Бақтыбай ағай

428

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алғанымды мақтан тұтамын. Төрт жыл бойы көптеген жақсылар мен жайсаңдардың шәкірті болдық. Әсіресе, кітаптану негіздері пәнінен журналист, аға оқытушы Бақтыбай Бердібаев дәріс берді.

Бақтыбай ағай өз ісінің үздігі, кең жүректі оқытушы еді. Болашақ журналистерді кітаппен дос болуға шақырып, баспасөз шығармаларын зерттеп, олардың пайда болуын, таралу және пайдаланылуын асықпай түсіндіретін. Біз ол кісінің сабағын асыға күтетінбіз. Мейірімді, ақжарқын мінезімен бәрімізге әкеміздей қамқор болды. Ол кісі келе жатса ауылдан тура әкеміз келгендей қуанатынбыз. Таяғына сүйеніп, баппен аудиторияға жетіп, көзәйнегін түсіріп қойып бәрімізге қарап шығатын. «Түгел келдіңдер ме?» дегені. Ағайдың әрбір дәрісінде негізгі пәнді айтып бола бере, түрлі сұрақтар қойып мазасын алатын едік. Ағай көп  жыл  бойы облыстық радиода еңбек еткен. Жұртшылыққа өзінің қоңыр даусымен танылған. Көргені де, түйгені де мол жан. Жүрегі жұмсақ, мейірімді жан бір қабақ шытпайтын. Өзі туып-өскен Арал ауданы туралы, әсем Алматыда өткен студенттік жылдарын әңгімелеп беретін.

Бақтыбай Смайылұлы 1953 жылы Арал ауданы, Сайғонды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Балалық шағы, №19 «Сольтрест» орта мектебіндегі оқушылық өмірдің қызықтарын сағына еске алатын. Еңбек жолын «Аралтұз» комбинатында тұз қалталау машинисінің көмекшісі болып бастапты. Туған топырағындағы тіршілік еске түскенде Арал теңізінің тағдырына алаңдап, «қайта суға толса екен» деп тілеп отыратын. Әрбір дәрістің соңында кітапты жиып қойып, ағайдың өзі жайлы айтып беруіне қолқа салатынбыз. Аралдан шыққан бозбала журналистикаға қалай келді? Қызығып тыңдап отырушы едік. Әуелі Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне оқуға түсіп, келесі жылы журналистика факультетінің студенті атанғанын әңгімелейді. Студенттік шақтағы қызықтарын да айтып беретін. Айтпасына қоямыз ба, «ағай, ағай!» деп маңынан шықпаймыз. Топтағы ұлдар да ол кісінің алдында тентектік қыла алмайтын. Студентке дауыс көтеріп ұрысқанын көрмеппіз. Бар қаталдығы – қолындағы таяғын еденге бір соғады. Бітті. Аудитория тып-тыныш күйге еніп, ұлдар да ойларынан айнып қалатын.

Журналистік еңбек жолын Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетіне әдеби қызметкер болып бастаған.  Мұнан соң «Аралтұз» комбинатында комсомол ұйымына, одан кейін бірер жыл Қызылордадағы «АТП-1» мекемесінде жастарға жетекшілік еткен. Әр жылдары облыстық радиода диктор, облыстық телерадиокомпанияда редактор, облыстық радионың бас редактор қызметін атқарды.

Ал 2008 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін облыстық «Сыр бойы» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Мазмұнды, қоғамдық ой-пікір тудыратын материалдар жазып, аға басылымның абыройын көтеруге өзінің үлесін қоса білді. Қаламгер Б.Бердібаевтың журналистика саласындағы жемісті еңбегі әркез бағаланып, Елбасының «Алғыс хатымен», облыстың Құрмет грамотасымен, «Қазақстан РТРК» АҚ Құрмет грамотасымен марапатталды. 2011 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісін кеудесіне тақты. 2014 жылы «Қайсар қалам» атты еңбегі жарық көрді. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқымыздың рухани өмірін өркендетуге, журналистиканы дамытуға арнады.

Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай жан еді» деген тұжырымы тұп-тура Бақтыбай ағайға арнап айтылғандай. Абзал азамат, көрнекті қаламгер 66 жасқа қараған шағында 2018 жылдың 17 қыркүйегі күні өмірден озды. 2019 жылы белгілі журналист туралы «Қоңыр дауысты қаламгер» атты деректі жинақ жарық көрді. Ардақты жанның орны ойсырап қалғанына да төрт жылдың жүзі болыпты. Ұлағатты ұстазбен өткен әрбір күнімізді сағынышпен еске аламыз.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<