, біздің құйтақандай тұлғамыздың құрыс-тұрысы бір жазылып көрген емес.

Бүгінгі берекетті істің басын бақалшақ күрестіруден бастадық. Кеңес дейтін бала-бастығымыз осылай деп жобаласа, бізге не шара? Өзі де жұтынып тұрған бала ғой. Тал бойына не ілсең, сол жараса кетеді. Әкесі партизан атанған ауыл құрметтісі болғандықтан емес, өр мінезді, ойын үстінде болса да ерлік суретін қайталауға құмар. Ашу шақырғанда көздері ұшқын шашып, көгіс тартып кетеді. Бұлшық еті бұлтылдап, қол күрестіргенде керемет.

– Шіркін, Кеңестей күшті болсам! – дейтін біз сияқты тәупелтектер былай шыға қарымыздың етін сағыздай тартып, бұлшық етіміздің берекесін қашыратынбыз. Теңіз жағасының жұмсақ табанында жатып алып, бақалшақ «күрестірген» жеңіл жарысқа не жетсін?! Әр тұста дуылдасып, жеке біріншілік өткізіп жатырмыз. Киімдерімізді жағалау желі ет жіліктегендей осқылап өтеді. Шешелеріміздің шеберлігін сынға салғандай қолдан тігілген іш киіміміз өзбектердің ала шапанына ұқсайды. «Түрі сияқты тазалығы да ала-құла шығар-ау?!»

Бұлай шұқшылуымның да реті бар. Былтыр әжем мойныма бірдеңені мұп-мұздай етіп іле салғанда шошып кеткенмін.

– Бәле-жаладан сақтайды, мынаны бойыңда ұстап тағып жүр, – деп үш бұрышты тұмарды сипалап тұр.

– Ойбай, әже, мынауыңды жолатпа киіміме! Балалар мазақтайды.

– О несі-ай, кім көреді соны?

Амал жоқ, біраз уақыт жүйкені жеңбей қоймайтын бажылыма салып, көз жасымды аямай төге салғам. Сөйтіп тауардан жасалған «медальдан» біржолата құтылғанмын.

Айтпақшы… Ойыма өткен жазғы Әлібек қылығы оралды. Оның әжесін барша ауыл «айқайшы» атайды. Қатыш әжейдің ызғарлы сабағы бала біткеннің жадында жақсы жырдай жаттаулы. Онда да осындай оңаша ойын жалақтың қызығына түсіп кеткенбіз. Әлібек дүкенге өткізем деп айналадан тауып алған екі шынысын құммен ысқылап әлек. Бізбен шаруасы жоқ, ойынға да қатыспады. Оның мұрны пысылдап, оңай табылған олжаға соншалық берілгені Кеңеске ұнамады. Әуелі:

– Әй, көккөз, ойынға қатысасың ба, жоқ па? – деп ескерткен болды да, мыңқ етпеген Әлібектің жуып жатқан шынысын қолынан жұлып алды. Сол бойда теңіз төріне қарай лақтырды. Оған қанағаттанған Кеңес па, жүзіп барып адам бойламайтын тұстан әрі әлгі шыныларды зымыратты дейсің.

Бақырып-өкірген Әлібек ауылға зытты. Жалақтың қызығына түскен бізді Жиенейдің:

– Ойбай, Әлібектің әжесін қара! Көйлек-дамбалымызды алып кетті, – деп жыламсыраған тарғыл даусы бір-ақ тоқтатты. Мәссаған! Шынында да, жаулығы бір жағына қарай ысырылған, есіл киімімізді құшағында умаждай «айқайшы» шешей жағадан бірталай алыстап кетіпті. Кәрлі кемпірдің оқыс қылығынан не істерімізді білмей, жағалаудың шеге құмына қаз-қатар сұлай кеттік.

Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Ақыры кештің батуын күтуге тура келді. Қарын аш, көңіл-күй белгілі. Ұйықтағы қара лаймен үсті-басымызды майлап, алдымызға үп-үлкен түп адыраспанды көлегейлей ұстап, сайдың ішімен Әлібектің қорасына жақындадық.

Күлкіден жарылатын уақыт алда екен. Бұл үйдің қора жақ беті күлдікпен қоршалған. Күлдік – қыс бойы жағылған тезек, қи және жыңғыл, көк бұтаның күлі үйілген жер. Осы күлдікті қапталдай желі тартылады. Көбіне желіге байланатын түйе, бота-тайлақтар. Біздің қора сыртындағы күбір-сыбырымызды қу кемпір бірден байқады.

– Әй, сүмелектер, ендігәрі қараларыңды көрмейтін болайын. Әлібектен аулақ жүріңдер. Мә, алыңдар енді еңбектеніп көйлек-дамбалдарыңды! – деп желіде ойнақшып тұрған жалпылдақ жас тайлақтардың үстіне киімдерімізді түсіп қалмайтындай етіп байластырды. Сонан соң:

– Шу, жануар, заулаңдар! Мына құтырған боқмұрындармен жарысып, бір серпіліп қалыңдар, – деген бойы кеңк-кеңк күліп үйіне кіріп кетті.

Біршама уақыт нешетүрлі ызалы сөзбен қамшылап, тайлақтармен бірге тапырақтастық. Одан түн ішінде теңізге қайта барып, жуынып, киімімізді киіп, үйге құр сүлдеріміз жеткен.

Сол оқиға теңізге шомылған сайын жылмаң етіп әзіл шақырады.

– Ай, Әлібек, әжеңнің сол сабағын шал болсақ та ұмытпаспыз, – десем, Абат та қарап тұрмай:

– Білдірмей жүнін жұлып, қан шығармай соятын Аяз би сияқты ғой Қатыш шешей, – деп қойды қушыкештеніп. Жеңіл қағытпаға әуес ол ауыл-үйдің абысын-ажынына тиесілі «шешей» дегенді тапқырлықпен сәндеп айтты. Үш пысық ыстық құмға табан қуырып, дүкен тұспен үйді-үйімізге төтелеттік.

***

Әжем самаурынын қайта-қайта бұрқылдатып шаршаған білем, сарайдың көлеңкесінде төселген көнетоз алашаның үстіне бешпетін жастана қалғып кетіпті. Жүзіндегі уайым табы ұйықтап жатса да сейілмегені мені кәдімгідей жабырқатып тастады. Күнұзаққа жағалау қызығына батқанда не таптым? Оның үстіне жетім баланың осынша далбаңдауы кімге қажет?

Ернімді тістелеп, көзіме үйірілген көңілдің мөлдір тамшыларын сүрткім келмей, еңіреп жібергім келіп тұр. Үйден сәл ұзаңқырап кетсем-ақ «Жәкенжан!» деген әжемнің қоңыр даусы мен аналық айғағындай ақ жаулығы адыраспанды ақ шағыл төбеден көзіме оттай басылады.

Сондағы тамақ пен шайды күттіртетін азаматының сиқы қайбір келісіп тұр десейші?! Көзім жылтыңдағаны болмаса, аяқ-қолым бір тұтам. Жарытып ештеңе ішпесем де қарным шертиеді де жүреді. Бұған да ызам келеді. Әсіресе, кейбіреулердің тілалғыштығыма «қыртпыш қой» деп таңдай қағатындары ызамды келтіреді. Жұдырығына сүйенгендер анау-мынауды жиып қойып, «қу тапал» деп дүңк еткізеді.

Самайындағы күмістей бурыл шашын ерке жел ақырын ғана желпіп өтеді. Жаюлы дастархан әжемнің ашық алақанындай сезіледі. Қолғабыс жасағым келді. Әуелі сарайдың ішін сыпырып, төсекті реттеп, көрпелерді пәттелеп жинадым. Шамның пиялайын алып, әжемнің әдетінше қағазды шиыршықтай орап сүрте бастадым. Саусақтарымның жеткен жерінше тазартып отырғанда, дөңгелек шеті қолымды жырып кетті. Қанын тиятын не мақта, не шүберек оңайда болмағасын саусағыма құм сеуіп тұр едім. Қасыма әжем келіп қалыпты.

– Әу, Жәкенжан, қашан келдің? Шайыңды, тамағыңды іштің бе? – дей беріп, қолыма жармасты. – Қарағым-ау, абайласаң етті, қайда жүріп қанаттың? Жалма-жан жаулығының бір шетін жыртып, добалақтап таңып тастады.

– Пиялайды ыс басып, қап-қара болған соң, тазартайын деп едім ғой. Айналасы сызғылап кетті… Бұдан кейін мәртебем өсіп «жігіт болдының алды осы. Талабыңнан айналдым!» деген лебізді есітпекке дәмеленіп тұрғанмын. Әдеттегі ризалық бұл жолы басқаша қайталанды.

Отын, шөп жиналатын жабық қораның бір бұрышында кішкене кілет болатын. Әжем үн-түнсіз соның кілтін іздеп әбігерленді де қалды. «Тұқымы жайылғырды қайда қойдым екен?!» деп сандалғандағысы жаулығының бір ұшында түйілген болып шықты. Әбден шаң басып қалған қара құлыптың сыртқы оралған шүберегін жазып қалғанда, таты қабыршақтанып қоса түсті. Кілтін бір-екі рет нығарлап бұрағанмен, ашылар сыңайы байқалмады. Әжем өзінің үйреншікті тәжірибесіне басты. Жермайдан көне құлыптың тесігіне тамызып, кілтті оңды-солды бұрап жібергенде жып етіп ашыла кетті.

Өрмекшінің торынан жиренбей, қара көлеңке кішкене кілеттің ішінде әрнәрсені аударыстырып «қайда кеткен құрымағырды» жиілетті. Бір уақыт іздегенін тапты білем.

– Әп, бәрекелді! Әлі бүп-бүтін тұр екен-ау өзі. Бәсе, анада мықтап орап едім-ау, әдейі. Неге бүлінсін?! – дей жүріп ер-тоқым мен қамшыны біресе көз алдына тосып, біресе шаң-тозаңынан үрлеп тазартып, сол күйі аулаға шықты. Манағы уайым танытқан әжімдер бойында қуаныш табы алмасқанын аңғартқандай әжемнің ақсары жүзі қызыл күреңденіп сала берді.

«Артымда кекілі құйрық тайым бар. Қызығын көрсең сен көрерсің», деген әке сөзін ұмытпаған шығарсың, балам. Ырым болсыншы деп, мына ер-тоқым мен қамшысын тілекші үмітпен сақтап жүр едім. Енді осы мүлікке өзің ие бол. Анау екі тартым ау да – әкеңнің қолдан тоқыған еңбегі.

Күн көзі төбеден жай ғана ысырылып, кішкене ауылдың шетіндегі біздің үйдің шағын дастарханына шуағын сеуіп бара жатқандай. Шайды бүгінгідей ұзақ та мейір қандыра ішіп көрмеген шығармын, сірә. Бауырсақты бірінің артынан бірін жөнелтіп, ақ тер, көк тердің астында мәз-мейраммын. Әжем баяғы әкем бар кездегідей кесені үш жерге таратып отыр.

– Көкеңді осылай еске алмасақ, кімнің ойында қалды дейсің. Жаным Жәкен, әйтеуір Кемелдің баласы міңгірлек дегенді есіттірмесең болды.

