Достық дәнекері

420

0

Тарихта ізі қалған, Жаңақорғанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан корей ұлтының өкілі Иван Цой туралы айтуды жөн көрдік. Ол ел басына күн туған зұлмат жылдары өзінің адал еңбегімен, жоғары жауапкершілігімен ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытқан абзал азамат.

Өкініштісі сол, даңқты тұлға туралы ақпарат жоқтың қасы. Бабалар ізі өшпесін, болашаққа тәлім болсын деген мақсатпен түрлі сайттарды ақтарып, кітапханадағы қорды да қарастырдым. Енді елжанды азаматтың ғұмырнамасына тоқталсам. Иван Цой Засимович 1924 жылы 18 наурызда (ресми құжаттарда 1926 жылы) Қиыр Шығыстың Приморск өлкесінің Находка қаласында  дүниеге келген. 1937 жылдың күзінде жапон милитаристері Қытайға басып кіргеннен кейін көп ұзамай КСРО Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралас аудандарынан корей халқын жаппай депортациялауды бастады. Осылайша Иван Цой Қазақ КСР-нің Оңтүстік Қазақстан облысына, кейіннен  1938 жылы Қызылорда облысына қоныстандырылады. Жаңақорған ауданына қарасты «Красная Звезда» колхозында сегізжылдық орта мектепті бітірген. Соғысқа тура келген ауыр шақтарда колхозда күріш бригадасының жетекшісі болып жұмысын бастаған.

Ол басқарған звено 1948 жылы 5 гектар алқаптың әр гектарынан 84,8 центнерден өнім алды. Осы еңбегі үшін СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының  1949 жылғы 20 мамырдағы  Жарлығымен «Социалистік Еңбек ері» атанады. Сондай-ақ, Ленин атындағы «Орақ пен Балға» алтын медалінің иегері болған.

1940 жылдың аяғында «Красная Звезда» кеңшарының бірінші хатшысы болып тағайындалды.  1951 жылдың шілдесінде Алматы қаласында өткен Қазақстан  комсомолдарының V сьезіне делегат болып сайланды. Бұл – тарихи ақпар. Десе де, Иван Цой туралы Ресейдің «Герои страны» сайтында ғана мәліметтер бар.

Еңбек ері 1950 жылдардың аяғында  Жамбыл облысына қоныс аударып, Дунгановка ауылындағы «Октябрь» колхозында агроном болып жұмыс істеген. 1960 жылдардың басынан Аса ауылында қант қызылшасы, қарбыз, пияз, бидай өсірумен айналысқан.

1986 жылдан бастап  одақтық маңызы бар жеке зейнеткер болып, 2006 жылы Тараз қаласында дүниеден өткен. Деректерге қарағанда, Тараз қаласындағы «Жасыл кілем» зиратының корей бөлігінде жерленген.

Социалистік Еңбек ері «Ленин» орденінің және бірнеше медальдің иегері. Еңбегі ерен тұлғаның есімін өшірмеу үшін 2017 жылы кенттегі көшеге есімі берілді.

Бұл – тек қолдағы бар дерек. Иван Цой туралы, оның еңбекқорлығы мен елжандылық рухы туралы біз білмейтін ақпарат қаншама?! Ел азықтан қиналған зұлмат жылдары ұжымды ұтқырлықпен басқарып, мол өнім шығарған тұлғаның сауаттылығы мен іскерлігін осыдан-ақ тануға болады. Өзіне жанашырлық танытқан, өсіп-өнген топырағы алдындағы азаматтық борышын өтегені болса керек, сірә!

Бақдәулет ХАЙРУЛЛАҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<