Бәрі есімде…

304

0

– Хұсейін қайда жүрсіңдер? Қалдыбек қайда, ол да көрінбей кетті. Соқпай кеттіңдер ғой мүлде, – дер еді Базарбай көкем бізді сағынып іздей бастағанда. Біз де жұмысбасты боп жүргенімізге ренжіп, екеуара жинала қалып, «Арай» қайдасың, Базекем қайдасың?» деп жүгіре жөнелетінбіз бұрынырақ.

Ал қазір өзімнен-өзім отырып, «осы Базарбай ағаға бармағаныма көп болды-ау» деп қалып, ол кісінің бұл жалғанды бізге қалдырып кеткеніне бір жылға жуықтап қалғаны еске түсіп, «а-а-ай, шіркін-ай, дүние-ай» деп көзім дымқылданып шыға келетіні бар.

Иә, елінің ықыласына бөленген білікті дәрігер, медицина саласының ардагері, абыройы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, «Мұстафа Шоқай» қорын құрып, оның көп жыл төрағасы болған академик Базарбай Асанбайұлы Атабаев ағамызды о дүниеге аттандырып салғанымызға бір жылдай болып қапты.

Қаншама жыл бірге болдық десеңші?! Қаншама ай… апта… күн…

Ойлай берсең ол кісімен бірге өткізген әр күнің, тіпті сағаттарың еске түседі. Қашан еді танысқанымыз? Өткен ғасырдың 70-жылдары болуы керек. Сол кезде біздің Н.Бекежанов атындағы театрдың директоры Сақтаған Тұрлымұратов деген ағамыз болды. Мен Мәскеуден Жоғары режиссерлер курсын бітіріп келіп, Тахауи Ахтанов ағамыздың «Махаббат мұңы» деген драмасын сахналап, премьерасы болайын деп жатқан. Ол кезде А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет үйіндеміз. Сәкең екеуміз Мәскеуден келген қонақ, ГИТИС-тің Жоғары режиссерлер курсының директоры Лев Николаевич Жигалинді премьерадан кейін қалай күтсек екен деп ақылдасып отырғанбыз. Сәкеңнің кабинетіне орта бойлы, мығым денелі қасы-көзі ерекше келген бір жігіт қасына келіншегін ертіп кіріп келді де:

– Ассалаумаәлекум, Сәке! Сөздеріңізді бөліп жібердім бе? Мына келініңіз қоймай…

– Ау, ау, кел, кел, Базарбай, ағаңның кабинетіне қай уақытта болса да еркін кіретін бауырым емессің бе, амансыңдар ма? Келін айналайын, балалар аман ба? – деп Сәкең орнынан тұрып қалбалақтап қалды.

– Мына «Махаббат мұңы» менің сүйіп оқыған шығармам еді, соны театр қалай қойды екен көрейік деп билет алсақ, еншімізге соңғы қатардан тиіпті. Келініңіз алыстан көре алмайды ғой, соған өзіңізге келіп едік…

– О-о, ол өтінішіңнің жарасы жеңіл ғой, міне, мынау – шақыру билеті, ортадағы қатардан.

– Мына азаматты онша танымай тұрғаным, – деді Базарбай маған қарап, өзіміздің ауылдан ба?

– Иә, өзіміздің, өзіміздің, Тереңөзек жағынан. Хұсейін Теміров. Бүгінгі спектакльдің режиссері, ал мына кісі менің інім Базарбай Атабаев деген болады, Хұсейін. Медицина саласының Халық артисі.

– Өзінің де артистігі жетерлік еді, тіпті асырып жібердіңіз ғой ініңізді, сахнаға жармасып жүрмесін, – деп қалды жеңгеміз.

– Мен жәй, мына Хұсейінге түсінікті болсын деп айта салып едім, көңіліңе алмай-ақ қой, келін, айналайын, – деді Сәкең сасқалақтап.

– Танысқаныма қуаныштымын, – деді Базарбай менің қолымды қысып тұрып, – артист болмасақ та, театрдың тұрақты көрерменіміз. Мына кісі менің келіншегім – Гүлбаһрам деген сұлу.

– Өте жақсы! Мен де ризамын.