Өзі қайратты, қимылмен ғана тыныстайтын шешемді неліктен әже атап кеткеніме қайран қаламын. Қайтерсің, ауыз ғана емес, елжіреген перзенттік ықылас осылай десе ғана тыншиды білем. Мақұлдағанымды қайбір сөзбен жеткізуге үйреніппін. Оның үстіне өкпешіл, дықшыл мінез де тұралатып, ілгері бастырмайды. Бар болғаны әжемнің қолтығының астына кіріп, мейірімге толы саялы алақанға басымды сипатып тұра бергім келеді.

Әжем 30-жылдар тұсында «Бессай» қолтығында теңізге ау салып, кермеше тартқан. Екеуден екеу отырып, әңгіме қозғағанда, тізгін әжеме тиеді. Менің шатып-бұтып күнделікті көрген жайдан құраған әлжуаз хабарым әлдеқашан бәсін жойған. Әжем былайынша да сүдінсіз сөзді жақтырмайды. Әуелі осы күнгі абысын-ажындарды сынмен сырлай отырып, өз биігінен толғанады. Ауызекі естеліктің бір тарауы теңіз төрінен өрілетін.

…«Күләш аралы» аталған шағын лай балық реті сонау «Бөлтен» жағында. Әкең екеуміз бір қайық ау төгеміз. Айдың жарығында шүпірлеген шабақ пен ақ балық ау құрып болмай-ақ сылдыр етіп, арқалыққа соғылады. Әй, берекетті теңіз-ай, қу қайықтың қос ескегін ескенде, анау-мынау шепік еркектер бас шайқайтын. Бір күні қайық толы балық аулап, «Үшшоқыдағы» мұзқалаға тапсырғанбыз. Сол лай тұсы құтты болды. Колхоз бір айлық жоспарын тәулік ішінде орындап шыққан. Біздің ауымыз майлап қалғаннан кейін, бүкіл жылым, кермеше, ау біткенді жағалай құрып тартқызды ғой басқарма қайным. Жұрт теңіздің сол тұсын «Күләш аралы» деп атап кеткен, балам!

Көрдіңдер ме, менің әжем осындай! Өзім қатарлы жүгермектерге бұдан әрі дамытып, өсіріңкіреп жеткізу қолымда тұр емес пе? Енді бір сүйенер ескерткішімді табу үшін қашыққа көз талдырудың қажеті жоқ. Ол – біз отырған мынау жатаған тамның өзі. Әуел баста балықшыларға монша есебінде қуыс-қолтықты қылып тұрғыза салған. Төргі бөлме терезесі көшеге, не күнгейге қарап емес, тура төбеден ойып қондырылған. Күн сәулесі төрімізге, дастарханымызға аспандағы ақша бұлт суретімен әдемі реңк қосады. Түнге қарай аспан әлемі қоңыр үйге ай сәулесін төгілтеді.

Білте шам сәулесінің күңгірт пердесінен түндік іспеттес терезеге дейін мен бақылап, топшыламаған сиқырлы суреттер бар-жоғын қайдам?! Бала қиялы қандай әсем: тіпті бұрыш-бұрыштағы қарапайым ноқат, сызықтар әрі-беріден соң әлдебір аң бейнесіне телініп, қым-қиғаш оқиғаларды андыздата жөнеледі. Ойхой, сондай сәтте көрпе ішінен шытырман оқиғаның кілтін олай да, былай да бұрасам келіп.

Бұрындары тамақты іше сала Абат пен Әлібек үйлерінің маңынан дөңгелекті зырылдатып өте шығар едім. Сәлден кейін сирағын сидитып Әлібек, ұртын томпайтып Абат балықшылар қоймасының көлеңкесіне келіп жайғасары сөзсіз. Сонан соң әйгілі үш табан ұшырмаққа кірісіп, асық соңынан жүгіру басталады.

Дәл қазір көңіл-күйім балалық асығыстықты жеңіп тұрғандай. Оның үстіне әжем де жоқ жерден әке үмітіне қатысты көне дүниелердің кілтін ұсына қойды. «Өлер шағында кісі көреген боп, көңілшек райға көшеді. Алды-артының бәрін одан артық топшылар жан болмайды ол кезде», дейтін кәріқұлақ көнелердің қағидалары да сумаңдап, әжем екеуміздің ортамызға делдал бола қалды. «Атай көрме», – деймін ішімнен. «Әжесіз өмір сүрудің, әркімге жалтақтап телмеңдеудің қасіретін жолата көрмегей!».

Әжем болса, көрпе-көпшік тігісіне ауысып, әлдебір мұңды әуенді ыңылдайды. Сөйтіп, жабырқау көңілін демеген болады. Әсіресе, соғыстан қайтпаған Әжмағиын ойлағанда көкірегі қарс айырыларын балалық босаң сезім де байқай алды.

Тағы да еркелігіме басып, жиналып бітпеген дастархан жанында құрақ көрпе тігіп отырған әжемнің қолтығын ала жанына құлай бердім. Әуелде көзімде жас болатын, сонымды жасырам деп арлы-берлі аунақшыған күйімде ұйықтап кетіппін.

***

Сай маңы абыр-сабыр жүгіріс, балалардың беймаза шуылына толы. Оған қоса электростансаның даусы да зіркілдеп мазаны қашырып барады. Почта үйінің түбіндегі қара бағанның басындағы шелектей радио да бүгін бабына түсіп, саңқылдап тынбай тұр. Кеше радист Нұрхан сол «шелекті» арлы-берлі төңкеріп, баған басында аунақшытып жатыр еді, тілін тапқан ғой.

Өзі де пісентті адам. Біздің бәкене үйіміздің төбесінде оның да ізі жатыр. Радионың сымын тісімен жалаңаштап тартқанда пышақтан бетер. Тілдей шаппасымен тотығыңқырап қалған қос сымды айналдыра қырғыштайтыны қызық. Кейін мұндай шеберлікті өзім де қайталай алатын болдым. Ой белдеуінде оқшауланғанда назарыма осылар ілінді.

Ауылды қақ жарып жатқан кең арналы ұзын сай балалық базардың құтты бесігіндей. Қасиеттілігі сол – ешкім шыны сынығын, темір-терсек, күл-қоқыстарын әлі күнге төгіп көрген, ластаған емес. Бұл жерге балалардың барлығы жалаңаяқ келеді.

Біздің ауылдың пәлендей бай табиғаты бар деу ертелеу. Әйткенмен, жер атауы жетегіне ерсеңіз, бұл өлкенің кісі алдар қызықтары табылмай қалмайды. Анау батыс беттегі «Қыземшек» шоқысы қандай сәнді! Атауын ақтайтындай екіге жарылып, қатар қонған қос шоқы дәуде болса табиғаттың некен-саяқ ескерткіші. Көктем шыға баурайынан гүл-бәйшешек үлестіретіні қандай ғажап! Қыс болса, шың басынан шанамен сырғанау тек жүректі, батыл балалар қолынан келетін. Өз басым біреудің шанасында, онда да түйеге мінгескендей бір-ақ рет сырғанаппын. Зәре-иманым қалмаған.

Қазір желкілдеп гүл теретін, не тайғанақтап құлайтын мезгіл емес, шыжыған шілде ғой. Үнемі жағалау табанын тоздырып, жұмсақ құм іздейтін жалаңаяқ қалпымыз «Қыземшекке» барар жолдағы қатырлақ, сазды жалғыз аяқ жолды жатсына жөнеледі.

Әлібектің ағасы дүкенші әрі іні-ізбасар дегендер баршылық. Бірінің көнесі басқасын бүтіндей кетеді. Қырсыққанда, менің алды-артым бұдырсыз теп-тегіс болып тұр ғой. Кәдімгі, тағдырға тәуба дегізетін жыртық үйдің жалғыз баласымын. Майданнан оралмаған Әжмағи ағама байланысты берілетін шағын жәрдем ішіп-жеуімізден артылмайды.

Абаттың киген киімі әр маусымға лайық болып келеді. Нағыз аққұба, сүйкімді бала. Менің кескінімде бір сүйсінерлік белгі болсайшы?! Шанаш бет, қара борбай, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс дейтін пәлең мен боламын. Әзірге сақалсызы, әрине. Бұл пақырыңның аяғын басқан қара күс әжемнің езгілеуімен шаққа жібитін шығар. Мұздай теңіз суына батырғанда өңі кіріп, қошқылдана түседі. Ал тазалата беруге өзімнің де ықыласым құрып қалған. Кісі үйіне ұялшақтап, емін-еркін кіре бермейтінім де сондықтан.

Бүгін таңалакеуімде тұрып, түйе суару үшін қауғамды алып, тас құдыққа жөнелдім. Ауылдың ортасынан осы құдықты қазуға мұрындық болған Әмел деген қария еді. Сонау «Тассай» бойынан шағыр тас тасытып, шегендеуге басы-қасында болып, дамыл таппаған. Әуелде суы тұщы болатын, кейін дәмі кермектене бастағасын мал суаруға пайдаланып келеміз. Осы бір ағеден ақсақалдың тағы бір игі ұсынысы ел есінде қалды. Ерлік деуге де татиды. Түптеп келгенде, колхоздың түйе фермасына нар тұқымын қосқаны осал жұмыс емес. Тұрғындардан ақша жинады да, Қарақалпақ жағынан ірі тұқымды бір үлек сатып әкелді. Бағып-қаққаны үшін ақы сұрайтын адамың ол емес. Қазір әр үйдің екі-үштен нар түйесі бар. Шұбаты қандай шипалы! Колхоз жыл сайын осы түйе фермасынан шұбат дайындап, қанша пайда келтірді десеңші! Ал Әмелдің құдығы бұлақ тәрізді бір сарқылмайды.

Ертеңгі самал жел арқамнан итергендей дедектетіп әкетті. Ищалап отырып, жырық інгенді шаққа қандырдым-ау. Әншейінде қырсықтығынан мұрны жырым-жырым болған інгенім бұйдасын мойнына байлап жатқанымда тіпті қыбыр етпеді. Тс-с…, егер… Ойыма әкемнен қалған ер-тоқым түсті. Бәрібір менде ат жоқ. Тай-құлын мінуші бала ауылда санаулы. Анда-санда жайлаудан Қартбай келгенде болмаса, жүген ұстайтын әдет ойға орала бермейді.

Менің қияңқы құштарлығым оңатын шаруаны тапқан ба? Тапырақтатып жырық інгенді ерттеп алсам, тобылғы қамшыны құлшына сілтесем деген беймаза ой мазамды алып барады. Ыңғайсыздығына қоса түйені ерттеу дегеннің қандай боларын кім біліпті? Осы түйеге мініп те рахат таппағанмын. Талай артқан шөбімізбен аударылып, сонау «Мамбет базы», «Кержығылғаннан» жаяу жетелеп келгенмін.

