«Шырқаған шыңға түлегі – Шиелім қандай майсалы…»

469

0

Туған жерін жырынан тастамаған ақын, қоғам қайраткері, журналистикада өзіндік қолтаңбасы, мектебі қалыптасқан Дүйсенбі Смайылов туралы бір үзік сыр.

Дүйсенбі Смайылұлы 1932 жылы Шиелі ауданының Ортақшыл елді мекенінде дүниеге келді. Ауылдағы жетіжылдық мектептен кейін Қызылорда педагогикалық училищесін тәмамдап, 1950 жылы өзі оқыған мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. 1951 жылы білімін жетілдіру мақсатымен ҚазГУ-дің журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түседі. Еңбектен қол үзбей жүріп аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, «Стахановшы», кейіннен «Коммунизм жолы» болып аты өзгерген аудандық газетте жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметін атқарады.

Ескіше сауаты бар әкесі Смайыл болашақ білімде екенін түсініп, балаларының оқуына кедергі болмайды. Анасы  Саракүл болса, әкеден жастай қалған балаларының ауыртпалығына мойымай, азабына төзіп, ел қатарына қосады. Апасы Рахия мен қарындасы Раушан  бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне  арнаған абыройлы ұстаз болды.

1950 жылдары аудандық газетте корректор болып істеген, қазіргі ардагер журналист Қайырбек Мырзахметұлы «Дүйсенбі мектебі» деген естелігінде редакция қабырғасында өткен жалынға, думанға толы кезін қаз қалпында шынайы жеткізіпті. Дүйсекеңе қатысты жерлерінен қысқаша үзінді келтірейін:

«…Жауапты хатшы Дүйсекеңнің талабы қатты. Жастық шақ аудандық газеттің қиын сәттерін бастан өткізетін, шыңдалу мектебі болды. Бәрімізді журналистік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегіне тағзым етпесек, есімін еске алмасақ, аруағы алдында күнәһар болармыз…»

«…Дүйсекең күй талғамайтын, газеттің макетін он сызып, отыз қарайтын. Оның жасаған макеті қыздың жиған жүгіндей ажарлы, жұп-жұмыр, ә дегеннен оқушыны өзіне тартып алатын. Содан болар, аудандық газет облыстың жүлдесін алудан кенде болған жоқ…».

Иә,  Қайырбек аға десе дегендей, Дүйсенбі Смайылов редактор болған жылдары аудандық газет республика бойынша мерзімді басылымдардың арасында III орынды тұрақты иеленіп келген. Редакция жанында Қалмахан Әбдіқадіров атындағы әдеби бірлестік жұмыс жасады. Жас талап қаламгердің өлеңдері, әңгімелері, басқа да көркем шығармалары бірлестік отырысында талқыланып, талапқа сай келгені газетте жарияланып, сол арқылы оқырманға жетіп отырды.

Үнемі құлшына тер төгіп, жақсымен ой бөлісіп, әлсізге болысып жүретін іскер де қабілетті жас жігіт биліктің назарынан тыс қалмады. Шиеліге  іссапармен келген облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы Дәуірхан Айдаров талантты да елгезек жігітті үгіт-насихат бөліміне  нұсқаушылыққа шақырды. Бұл 1958 жыл еді.

1962 жылы «екі ауданға ауданаралық бір газет шығып тұрса, сол да жетеді» деген мәскеулік биліктің әрекетінен кейін Шиелі аудандық газеті жабылады. Бірақ ауданаралық газет шықпайды. Жыл аяғында Шиелі мен Жаңақорған бірігіп, үлкен ауданға айналады. Баспасөз орнына байланыс бөлімі жанынан радиохабарын тарату редакциясы ашылып, аудандық өндіріс басқармасы жанындағы партия комитетінің идеология бөлімі басшылық жасайды.