Базарбаймен осылайша танысқанымызбен, бірден араласып кете алмадық. 1977 жылы Сақтаған ағамыз Алматыдағы М.Әуезов театрына ауысты да, орнына Шайтұрсын Әбдібаев директор болып тағайындалды. Шайтұрсынның үйінде болған бір отырыста Базекеңмен қайта табысып, менің жарым Әлия Гүлбаһраммен танысып, содан бері Атабаевтар отбасымен жақын араласып кеттік және бір жақсысы ол кезде біз қазіргі Әйтеке би көшесінің бойындағы 26 үйде көрші тұрады екенбіз. Біз бірінші, олар екінші подъезде.

Маған Базекеңмен арадағы қатынаста қатты әсер еткен жағдай – ол кісінің Мұстафа Шоқаймен жақындығы еді. Бір отырыстан қайтып келе жатып, «Базеке, біздің үйден аттап кетесіздер ме?» деп едім, Гүлекеңді қолтықтап алып жоғары көтерілдік. Әлия дереу шай дайындай бастады да, Гүлекең «Мен Әлияға көмектесейін» деп ас үйде қалды.

– Базеке, – деп бастадым, көптен бері айта алмай жүр едім. Жақын танысып жатырмыз, сонымен бірге біздің арамызды одан сайын жақындастыра түсетін тағы бір жағдай бар, – дегенде өзімді ұстай алмай көзіме жас келе берді. – Менің әкем Жүсіп соғыстың басында әскерге алынып, алғашқы ұрыстардың бірінде пленге түсіпті. Концлагерьдің азабын бір кісідей тартқан көрінеді. Көп айтпайды, кейде бір жақын шалдары келгенде там-тұмдап айтқан әңгімесін сырттай естіп қаламыз. Міне, сондай ауыр азапта жүргенде, Құдай айдап бұлардың лагеріне Мұстафа Шоқай келіп, басқа тұтқындармен бірге менің әкемді де босатып, кішігірім заводы бар бір немістің қызметшісі етіп орналастырыпты. Әкем содан аман қалып, жеңісті де сол жерде күтіп алса керек. Сондықтан да біз Мұстафа Шоқай десе жұрт құсап жерімей, оны құтқарушымыз деп үлкен құрметпен есімізге аламыз. Сізді де сол үшін жақын тұтып, бауырымдай көремін.

Базекең де көзінен жас тамшылап, орнынан көтеріліп, мені құшақтай алды. Осылайша құшақтасып тұрғанда Гүлекең мен Әлия да келді.

– Ау, ау, жай ма? Немене, кондицияға жетіп қалдыңдар ма? – деп Гүлекең ренжи сөйлей бастағанымен біздің сап-сау, бірақ жасқа толы көзімізді көргенде тоқтай қалды. Әңгіменің байыбына барғанда екеуі де көз жасына ерік берген еді.

Бір қызығы, Базекең қай отырыста болмасын көтеріңкі көңілде, ең бастысы сол ортада отырған барлық кісінің де ашық мінез танытып, кештің өте жақсы деңгейде өтуіне атсалысып отырғанын қалайтын. Жігіттерге, қыздарға ән айтқызып думандатып отырғанды ұнататын.

Әнді домбырасын бабына келтіріп алып Шайтұрсын бастайтын, одан сүйріктей болып орнынан Аманхан көтеріліп, Нүсіпжановша шырқап кеп жіберетін, оның әзілі қандай десеңші?! Содан қыздар Әлияны әнге шақыратын, ол ерекше бір жайдары күлімсіреп, көзін мен жаққа бір тастап қойып, Қыз Жібектің «Гәккуін» сызылта жөнелгенде амал жоқ, мен де Төлегеннің ариясына басатынмын. Содан соң Базекең өзінің «Даурия» әнімен жұртты мәз қылатын.

Қызығы бар, ұйықтап кеткенбіз, түнгі екі ме әлде үш пе, құлағыма ән естіліп, дәлізге шығып қарасам, қолында телефон «Қарағым-ай» әнін сызылтып тұр. Үйде сол күні қонақ бар болатын. Арысбай әкеміздің қарындасы Ұлбике апамыз қонып жатқан. Бір кезде балалар бөлмесінен сол кісінің шашы ұйпа-тұйпа, шығып келе жатқаны бар емес пе?

– Әй, мынау не масқара? Түн ортасы ауғанда? Ән айтуға басқа уақыт таппадыңдар ма? – деп бұрқылдап жүр. Әлия оған қарайтын емес, әнін шырқай түсті.

Сөйтсек Базекең бір отырыста отырып Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым-ай» әнін есіне түсіре алмай Әлияға хабарласқан ғой. Ән жаңа шығып тарай бастаған кезі еді. Базекең өтініш айтқасын Әлияның жаны қала ма? Түн ішінде телефонға әндетіп тұрғаны сол екен.

