«Волонтерлік тек жастарға қатысты термин емес»

1330

0

Елдің жарқын болашағы мақсаты айқын, санасы сергек, білімді бґрінен жоғары қоятын жастардың қолында. Талаптың тұлпарына мініп, білім биігіне ұмтылған жастарға қолдау жыл сайын артуда. Айталық, былтыр Жастар жылы болып жария­ланса, биылғы Волонтерлер жылында ауқымды бастамалар жүзеге асуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы дәл осындай мейірімділіктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен волонтер жылында, ең алдымен, еліміздің жастарына зор сенім артамын» деген еді.


Бүгінде Сыр жастары елге жарқын бастамаларымен белгілі. Төтенше жағдай кезінде де волонтерлер да елмен бірге болып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып, мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлады. Осы орайда жастарды толғандыратын мґселелер, оларды қолдау шаралары туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақовпен сұхбаттастық.


Күтпеген карантин жастар басқармасының жұмысын қалай өзгертті? Сұхбатымызды осыдан бастасақ…


– Әлемді алаңдатқан карантин режимі біздің қай жағдайға дайын, қай жұмысқа дайын еместігімізді анықтап берді. Шындығына келсек, мемлекеттік құрылым көптеген жаңа өзгеріске дайын екенін байқатты. Әлеумет болғаннан кейін алып-қашпа сөз, сын болуы мүмкін. Бірақ «қоғам мүлде дайын емес» деген стереотипті бұзу керек. Бұл уақыт аралығында басқарма мен жастар ресурстық орталықтары карантин талабын сақтау шарттарына сәйкес халық арасында насихаттау жұмыстарына бейімделді. Бірінші кезекте ақпараттық байланыс, түсіндіру шараларына белсене араластық. Бұрын жастарға арналған мәдени-көпшілік шаралар жиі өтетін, карантин режиміне орай мұның бәрін онлайн ұйымдастырдық. Жасы ұлғайған жандарға мұндай форматта байланыс орнату қиын болса, жастар – кез келген талапты әртүрлі форматта енгізе беруге болатын орта. Сондықтан да олармен әлеуметтік желі, интернет сайттар арқылы байланысу қиындық тудырған жоқ. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын вайн, ролик, онлайн сұхбат, концерт түрінде жүргіздік. Айталық, орталықтағы жаттығу залы жабылды, бірақ спорт секторлары жаттығуды үй жағдайында қалай жасауға болатынын онлайн түсіндірді.


Еріктілер де осы кезде белсенді жұмыс атқарды емес пе?


– Бұл уақытта мыңнан астам волонтерлер халыққа қолдау танытып, көмек көрсетті. Отыз мыңға жуық бетперде тегін таратылып, 10 мыңнан астам коронавирустан сақтану талаптары туралы брошюра үлестірілді. Бетпердені өздері дайындаған волон­терлер де бар. Бірақ, негізінен «Далатекс» тігін фабрикасы алғашқы қадам жасап, мыңдаған бетпердені тегін тігіп, халыққа дер кезінде қолдау көрсетті. Кәсіпкер өнімді да­йындаушы болса, жас волонтерлер соны елге, мұқтаж отбасыларға жеткізуші қызметін атқарды. Ал, кәсіпкер, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Мағжан Ералиевтің қолдауымен 100 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Жалпы, осындай сындарлы сәтте Сыр бойындағы еріктілер жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын дәлелдеп, елмен бірге болды.


