Әлеуметтік салаға айрықша бетбұрыс

294

0

Бейсенбіде сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданында да «Руханият» орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ардагерлер, мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы барлық ауданда бой көтеретін «Руханият» орталықтарындағы кітапханалар тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар ашу – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға  алынған, кітап оқитын ұлтқа айналу жолындағы аса маңызды қадам. Оның оқырмандарына әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармалар, арнаулы әдебиеттер қолжетімді болмақ.

Мұнан бөлек, осы күні Шиелінің Жансейіт ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды.

– Биыл облыс бюджеті еселеніп, 650 млрд теңгеден асты. Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Соның ішінде білім саласына бөлінген қаржы көлемі  263,8 млрд теңгеге жетті. Салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. «Білімді қолдау қоры» есебінен  7 млрд 900 млн теңгеге  300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында осы кезге дейін бір ғана «Оқушылар үйі» болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтеруде. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан  музыкалық колледждің жаңа ғимараты құрылысы басталды. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» салынуда. Жаңа білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен болғай! Ұлтымыздың дамуында маңызды рөл атқаратын бұл жобаның басы-қасында жүрген құрылысшыларымыз өз ісіне жауапкершілікпен қарап, құрылысты сапалы жүргізеді деп ойлаймын, – деді мектептің іргетасын қалау рәсімінде аймақ басшысы.

Екі қабатты ғимарат 100 орынға арналған, құрылысты «СМП-Қызылорда» ЖШС жүргізуде. Мектеп жыл аяғында пайдалануға берілмек.

Биыл облыста 7 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жұмыс жаңа оқу жылы қарсаңында толығымен аяқталады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12300 орындық 21 мектеп салынуда.  Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11-нің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 1 мектеп Шиелі кентіне салынады.

Екі ауылдық округке газ келді

Шиеліге жұмыс сапарында облыс әкімі «Алмалы», «Ақтоған» ауылдық округтеріне газ қосу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы «көгілдір отын» игілігіне кенелген «Алмалы» ауылдық округінің тұрғындарын құттықтап, елді мекендерді дамыту бағытындағы жоспарларды бөлісті.

– Шиелі ауданының бюджеті 15,8 млрд теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсалуда. Бүгінде сырбойылықтардың 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл 5 млрд 400 млн теңгенің 14 ауқымды жобасы жүзеге асырылады. Осылайша 2025 жылға қарай облыс тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар 4 млрд теңгеге аймағымыздағы 12 елді мекенді газға қосу жоспарланған. Наурыз мерекесі қарсаңында Шиелі ауданының «Бестам», «Телікөл» ауылдарына табиғи газ барды. Бүгіннен бастап «Ақтоған» және сіздердің ауылдарыңыз «көгілдір отын» қолданады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Ауыл тұрғындарын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев пен еңбек ардагері Абдрахман Мұсаймов құттықтады. Іс-шарада аудан дамуына үлес қосқан азаматтар мен ардагерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ осы күні газ қосу рәсімі «Ақтоған» ауылдық округінде де өтті. Рәсімнен кейін облыс әкімі газ қосылған үй иелеріне ізгі тілегін білдірді.

Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Жансейіт, «Ақтоған» ауылының тұрғындарымен кездесті. Халықтың талап-тілегін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Басты мақсат – халықтың тұрмыс қажеттілігін, яғни жол, су, жарық, газ мәселесін шешу. Осы жылы Қызылорда облысында 12 елді мекен «көгілдір отынға» қосылады. Наурыз мерекесі қарсаңында Шиелі ауданының «Бестам», «Телікөл» ауылдарына, осы жолы «Ақтоған» және «Алмалы» ауылдарына табиғи газ жеткізілді.

Кейінгі кезде тұрғындар тозығы жеткен  электр желілеріне қатысты түйткілді кездесулерде жиі көтеретін. Осы орайда, Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдауға өткен жылы 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, ескірген трансформаторлар мен желілер ауыстырылуда.  Жобалық құны 4,5 млрд теңге болатын Шиелі кентіндегі қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңге бөлінген.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Бидайкөл», «Жиделіарық», Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге қаралды.

Шиелі ауданында 3 млрд 250 мың теңгеге 21 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде, аймақ тұрғындары көптен бері мәселе етіп көтерген «Самара-Шымкент-Жөлек» жолы орташа жөнделеді. Аудандық маңызы бар «Шиелі-Қодаманов» жолындағы көпірді күрделі жөндеуге 311 млн теңге бөлініп,  қазір жұмыс қарқын алған. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданының 5 елді мекенінде («Ортақшыл», «Алмалы», «Бестам», Ә.Тәжібаев, «Тартоғай» а/о) дәрігерлік амбулатория, Шиелі кентіндегі ауданаралық көпбейінді аурухана жанынан қосымша нысан салынады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданына 1 мектеп салу жоспарланған. Жансейіт ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды. Шиелі кентінде спорт кешені мен «Бестам» ауылында 150 орындық ауылдық клубтың құрылысын бастау үшін тиісті қаржы бөлінді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<