орадағы кілеттен ер-тоқымды алып, жырық інгенді шөгеріп болған соң, өркешінің ортасына жайғастырдым. Тартпа бауды айқыш-ұйқыш байластырған болдым. Ауыл сыртындағы бұйырғымды көлтабанға апарып тұсап қойдым. Бұл тамаша сынақты Әлібек пен Абатсыз өткізе салуым әділетке жата ма? Дегендей өздері де шу-шулеп қой-ешкілерін өріске айдап келеді екен. Ұйқыны қимағандық па, бастары салбырап кетіпті. Мені көргесін жүздері жымың қаға бастады.

– Балалар, кәнекей, бүгін мына жырық інгенді қой жаюға пайдаланып көрейік. Әуелі бас білдіріп, ерге үйретуіміз керек. Сонан соң кезек мініп, шапқылаймыз, – деп сампылдап жатырмын.

– Расында, мынауың қызық екен. Арасында теңізге де түсіп үлгіреміз. Әлібек жырықтың тұсауын шешіп, жусандықтан от алдырды. Оның үйінде үш саулық бар. Ешкілері қос-қостан төлдейді. Мал иесі он жандыққа дейін бір кезек, жиырмаға жуықтаса екі кезек бағады. Қой бағу кезегі бүгін Әлібек үлесіне тиіпті. Мұндай бейнет менде ғана болмайды. «Тышқақ лағымыз жоқ» екенінен дәл қазір қынжылып кеттім.

Үшеуміз қайырмалап жүріп, жын қуғандай етіп қойларды ауылдан бірталай ұзатып әкеттік. Ауыздары көкке тигесін, бізге жұмыс қалмады. Енді жырық інгеннің жорғалағанын асықпай тамашалауға болады. Әкемнің ер-тоқымын түйеге таңғаныма екеуі айран-асыр қалды. Абат ішек-сілесі қатқанша күлді.

– Өзі жырық, өзі жорға бұл «тұлпарды» бас білдіруші Жәкен де табылмайтын атшабар-ау. Ха-ха, хе-хе… Әлібек те шыдай алмады білем.

– Түйе сейісіңе болайын! – деп ақ құм үстіне шалқалай құлаған күйі күлкіге көмілді. Күлерлік жай екенін сезсем де, алған беттен қайтуға енді кеш. Тәуекелге бел байлап, жырықты шөгердім де, үстіне лып етіп мініп алдым. Әуелі жай бүлкілге салғанда, «жарайсың, жануарым!» деп шудасынан сипағам. Кенет үзеңгіні тебініп қалғаным, бүйіріне батып кетті ма, болмаса денесі шошынды ма, тапырақтап берді дейсің. Зәре-құтым қалмай, жан мұрынның ұшына келді.

– Әлібек, Абат, әже! Қазір құлаймын ғой, не қылам енді?!… Қысылғанда ауылда қалған әжем де аузыма түсіп жатыр. Әлібектің алаңғыт көзі адырайып кетіпті. Асығыс айқайлап, айнала жүгіріп жүр.

– Құмға құла, Жәкен. Секіріп кет тездетіп. Тақырға тартса өлесің деймін! Жырық қайбір жазықпен шауып жүр. Әдейі итсегек пен адыраспанды төбешіктерден қарғи көсіледі. Абат біресе күледі, біресе әлденені айтып түйе соңынан жүгіреді. Ол да Әлібек сөзін қостап:

– Қарғы, қарғысайшы құмшыққа! Жыңғыл мен көкбұтадан басын бері тарт, мертігесің ғой, қасқа! – деп қояды. Қалтырап-дірілдеп отырып, аяғымды үзеңгіден шаққа босаттым. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, бұйда да қолымнан шығып кетті. Енді алдыңғы өркештен қапсыра құшақтап, секіруге дайындалып бақтым.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» деген мақал бекер айтылмаған, сірә. Жырық мұрны шуылдап, ауылға қарай желіп келеді қырсық інген. Қой бір жақта, Әлібек пен Абат түйе соңынан әдейі қуып келе жатқандай. Үйге туралатқан жырық мені күлдік үстіне аудара салды да, дым болмағандай оқыраңдап тайлағының қасына тұра қалды. Аузыммен жерді қаба құлағаным есімде, ар жағын білмеймін. Тек «Ақұдай Жәкенжаным, амансың ба? Бұл Аллаға не жаздым?» деген әжемнің аласұрған дауысы ғана құлағымда тұрып қапты.

Кешке жақын жерұшық бергізіп, көрші-қолаңға жеті жұп күлше пісіріп, таратып та үлгерді-ау, қайран ана! Тістерім осы «жаңалығымнан» кейін қиқы-жиқы боп бітті. Оң қолымның буынында сарысу иленіп қалған екен. Соған тұзды суға шуданы батырып таңып тастады. Төрт-бес күнде ауырсынғаны басылайын деді. Сірә да өзіңді-өзің кінәлағаннан қиын сөгіс жоқ шығар, «Түйеден жорға жасаймын деген тек ақымақтың ісі екенін білмейтін бе едім?» Осы тектес беймаза сауалдар жанымды жегідей жеп қояр емес.

Балалық тапқырлық көбіне ескертумен аяқталатынына бұдан бұрын да көзіміз жеткен. Бірде велосипедпен жар ернеуінен өтуден сынақ жасағанбыз. Аяғы сәтсіз болды. Абат «Школьникпен» өтіп кеткен, соңынан «Орленокпен» келе жатқан Сайлаубай кенет тепе-теңдігін сақтай алмай… төмен қарай аударылып құлап кетті. Биіктігі тікелей анықтала қоймайтын, шалқақ көтерілген «Ақжардың» жағадан сегіз-тоғыз метрдей жоғары екені анық. Зәре-құтымыз жоқ, ышқынып отырып төменге түстік. Ойпырмай, велосипедтің алдыңғы дөңгелегі майысқаны болмаса, рамасына дейін бүп-бүтін. Тіпті, қоңырауы бұрынғыдан да таза шылдырайтын сияқты. Сәтін бергенде, Сайлаубайдың бет-аузына дақ түспепті. Оң бүйірін қатқыл саз көгертіп жіберген. Мойны мен қолының әр жерін ойып кеткені байқалады.

Бірақ ертеңіне беті күп болып ісіп шықты. Интернатта жататын ол осы бір қолайсыз оқиға жайлы ешкімге ләм-мим демеді. Бірауыз ашу сөз де айтпады-ау. Мінекей, қайсар балалар қатарына осылар лайық. Менікі жай әурешілік сияқты.

Жарыса шулап қара жолды шаңдатып, «Үшағаштан» төмен қарай зауладық. Төменде, сол қанатта шалқар теңіз бұрылмасыңа қоймай момақан ғана тербеліс жасайды. Шағала ойыны табиғаттың төл сыйлығы іспетті. Ортақ қуанышты қуаттаған күн көзі шуағын мейірлене төгіп тұр.

Екпіндеген бойы баяғы Сайлаубай құлайтын «Ақжарға» жетіп бір-ақ демалдық. Бұл тұстың жыра-жықпылы мол. Құдды әлденені іздеуге шақырып тұратындай. Жиенейдің биік жардан теңізге секіріп көрсететін моряктық өнеріне бәріміз тәнтіміз. Түр-түсі, тіпті қара қоңыр бұйра шашы да африкалықтарға біртабан болса да жақындатып, оны ауылдың басқа балаларынан әр уақыт бөлектеп тұрады.

Ертелі күн көзінде жүріп, басымыз мең-зең болған. Тіп-тіке сыдырылып түсуге құлқымыз болмай, жардың еңістеу жағынан жағалауға шықтық. Жиенейде көп сөз жоқ.

Бұйра толқынға бір-ақ ырғып қойып кетеді. Сәлден соң жайындай жоталанып, су бетіне шыға бастайды. Әсіресе, одан әрі құлашын жазып ту-у тереңдегі шағалалар ойынын жақыннан қызықтайтыны тамаша. Қазір де Жиенейден көз алмай, жағалауда қаз-қатар жатыр едік. Тайыздың суы жылы болады.

Бір кезде Әлібектің:

–  «Ватутин» келе жатыр, балалар! – деген қуанышты хабары бәрімізді орнымыздан көтеріп әкетті. Тоқтайтын бағытына қарап теңіз суын кеше жүгіре жөнелдік. Әдетте, кеме болсын, қайық болсын қарамай қайнататын тұсқа зәкір тастайды.

Ұшан төрінде толқындарды қақ жарып, қос қапталынан қашырта жүзіп «Ватутин» кемесі көрінді. Осы кемеге байланысты ішінара таласымыз да болған. Мұнымен ылғи да әртістер келеді. Қуанатынымыздың себебі сонда, әйтпесе анау пошта таситын «Попов» деген кемеге бұлай құрақ ұша ұмтыла қоймаймыз.

Алыста көрінген алып кеме біз асыққанмен, жағаға жақындаған сайын жүрісін баяулата түседі. Рас, сонау көз ұшындағы кеменің қайсы екенін бірден анықтау оңай емес. Сөйтсе де «Ватутинді» танудың қарапайым сырын ешкімге құлақ тосып, ауыз ауыртпай-ақ таптық. Каютаның үстінде ағараңдаған бір заттың қашан да өзгермей, сол томпайған күйінде қала беретіні таласымызға арқау бола кетті. Әркім ойына келгенін айтады.

– Моряктардың арқаны шығар.

– Қайдан арқан болсын, өйтсе дөп-дөңгелек болып жатпай ма?

– Тап осың итке ұқсайды!

Көкезу болып, бір мәмілеге тоқтай алмаймыз. Сөйтсек, әлгі ағараңдап көңілімізді алаң етіп, алжастырған нәрсе күшік те, арқан да емес, әйгілі генерал Ватутиннің мүсіні екен ғой. Кемеге жақын жүзіп барып, Кеңес пен Жиеней анықтап келді. Бұны оларға моторист Мүшкен айтыпты.

Біздің ауылдың киномеханигі Тәкен мен осы жігіттің басқадан бейнеті бөлек. Мығым денелі Мүшкен шашы ширатылып движоктың тұтқасын аяғымен бір тепкенде-ақ гүрілге басады. Тәкен біресе «Осы карбюратордан құрыдым» деп шлангамен май сорып, біресе свечасын жарқылдатып бәлеге қалып жатады. Әсіресе, шлангадан ауызбен бензин тартқаны қызық. Көзі аударылып, ұзын мойнын бір ие жұтқыншағын қалай қимылдататынына дейін байқалады. Анау ауылдағы жалғыз дырылдақтың иесі Ермек те бүйтіп әлектенбейді.

Осыншалық борша тер болып жатқанда, сол Тәкеңнің білетіні тақыр таяңдау сияқты. Бұл жолы Мүшкен ауылда движок барын еске алып, өзінікін шлюпкаға салмапты. Демек, Тәкенге тағы зобалаң туды дей бер. Әй, өзі де кішкене болғанмен шымырдың шыдамдысы. Әртіс қыздар мен зіңгіттей жігіттерді балағын түріп алып, жиекке біртіндеп арқалап тасығанда, уһ деген дыбыс шығарар ма екен? Жеңіл жүкті аударғандай жай ғана лықсытып, арқасындағы тірі салмақты топ етіп аудара салады да:

– Жөнел, қуыршағым! – дейді.