Бірде үйге Қалдыбек пен Алмагүл келген, Базекеңе хабарлассам жұмысында екен, сосын келемін деді. Сөйтіп отырғанда Оралхан (жазушы Оралхан Бөкей) телефон соғып:

– Ал мен келдім Қызылордаңа! – демесі бар ма?!

– Ой, қайдасың?

– Қызылордадамын…

– Оны түсіндім ғой, қазір қайдасың?

– Қызылордадамын…

Мен күліп жібердім. Қызылордамен мені әншейін ойнатып тұрғаны екен.

– Қазір жетем. Қай бөлмеде?

– Үш жүз үш.

Дереу Шайтұрсын мен Серік Пірмахановқа телефон соғып, Қалдыбек екеуміз қонақ үйге беттедік.

– Мына кездесулерден жалығып кеттім. Сендермен отырайыншы, – деп Оралхан құшағын аша берді. Ол әуелгі кезде онша танымайтын кісілерге тосырқай қарап, кеудесін кере, шалқалақтап отыратыны бар еді. Базекең:

– Оралхан, біз сені қазақтың ерекше дарынды жазушысы деп білеміз. Өзіңді көріп сүйсініп отырмын. Тіпті осы отырысың да өзіңе жарасып тұрғандай, кітаптарыңа ұқсайды екен. Хұсейіннің үйінде талай жазушымен кездесіп жүрміз. Сондай кездесуді айтып, медицина қызметкерлері ортасында мақтанатыным бар. Хұсейіннің досы екенсің, сені де інімдей көріп отырмын.

– Осы Хұсейін бар ғой, аға-ау, сізге жалобы жасайыншы, дос-дос дейді де, менің бірде-бір шығармамды әлі сахналаған жоқ қой.

– Жоспарда бар, Оралхан, – деді Шайтұрсын.

– Әні өзі бар, мына директоры бар, дап-дардай жазушыны осылай алдай салады бұлар…

Оралханның дап-дардайына күліп жатырмыз…

Базекең сөзін жалғастырып:

– Сенің «Қар қызыңды» мына Хұсейін айтқасын оқи бастағам, бірақ кей жеріне түсінбей қалам…

– Ой, Базарбай аға, сіз түгілі, сол «Қар қызыңызға» өзім де түсінбей дал болам кейде…

Енді бұған қалай күлмейсің?!

Содан күлкі басталып кетті. Оралханмен түннің ортасына дейін отырыппыз.

– Ағаң керемет кісі екен, Хұсейін, өзі медик болса да өнер жайлы, әдебиет жайлы шемішке шаққандай әңгімелеп отыр. Үйіңнің қасында екен. Бізге осындай сен үшін жанын беруге дайын адамдар керек қой, рухани сүйеніш қой олар, – деп Оралхан қатты риза болды. Базекең:

– Оралханың мықты екен. Ешкімге ұқсамайды, ә? Тәнті болдым. Әңгімені де майын тамызып әдемі айтады екен және өзіне-өзі күле қарайтыны бар екен. Өзіне-өзі күле қараған адам ерекше ақылды адам деген сөз ғой, ризамын, – деді.

Біздің ауыл қазіргі Сырдария ауданы, Асқар ауылы ғой, ол кезде ХVІІІ партсъезд совхозы деп аталатын. Бір сенбіде Базекеңнің қолы босап, Қалдыбек бар, мен бар біздің ауылға бет алдық. Көкем де, апам да үйде екен. Екеуі кішігірім дастарханның басында, ортада дәу самаурын. Апамның қолында кесе, ал көкем Құран жөндеп отыр екен. Көкемнің молдашылығы бар, өте сауатты кісі болатын. Ескірген, тозған, беттері жырым-жырым болған Құрандарды жинап, өзі ұннан желім жасап, жыртылған жерлеріне ақ қағаз жапсырып, өшіп қалған сөздерін өз қолымен қайта жазып, сосын сыртын шүберекпен қаптап, оқуға ыңғайлы болсын деп отызға бөліп, әрқайсысын жеке-жеке кітапша қылып жасап отыратын. Ол кезде молдалар үш-төртеуі жиыла қалып, Құранды түгелдей басынан аяғына дейін оқып шығатын. Содан соң ғана қаза болған кісінің жаназасын шығаратын.