Өңірдегі волонтерлердің бел­сен­ділігі жоғары. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Алматы және біздің өңірдегі волонтерлердің бас­тамаларымен таныс­ты. Телекөпірде екі аймақтың бірі ретінде Сыр елінің таңдалуы – үлкен жетістік. Себебі, Мемлекет басшысы жариялаған Волонтерлер жылына орай біз респуб­ликада алғашқылардың бірі болып жастар орталығының жанынан азаматтық қоғам институттары бастамасымен волонтерлер штабын аштық. Жеті жалпыұлттық бағытқа сәйкес жетекшілер сайлап бердік. Бұл бағытта төтенше жағдайға дейін белсенді жұмыстар жүргізіліп, карантин уақытында саябырсығанымен, бас­тама қалайда жүзеге асатын болады. Сырбойылық жастардың Президентпен сұхбаттасуына мүмкіндік берген телекөпірге екі өңірдің ғана таңдалуы біздің бастамашылдығымыздың дә­лелі болды. Егер 17 аймақтың бәрі өз жұмыстарымен таныстырса, бас­тамалардың артық-кем тұсы бай­қалмай қалуы да мүмкін. Ал, тек екі өңірдің ғана таңдалуы үлкен дайындықты қажет етті. Бұл орайда Президент Әкімшілігі тарапынан жақсы баға алдық.

Телекөпірде «Эко-сақшылар» жаса­ғын құру туралы бастаманы жеткіздіңіздер. Солай емес пе?


– Жалпы біздің қоғамда волон­терлік деген ұғым – кең таралмаған бағыт. Асарлату әдісімен өзгеге көмек көрсету, қолыңдағы барыңмен бөлісу дәстүрімізде, қанымызда бар болғанымен, жүйелі түрде ұйым­дастырылмаған. Иә, жаңа бастама ретінде «Эко-сақшылар» жасағын құрамыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ, қазір төтенше жағдай талабы бойынша адамдарды топтастыра алмай жатырмыз. Тек бастама жасап қоймай, әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобалардың да ішіне енгізіп қойдық. Дегенмен, мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысты сатып алу рәсім­дері ұзақ уақыт алатыны белгілі жағ­дай. Сондықтан, тапсырыстың жеңім­пазы әлі анықталмағандықтан тоқ­тап тұр. Біз қоғамдық бастама ретінде қаладағы көгалдандыру, таза­лықпен айналысып жүрген әлеу­меттік желідегі бастамашыл топ өкіл­дерінің «Жастар, қаланы таза ұстауға, көгалдандыру жұмыстарына, та­биғатқа жанашырлықпен қарауға бастама көтеріңіздер. Біз мұны аға ұрпақтың санасына жастар арқылы жеткізуіміз керек» деген ойларын құп алғанбыз. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Ел Президентіне де осы бағыттағы жос­парларымызды таныстырдық. Ең бас­ты жаңалығымыз – республикада өңірлердің ішінде алғашқылардың бірі болып республикалық штабты ашуымыз. Онда тек қана жас­тар контингенті қамтылған жоқ. Жалпы волонтерлік тек жастарға ғана қатысты термин емес. Қоғамға көмек көрсету үшін жасқа шектеу болмайды. Иә, аймақта белсенді жастар волонтерлік жұмыстармен айналысуда, бірақ біз барлық қоғам өкілдерін белсенді жұмыс істеуге бағыттауымыз керек. Айталық, өт­кен айда жастардың бас­тамасымен Түркістан облысындағы жағдайға байланысты Мақтааралға көмек көрсету үшін алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмек көрсету штабын құрдық. Өткен жылы Арысқа осылай көмек көрсеткенбіз, сондықтан бізде тәжірибе бар. Ол кезде де қаржы жинаған жоқпыз, бұл жолы да солай, азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек түрінде материалдық қолдау көрсеттік. Штабты 4 мамырда құрдық, ал ертесіне 5 тонна зат жиылды. Жолға шығамын дегенше, яғни үш күннің ішінде 15 тонна зат дайын болды. Біздің қоғамның волонтерлік көмек көрсету бойынша белсенділігін осы үш-ақ күндегі ұйымдасудың өзі-ақ дәлелдеп берді. Жалпы 6 мамырдан бастап Мақтааралға 95 тоннаға жуық материалдық көмек көрсеттік.