Ауданда әртістер аз ба, болмаса балықшыларға тек осылар ғана ойын көрсетуі керек пе, ылғи да көз үйренген өнерпаздар келеді. Әнебір қобыз тартатын қылқи мойын, қалқан құлағы домбыраны өлтіре тартады. Сірә, ән айтпайтын болу керек. Беті «Қыземшекке» жасырынған батар күннің шапағындай алаулайды да жүреді. Арақ ішкіш біреу ме деп ойлағанбыз. Сөйтсек, шикіл сары адамдар күн көзінде тез тұтанатын шырпыдай нәзік келеді екен ғой.

Аяғын сүйретіп басатыны қушыкештің нақ өзі. Көзі баттыйыңқырап, бұйра шашын бір сілки:

– Армысыңдар ағайын,

Ән шырқауға біз дайын.

Жан-жағыма қарайын,

Қол созуға кім қайым?! – деп сұңқылдай жөнеледі. Көңіл көтеруге келген жұрт қолын аясын ба, шатырлатып-патырлатып алақанға алақанды ұра жөнеледі.

Жуантық келген мұрттысы қасын арлы-берлі қиғаштап қозғалтып, бір күлдіреді. Сонан кейін саптың алдына шығарылған солдат тәрізді қаққан қазықтай қата қалады.

– Шырқайтын әнім – «Шіркін-ай», тыңдаушысы – Сіздер-ай! – дегенде езуіңді жия алмайсың.

Осылардан жұқты ма, біздің де көрерменсіз-ақ тәмамдалған сәтсіз қойылымымыз болды. Еске түссе есіл күлкі ентелей кетеді. Көрші «Тасарал» колхозының орталығындағы бастауыш мектепті тауысқан балалар одан әрі оқуын жалғастыру үшін Сексеуіл стансасына, Аралға, не біздің ауылға келеді. Туған-туыс жағалағандар болмаса, көпшілігі осындағы интернатта жатып оқиды. Әлгі Сайлаубай, Жаңалық деген балалар көп жатырқамай, өзімізбен тез араласып, бірден-ақ бауырмалдық танытты. Жаңалық екеуміз көбіне айырбас жасаймыз. Мен кітап, қаламға, ол асыққа әуес.

Соңғы кездері шырпының қорабы сыртындағы суретті қағазды жинауға бәріміз жұмыла кірісіп кеткенбіз. Айтушылардың сөзіне сенсек, бес жүзін жинаған адамға велосипед берілетін көрінеді. Үйде дүкеннен әкелінген шырпыларға жаудай тиісу жалғыз менің басымда емес, әрине. Әжемнің орамалға түйіп әкелген заттарын жан-жаққа шашып, шырпы біткеннің сыртқы қағазын жұрдай қыламын. Кейде ұсаққа Аманбек дүкеншіден таңдап тұрып шырпы аламын. Әжем «бұл шіркінге не болған, аяғында бір тұтам қағазын да сыпырып алады. Әйтеуір, күкірті ылғал болмаса болар», – дейді де қояды. Басқа үйлерде де осы тектес реніштен асқан оғаш сөз көтерілмеген болуы керек.

Иә, әлгі Жаңалық жайын айтайықшы. Кешкілік солардың бөлмесінде жиналып, сабаққа дайындалуына көмектесеміз. Жалыққан кезде кітаптан оқыған қызықты жайлар әңгімеленбей қалмайтыны белгілі. Суреттен ылғи да бес алатын Жаңалық акварельмен әлденелерді салып жүретін. Сонысы терезенің алдында жатыр екен. Ойыма әлдеқалай қай кітаптан оқығаным есімде жоқ, Джим деген негр орала кетті. Жаңалықтың дүрдік ерні, тығыз өскен қап-қара шашы, әсіресе, ақсиған тістері табанда тамаша ойға қанат бітірді. Өзі былайынша қайыс қараның қайталанбас үлгісіндей.

– Жаңалық, ренжімесең, бір қызық істелік. Джим деген негрге ұқсатып бетіңді боясақ қайтеді? Жұрт қыран-топан күлмесе көр де тұр.

– Жарайды, Жәкен, бояй бер. Бетімді аяп, керемет күлкіден айрылмайық. Жуып тастаймын ғой.

Қалған балалар сандарын сабалап, мен бояуды суға езе бастағаннан күлкіге қамшыны басты. Саусағыммен қара бояуды Жаңалықтың бетіне сүйкеген сайын шиқылдаған ба, барқылдаған ба, күлкі әуені бөлме ішін кернеп барады. Абат пен Әлібектің даусы басқалардан басымырақ шығады.

Бояп болып өзім де таңғалдым. Құдды негр, кітаптағы Джим қолын созып қарсы алдымда тұрғандай. Кебе бастаған бояу бетін тырыстырып, Жаңалықтың өзі зорға жымияды. Енді басқа бөлмедегі балаларды таңырқатпақ болып, есіктен шыға бергенімізде, алдымыздан тәрбиеші Кенжетай ағай қарсы ұшыраса кетті. Қапелімде не істерімізді білмей сасып қалдық.

– Өй, мыналарың немене? Сендер неғып жүрсіңдер мұнда? Басын төмен тұқыртқан күйі Жаңалық теріс айналды. Біз жай ғана міңгір еттік.

– Сабаққа дайындалуға келіп едік…

– Е, осылай оқысаңдар қатырады екенсіңдер. Мына Қалдановқа не болған? Кенжетай ағай Жаңалыққа жақындап:

– Әй, бермен қарашы өзің? Амансың ба? – деді таңырқап. Жаңалық болса, көз қиығымен «бастаған сен ғой, бірдеңе айтсаңшы»  дегендей маған бұрылды. Кереуеттің басын сипалап, сол орыннан қозғалмады.

– Ағай, Джим қылайын деп мен бояп едім. Өзі келісті, – дедім мүләйімси. Тәрбиеші ашуланарын, не күлерін білмеді. Бар болғаны:

– Өй, Джим болмай кетіңдер, Джим болмағырлар! – деп бізді тырқыратып қуып шықты. Абаттың көктен іздегені жерден табылып, мәре-сәре күлкінің астында қалды. Көп қылжақты сүймейтін Әлібек те өзін ұстай алмай, ха-ханы үдеткен. «Ватутин» келген сайын, әсіресе, осы екеуі Джим жайын көбірек еске салады.

***

Биылғы жаздың тамашасын ойын өлкесінен іздеген біздер күз лебі жақындаған сайын әлдебір тиімді іс табуға құмарттық. Бұл бір қарапайым жаз емес, көктемінде ғарышқа адам ұшқан және жаңа ақша шығарылған қызықты маусым ғой. Гагарин туралы газеттен оқып, радиодан тыңдадық. Мен әкем қолдан істеген шкафтың үстіңгі жағына тұңғыш космонавтың суретін, өмірбаяны жазылған газет қиындыларын жапсырып қойдым. Әжем зілсіз түрде:

– Қарағым-ау, әкеңнің, әжеңнің, ағаңның суреті емес, ана кісің кім болды? Осы үйге сүгірет қадалмай кетпес. Мына танымайтын біреуді жапсырғаның қалай? – дейді.

– Әже, бұл ту-у аспанның алыс түкпіріне ұшқан адам ғой. Көзді ашып-жұмғанша бүкіл дүние жүзін аралап шығатын алып ракетамен ұшқан!

– Құдайым-ай, сақтай гөр өзің?! Апырмау, жаны қандай сірі еді?! Ол түгілі жырық інгенге шөп артып мінгенде жүрегіміз лоблып отыра алмаймыз ғой біз. Аты кім бұл батырдың?

– Юрий Гагарин деген ұшқыш! Оны қазір космонавт дейді.

– Е-е, кім болса да бақытты болсын. Кәспанабыңның суретін қозғамай-ақ қой онда. Әйтеуір тегін адам емес екен.

Әжем Гагариннің сүйкімді тұлғасын жете танып алайын дегендей газет бетін сипалап қойды. Сәлден соң орамалының шетімен көзін сүртіп жатты.

– Әжмағи жанымның ең болмаса осындай сүгіреті де қалмады-ау. Ай, қу соғыс қайтейін, қайтейін? – деп майданнан оралмаған сүйікті ұлын аңсай көз жасын төгіп-төгіп алды. Әлдеқашан сүйегі қурап қалған Гитлерді жеті атасынан бері қарай сыпырта сыбап, іштей мен де күйінем.

Жаңа ақшаның да әсері аз болған жоқ. Жалт-жұлт еткен бес тиынға дейінгі ұсақтардан қалтамызға толтырып алып, олай да, былай да санаймыз. Бір сомдықты күн көзіне тосып, білінбейтін бес жұлдыз белгілерін қараймыз. Сандық түбінде ақша дегенің моп-момақан жата береді екен. Әжемнің майдангер отбасына асыраушысы жоқтарға берілетін шағын жәрдемнен там-тұмдап жинаған ескі ақшасы бес жүз сом, жаңа есеппен елу сом ғана. Ал табыс табатын адамдары бар не малы көп үйлерден отыз мыңға, жаңамен үш мыңға дейін ақша шықты. Соларды санап көріппіз бе, жұрттан естігеніміз ғой.

Біздің ауылды аталарымыздың «Жалаңаш» деп атап кеткендеріне қалай ой жіберіп қарасам да тиянақты жауап таппай қиналам. Рас, маңайда итсигек пен адыраспаннан өзге мәнтті шөп өспейді. Айналасы тап-тақыр, тек қоныстануға қолайлы екендігіне қарап малжанды үлкендер сүреңсіз атауды бере салған, шамасы. Қайткенде де ескі атау жаңашыл ауылға мін бола алмайды. Бертін келе «Бірлестік» колхозы болып аталған. Сонда да үйренген ауыз қалпына барады да тұрады.

Мен көбіне достарыммен жер жайы, аталу төркіні жөнінде аңыз отын маздата жөнелем. Абат кенет тың құпияның шетін шығарды.

– Шайбас атам айтқан бір әңгіме көптен бері ойлантып жүр еді. Анау «Үшағаштан» арғы өзек тұсындағы «Қарабұталға» біз әлі барған жоқпыз ғой. Атамның айтуынша, Қаратай деген кісі сол жерге жабайы талдарды отырғызып, кішігірім бақ жасапты. Өле-өлгенше сол өзі өсірген талдары маңайында тұрып, мал бағып, балық аулаған көрінеді. Сол жаққа саяхатқа шықсақ қайтеді?

Мәссаған, тамыздың алғашқы күні қалай-қалай сый тартады?! Шынында, «Қарабұталдың» қайда екенін қолды шошайтып, жобалап сілтемесе, әлі күнге ол жаққа аяқ ізін салмағанымыз рас. Абат пікірін бәріміз бірауыздан қоштап, қолын құшырлана қыстық.

Алдымыздан мөлдір бастау ашылғандай мазасыздыққа ұшырадық. Кеңес алақанын бір-біріне ысқылап жіберіп, байламын тез айтты.

– Тамаша! Мен де сол тал жайлы еміс-еміс естігем. Таң алакеуімнен аттанамыз. Бірталай бөгелерміз, айран, нандарыңды ала жүргендерің жақсы. Қарамай қайнататын жердегі төңкерілген қайық қасында кездесеміз.