Қонақ күтіп отыратын әдеттері ғой, көкем қалбалақтап:

– Келіңдер, келіңдер, төрлетіңдер, әп бәрекелді, келгендерің қандай жақсы болды. Әй, кемпір, мына шайды жина, қазан көтер, самаурыныңды қайта қой. Иә, қалайсыңдар?

– Көке, апа, мына балаларыңыз –Базарбай деген азамат. Дәрігер. Облыстық аурухана басшысының орынбасары. Әкесінің аты – Асанбай. Көрші тұрамыз. Бұл кісілер екінші подъезде тұрады. Ал мына Қалдыбек келіп жүр ғой. Айдарлыдан. Әлияның ағасы деп таныстырдым ғой.

Енді ар жағын көкемнің өзі басқарып кететіні бар, Базекеңнен жұмысы жайлы, әулеті жайлы сұрай бастады. Жауабын кейде Базекең айтса, бірде Қалдыбек жалғастырып:

– Ағамыздың әулетінің ішіндегі атақтылары Торғай датқа деген атамыз болған және елге мәшһүр Мұстафа Шоқай деген ағамыз… – дей бергенде күндіке көзілдірігін ала қоймаған көкем көзінен оны жұлып алып, Базекеңе тесіле қарап қалды. Маған оның жүзі біртүрлі күреңіткендей болды ма, сосын орнынан көтеріліп, бөлмеден шығып кетті. Базекең маған қарады, мен не дерімді білмей тұрып қалдым. Сосын көкемнің соңынан шықтым, үлкен бөлмеге қарай кеткен екен, ақырын есігін ашсам жайнамазын жайып Құран оқып отыр екен.

Мүмкін бұл Мұстафаға арналған мінәжат шығар. Мен апама көмектесіп, қайта кірсем, көкем Базекеңдермен сөйлесіп отыр.

– Көке, денсаулығыңыз қалай?

– Құдайға шүкір, балам, жақсымын.

– Мен дәрігермін ғой, тамырыңызды ұстап көрсем қайтеді?

– Апырай, ә! Мен осы біздің дәрігерлерге тамыр ұстата алмай-ақ жүр едім. Иә, міне қолым.

Базекең сағатына қарап отырып көкемнің тамырын біршама ұстап отырды да:

– Жүрегіңізде ептеген кінәрат бар сияқты. Облыстық больница деген үлкен жер ғой. Шамалы жатып емделіп шықсаңыз қайтеді? Өзімнің палатама алып емдер едім, – деп еді, көкем:

– Әй балам-ай! Біздің науқасымыз сүйекке сіңген дерт қой, оны емдеп әуре болып қайтесің? Одан да… – деп әңгіменің барысын басқа жаққа бұрып әкетті.

Шайтұрсынның үйінде отырған бір отырыста Базекең:

– Мына Хұсейіндер бақытты ғой. Әкеміз өзгеше кісі екен. Ауылдық жерлерге барып жүрміз ғой. Бірақ анадай эрудициясы мықты кісіні көрмеппін. Ақылы өз алдына, тіпті қолтаңбасы қандай десеңші. Тасқа басқандай. Құранның сөздерін тура типографияның өзінен шыққандай етіп жазады ғой. Мені де біраз састырды. Саясатыңды бір ғалымдай біледі. Аттатпайды ғой. Ол кісімен сөйлесем деген біраз адам сүрінеді-ау…

– Ой, Базеке, сіз білмейсіз ғой, ауылға барарда біз жай бара салмаймыз, кәдімгідей экзам тапсыруға барамыз ғой! – деп Шайтұрсынның күлдірмесі бар ма?!

Бір демалыста Әлия ауылға барып қайтқан, көкем келесі демалыста достарыңды ертіп келіңдер, күтеміз депті. Не болып қалды екен деп Базекең мен Гүлекеңді, Қалдыбек пен Алмагүлді, Шайтұрсын мен Гүлшашты, Серік пен Жәмиланы ертіп ауылға беттедік. Үйге барсақ, бірнеше самаурын қайнап тұр, шошалада қазанда бүлкілдеп ет асылып жатыр, дастархан үлкен бөлмеге жайылыпты. Біршама туысқандарымыз да осында. Апама не болып жатыр десем:

– Қонақтарыңды жайғастыра бер, көкең айтады ғой не болғанын, – деп қысқа қайырды.

Амандасып болғасын көкем бізді отырғызып, ұзақ Құран оқып, батасын жасады да:

– Ал енді жайғасып, беймарал отыра беріңдер, еш қысылмаңдар балаларым, – деп өзі шығып кетті.