«…Мен радиохабарын ұйымдастырушы әрі жүргізушісі болып орналастым», – деп жазады ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Айдархан Бибасарұлы «Газет – аудан тарихы, ел шежіресі» атты естелігінде. – Аудан орталығы мен елді мекен тұрғындары жаңалықты аптасына бес рет берілетін радио хабарынан есітіп, біліп отырды. 1963 жылдың мамыр айынан аудандық газетті қайта шығару керек болды. Оның редакторлығына белгілі журналист Дүйсенбі Смайылов (Дүйсекең ол уақытта облыстық «Ленин жолы» газетінде жауапты хатшы қызметінде жүрген С.Б.) бекітілді. Ол кадрды іріктеуге кірісті. Екі-үш күннің ішінде-ақ редактордың орынбасары, жауапты хатшы, бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкерлер мен корректорларға дейін белгіленді. Мен де газетке ауыстым. Басылым «Өскен өңір» деп аталды. Шиелі орталығындағы бұрынғы баспахана үйі керек-жарағымен бүлінбей сақталған екен. Ұжым мүшелерінің қажыр-қайратымен 1 мамыр – мейрам күні «Өскен өңірдің» алғашқы нөмірі жарық көрді. Жаңа басылымды құттықтаушылар көп болды. Солардың ішінде Шиеліде тұратын  жазушы Қалмахан Әбдіқадіровтың арнайы келіп құттықтағаны күні бүгінге дейін есімде. Ол кеңсеге сөйлей кірді: «Бұл өңірдің жұлдыздай жайнаған жігіттері, құндыздай құлпырған қыздары қаншама?! «Оймақ пішсең де ойлап піш» деген солардың төккен терін, еткен еңбегін жарқырата көрсетіңдер. Биік таудың сарқырай аққан бұлағы болса, жағасында жағалай біткен құрағы болады. Елдің ортасында үнжария газеті болса, тілші оның құлағы болады», – деп ақыл-кеңесін айтып, редакция мен баспахана ұжымына сәт сапар тілеп, ақ батасын берді. «Жақсы сөз жан семіртеді» деген рас екен, құлшына іске кірістік. Байырғы журналист Жүніс Шәукебаев, Мінер Арысбаев, Тұрсынбай Ахметов, Қанапия Дәрібаев аға ретінде бәрімізге үлгі болды. Олардың жүріс-тұрысы, еңбек ету тәсілі, сөйлеу мәдениеті бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ұстанымдары көкейімде қалыпты. Жас талапкерге қамқорлықтары ерекше еді. Газеттің жаңа атауын  «Өскен өңір» деп Дүйсекеңнің өзі қояды. Егінге де, мал шаруашылығына да қолайлы өңірді өркендетеміз деген ниеттен туса керек. Аудандық партия комитетінің бюросы редактордың ұсынысын қолдап, газеттің жаңа атауын бекітті…».

Туған жерін кім-кімде жақсы көретіні аян ғой. Ақын Дүйсенбі Смайыловтың еліне, Шиеліге деген сүйіспеншілігі ала бөтен болды.

«…Ынтығып егер тұрса оған,

Ыстық қой елдің құшағы.

Өзгеге емес, бір саған,

Жүрегім алып ұшады.

Шырқаған шыңға түлегі,

Шиелім қандай майсалы.

Осында қыздың Жібегі,

Осында ұлдың жайсаңы…»

Елдің құшағын, халықтың ықыласын сағынған ақын шынайы сезімін осылайша төгілтеді. Отанын, елін, жерін қастерлеген ақын ғана осылай жырласа керек.

– «Шиеліден газет қайта шығатын болды. Бар деп жатыр. Келісімімді бердім» деп бірде үйге қуанып келді. «Дұрыс болған екен» деп күлдім де қойдым. Алып ұшып тұрған көңілін қалдырғым келген жоқ. «Өзгелер ауданнан облыс орталығына жете алмай жатқанда мұнысы несі?» деген сұрақ тілімнің ұшында тұрса да айтпадым. Сөйтсем Дүйсекең туған жері Жөлегін, Шиеліні жанындай жақсы көреді екен ғой, – дейді Кеңес апа сөз арасында.

Редактор кезінде Дүйсенбі Смайылов әріптестеріне, жаңадан қанаттанып келе жатқан жас буынға қамқорлық танытып, ақылшы болды. Сабырлы мінезімен, пайым-парасатымен, әділдігімен адамды өзіне үйіріп алатын. Айналасына мейірім-шуағын шашып тұратын. Ауыл-село тілшілеріне сеніммен үміт арта қарайтын.

Ауыл-село тілшілері демекші, жыл сайын болатын баспасөз (ол кезде баспасөз күні – 5-мамыр болатын) күнінде олардың басын қосып, газетке хабар дайындау, тақырып таңдау төңірегінде әңгіме өткізіп отыру дәстүрге  айналды.  Аудан мектептерінен келген, бір-бірінің аты-жөнін тек газеттен көріп жүрген оқушы-тілшілер танысып, білісіп, шүйіркелесіп қалатын. Мен де сол ауыл тілшісінің бірі болдым. Бір-бірімізбен жарысып мақала, өлең жазатынбыз. Мақаланы қысқа жазуға тырысатынбыз. Ұстазымыз «Қысқа да нұсқа жаз» дегенді көбірек айтатын. «Өскен өңір» газетінің бірінші бетінде «Қысқаша» деген айдар болатын. Газеттің шеткі бір бағанын ұзына бойына түгел алып жататын. Әр номер сайын беріліп тұратын. Ондағы мәліметтер 5-6 жолдан аспайтын. Ұжымның немесе бригаданың науқандық жұмысы  сол 5-6 жолға сыйып кететін. Сол айдар ауыл тілшілерінің мақала-хабарларынан дайындалатын.