Қайтар жолда әдейі Тәни ағайдың үйі тұсымен өттік. Шахмат ойнауға әуестігі ұнайды. Былайша, тілін безеп келекенің кетпенін соғатынның өзі. Бізге еңбектен сабақ береді. Үйрететін ештеңесі жоқ, қызы-ұлы болып жапатармағай кесте тігеміз. Грузин шайының босаған темір қалбырына жіптің нешеме түрін толтырып, ине мен оймаққа дейін салып аламыз. Торлап тігу жөніне келгенде қыздардан озып кететін балалар да шығады. Соның бірі – Абат. Балалардың ішінде лақап ат иемденбегені кемде-кем шығар. Біз құсаған аласа бойлыларды алдымен мұқатады.

– Әй, тәупелтек, болсайшы сүміреймей! – сияқты болып келеді әләулайы.

– Қапсағайдың қарулысы осы, – дегені Қуатты нұсқағаны.

– Мына шібидің пәлесін қара, – деген таңданыс Абатқа жолданады.

– Өй, көккөзің қалай-қалай сілтейді! – деп Әлібекті бір ықтырып алады. Анда-санда риза болғандығын «Өй, қасқа!»  тәрізді одағайынан білеміз.

Енді сол тәупелтек, шіби, көккөз, қапсағайларының ертеңдері бастамақ жайсаң ісін естігенде қайтер екен? Қалайда, табысты іспен таңырқатсақ, лақап аттан құтылсақ деген дәме бәрімізді құлшындырып тұр.

Әлдеқандай қиял бөктерінде мектеп ауласын көкорай талға қалай бөлеу керектігі менмұндалайды. Ертең балалармен «Қарабұталға» барған соң, осы ойды басқасы қозғамаса өзім айтпақпын. Мектеп маңайы тап-тақыр, шамалы жауын жауса айналасы қақтанып қалады. Бұндай жерге жабайысы түгел, нағыз көшет талдың шығу-шықпауы неғайбыл. Сонда да мектеп ауласынан жасыл бүршік иісі аңқып тұрғанын кім қаламайды?! Ұстаздарға да, барша ауыл балаларына да керемет сыйлық болар еді-ау. Тек өсіре білу жайын игерсек… «Тоқта, тоқта, әлгі пошта таситын Қазыбек шалдың шарбағындағы талдар қайдан әкеліп отырғызылған? Осы бөтен жұрт көгерте алмай жатқанда, оның талдары шатырмен бой жарыстырады. Бір білсе сол шалың айтар тәсілін. Ендеше…».

Белгісіз мақтан бойында әбден ой жетегіне ілесіп кеткен екенмін. Ұшқыр қиял тәтті ұйқысын аямапты. Түндегі Кеңеске берген уәде болмаса, тал түске дейін рахаттанып ұйықтаса да теріс болмастай.

Таңғы леп жүзіңде жігер алауын маздатқандай. Тек жалаңаяқ шыққаның сыпайы елесті ысырып әкетеді. Мұп-мұздай қиыршық құмға табаның тиген сайын іші-бауырыңды ызғар тілі аралап кете барады. Анадайдан беттері бозамықтанып, Абат пен Әлібек те көрінді. Кеңес бізді күтіп тұр екен. Жалғыз емес, қасында Жиеней. Бір кезде дүкен тұсындағы төбешіктер арасынан Қуат та көрінді.

Сонымен желдей есіп, «Ақжардың» астын қуалай жүріп «Қарабұталға» беттеп келеміз. Ішімізде бұл маңайға алғаш жақындаған жалғыз Жиеней. Жол бойғы әңгіме сондықтан да Жиеней үлесінде. Құлағымыз оның қоңыр үніне әбден үйреніп болды. Дауысында аздап маңқалық табы байқалатын Жиенейдің бар сөзі әу дегенде түсінікті жете қоймайтын.

– Әйтеш атам айтады. «Қарабұталда» тіпті жеміс беретін ағаштар да өскенге ұқсайды. Жиде ме, шие ме, әйтеуір шөл басарға таптырмаушы еді дейтін. Сексендегі кісінің есінде бәрі тұра бере ме? Егер атам айтқандай жеміске тап болсақ, ә, балалар?!

– Тәтті болса, нанға қосып соғып аламыз ғой, – деп қосақтала кетті Абат. Аз-мұз әңгімемен «Қарабұталға» да жеттік.

Теңіз жағасынан елу-алпыс қадамдай едәуір алаңқайды айнала жабайы талдар өсіпті. Құдды біреу әдейі соққан қорған секілді. Төңіректе малға шүйгін майса шөптер – изен, еркек, бидайық шоқтала біткен. Тік жарлауыттың нуға толы жыра-жықпылы мал тұяғы түспегенін аңғартады. Біз қайбір диқан тіліне үйір баламыз. Дәулет деген ағайымыздың қағазға салған суретінде жасыл түспен боялатын шыбықтар сияқты емес. Өзі былайынша жыңғыл мен дүзгінге ұқсайды екен. Дүзгіннен түйеге мұрындық, тіпті қамшысап жасау – қызықты шаруа. Жасыл жапырақтарды қолымызбен ептеп сипалай, иіскеп те жатырмыз. Қуаттың пұшық танауы жапырақтардан көрінбей кетті. Шамалыдан кейін әрқайсымызға қызыл талдың түбінде біразырақ паналауға тура келді. Кәдуілгі ақ жауынның астында қалдық.

– Шелектеп құйды-ау, – деп налыған Кеңес әдеттегіден тыс шешімге басты. Балалар, мына жауын жуық арада тоқтай қоймас. Бәрібір үсті-басымыз малмандай су болады. Онан да талдың жапырақтары үстіне көйлектерімізді жайып тастайық. Әрі жапыраққа жайлы, бізге де керегі осы емес пе? Сөйтті де өзі алдымен үстіндегі қызыл шыт көйлегін шешіп алып, жапырақтарды жауыннан бүркеді. Қалғанымыз да солай еттік.

Демнің арасында оп-оңай шатыр орнаттық. Жауын ойланып тұрғаныңа қарай ма, жүнін жұлған құстай бүрісіп бірталай отырдық. Ықтасынның аз да болса себі тиді. Ақ жауын да аңқылдақ адам сияқты, бәлкім, ағыл-тегіл алғысын жаудырған анадай-ау. Басылуы да шалт.

Күн көзіне кептіріне жүріп ой қоспай қалғанымыз жоқ. Төрелікті Кеңес қорытты.

– Ауыл сыртындағы асыл сырларға аттап баспай, үйкүшік болып сайда шапқылаған талай күндер өтіп кетті. Мал үркітіп, дүк-дүк ойнағаннан басқа жұрт сүйсінерлік түк істемеппіз ғой, достарым. Кеңес сөзінің басын осылай үлкендік атынан төте бастады.

– Біздер сегізіншіге көштік, жарын Аралға бет түзейміз. Сендер алтыншы кластың партасына отырасыңдар. Шамалы да болса есейгендік пе, менің ойыма бұдан былай мектебімізге, ауылымызға қолдан келген жақсылығымызды қосуға тырысайық. Ойын соның ортасында болсын.

Неге екені белгісіз орнымыздан дүр көтеріліп, Кеңестің жанында шоғырлана қалдық.

– Жарайсың, Кеңес! Жалаңашты жасыл желекке бөлейміз!

Қауқылдасып жүргендер арасында Жиенейдің даусы басымырақ шығады.

– Бұл қызыл талды әуелі мектептің айналасына отырғызамыз.

– Жарайды, сонда ол талды қалай екпекпіз? – деп Әлібек бір бүйірден араласты.

Кеңес те, Жиеней де үнсіз қалды. Қуат, Әлібек, Абаттың да назары төмен. Есіме Қазыбек шал орала кетті.

– Әлгі пошташы шал Қазыбек бар ғой. Соның қорасындағы үш түп тал әп-әдемі боп өсті. Аралдан әкелінгенін білемін. Сол кісіден сұрап көрсек ше? Ақылын аямас.

Қапелімде дәрменсіздіктен алып шыққан маған бәрі аңтарыла қарайды. Кеңес бір мырс етті де:

– Бәріміз де білгендерден сұрастырайық. Ал әзірге осы аймақта өскен барлық талдың түбін қопсытып, айналасын қоқыс-қиқымдардан тазартайық. Содан соң әрқайсысын таңбалаймыз, – деді.

– Шаппамен кертіп белгі саламыз ба? – деп қалды Әлібек жұлып алғандай.

– Жоқ, бормен белгілейміз. Шүберекке нөмір жазып, түптеріне байлаймыз. Әркім өзінің шүберегі байланған талға қамқорлық жасайды.

Жиеней жөткірініп бағанадан бірдеңе айтқысы келіп отырған. Оның сөзі бәрімізді елең еткізді.

– Осы қызыл талдың бойшаңынан, жуанынан қырқып алып, қорасының төбесіне қамыс құсатып салып жүргендер бар ауылда. Соларға жол бермеуіміз керек.

Кеңес те үрдіс көтеріліп:

– Ол кім өзі айтшы, қорасының төбесін бүгін-ақ тап-таза қылайық, – деп тентек ойға ойыса берді.

– Сәрсен деген аушы өткен жетіде қайықпен бір арқасын әкелді. Қорама жаятын қамысты шығын қылғанша, тегін талдың несін аяймын деп көкіп отырған. Содан көріп басқасы балталай бастаса, «Қарабұталың» құрыды дей бер, – деді Жиеней ызаланып. Енді бүгін түнде Сәрсеннің қорасындағы шауып алынған қызыл талдардың бір бұтағы да қалмайтыны белгілі болды. Кеңес зорлыққа көнбейтін бала. Басқамыз да пайдақұмарлыққа қырын қарайтынбыз.

Сәті келген істің сәні де керемет. Әр жаққа тарап, бақ ішін тазартып болғаннан кейін айналасын қоршауға қайым зат іздеуге шықтық. Бір бағытымыз «Үшағаштан» қайтса, екіншілеріміз өзекті шарладық. Бір емес, бірнеше қатынап, мықшыңдауға тура келді. Машинаның балоны, тақтайшалар, темір-терсектің түрлері, тіпті консерві қалбырлары мен шыныларға дейін жинастырдық. Қуат тақтайшаны жарып, қадалар жасады. Әлібек қада қағылатын жерді қазып барады. Мен жіпті айналдыра жүгіртіп, өрмек құрған әжем сияқты болдым да қалдым. Абат бормен цифрларды ұқыптап жазуға кіріскен. Кеңес балондарды байластырып, ауыл жақ шетке белгі есебінде бекітіп жатыр. Қасына үш ағаш тәрізді ендіріп үш сайғауды орнатты. Су астына сүңгіп, шалаң тердік. Оны жіп бойымен жағалай жайып тастадық. Төрт бұрышына әп-әйдік шөмеледей шалаң үйіп қойдық. Сөйтіп «Қарабұталға» алғашқы көмегімізді ұсындық.