Ол кісі молда болғанмен, достарыммен келгенде ешуақытта ішімдікке тыйым салмайтын. Еркін отыра беретінбіз.

– Әкеміздің осы мінезі де маған қатты ұнайды. Кейде бір молдалар болмайды да болмайды деп қолыңнан рюмкіңді жұлып алатындай өзеурейтіні бар ғой.

– Сендерге ерік берсе айды аспанға бір-ақ шығарасыңдар ғой, – деп қалды Гүлекең. Гүлбаһрам Әбсұлтанқызы Базекеңді жанындай жақсы көретін. Үстінен шыбын ұшырмауға пейіл ғой. Бірақ жылдам, осындайда айтып қалатыны болатын. Зілі жоқ та.

– Гүлбаһрам сен, мына сусынды жақтырмай отырсың ба? Сен академик Адамянның бұл туралы айтқан уәждерін тыңдадың ба? Тыңдаған жоқсың. Егер сен сол лекциялардың бір кішкентай шет жағасын ғана тыңдасаң, сен бұл пәтшағарға салқын қабақ танытпаған болар едің… Бұның аса пайдалы жақтарын зерттей бастар едің…

– Базарбай! Тап осы молда әкеміздің үйі сенің мына лекцияңның орны ма? Айтшы өзің?

Базекең күліп жіберді, біз де қосыла күліп жатырмыз.

– Әй, жігіттер, байқадыңдар ма? Қанша дегенмен менің әйелім педагог қой. Кейде осылай тауып айтатыны бар, ә?!

Үлкен асты жеп бола берген кезде, көкем:

– Ау, балаларым, тамақ алыстарың нашар ғой, мынау бір адам жеп кететін ас емес пе? Шайтұрсын балам-ау, сенің асап-асап жейтінің бар еді…

– Бұл балаңыз қазір диетада, көке. Шайтұрсын директор ғана емес, артистігі де бар ғой. Мына режиссері тамақ жеуге тыйым салған. Үйінде Гүлшаш деген госконтролі тағы бар! – деп Серік бәрімізді күлдірді.

– Әй, тамаққа тыйым салуға бола ма екен? Ол ырзық-несібе ғой. Қой болмас, өз қолымнан асатайын сендерге! – деп көкем Базекеңнен бастап бәрімізге асата бастады. Қыздарға қолмен емес, кесеге салып беріп жатыр еді, Шайтұрсынның келіншегі Гүлшаш:

– Ата! Сіз ұлы жүз ошақтының қожасы екенсіз. Мен де ұлы жүздің қызы едім. Рұқсат етсеңіз өз қолыңыздан асайын, – деп еді, көкем:

– Ой, айналайын, өркенің өссін! – деп асата бергенде Серіктің келіншегі Жәмила да кезекке тұра қалды.

Табақта дәм қалмады.

– Тамаққа зәру болған кездеріміз болып еді, содан ба, алдымызға ас келсе, оны тауысып жегенді қалаймын да отырамын, – деді көкем қолын майлыққа сүртіп жатып.

Тұтқында жүргенде дәмнің тауқыметін талай тартқан ғой, шынында да көкем өзінің отырған жерінде қандай ортада болмасын астың рәсуа болуына жол бермейтін.

Тамақтан кейін шай да ішіліп болып, қайтуға жиналып жатқанда:

– Ал балам, Базарбай, – деді көкем, келін айналайын, мына менің ұлым жалғыз еді. Алдында ағасы, артында інісі жоқ. Сені аға тұтып жүр екен. Ендеше сен шын аға бол, менің балама. Бұл саған іні болсын. Ал маған, Базарбай айналайын, өкіл ұл боласың, мынау үстіңе кигізген киімім – костюм-шалбар, келінге камзол- орамал, еншіңе бір сиырымды атап отырмын. Менің осы пейілімді қабыл ал. Иә десең дәл қазір Хұсейін екеуің көз алдымда төс қағыстырып, құшақтасып, ағалы-інілі боламыз деп серт беріңдер! – деп еді, Базарбай аға көзі мөлт-мөлт етіп орнынан ұшып тұрды да, мені құшақтай алды. Гүлекең:

– Кел Әлияжан, екеуміз біріміз абысын, біріміз келін едік, атамыз одан сайын туыстырып жіберді ғой! – деп Әлияны құшағына алды.