Елдің төзімі мен сабыры сыналған кезеңді өзіңіз қалай қарсы алдыңыз?


– Карантин салалық құры­лым­дардың неге дайын, неге дайын еместігін айқындап берді. Менің де жеке адам ретінде қатаң талаптарға бағына алатынымды дәлелдеді. Өзіме жүктелген міндеттер аясында тұрғындарға дұрыс ақпарат жеткізуге үлесімді қостым. Ал өз ортамда осы елдің азаматы ретінде қоғамда талқыланып жатқан кереағар пікірлерге келіспеуге, талаптарға құлақ асуға шақырдым. Қашықтан жұмысқа көш­пе­гендіктен, арнайы жаңа дағ­дыларды қалыптастыратындай бос уақыт болған жоқ. Күнделікті жұ­мыс күшейтілген режимге көшіп, жауап­кершілік екі есе артты.


Есепте тұрғандар да волон­терге айналыпты. Бұл рас па?


– Пробация қызметінде есепте тұратын азаматтармен жұмыс істеудің тәртібі басқаша. Жалағашта мұқтаж жанның үйін жөндеу жұмыс­тарына есепте тұратын жастар да қатысты. Қазір облыстың әр ауданында ерікті түрде қоғамға қызмет етіп жүргендер көбейді. Волонтерлік әркімнің жүре­гімен баратын, өз бас­тамасымен қолға алатын іс. Бір жұмысты жасауға біздің ықпал етуіміз де міндетті емес. «Былай жаса, мынаны істе» десең, волонтер деген ұғымның да мәні кетіп қалады.


Жуырда шетелде оқитын жас­тармен кездестіңіз. Олармен Skype арқылы хабарласып отырғаныңызды да білеміз. Жалпы, шекарадан тыс білім алып жүрген жастардың ой-танымы қалай өзгерген?


– Кейде қоғамда «неге шетелде оқып келген жастарға басымдық бересіздер, біздің оқу орындарының әлеуеті соншалықты төмен бе, елде білім алатын жастарды неге ерекшелейсіздер?» деген сұрақтар болады. Бірақ олай қабылдамау керек. Бөліп-жармаймыз. Шетелде оқып келген жастардан кішкене жаңалық күтетініміз рас. Олар дамыған, дамушы елдерде білім алды ғой. Егер ол елдерден үйренетін жақсы дүниелер болса, неге үйренбеске? Шекара асып, білім алып жүрген жастарымызбен кездесуіміздің бір себебі – осы. Екіншіден, шетелде оқитын жастардың жағдайын да біліп тұру керек. Ата-ана қарауынсыз жүрген кезде жат дүниелерге әуес болып жүрген жоқ па, қандай көмек керек? Мысалы, көп жағдайда студенттер отбасылық шектеуден шығып, сабаққа немқұрайлы қарап емтиханнан өтпей қалса, ректоратты, ұстаздарды кінәлайды. Ата-ана да баласының айтқанын дұрыс көріп, екінші тараптың сөзіне мән бермейді. Осындай жағдайдың бірінде Ресейде оқып жатқан студенттерді зерттеу барысында кінә балалардың өздерінен болғанын анықтадым.
Кейде шетелде оқыған студент­тердің, сонда қалып қоятыны бар. Көп адам осыны түсінбей, неге елге келіп қызмет етпейді деп жатады. Негізі әр адам қайда оқиды, қайда еңбек етеді, оны өзі шешеді, оған шектеу жоқ. Ол Қазақстан азаматы ретінде құқылы. Қазір шетелдегі студенттердің басын қосатын ортақ алаң жасау мақсатым бар. Соңғы кездесуімізде Ресейден бөлек, Қытай, Чехия, Венгрияда оқитын жастар ортақ алаңға қосылды, ойларымен бөлісті. Мен оларға қарапайым ғана енгізілетін жаңалықтарды қолдарынан келсе, жасауға шақырдым. Қолдауға дайын екенімізді жеткіздім. Шын мәнінде, көрші елдерге қызыға бермей, білімді пайдаға жаратып, қоғамға үлес қосса деймін. Бізге сырттан келіп, жақсы, жаңа дүниені ешкім жасап бермейді ғой?!