Осылайша, редактор Дүйсенбі Смайылов ағаның арқасында газет жанрынан мектепте жүргенде-ақ хабардар болдық. Оның пайдасын университетке оқуға түсерде көрдік. Жоғарғы оқу орнының талабы бойынша, журналистика факультетіне түсемін деушілер өзге құжаттармен бірге газетке шыққан мақаларын өткізу керек екен. Менің апарған мақалам 20-дан асып кетті. Қабылдап отырған апай: «Осының бәрін өзің жаздың ба? Сен дайын журналист екенсің ғой…» деп ризалық кейіппен күлімсіреп қарағаны есімде.

– Дүйсекеңнің қамқорлық жасап, қол ұшын бермеген адамы кемде-кем шығар. Қаншама азаматқа көмектесті. Елге танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбаевпен арадағы қарым-қатынасы, сыйластығы, хат жазысып тұрғаны – соның бір айғағы. Ақын Қанапия Дәрібаев, жалындаған жастық шағында марқұм болып кеткен Сәрсенбек Жұмабеков пен талантты жазушы, шешен жігіті Абдулхамид Исаевты да қанатының астына алып, оларға тілектестік, ағалық пейілмен жанашыр болғанын ел біледі, – дейді жасы тоқсанды алқымдап қалған, жарты ғасырға жуық уақыттан бері Дүйсекеңдей асыл жарын жадынан бір сәтке шығармай келе жатқан аяулы жар, абзал ана Кеңескүл апа өткенге ойлана көз жіберіп.

Ал енді Дүйсекеңнің сол еңбегінің нәтижесі қандай болды дегенге келсек, тәрбиеленген жас талаптардың бірқатары ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, өздерінің сүйікті «Өскен өңір» газетіне қайтып оралды. Бірсыпырасы еліміздің ақпарат және әдебиет саласында жемісті еңбек етті. Оразбек Сәрсенбаев, Қатира Жәленова, Серік Байхонов, Қуандық Түменбай, Нұртөре Жүсіп сияқты елге танымал болғандары да аз емес. Өзі тәрбиелеп, редакторлыққа тағайындаған Зәкім Жайлыбай аудандық «Өскен өңір» газетін үздіксіз 31 жыл басқарды. «Өскен өңір» газетінде 20 жылға жуық – корректорлықтан бастап, редактордың орынбасарлығына дейін қызмет атқарған мен қызмет бабымен Алматыға қоныс аудардым…

1967 жылы Дүйсекең Шиелі аудандық партия комитетінің идеологиялық істер  жөніндегі  хатшысы  болып  сайланды.   Бұл жерде ауданның әдеби-мәдени жағдайын дамытуға мүмкіндік бар еді. Сол мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысты. Шиелі – дәннің ғана емес, азулы ақын, тілге бай Бұдабай мен
«О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай, Сөзің дәмді тәтті екен шекер-балдай» деп жыр алыбы Жамбыл тәнті болып тамсанған Нартай Бекежановтай, тағы басқа таңды таңға ұластырып жырлайтын ақын-жыраулары, би-шешендері бар, жыр мен әннің де мекені. Осындай өнерпаз өңірден заманға лайық өнер ұжымын неге құрмасқа?! Бұл белсенді қаламгердің көптен ойында жүрген мәселе болатын. Редактор кезінде газет бетінде осы тақырыпқа талай әңгіме қозғаған. Елін сүйген, ән мен жырға жаны құмар Дүйсекең қолы кеңейіп, мүмкіндігі молайған шақта аудан мәдениетін түбегейлі қолға алды. «Жас дәурен» ән-би ансамблін, «Халықтар достығы» клубын, спорт секцияларын құрып, аудан жастарының мәдени өмірін дамытуға күш салды. Ауданның мекеме, өндіріс, еңбек ұжымдарындағы өнерпаздардың басын құрап, орындайтын әні мен ойнайтын аспабына қарай саралап, жұмыс орындарындағы басшыларына 2 ай бойы жұмыстан босатып, еңбекақыларын төлеп тұруды қадағалап отырды. Осындай қадағалау мен қамқорлықтың арқасында «Жас дәурен» ансамблі 1969 жылы облыс көркемөнерпаздары арасында өткен байқауда бірінші орынды иеленді. Ансамбль Қызылорда облысы атынан республикалық фестивальға қатысып, ансамбль мүшелері Әбілаш Әбуов, Әлмырза Ноғайбаев, ағайынды Сәуле мен Бекболат Қошманбетовтер фестиваль алауын (факелін) жағушылар құрамына еніп, құрметке ие болды.