***

Қайтар кезгі ойын қандай қызық. Жағада тұрып алып, қалақ тастарды теңіз бетінде әуелете ұшыртамыз. Кімнің тасы жұқалау әрі қашыққа секірсе сол ұтқан болып саналады. Теңіз бойымен малта тастарды секірте жалату жарысы әсерлі. Қалақша келген жағалау тасы лыпып, қашан су түбіне сүңгігенше балық ойынын өрнектеп барады. Сол дөңгелекше иірім саны ұтыс иесін анықтап береді. Кеңестен асқан жеңімпазды бұл ойында таба қою қиын. Бүгін де оған ілесер ешкім болмады.

Күн сәскеден ауа үйге жеттік. Шай ішуге мұршам келмей, бір-екі кесе шұбатты сіміріп алып, қисая кеттім. Кешкісін әжем қоярда-қоймай жұлқылап оятты.

– Күнге талас ұйықтама, жаным. Түрегел енді шалттатып. Қайда жүріп сілең құрыған, шырағым-ау. Аяғындағы саз қабыршақтанып қатып қалыпты ғой.

Шынымды айтпай, әжемді қалай алдаусыратайын. Көзім жыпылықтап:

– «Қарабұталға» барып едік. Қызыл талы көп екен. Сол жерде ойнадық, – дедім.

– Е-е… Қаратайдың талы ғой ол. Шіркін, иманды болғыр, өле-өлгенше жалғыз үй сол «Қарабұталда» отырды. Өзек тұсында қауындығы бар еді. Онысының орны бар ма екен?

– Қауындығын байқаған жоқпыз. Атыздарын білмеймін.

Әжем бұған кәдімгідей өкпелі пішін танытты. Ұялған тек тұрмас дегендей, аяғымдағы қатып қалған саз қабыршақтарын тырнағыммен аудармақ болып едім, одан ештеңе шықпады. Босау орнына сыздап, ауырта түседі. Амал жоқ, шайнекке суды толтырып, ағаштың жаңқасымен қырып, жібіте бастадым. Соның арасынша әжем су жылытып, өзі ысып тазартты.

– Жәкенжан, «Қарабұталға» барып ойнағандарың дұрыс. Жер тану жақсы, бірақ бір бұтағына тиіп сындырушы болмаңдар. Бейшараның аруағы тиыш жатсын. Басқа достарыңа да соны айт!

– Тимейміз, әже! Керек десең, біз мектептің айналасына сол қызыл талдан таңдап әкеліп отырғызбақпыз.

– Әп-бәрекелді! Әй, бұл ойды тапқан Кеңес-ау шамасы. Әкесіне тартып өсіп келеді өзі. Төрежан бірден партизан болған жоқ қой. (Әжем Кеңестің әкесі Шәріп ағаны осылай атап кеткен). Талаптарың оң болсын! Әжемді қуантқан бойда салып ұрып, сайға келдім. Әдеттегідей қасқыр-қасқыр, қабалақ пен дүк-дүкке жиналатын балалар қайда кетсін. Түн ішінде Қазыбек шалды шошытып алғаннан басқа не табамыз. Онан да Сәрсенге сабақ болатын бір нәрсе жасауға құмарта бердік. Ақыры Кеңес бастаған жүгермектер бес бума болып үйілген қызыл талды ожар аушының сарайынан алып кеттік. «Ақжардың» астында төңкерулі жатқан қаңсыған қайықтар болатын. Соның бірінің астына тығып тастадық. Жайқалып өсіп тұрған зәулім талды батылы барып түбінен қалай шапты екен?! Торға түскен балықпен пара-пар санағаны ғой. Зығырданым қайнағанда, оқыған кітаптарымның ішіндегі жағымсыз кейіпкерлердің қатарына қосып жібердім.

Қазыбек шал бала-шағаны шет қаға бермейді. Сәлеміңді елейді. Күнде ертеңгісін түйелерін суаруға тасқұдыққа келеді. Ертеңгісін Абат қылмық нары мен пұшық інгенді жетелеп, Қуат екі-үш баспағын, Әлібек ала сиырын айдап тасқұдық түбінде табыса қалдық. Сәлден кейін Қазыбек шал келді иығын қиқаңдатып. Жүрісі қашаннан солай, бір иығына бір иығы тұрақ тапқызбайды.

Пошта жаз болса машинамен, кемемен тасылады. Қыс түсті дегенше, Қазыбек шалдың түйе шанасына үміт артылады. Қаладан келер жолаушы қысқа қарай сараң тартады. Біздің жабыла, асыға күтетін құрметті жолаушымыз осы кісі болады. Көз ұшынан көрінгеннен бар бала конькилісі сырғанап, жоғы тарп-тұрп жүгіріп, айдын төріне лап береді. Жолай құлап жататыны, тоңып кейін оралатыны да болмай қалмайды. Қорқақтаулары кедір-бұдыр боп қатқан мұзды аймаққа өткенде, еріксіз бөгеледі. Кеңестер жарықты де елемейді. Пошташы шал мұрты едірейіп, қас батырдай кеуделеніп ауылға жақындағанда өзі де қоқиланып кетеді. Әйтеуір, шанаға жеткен бала жаяу қалмайды. Біз оның тұлып киген таудай тұлғасын ықтай, айналаға рахаттана қараймыз. Көзінен жасы парласа да желден басын бұрмай қасқия тарта береді. Жаз болса, жайдары күйде осылай арасында малын жайлап, жетісіне үш рет келетін газет-журнал, хат-хабарды үй жағалатып таратып жүреді. Мұндайда біздің қолғабысымыз тимей қалмайды. Сөйткен Қазыбек бізден қай көмегін аямақ?

Жапа-тармағай сәлем беріп, қолын алдық.

– Ау, батырларым, тым көңілдісіңдер ғой, өздерің. Демалыстарың қызықты өтіп жатыр ма?

– Бәрі ойдағыдай, Қазыбек аға! Тайлақтарыңызды біз суарайық. Сіз демала беріңіз.

– Пәлі, жас келсе іске деген-ау. Ендеше мен темекі тарта тұрайын.

Қазыбек шал ауылда темекіні алғаш тартушылардың бірі болса да менен көрмеңіз. Міндетті түрде қаңылтыр подсигарын тізесіне ысқылап жіберіп сәндеп ашады. Шегетіні – тек «Беломорканал». Папиростың түбінен тісімен бір қырқып тастайды. Танауы да кең жаратылған, құдды темекі түтініне арналғандай. Енді түтіннің шығу жылдамдығы сұмдық. Жалғыз түйір папиросқа мейірі қанған ба, Қазекең насыбай салған шақшасын және шығарды. Құмарлығы тарқамай тұрғанда, тездетіп малды суарып болып, шаруамызға көштік.

– Аға, тал отырғызудың сырын үйретіңізші. Басқа үлкендердей Қазеке дей алмайсың. Ата десең жігіттей желпініп отырғаны мынау. Сонымен қандай жас мөлшеріне болса да белдік боп байлана қалатын ағадан артық сөз ауызға түсе қоймады. Қазыбекті бұл сұрақ таңырқатқан жоқ.

– Немене, қаладан көшет әкеліп пе едіңдер?

– Жоқ. Анау «Қарабұталда» өскен қызыл талдан ауылға отырғызсақ деп едік.

– Мәссаған, жабайы тал қалай өспек бұнда?! Жерсінер ме екен… Біздің үйдегі кішкене шыбық кезінде отырғызылған. Әйтеуір бой көтеріп, өсіп кетті. Мыналарды қайдам… Тамырына зақым келтірмей, қопарып, сол бойымен қуратпай отырғызса болатын шығар. Талаптарың көктемей қалатын бозөкпе желікке ұқсамайды. Бата берер бастама екен. Жарайды, желаяқтар! Пошташы құпияны сақтай біледі. «Қарабұтал» қар суынан нәр алған. Қосар ақылым – анау өздерің ойнайтын сай табанынан тұщы құдық қазып алыңдар.

Қанша айтқанмен Қазыбек шалмен әңгіме кәдеге жарады. Тұщы құдық керек болатыны ойға оралмаған шаруа болатын. Бір күн осы шұғыл міндетті орындауға кетті. Біздің үйдің дербес құдығы жоқ еді. Басқаларды сезіктендірмеу үшін Кеңестер Жәкендікіне көмектесіп жатырмыз дегенді желеу етті. Мен әжемнен құлып сұрап алып, балалардың келісімін түсіндірдім.

– Бір кілті өздеріңде болсын, екіншісін маған қалдырыңдар, – деп әжем кілттің бірін жаулығының ұшына түйіп алды. Сөйтіп қапелімде ауыз судың сәті түсті. Келесі күндерде жастау талдарды қазып алып, шүберекке орап ауылға әкелдік. Мектеп айналасын сызып, арасына қада қағып, қазылатын ұяларды Кеңес белгіледі. Жиеней үшкір күрекпен тастай жерді қазуға кірісті. Әлібек пен Абат көң әкелуге жұмсалды. Қуат екеуміз су тасуға бөліндік.

Біздің мына қимылымыз құпиялықтан жария жөнге көшті. Балаларға қоса ауылдың ересек адамдары да бой көрсете бастады. Айтылып жатқан лебіздер жүзімізге шаттық шуағын сепкендей.

– Көп жасағырлар, өсетін істі қолға алыпты-ау.

– Үлкендердің болбырлығын осылар толтырады әлі!

– Апыр-ай, «Қарабұталды» осылай тірілтуге болады деп кім ойлаған?!

Тілек, қошемет өз алдына, күн шыжғырып тас төбеден күйдіріп жатса да түстенбай, бағбандық жұмысқа біржола жегілдік. Қатыш әжей мен Абаттың апасы Үржан шұбаты мен күлшесін әкеліп, аузымызға тосып жатыр. Кешке шейін мектеп ауласына отыз түп тал отырғыздық. Түптеріне аздап көң салып, сонау «Қарабұталдың» өзінен арқалап әкелген топырақтан бетіне араластырып, сонан соң су құйдық.

Кешкісін бүкіл бала бұрынғыдай сайға емес, мектеп маңына жиналды. Оқу күні болса бір сәрі, каникулда бұрын-соңды мұндай жиынды көргеніміз жоқ. Бәрі жым-жырт, тыңдаушының ықыласы Кеңесті ортаға шығармай қоймады.

– Алғашқы шыбықтар тігілді. Көмектеріңді күттірмей, өсіріп-күтуге араласыңдар. «Қарабұталда» баршаңа жетер қызыл тал өсіп жатыр.

Кеңес сөзін аяқтар-аяқтамастан, әр тұстан шулап қоя берген балалар түгелдей бақшашы болып шыға келді.

– Бұл жерден гөрі дүкен жаққа жақсы өседі!

– Клуб жақ тақырлау-ау… Сонда да отырғызамыз.

– Контор мен поштаның қасына да керек.

– Ал моншаға ше?

Өзді-өзі келісіп, атап жатқан жерлеріне тал егуге демнің арасында төрт-бес топ ұйымдаса қалды.

Теңіз түні қандай керемет! Ай сәулесі тып-тынық айдын бетіне төне түсіп төгіледі. Бір тұстан ертегілердегі сияқты жүзіп жүрген ғажайып отау жасап қойғандай. Ай нұрының алау шапағы көк күмбезден түсіріле қойған зерлі шымылдық тәрізді. Шағалалар күндізгіден де гөрі шарқ ұрып, балық іздейді. Желсіз кеште қанаттарымен су бетінде рахаттана шапаттайды.