«Qyzylorda International» ассоциациясы немен айналысады?


– Негізі Ресей және басқа да шетелде оқитын жастарды біріктіретін бұл ұйым 2018 жылы «Орда» жастар қоғамдық бірлестігі ретінде Әділет органында тіркелді. Кейіннен жастар «Ресей деп ерекшелейтін талапты алып тастасақ» деген ұсыныстарын айтты. Ұйымның мақсаты да тек Ресейде ғана емес, шеттегі барлық жастармен байланыс орнатуға бағытталған. Сондықтан «Орда» жастар қауымдастығы «Qyzylorda International» ассоциа­циясы болып өзгертіліп, ережесі толық­тырылып, қайта тіркеуден өткі­зілмек. Жетекшісі – Қытайдың Ухань қаласында «Халықаралық байланыс­тар» мамандығы бойынша білім алған Ғазиз Жұмабаев.


Мемлекет басшысының тап­сырмасымен жүргізілген Пре­зи­денттік жастар кадрлық резервіне 300 қазақстандық қабыл­данды. Олардың арасында қанша қы­зылордалық жас бар?


– Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлерден өтінім қабылдау жұмыстарын облыс әкімі аппараты үйлестірді. Өткен жылдың қыркүйегінде 1 кезеңі өтіп, облыс бойынша 228 үміткерден өтінім түскен. Ал іріктеудің екінші кезеңінде 12 үміткер шекті мәннен төмен емес нәтиже көрсетіп, тестілеуге қатысқан. Үшінші тестілеуді верификациялау кезеңінен ешкім өтпеді. Ұлттық комиссия отырысының шешіміне сәйкес өңір бойынша Президенттік кадр есебіне алынған үміткерлер болмаған. Жастардың қатысу белсенділігі жоғары, талап та жоғары. Айта кету керек, республика бойынша үш кезеңнен де өткен резервшілердің 11-і – Сыр өңірінің тумалары. Бірақ, қазір тұрғылықты мекен-жайлары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында.


Жастардың инновациялық индекс тізімінде Қазақстан 129 елдің ішінде 79-орынға тұрақтады. Елімізде докторантураға түс­кен­дердің 7 проценті ғана ғылыммен айналысады екен. Осы ретте бас­қарманың «Жас ғалымдар» альянсы жұмысын белсендіруді қолға алған бастамаларыңызды байқап жүрміз. Ұйымның құрамында қандай жас ғалымдар бар?


– «Жас ғалымдар» альянсы жа­қында құрылған ұйым емес, 2009 жылдан бері бар. Дегенмен, уақыт өте жұмыстары бәсеңсіп қалғаны рас. Қоғамдық ұйым болғаннан кейін мемлекеттік орган олардың жұмыстарына тікелей араласа алмайды. Менің мақсатым бұл ұйымның жұмысын одан әрі белсендіру болды. Төрағасы да жаңадан сайланған екен. Жақында ұйым мүшелерімен арнайы кездестік. Мақсатымыз – аймақтағы ғылыми бағытта жұмыс істеп жүрген жас ғалымдардың ортасын қалыптастыру. Сондай-ақ, Қызылордаға пайдасы тиетін қандай жобалар жасамақ, біздің және басқа салалардан қандай қолдау қажеттігін анықтағымыз келді.


Жастарды алаңдататын 3 түйткіл – білім, баспана, жұмыс. Сіздер жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне қалай ықпал етесіздер?