– Бәрекелді көке, мынау бір тәлімді іс болды. Базарбайды бәріміз де туған ағамыздай көреміз. Кейінгі кезде Хұсейін екеуінің ағайынгершілігі күннен-күнге артқандай еді, соны цементтеп бердіңіз, ниетіңіз қабыл болсын, – деді Қалдыбек көкемді құшақтап. Одан қалыспай, Шайтұрсын мен Серік те көкемді құшақтады.

Мәре-сәре жағдай болды да қалды.

Апам мен Әлия келген жігіттер мен қыздарға да сыбаға үлестіріп жатыр. Осылайша көкем біздің туысқандығымызды бекітіп бергендей болып еді.

Өткен ғасырдың 90-жылдардың аяғында менің өмірімде күрт өзгерістер болды. Талдықорған облыстық театры шақырып, сонда ауысатын болдым. Базарбай ағам кететінімізді естігенде қатты қиналды. Бірақ амал жоқ, біздің өміріміз солай қалыптасқан еді. Алайда арамыз суыған жоқ, алыста тұрып жатсақ та, бір-бірімізге деген көңіліміз еселене түспесе, бір мысқал да кемімеді. Еңбек демалысында біз келеміз, бір демалыстарында Базарбай аға мен Қалдыбек келіп, Талдықорғанды бір шулатқанымыз бар.

Ең бастысы, Базарбай аға «Мұстафа Шоқай» қорын ашып, оның ел-жұртқа танылуына үлкен жұмыстар атқарды. Қайраткер жайлы келелі жиындар болып, оның аты ашық айтыла бастаған. Ал мен не істей алам? Бар ойым осы. Қалайда Мұстафа туралы спектакль қоюым керек. Жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов пьеса жазған екен. Танымдық шығарма. Бұл деген 1998 жылдары өте қажетті туынды болатын. Қызылорда театрына келіп, қойып берейін деп келіссөз жүргізсем, маңайына жолатпайды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ермембетовке айтсам, бұл мәселені театр өзі шешеді, солармен сөйлесіңіз дейді. Амал жоқ, ешнәрсе бітірмей Талдықорғаныма қайттым.

2003 жылы Қызылорда облысы әкімшілігінің шақыруы бойынша Талдықорғаннан қайтып оралдық. Мақсат – аты ұмтыла бастаған Қызылорда театрының мәртебесін көтеру болды.

 Алғашқы спектакліміз Махамбеттің 200 жылдығына арналған Орал қаласында өткен республикалық фестивальге қатысып, театр жүлделі екінші орынды иеленді. Келесі жылы Қостанайда өткен фестивальде тағы да екінші орын. Бірақ жеңімпаздардың бірі ретінде Татарстанның астанасы Қазан қаласының 1000 жылдығына арналған «Наурыз» фестиваліне жолдама алдық. 2005 жылы сол фестивальге қатысып, бас жүлденің бірін иелендік. Ал сол жылы, өзімізде өткен фестивальде бас жүлдеге қол жеткіздік. Театр әлемі Қызылорда театрына көңіл аудара бастады. Қызылорда театры әлем сахнасына алғашқы рет жол салды.

 Дегенмен өзімнің негізгі ойымды ұмытпаған едім. Арасында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевты әңгімеге тартып, Мұстафа Шоқайды сахнаға шығаруымыз керек, сен де ел көсемінің жерлесісің, пьеса жаз деп өтініш айтқам. Обалы не керек жазуына жазды-ау, бірақ ол туындысы ұжымға мүлде ұнамады. Ұжым Тынымбайдың да пьесасын ұната қойған жоқ. Мен енді Рахымжан Отарбаевқа өтініш айттым. Жазушы, драматург, Ұлттық кітапхананың басшысы, барлық материал қолында. Ол басында мен білмейді екем Мұстафаны деп қашқақтап еді, соңынан қалмадым. Тіпті екеуміз сөйлесуді қойдық. Дегенмен жарады, 2009 жылдың алғашқы күндерінде қолыма «Мұстафа Шоқай» пьесасын ұстатты. Оқып шықтым, Базарбай аға да оқыды, ұжымға оқыдық. Пікір екіұдай, бірі тәуір екен десе, әлі де жұмысы көп екен деп екіншілері шықты. Базекең де өз ойын білдіріп жеті бет қағаз әкеп тапсырды. Пьесаға тағы да отырайық, жөндейтін жерлері бар сияқты, бірге көрейік десем, Рахымжан «бір жазған дүниеме қайтып оралмайтын едім, аға, қалғанын өзіңізге тапсырдым» деп авторым жөндеуден бас тартты. Амал жоқ, өзім кірісуге тура келді. Өз айтарым бар, Базекеңнің жазбалары бар, ұжымның айтқан пікірлері бар, пьесаны бастан-аяқ қайта қарап шығуға тура келді. Базекеңмен жиі кездесіп, Мұстафаның өміріндегі жекелеген эпизодтары туралы сұрастырып, көңілге ұнағандарын сахнаға енгізіп, пьесаны толықтыра түстік.