Күні бойы тынымсыз жұмыстан шаршағанымызды табиғаттың өзі шат сыйымен алмастыра қойып, сергітіп тастады. Бәрінен бұрын ел алғысына есеп жетпес. Кеңес бәрімізді үйіне ертіп апарды. Балықшылар «Бессай» жақта жылым салып жүргендіктен біраздан бері ауыл-үйдің қазаны қайнауды қойған. Үй бас сайын шұбат ашытып ішеді. Төрт-бес кесесін ішіп алсаң, күні бойы былқ етпей тоқ жүресің.

Кеңестің үйіне жалғас Жұмабек ағайдікі болатын. Жаздың қоңыр салқын кешінде сәкі үстінде қошқыртып шай ішіп отыр екен. Бұрылып кетуге болмады, өзі дауыстап шақырды.

– Жортуылдарыңа жол болсын. Бері жақындаңдар. Іркіс-тіркіс созылып, сәкіні жағалай отырыстық. Ағай әлдебір ризалық кейіпте суыған шайды асығыс жұта салды.

– Біз тимуршылар командасын ауылдан шығармай, адымын тұсап жүр екенбіз ғой. Қаратай аталарыңның еленбеген арманын жарыққа шығардыңдар. Ризамын шын жүректен.

Жұмабек ағай құдды мінбеден сөйлеп тұрғандай дауысын бірден-бірге биіктетіп барады. Бізде ес жоқ десе сенерліктей, ұстаз ықыласына бөлену салтанаты желпінтіп жіберді.

***

Осы тілек мазасыз күндерді көбейтпесе азайтқан жоқ. Күнде ертемен, беті-қолды жуа сала демей-ақ қояйын, өзіміз отырғызған талдарды бір көріп шықпай көңіліміз көншімейтін болды. Жапырақтарды суалмаса екен деп тілейміз. «Түсімде мектеп маңы көк шалғынға оранып, әр тұсында алқызыл гүлдер өсіпті. Біз еккен тал зәулім боп биіктеп кетіпті. Ортасында өзіміз», – деп Абат жүр.

Осылайша бір жеті зырлап өте шықты. Жоқ, қызыл тал шырайын жоғалтпады. Бізге қоса ауыл адамдары бірер қауға тұщы суын жол-жөнекей құйып кетіп жүрді. Әрі-беріден соң шал-шауқандар әңгіме-дүкен құрмаққа осылай, қызыл тал түбіне қарай аяңдайтын болды. Басқа балалар да клуб, пошта, дүкен маңайына бірталай түп қызыл тал отырғызыпты. Бұрындары асық атып, құс қуалағаннан басқа арыға ой жүгіртпегенімізге ұялыс білдіріп те қоямыз.

Анау Пернебек деген тері-терсек, жалба-сүйек жинайтын агент шал жанына жолап кетсең, шыр айналдырады. Ауыл балаларына кәдімгі үрлейтін шар қандай қажет, әрі таңсық та. Пернебектің бізге беретін еңбекақысының бірінші сорты осы. Ал біз жинап беретін сүйек-жалбада есеп бар ма? Қап-қабымен үйіп-төгіп тастаймыз. Соның ақысы ма, сыйлығы ма, кішкентай кесемен шімішкі береді. Мәмпәси деген кәмпиттен түйірлеп бөлектеп қойған. Содан ауыз тиеміз. Өзі біздің үйлерімізбен қапталдас тұрады.

Бір күні мені шақырып алды. Әңгімесінен бұрын бес-алты түйір мәмпәсиді жұтқыншақтан жөнелткізді. Бір-екі уыс шімішкі төс қалтама құйыла салды. Шар бергісі келмеді ме, алдын ала сыйлық осымен тәмамдалды. «Парасын» өткізіп алып, өтінішін айтты.

– Әй, ақұдай Жәкенжан, өзіңдей тәуір оқитын екі-үш бала тапсаң. Тек әдемі жазатын болсын.

Пернебектің аузынан шыққан сөз тегін болмайды. Оның тасасында тиын сылдыры жатады. Ақшасы құрысын, бәрінен ана шөлбасар мәмпәсиді айтсаңшы.

– Қазір аға, Абат пен Әлібекке, Қуатқа айтайын. Төрт бала жарай ма?

– Бүлдірсеңдер түк жоқ. Онда ауыздарың қышымай-ақ қойсын. Әдемілеп тасқа басқандай жазсаңдар, қалталарыңды мәмпәси мен шімішкіге толтырамын.

Пернебек бізге төрт бұрышталып қиылған, қаптың аузына байланатын кішкене жұқа тақтайшаларды таратып берді.

– Әй, балақандар, былай етіп алдымен сулап аласыңдар. Өзі аузы жып етіп, кішкене жұқа тақтайшаның бетін тегіс жалап өтті. Содан соң мынадай жазу жазасыңдар. Сөйтті де аз-кем абдырап тұрып қалды.

– Тұқымы құрғырды қайда тастадым екен? Бағана бет орамалыммен бірге жерге түсіп қалды ма? Апыр-ай, не істедім… Есімде қалғанының дұрыс, бұрысын қайдам… әй, тәуекел, жазыңдар балалар.

Пернебектің шүйкедей басы не пәлені сақтамай жүр дейсің. Тып-тықыр қылып қырғызған басын сипап жіберіп, диктант оқыған мұғалімдей, жадына тоқыған тексті зуылдатып айтып тұр.

– І…Әуелі жоғарғы жіп өткізетін тесіктің тұсына Аральск, жіпсерия, зәгәтскөт деп жазып қойыңдар. Сосын бұрытты, нетті болады ұмытпасам. Соңғы жағына әгент Айбеков дейсіңдер.

Біз үйден әкелген қаламымызды ала бастап едік. Пернебек шыж-быж болды. Бір жағы айтып тұрған орысшасы күмәнділеу, екіншіден қол қойғаннан басқа сауаты жоқтығын тағы ашып алды. Қалтасын ақтарып, ұшталмаған төрт қалам шығара қойды.

– Мына кәмәтский қаламмен жазыңдар. Тілдің ұшымен сулап аласыңдар. Су-пуға төзімді ғой. Сөйтіңдер, қарақтарым.

Абат шыдап отыра алмады. Майдалап отырып, Пернебектің қатесін шығаруға кірісті.

– Қарағым, қайдан білейін. Әлгі қаладағы қу ребизірдің шатпағынан есімде қалғаны ғой. Жә, асығыстық қылмайық. Мына заппошта Кішібектен сұрап келейін.

Бірқауым уақыттан соң арсалаңдап қайта оралды. Бір бет қағазға Кішекең айдақтатып жазып беріпті. «Аральск, живсырья, заготскот, брутто, нетто, 1961 год. Агент Айбеков». Анық-қанығына көзіміз жетпегенмен, сол сөздерді кәмәтский қаламмен жазуға кірістік. Бет-аузымыз көкала болып, мәмпәси жеудің азабынан шаққа құтылдық. Қалтаны толтырамын деген Пернебектің бәрімізге бергенін қосқанда, бір төбетей әзер толды. Табысымызды Кеңес пен Жиенейге жеткіздік.

– Пернебек бізсіз де амалдар. Басқа тиімді іспен шұғылданайық. Балықшылар «Бессайда» жүр. «Басырет» бойына ау салсақ қайтеді? Аз болса, жеуге жарар. Көп түссе, колхозға тапсырайық, – деді Кеңес байсалды түрде.

– Кеңестің басына бақытты ойлар жиналған, – деп Жиеней шалқи күлді.

– Біздің үйде әкем тоқыған екі тартым ау бар, – дедім қалайда ортақ істі жандандыруды ойлап.

– Менде үлкен зәкір және бояқтық дөңгелек қалтқы да бар. Соны әкелем, – дейді Абат ентелеген күйі.

– Ағамның ау көңгелейтін инелігі мен қатаратын капрон жібінен сұрап алам, – деді Қуат бізден қалыспай.

Әлібек үйінде сүзекі мен бірталай шыжым жіп бар екен. Қайықты Жиеней табатын болды. Ағасы Оқастың қу қайығы ауылда қалған. Өзі «Бессайға» көшкен бригада құрамында еді.

«Басырет» – ауылдан бір шақырымдай жердегі теңіз қолтығы. Ар жағы «Аққұмға» ұласып кетеді. Онда сағыз, жуа, көсік өседі. Көсіктің көбі көкшулан, көтеріңкі шығады. Кәдуілгі сәбіз сияқты, қазып алып теңіз суына жуамыз да, кіртілдетіп жей береміз. Өзінің дәмі тәтті-ақ. Майсағыз шөптің гүлдеген сабағында сап-сары түйір күйінде кездеседі. Үзіп алып шайнай бересің. Қола түстес жұмсақ сағыз көзге оп-оңай шалына бермейді. Ал ішек сағыз, құм сағыз дегендерді тазарту ақырет. Оның өзі түбірдің қапталына таралып жатады. Қолға ұстағанда денең тітіркенеді. Кейде ішек сағыздың ортасында құрттар жүреді. Құм сағыз тамырға буылтық-буылтық жабыса өскен. Суға неше рет жуып, шайнай бастағаныңда да шықыр-шықыр етіп, құмды түкіріктен тазартқанша жағың қарысып болады.

«Қарабұталға» саяхаттан гөрі мына талпынысымыз қиындау сияқты. Үйден алынатын құралдар бөлек-салақ нәрсе емес. Рұқсатсыз берілмейді. Сөйтсе де балық сорпасын сағынған ата-аналарымыз қуана келісті. Әжем тіпті әкемнің асымдық балық әкелетін торқалтасын берді. Бұрын кәсіп қылмаған соң, тырнақалды қадамыма әжем шөп сындырып, ырым жасады. Көбіне осындай мүсіркеуге арлана қоятын едім. Бұл жолы әжемнің ауды ренжімей бергеніне қуандым. Сарайда жатып әбден шатысып қалған екен. Оны жазып тараштау оңай біте қоймады. Жиеней бір тартым көкіл ау әкеліпті. Түсі жасыл, шалаң тәрізді қасиетін өзі таныстырды.

– Су астында аудың аппақ торына балықтар жуымай қояды. Шортан мен тісті қуып ышқына қашқанда болмаса, тіпті, ештеңе ілікпеуі мүмкін.

– Балықтың көзі қаншалықты көретінін қайдан білесің? Аушылар ұстаған қаншама балықты ылғи да шортандар торға түсіріп жүрмеген болар, – деп Кеңес жақтырмаған кейіп білдірді.

– Шын айтам, жасыл түсті торға байқамай келіп соғады да, тыпырлап іліне қалады. Шалаң деп тұмсығымен түртсе, торда аунамай қайтеді?

– Бұның жобаға соғады.

