Ауылда жараланған майдангер

743

0

Қоңыр күз. Кешелі бері күн шуақ шашып тұр. Орталықтағы үйдің шуағында майдангер Шахап ағай мен ауылдағы шопан жігіт Берман екеуі отыр. Мына қоңыр күз нағыз шаруаға жайлы болып тұр деп қояды. Кезек-кезек одан-бұдан әңгіме қозғайды. Шәкең майдан жайын, ал Берман шопандық кәсіптің қыр-сырынан сыр шертеді. Қайсыкүні Берманға қолқа салған. Ауылдағы қуыс-қуысты мал жайлайтын өңірді Берманнан жетік білетін адам жоқ. Екеуінің де бірер ірі қарасы, жылқысы жоқ. Қос атпен іздеуге шықпақ. Шәкеңде күрең төбел, Берманда қара қасқа құнан. Майдангермен екеуі жолға азық-түлік алды. Шәкең қалтасын толтыра күкірт шырпы, қағаз, қаламымен, пышағын ат дорбаға салды. Бұл үйреншікті әдет. Жол-жөнекей сапарда бәрі керек. Бабаларымыз «керек тастың ауырлығы жоқ» деген деп бір-біріне ақыл қосқандай болады. «Жаңадарияның» бойындағы жолмен «Мүлкілан әулиеге» қарай, одан соң «Іңкәрдария» бойындағы тоғайлықты сүзіп шығуды жоспарлаған. Ауылдан шыққалы екеуі оны-мұны айтып, әңгіме шертіп келеді. Мал көрінер емес. Берман әңгімеге жоқ. Ал, Шәкең бұрынғылардың әңгімесін майын тамыза айтатын шежіре, қала берді әзіл-қалжыңның көмбесі. Әр әңгіме айтқан сайын Берман ішегі түйілгенше күледі.

– Шәке, балалық шағыңыздан әңгіме қозғап отырыңыз?

– Ей, Берман-ай, балалық шақ қиын-кезеңдермен өтті ғой, ашаршылық, қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс.

– Бізде шет жағасын көріп өстік қой, Шәке!

– Мен 1919 жылғымын, сенен әлдеқайда үлкенмін. Сен соғысқа қатысқан жоқсың, ауылда болдың. Ал, мен бес жыл майданның дәмін таттым ғой.

– Е, солай екен ғой…!

– Әкем қажыға екі рет барған, діни сауатты адам болған – деп бастады Шәкең. 1934 жылы дүние салды. Анам Тәтен отызға жетпей, екі қыз, менімен үшеумізді тәрбиелеген, жесірліктің қиын кезеңдерін бастан өткізді. Мені қажының баласы деп соңыма түскен белсенділер көп болды. Содан әкем Еспенбеттің атын атамай, әкемнің ағасы Қайыптың атынан паспорт алдым, нағашыларымды паналадым, Қызылордада жездем Мәдінің көп шапағатын көрдім.

Әкем Меккеден бір қаптай құранды арқалап, алты ай жаяу-жалпылап, «Қоғалыға» келген. Кейін сол кітаптарды белсенділерден қорқып, екеулеп «Ақтүбек» деген жердегі бір бұтаның түбіне көмдік, кейін сол жерді су басып, іздегенде таба алмай қалғанымыз бар. Құнды дүниелер жоғалды. Амал қанша? Кейде өзі оқып отырып жылайтын.

– Неге жылайсыз, папа деймін?

– Шырағым-ай, Мұхаммед пайғамбардың жетімдігі, әке-шешесіздігі, қиындықтары адамды жылатпай қоймайды! – деп егіледі.

– Ой, жарықтық-ай, дейді Берман.

– Әскерге қай жылы алындым дедіңіз?

– 1919 жылы туғанмын. 1942 жылы әскерге алынып, 1947 жылы оралдым. Келген бойда Әкімал мақсұмның қызы Патымаға үйлендім. Елу жылдай бірге өмір сүрдім. Сүйікті жардан көз жазып қалғаныма, пәни дүниеге аттанғаныда жиырма жылға жуықтады. Киім сыртынан емес, ішінен тозады ғой. Сыртым бүтін, ішім түтін, қиын сәттер өтті ғой. Өзің білесің, отбасындағы кейбір күтпеген оқиғалар болды, ескі жараны қозғап қайтем, Берман.

– Бәрін түсінемін, Шәке? Енді майдан жайына оралыңызшы? Майдангерлер азайып бара жатыр, кейін Сіздің әңгімеңізді айта жүру үшін тағы еске сақтасақ артық болмас, Шәке?

– Біз кетеміз, сендер қаласыңдар ғой?

– Берман-ай, соғыстың ащы дәмін бір адамдай таттым. 1943 жылы қыста Харьков маңындағы бір қыстақта жүз шақты адам тұтқынға түстік. Көрмеген азабымыз жоқ. Өңшең азиялықтар – өзбек, қазақ, қырғыздар. Содан жиырма шақтымыз Берлинге жақын жердегі қаңылтыр шығаратын зауыттан бірақ шықтық. Күн-түн демей қайшымен қаңылтыр кесеміз, вагонға тиейміз. Зауыттың жан-жағы тікенек сым, әр метр сайын күзетшілер, қастарында шынжырды жұлқылаған иттер. Босанса бізді бұтарлап жейтіндей ұмтылады. Тәртіп қатал. Тәртіп бұзғандарды іріктеп алып, арнайы көлікпен алып кетеді. Қайда дейсіз ғой, арнайы пеш бар деп естігенбіз. Адам өртейтін пеш?!

– Пешіңе түсінбедім ғой, Шәке?