– «Жас дәурен» ансамблін ұйымдастыруға Дүйсекеңнің шақыруымен республиканың танымал өнер қайраткерлері: композитор Әсет Бейсеуов, балетмейстер Елдос Усин, жазушы Оразбек Бодықов арнайы Шиеліге келді. Бір ай өнерпаздарды дайындады.

Әсет Бейсеуов бір ай бойы біздің үйде жатты. Дүйсекең екеуі басы-қасында жүріп «Жас дәурен» ансамбілін құрды. Шиелі туралы «Сыр маржаны» әні де осы кезде дүниеге келді. Әнін Әсет шығарып, сөзін Дүйсекеңнің өзі жазды. 1968 жылы шыққан осы ән жарты ғасырдан астам уақыттан бері халықтың рухын көтеріп, сезімін серпілткен Шиелінің шын мәніндегі гимніне айналды.

«Жас дәурен» ансамбілінің тұсаукесер байқауында атақты композитор Нұрғиса Тілендиев «Міне ансамбль, міне оркестр, бірінші орын сендердікі» деп ризашылық сезіммен жиналғандарға жар салды, – дейді Кеңескүл апа сол шуақты жылдарды сағынышпен есіне алып, жігерлене сөйлеп.

Бірде Дүйсенбі  ағамен әңгімелесудің сәті түсті. Кеңседе емес, дастархан басында. Сөзден сөз туындап, әңгімеміз ұзаққа созылды. Әңгіме газеттен, күнделікті тіршіліктен әдебиетке, оның ішінде өлеңге ойысқан шақта ағаның: «Туған жерге, халыққа аз да болса көмегім тиер ме екен деп әрі аудан басшылары қолқалаған соң өзімнің сүйікті газетімнен аупарткомның хатшылығына ауыстым. Әрине, ауданның әлеуметтік, мәдени, оқу және денсаулық сақтау саласында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды да. Дегенмен өлеңнен қол үзудің өкініші өзегімді әлі күнге өртейді. Әкімдік пен ақындық сөздері өлеңде жақсы ұйқасып, қабысқанымен өмірде бір-біріне кереғар екен. Ұлы Абай «Мен боламын демеңдер» деген өлеңінде:

«…Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі де кесел асқанға…» демеуші ме еді. Қайран данышпаным-ай» деп ауыр күрсінгені жадымда қалыпты. Қамқор ағамен соңғы әңгімелесуім екенін ол кезде білгенім жоқ. Осы кездесуден кейін екі күн өткенде қайғылы хабар Қызылорда мен Шиелінің арасын шарлап кетті. Бұл кезде Дүйсенбі аға Қызылорда облыстық газетінде редактордың орынбасары болып жүрген еді. Белгісіз жағдайда поездан құлап мерт болыпты… Жұмбақ өлім…

Шиелі жұртшылығы бұрын-соңды дәл осылай қайғырып көрген емес. Үлкен де, кіші де көздерінде жас марқұмның үйіне – тоқсанға таяған аяулы анасы Саракүл мен 38-інде жесірліктің қара шәлісін жамылған аяулы жары Кеңесті жұбатуға, қайғысын жеңілдетуге  асығып, ағылып бара жатты…

Дүйсекең «Бағбан мен Бақа» деген  мысал өлеңін:

– Өмір бұл болсаңыздар ойымды аңдар,

Құдайын ұмытпасын тойынғандар.

«Адамның күні адаммен» екенін де

Бір сәтке ей, мырзалар, мойындаңдар! – деп аяқтайды.