Жиеней балағын түріп алып, қу қайығын теңізге итеріп түсірді. Абат берген бояққа Әлібек әкелген шыжым байланды. Тереңдегі басына тастайтын зәкірге арқан тарттық. Торта ауды тайызға, көкіл ауды тереңге қарай төктік. Ау салу деген таптырмас сәт. Әуелі табандықтағы күлшедей тасты суға шолп еткізіп тастап жібересің. Қалтқы жағы жайымен жіберіледі. Қайық соңында әп-әдемі болып тізбектелген ау шоғыры қалып барады. Ақ, қоңыр түсті кішкене қалтқылар толқынмен бірге тербетіледі. Ауды төгіп болған соң, шомылмақ ойымыз бар-ды. Жиеней ымдап басын шайқады.

– Тс-с…балалар. Осы ізімізбен шыжым бойын қуалай аудың арқалығы арқылы үстінен қарап шығайық. Мынадай тымық күндері бірен-саран балық қапелімде түсуі мүмкін.

Расында, қас-қағым сәтте олжаға тап келіппіз. Ойпыр-ай, тісті деген нағыз аңғал балық екен ғой. Қайтарғы аудың іркіс-тіркісін жазу үстінде бес-алты тісті, алабұға алдық. Жиеней алабұғаның етін жақсы көреді екен. Өзі қалап тұрған соң, алабұғаның бәрін соған бердік. Бізге бір-бір тістіден тиісті.

– Қолы қимылдағанның аузы қимылдар, – деген осы ғой, балам. Қарашы, демнің арасында қаншама үйдің қазанын қайнаттыңдар. Жас сорпа ішкенге не жетсін?! Паһ… дәмін-ай жарықтықтың! Әлгі көп түссе, треске тапсырамыз дегендерің дұп-дұрыс. Лайым, ауларың майлай берсін!

Әжем, сірә да, кесе пайдаға қарсы. Қазір оны бажайлап жатуға уақыт қайда? Ертең ерте тұруымыз керек. Ауды таң атпай қараған жақсы. Түнімен түсімде суда жүзіп, балық аулап жүрсем деп қанша қиялдағаныммен, түк шықпады. Қорылдап қатты ұйықтап қалыппын. Әжем әзер оятты.

– Тұр, Жәкенжан! Сағатың шырылдады ғой. Иә, иә… түнде жатарда қоңырау тілін таңғы беске түзеп қойған екенмін. «Будильник» безектеуін тоқтатса, әжем бол-болына басып мазаны алды.

Қала ұйқы күйімде тор қалтамды қолтығыма қыса, бешпентімді жүре киіп жағаға тарттым. Әзір ешкім келе қоймапты. Теңіз еркін тыныстап жатыр. Толқындар сәл-пәл ашулы қабақ білдірген адамдай жайымен жағалауға соғып кері қайтады. Әжемнің арқасында мен ертешіл балаға айналдым. Оқып жүргенде де осы. Құлқын сәріден шай қайнатып, кітап салған қалтамның ішіне бір бөтелке сүт салып қояды. Күлхан дейтін үй сыпырушы әйелге қашан түйелер суалғанша, осылай сүтпен сәлемдемесін береді де тұрады.

Әкем марқұмның мені алғаш мектепке қалай апарғанын есіме алсам – өзім де күлкіге батам, басқалар да мәре-сәре. Құжат бойынша Әлібек, Абат, Қуаттардан бір жас үлкен екенмін. Онысын қайдан білейін. Қатар ойнап жүрген соң, солармен бармасам оқымаймын дейтін көрінем. Есімде еміс-еміс бар, әкем үйден шығарда қойныма жарты таба нан тығып, мектепке жетелейтін. Сайға дейін тым жақсы жүріп барам да одан әрі баспай төрттағандап жатып аламын.

Әкем қызбалау кісі. «Әтеңе нәлет, мынау тірідей күйдірді-ау. Бұл теріс оқитын пәле болмаса не қылсын?!» деп талай зар қақсады. Ақыры болмағасын, белімнен шыжым жіпті өткізіп байлап, мектепке қарай сүйреді. Өзі дімкәстау адам, соның өзіне ентігіп қалды. Мен бармаймынға басып, даусым жеткенше бақырып келемін. Содан мұғалімдер мына заржақтан абырой таппаспыз деген болу керек, сол жылы оқудан қалдым. Келесі жылы жетелеусіз Абат пен Әлібектермен күліп-ойнап мектеп есігін қуана аттадым. Кешегі жылауық Жәкен төрт пен бесті майлатқан желаяқ атанып шыға келді. Осы оқиға оқшау қалып, ой құшағына енсем-ақ менмұндалап қарсы алдымнан бой көтереді. Жаттығы жоқ шуақты естелік өзіме де ыстық.

Таң сібірлеп алтын арайын айналаға кем-кемдеп шаша бастаған кезде балалардың бәрі тегіс жиналды. Әрқайсысының кешігу себебі ап-айқын. Малын суарған, қойды кезекке қосқан, самаурынға ағаш жарып бергендер де бар. Сөйтіп, алда-жалда босап шыққан.

Бәріміз қайықтың бел ағашына қарама-қарсы қарап отырдық та, Жиенейдің ау қарау тәсілін қызықтадық. Қоңқақ мұрнын оқтын-оқтын жеңімен сипап қойып, аушы бала жағалау жақтағы құлақты суырып алды. Табаны мен арқалығын қосып ұстап, қайыққа аударып келеді.

– Сендер балықты сығып алып, аудың шатысын жазып отырыңдар. Тараштап жинасаңдар тіптен жақсы.

Көз сайын десем өтірікші болармын, балық көп түсті. Шүпірлеген тісті, алабұға, тыран, торта және қылышқа ауымыз сіресіп қалыпты. Тісті мен алабұғаны ау көзінен сытып алу қиын шаруа екен. Қолымызды тікенді қалаштары әлсін-әлсін жырып, қанатып қойды. Бәрінен тортаны, қылышты алу оңай. Арлы-берлі сығып жіберсең, жып етіп шыға келеді. Ойпыр-ай, үш тартым ауға қайықтың табанын толтырар балық аламыз деп кім ойлаған?

– Тездетіп кәрсеге апарып өткізейік. Әйтпесе, күн көзінде шірітіп алармыз, – деді Кеңес шапшаң сөйлеп, – апаруға бір-екеуміз жетерміз. Басқамыз артық салмақ болмайық.

Қайықтағы балықты тапсыруға Кеңес пен Жиеней теңізбен тіке тартты. Екеуі ескекке отырды. Біз жағада ауды тараштауға кірістік. Оны бітіргесін жағалау бойымен балық қабылдау пунктіне жаяу бармақпыз. Қайықтағылар ауық-ауық демалып, қол бұлғап қояды. Еңбек рахатын осылайша түсінуден артық сәт болар ма екен? Кішкене кеудемізде қуаныш күйі күмбір қағатындай.

Ауды тараштау ұзаққа созылған жоқ. Жарыса жүгіріп «Аққұмды» бойлай зымырап бердік. Бұл кезде Кеңес пен Жиеней қайықтағы балықтарды сүзекімен нәшелкеге аударып жатыр екен. Дер кезінде келгенімізге риза боп қалды. Кәрсеші Жабай өлшеп еді, тұп-тура бес жүз килограмм шықты.

– Ау, бұл алғашқы табысты кімнің есебіне жазасыңдар? – деп кәрсеші қулана жымиды.

– Колхоздың есебіне, – дедік бірауыздан шу етіп.

– Жақсы, ақшасын қайтесіңдер?

Кеңес табанда жол таба кетті.

– Мектепке беруге бола ма?

– Әрине, неге болмасын.

– Бүгінгі балық – мектебімізге алғашқы сыйымыз. Оқу басталғанша осылай аулай береміз. Бәрін де кәрсеге өткіземіз. Сіз қабылдайсыз ғой, Жабай аға?!

– Пәлі, ниеттерің дұрыс. Колхозың, мектебің болып істемеген тың бастама. Рахмет, балаларым! Теңізге тартқан осындай түлектеріміз тұрғанда, қартаюға болмас. Тек дауыл тұрса, теңізге шықпаңдар. Торта ауды кешіп салуға да болады. Әсіресе, анау өздерің ойнайтын «Ақжар» асты тың жер. Биылдыққа ау да, жылым да салынған жоқ ол тұсқа. Жазатайым лай балық ойынын байқасаңдар, дереу маған айтыңдар. Мен «Бессайдағы» балықшыларға рациямен хабарлаймын.

– Мақұл аға!

Үсті-басымыздың малмандай су болғанын елең етпей, көңіл кептерінше қиялға кептірілген біздің бейкүнә пошымымызға сүйсінген кәрсеші Жабай тағы жымың етті.

– Кішкентай аушылар, кідіре тұрыңдар. Үйлеріңе асымдық балық алдыңдар ма, өзі?

– Жоқ, аға. Бізге үлесіміздің көбейгені жақсы. Бір торта да алғымыз келмейді. Жағалаудың саф самалы балғын үнді бақалшақтарға ұялата таудағы жаңғырыққа ұқсатты. Кәрсеші Жабай қақтап қойған мөңкелерінен әрқайсымызға біреуден таратып берді. Сазанның дәмі тіл үйіретін сорпасына қол созғандай үйді де ойлай бастадық. Жалғыз баланы патшадай күткен әкелік пейіл Жабай ағаның жанарына бірер тамшы іркілтті. Ретсіз елжірей бермейтін, үлкендер қаралай қаймығатын айбатты кісінің мейірбандығы балғын қауымға ағалар алақанынан асқан сүйеніш жоқтығын сезінтті. Ол кең қонышты резинка етігін қаусырмалап, қайығымызды ұйықтан толқынмен алыса итермелеп, айдынға ұзатып салды.

Теңіздің «Терістүбек» жағы қайырлау болатын. Қарауытқан лайлы аймақтан су астынан күміс теңге көрінетіндей мөлдір тұмсыққа жете бере қайығымызды «Аққұмға» тураладық. Шағыл қойнау көк жуа, көсік, құм сағызымен арбап алды. Шаттық лебі жүзімізді шарпып, берекелі бұйымтай жан-дүниемізді аблықтырып келеді. Даурығусыз тыныштыққа берілдік. Кезектесіп ескек есіп, таяу таянамыз. Кәнігі балықшылардай кеудемізді желге тосып, бел ағашқа тіземізді нықтай түсеміз. Не керек, жеңіс символы іспеттес жалау желбіретуіміз ғана кеміс. Келесіде әр сапарымыз жер шарын шарлаған жиһанкездер саяхатына ұқсарына еш күмән жоқ.

Балалар жазын бастамамен аяқтағанымыз ұмытылмас белеске айналды. Ойын өлкесінен өнеге баспалдағына қадам бастық. Алаңдайтын шаруа жетерлік. Мектеп жанындағы қызыл күрең талды күту, ау салу кішкентайлар қолымен жасалатын үлкен ізгілікке еліктіреді. Атамекеннің тартылыс күші бізді «Бессай», «Үшшоқы» сапарына шақырады. Жер тарихын зерделеп, туған өлке төсінде мәңгі тыныстап жатқан бабалар рухына мінәжат жасағымыз бар. Теңізге тартқан өжеттік толқыны арманның ақ желкенін көтеріп, шаттық шағаласын қалықтатып, перзент парызын айдын төрі – ұшанға қуалап барады.

Жаңабай Кемал

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<