 Бұл кезде қор да қанатын кең жайып, көптеген игі істерді атқарып жатты. Базекеңдер республика, облыс басшыларының қолдауымен Парижге, Берлинге барып, Мұстафаның тұрған қаласында саясаткердің бюстін қойып, Мария Шоқай бейітін абаттандырып, Берлиндегі Мұстафа жатқан бейітке соғып, мінәжат етіп қайтты. Қайраткер туралы кітаптар, монографиялар шыға бастады. Маған әсіресе Көшім Есмағанбетовтің «Әлем таныған тұлға» деген кітабы қатты әсер етті. Тұлғаны жан-жақты тануға септігін тигізетін ерекше туынды. Ғылыми конференциялар Қызылордада, Астанада, Түркияда өтті. Міне осындай кезде спектакльдің қажеті одан сайын арта түсті. Күзге салым пьеса дайын болып, репетицияға кірісе бастадық-ау, әйтеуір.

Базекеңмен жиі кездесеміз, бірақ ол кісі ешнәрсе демейді, мен де үндемеймін, біздің спектакльді асыға күтіп жүргені анық. Арасында келіншектерімізді алып Айдарлыға, Қалдыбекке соғып, Алмагүлдің қою шайын ішіп қайтамыз, біздің үйде бас қосамыз, Базекеңдердің терезесінде жарық тұрса түн ішінде сәлем беріп кететініміз бар, өмірдегі байланыс, қарым-қатынас жандана түсті.

Ал сахнадағы ісіміз қиындықпен жүріп жатты. Қалай шығарам, не болар екен деген сұрақ күні-түні мазалап, кейде түсімде де артистеріммен репетиция жасап жүрем. Артистерге әсіресе Мұстафаның саяси ойларын өзінікіндей етіп жеткізу қиынға соғып жүрді. Басты рольдегі Бақытбек Темірбеков осының алдында Қодарды, Махамбетті, Қалдан атты палуанды сахнаға шығарған талантты жас кейіпкерінің ойларына келгенде тосыла берді.

– Бақытбек, – деймін, – бұл ойлар, саяси болғанымен де ол Мұстафаның өмірі, дүниетанымы, рухани болмысы, саяси әңгіме ол үшін нан шайнағанмен бірдей, сондай сенімге жетсең ғана сен роліңді игере аласың.

– Қиын аға, өте қиын екен…

– Оңай ешнәрсе жоқ. Қиялыңды оят, өзіңді оның орнына қоя біл, Мұстафаша ойлан, Мұстафаша жүріп тұр, Мұстафаша тамақ іш, сен өзіңді қойып, «Мұстафа осы жағдайда не істер еді?» – деп сұрақ қой да, өміріңде де, сахнада да Мұстафа болуға тырыс.

 Таланттың аты талант қой, Бақытбек Темірбеков кейіпкер бейнесіне жақындап келе жатты.

 Премьераның алдында тұсаукесер өткізетініміз бар:

– Жалпы Шоқайдың өмір жолын түгел қамту қиын. Рахымжан Отарбаев жазыпты, одан кейін де кемшіліктері бар еді, Хұсейін аяқтапты. Балалық шағынан басталған, ондай оқиғалар Мұстафаның басынан өткен. Сахналарыңыз идеядан туып отыр. Қайраткердің жүріп өткен жолын аңғартатындай. Негізі ой жеткізілді. Ол нағыз саяси қайраткер ретінде тіріліп, ортамызға келді. Бұл – Мұстафа жайлы алғашқы қойылым. Жақсы келтірдіңдер, – деп Базарбай ағам ағынан жарылды.