Адамның жанын жанып, намысын оятатын, тоғышарларға тосқауыл болатын осындай тақырыпқа жазылған жырлары жетерлік. Ол шындықты, әділдікті сүйді. Сол шындық жолындағы жалынды шумақтары оның өмірінің қысқа болуына себепкер болды ма деген жұртшылықтың күдігі де жоқ емес…

Соңында қалған Ыдырыс, Роза, Ақәділ, Майра, Жандос секілді ұл-қыздары ардақты әкенің атына, даңқына лайық еңбек етті. Қажылық парызын өтеп қайтқан Кеңескүл апа үлкен бір әулеттің абыз анасы атанған бұл күнде. Ағаның мерейтойында, өмірге келген, кеткен күнінде дастарқан жаю, дұға оқыту Кеңескүл апаның дағдысына айналған. Дүйсенбі мен Кеңескүлден тараған ұрпақ түгелдей дерлік имандылық жолына бет бұрған.

80 жасқа толуына орай, Кеңескүл Байжанқызының, Мұхамедқали Қазымов пен Мұрат Күлімбеттің құрастырып, баспаға әзірлеуімен Дүйсекең туралы «Ағып өткен бір жұлдыз» атты естелік кітап жарық көрді. Осы құрам «Сыр маржаны» деген жеке жыр кітабын да шығарды. Азамат ақын, қаламы ұшқыр Дүйсенбі Смайыловтың бұл жыр жинағы оқырманды адал еңбектенуге, елді, жерді сүюге баулиды, әсіресе жасөспірімді бойкүйездік, еріншектік, мақтаншақтық, менмендік, басқа да дәстүрімізге жат әдеттер мен әрекеттерден аулақ болуға шақырады.

«Ағып өткен бір жұлдыз» атты естелік кітапта қызметтес, әріптес, замандас ағалары, інілері, шынайы дос, қамқор аға, адал жар Дүйсенбі Смайыловтың өмірдің аспанынан жұлдыздай ағып өткенімен көңілдің аспанынан әсте өшпейтінін тебірене, толғана жеткізіпті. Сол уақыттағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов: «Шүкір Құдайға, артында қалған жары Кеңескүл келініміз шаңырағын шайқалтпай, ошағының отын өшірмей маздатып келеді. Бүгінде ұл-қыздары өсіп-жетіліп, бәрі де жоғары білімді маман атанып, үйлі-жайлы болып, әке салған жолмен әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Міне, «Жақсының аты өшпейді» деген осы» деп тебіренеді («Жақсының аты өшпейді») деген естелігінде.

1975 жылдардағы ауатком төрағасының орынбасары болған Перуза Жүсіпқызы болса: «Кеңес те өте ақылды болып шықты. Балаларын тәрбиелеп, туған-туыс, достарынан арасын үзбей, Ыдырыс, Ақәділ мен Жандосты ұясына, қыздары Роза мен Майраны қиясына қондырды. Дүйсенбінің көрмеген бақытын Кеңес көріп отыр. Мұның өзі бір бақыт» деп жазыпты («Жердегі із» деген естелігінен).

Смайыловтың тәрбиесін көрген, қамқорлығын сезген, қиын-қыстау кезде қоян-қолтық араласып жүріп газет шығарысқан ақын Қанапия Дәрібаев қамқоршы ұстазымен қоштасу сәтінде азалы жырын былайша толғаған еді:

– Ақын өлді!

Жаралған күн нұрынан,

Жаралған сәби-сәуле шындығынан.

Қайтейін қимасымды қолдан көміп,

Қиялға құл боп тұрмын мың құбылған.

Жоқ еді ол бір адамды жылатуға,

Бар еді мың адамды жұбатуға.

Содан ба, құдірет-күштің өзі именіп,

Тұратын оған тура тіл қатуға.

Бар еді ол Отан үшін ұйықтамауға,

(Дәл соған әддім қанша ұқсамауға).

Ұяттың улы уытын кейін сезіп,

Именіп жүрдік оған тік қарауға.

Даусына дәрменсіздің құлақ түріп

Демейтін жан-жүрегін шырақ қылып.

Шындықтың шынарындай шырағым ең,

Қайтейін, «Қош» деймін ғой жылап тұрып!

Қоғам қайраткері, іскер хатшы, білікті ұйымдастырушы Дүйсенбі Смайылов «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және бірқатар үкіметтік медальдармен марапатталды. Партия, комсомол, бұқаралық ақпарат құралдарындағы еңбегінің, мәдениет, оқу-ағарту және әлеуметтік салаларының дамуына қосқан сүбелі үлесінің нәтижесі емес пе бұл?

Туғанына 90 жыл толып отырған, үлкенге де, кішіге де қамқор, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап жүретін көңілі даладай дархан Дүйсенбі Смайыловты Сыр халқы, шиеліліктер жадынан шығармасы хақ.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі,

Шиелі ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<