– Жастар басқармасы болған­дықтан, жастардың жұмыссыздығы туралы бізден сұралады. Ол да дұрыс. Бірақ, біз бұл мәселені жүйелі шешіп беретін құрылым емеспіз, онымен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы айналысады. Бос жұмыс орындары, жұмыс іздеуші азаматтар да сол жерде тіркеледі. Біз – тек үйлестірушіміз. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы құрылатын тұрақты, уақытша жұмыстарды жұ­мыс­сыз азаматтар арасында кеңінен насихаттауды басты міндет еттік. Осы жылдың І тоқсанында жұмыспен қамту орталықтарында 3698 жас тір­келген. Олардың барлығы да назардан тыс қалдырылмайды, тиісті жұмыстар жасалады. Біз енді сол органға тіркел­меген жастарды көрейік, «олар не істеп жүр, маргинал жастардың қатарында емес пе?» деген сұрақтар бойынша сауалнама жүргізбекпіз. Онлайн үлгіде іске қосып жібердік. Бір айлық мерзімде қорытындысын талдайтын боламыз. Бұл жерде жас­тар жұмыссыз жүргенін, мамандығы бар-жоғын білдірсе, нақты көрсеткіш шығаруға болады. Демек, қоғамдағы әрбір жас жұмыссыздық мәселесін жасырмай, талпынуы керек. Себебі, үй-үйді аралап, мұны анықтау қиын, қызметкерлердің саны жетпейді әрі аз уақытта ақпарат ескіріп кетеді. Көрсеткіш құбылмалы. Үй аралап, ертең нақты цифр бере алмаймыз. Бұған көз жетті. Былтыр Жалағаш ауданында мұны пилоттық жоба ретінде алып, бүкіл ауылдарында сауалнама жүргіздік. Бірақ ол ақпарат биылға жарамайды, алайда жастар арасында қандай мәселелер бар екенін білдік. Көбіне жастар өзгелерге кінә артқанды жақсы көреді. Жалпы, мемлекеттік жастар саясатында Елбасының, Мемлекет басшысының қолдауы жоғары, бірақ жеке мәселемен айналысып, әр адамға жеке қызығушылық танытатын болсақ, жұмыс жүрмей қалады. Мүмкіндігінше сауалнамаға қатысқан адамдардың өтініші бо­йынша нәти­жеге қол жеткізуге тырысамыз.


Жұмыссыздық мәселесі бойынша жаңа бастамалар да бар. Сырдария ауданы әкімшілігі тарапынан өткен жылы оң бастама көтеріліп, шаруа қожалықтары ішкі тәртібіне сәйкес жұмыссыздықты жоюға байланыс­ты ұсынысқа қолдау танытты. Қазір Сырдария ауданындағы 8 ауылдық округте 61 жұмыссыз жас 6 шаруа қожалығында қызмет етеді. Шаруа қожалықтарындағы жұмыстар негізінен маусымдық. Бірақ оларды тұрақты жұмысқа қабылдау үшін келесі ұсынымдарды енгізіп жатырмыз. Қазір Қармақшы ауданында да осы бағытта жұмыс басталды.


Басқарма қазір қай бағытқа басымдық беріп отыр?


– Басқарма негізінен бір реттік шаралардан гөрі жастарға нақты қолдау көрсету бағытында жұмыс істейді. Жастардың жұмыспен қамтылуы, оларды толғандыратын өзекті мәселелерді дер кезінде анықтау және шешу жолдарын жүйелі түрде қарастыру, алдағы мәселелерді зерделеуге басымдық береміз.


Тұлға болып қалыптасуды мақсат еткен жастар сіздерге қарап бой түзейді. 20 жастағы өзіңізге қазір қандай ақыл қосқан болар едіңіз?


– Батыл қадамдар жасауға қо­рық­пау керек дер едім. Мен ойға алған дүниені көбірек синтездеп, анализ жасаймын. Жүз ойланып, бір рет шешім қабылдайтын кездерім көп. Ол негізінен оң нәтижесін береді, бірақ кей жағдайларда уақыт алады. Сондықтан жас кезде шұғыл шешім қабылдап, тез ойлануға дағдылану керек.


Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА,


«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<