 Тағы да шыңдай түсіп, ақпан айының 11-і ме екен, 12-сі ме екен спектакльдің премьерасын халыққа ұсындық. Көрермен залына көз тастасам, бәрінің көзі сахнада, соншама жиылған адам Бақытбекпен бірге қиналып, бір кісідей шошынып, бір кісідей көз жасына ерік беріп, бар ниет-ықыластарымен көз алмай қарап отыр. Еріксіз жанарыма жас келді. Қанша күттім мен осы сәтті?! Базарбай аға да қанша күтті осы бір оқиғаны?! Шоқайдың шет елге асып кеткені өткен ғасырдың 20-жылдары десек, міне тоқсан жылдан кейін саясаткер ағамыз халқымен спектакль арқылы қайта табысып отыр.

Шымылдық. Овация. Көрермен залы дүр көтеріліп, қол ұрып жатыр. Көздерінде жас. Сосын күтпеген жағдай, бүкіл зал сахнаға лап қойды. Базарбай ағаның өзі келе артистерді құшақтап жылап жатыр. Мұстафа Шоқаймен қайта қауышып, көрісіп жатқандай.

 Рахымжан 17 ақпан күні үшінші премьераға келді. Тағы да аншлаг. Овация. Мен ілгері шығып:

 – Құрметті көрермен! Мұстафа Шоқай әкеміздің екінші отаны Францияның астанасы Париж қаласында тұратын біздің қандастарымыз Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз достығының ассоциациясын құрған екен. Міне, соның төрағасы Яшар Дініш мырза ортамызда отыр. Дініш мырзаны құрметпен сахнаға шақырайық! – деп едім көрермен дуылдата қол соқты.

– Бауырларым! Мұстафа Шоқайдың туысқандары. Қызылорда топырағына аяғымыз тигелі бері біз Шоқайды қайта танып жатырмыз. Ол туған жер, қазақтың ең киелі жері екенін біліп жатырмыз. Ал бүгінгі қойылым арқылы мен Мұстафаны шын таныдым. Театрға рахмет! Шоқайды халқымен қайта табыстырған.

Дініштің көмекшісі кеудесінде қайраткердің суреті бар жейдені артистерге таратып, сахна дереу Мұстафа Шоқайдың туына айналып кетті.

Пьесаның авторы, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев:

– Осының алдында Нартай театры менің «Нашақорымды» қойған еді. Міне, енді екінші дүниемнің премьерасына келіп тұрмын. Қалай болар екен, алғашқы мен жазған нұсқасы түсініксіздеу болып қала ма деп екіойлы болып келіп ем. Хұсейін аға, сіз көп жерін өзгертіпсіз, рахмет сізге. Базарбай аға да біраз ойларды жазған екен, оқыдым. Хұсейін аға сіздің ойларыңызды да іске асырыпты. Театрға, режиссерге, артистерге, Базарбай ағам сияқты рухани демеушілерге басымды иіп рахмет айтам. Қымбатты көрермен, сіздерге де үлкен рахмет.

 Базарбай ағаны айтып үлгермей-ақ ол кісі микрафонға жақындап сөйлей бастады:

– Рахымжан айналайын, шынымды айтсам артистермен бірге мен де қиналдым. Премьера өткен сайын қуанышқа бөленіп жүрмін. Мына Хұсейіннің әкесі пленге түсіп, тұтқындармен бірге Мұстафа ағамыз ол кісіні қапастан құтқарып қалған екен. Жүсіп әкеміз мына дүниені көрсе қандай қуанар еді. Өзі кеткенмен Хұсейін екеумізді туыстырып кетті. Мен осы дүниенің шығуына себеп болған Жүсіп әкеме басымды иіп рахмет айтам! – деп қасында тұрған мені құшақтай алды.

Осылайша Базарбай ағаның көзі жұмылғанынша құшағымыз ажырамай кетіп еді.

Қаншама сәттерді еске түсіріп, бүгін де көз жасыма ерік беріп отырмын. Бәрі есімде. Аяулы ағатайымнан көз жазып қалғаныма бір жыл болыпты. Осыдан көп жыл бұрын Гүлекең де Базарбай ағаны жалғыз қалдырған еді. Енді Қалдыбек екеумізді шақырып алатын ешкім жоқ. Өзіміздің де басымыз қосыла бермейді. Мен Әлиядан, Қалдыбек Алмагүлден айрылып қалдық.

Біздің басымызды қосатын Базарбай аға екен ғой.

Біз сізді ұмытпаймыз ғой, ұмытпаймыз… Бірақ… Бірақ…

Жүре тұрсаңыз болмады ма?

Хұсейін Әмір-Темір,

«Құрмет» орденінің иегері Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері. Қызылорда облысының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<