– Берман-ай, немістер онжеті жерден тұтқындарды өртейтін пеш салған деп естігенбіз. Жоғары қысымды пеш – 180 градус ыстық. Соған өртейді, сүйектерінен, тырнақтарынан сувенир, терілерінен былғары жасайтын болған. Былғары жайында ауылдасым, марқұм майдангер Оразбек Садықов айтқан әңгімені Ибрагим Әбибуллаев қаз-қалпында талай айтқан еді. Оразбек аға Берлиннен әкелген былғарыдан ауылда етік-мәсі тіккенін айтқанда Мәскеуге барып, сондағы Жеңістің 30 жылдығында қатысқанда Оразбек бір генералдан ашулы сөз естіген, содан ауылға келген бойда тіккендерін түгелдей жинап, көмді деген бар. Ұлы деп жүрген Гете, Гейненің еліндегі оқиға. Жантүршігерлік емес пе…?!

– Атаңа нағылет-ай фашистер-ай! – деп Берман атын тоқтатып, Шәке, бел жазайық, тамақтанайық! – деп бір жиденің түбіне беттеді. Екеуі әңгіме іздеген малдың қарасы көрінбегенін айтып біраз отырды. Шәкең қалтасы толы күкірт, қағазын, қаламсабын алып, қойын дәптеріне бүгінгі күнді, сағатты жазып отырды.

– Табылатын түрі жоқ. Ауылға қайтайық Шәке?

– Бірер сағат іздейік, ауылға бос қайтқанымыз жараспас Шәке, – деп Берман ақыл берді. Сәлден соң екі жауынгер атқа отырды.

– Содан немістердің қаңылтыр зауытында неше жыл болдыңыз, Шәке?

– Бір жылдай.

– Содан кейін ше?

– Бір күні қаңылтыр кесетін зауыттағы төрт-бес жігіт ақылдастық. Қасымда жерлесім Қуаныш бар. Бүкіл қаңылтыр қырқатын қайшыны қайрап, бір жерге тықтық, бөлмедегі орнатылған пештің моржасын жоғары қарай қырқып, соның ішінен сыртқа қашуды жоспарладық.

– Ұсталсақ атыламыз, күзетшілер иттерін жіберсе бұтарлап жейді, – деді Қуаныш.

– Нар тәуекел, – деп түн бойы төбеге қарай шығатын моржаны қырқып, алдымен мен шықтым.

Іле Қуаныш, төрт бес тұтқын қосарлана қабырғадан сыртқа секіріп түсті. Бәрімізде үрей жоқ. Күзетшілер де, иттерде ұйқыда екен. содан зытып отырдық. Бағытымыз – Польша жеріндегі өз әскерімізге қосылу.

Бесеуміз қашып келеміз. Тың-тыңдаймыз. Күзетшілер төрт-бес итпен қуып келе жатқандай. Бірте-бірте иттер дауысы естілмейді. Сірә, күзетшілер шаршаған болуы керек, кері қайтқан секілді. Жүріп келеміз. Әбден қалжырадық. Қасымыздағы үш жігіт жүруден қалып көз жұмды. Қолымызға түскен ағашпен жер қазып, жерледік. Екеуінің біреуі – мына Шымкенттен, екіншісі – Жамбылдан еді. Аттарын ұмыттым, Берік, Сәрсен, Қамза сияқты еді. Қуаныш екеуміз жол-жөнекей ағаш қабығын құрт-құмырсқаны жеп, өзек жалғап жүгіріп келеміз. Қуаныш тың. Мен әлсіредім, құладым. Көзімді жұмып жатырмын. Кәлимасын қайтарып Қуаныш отыр. Ұйықтап кеткен екенмін, қажыға барған әкем Есенбет:

– Тұр балам, күшіңді жина. Мына қырдың астында бір киік өлейін деп жатыр. Қасындағы лағына тимеңдер, өзін бұтарлап жесеңдер, Польшадағы өз әскерлеріңе аман-сау жетесіңдер! – деді де ғайып болды. Әлгі қырдан астық, бір киік өліп жатыр, жанында лақ. Дереу бөлшектеп, Қуаныш екеуміз қанын сорғалатып, етке ауыз салдық, қуаттандық. Өкпе-бауырын көйлектерімізге орап, Польшаға тарттық, өз әскерлерімізге қосылдық.

– Енді аман қалдыңыздар ғой, Шәке?

– Ой, несін айтасың, қорлықты өз әскерлерімізден көрдік. Бізді сатқын деп тексерудің астына алды, азаптады. Ақыры ақ-қарамыз ашылып, амалсыздан тұтқынға түскеніміз анықталып, қатарға қосылдық. Көрер жарық бар екен, елге оралдық, Берман деп Шәкең әңгімесіне тоқтау салғандай болды. Берман бұдан кейін Шәкеңе әңгіме айтыңыз деп қолқа салуға ықыласы болмады. Бәріне қаныққандай болды.
Екі жауынгер «Іңкәрдария» бойын шарлап, Сарының құмына, содан соң «Майқантөбеге» бет бұрды. Сәлден соң «Ақламас», «Қақай» өңірін шарлады.

– «Майқантөбе» деп неге қойылған Шәке?

– Ау, кәдімгі атақты актриса Сәбира Майқанованың жайлауы, туған жері. Әкесі Майқан дәулетті адам болған, соның атымен аталады бұл жер. Қалқаман Жаппас – Майқаның жайлауы. Ата қонысы ғой бұл жер.

– Е, солай ма, Шәке!

– «Сарының құмының» аталуы қалай?

– Сары деген кісі қыш күйдіретін зауыт соққан. Соның есімі ғой.

– Әңгіме таусылған болар, Шәке?

– Жоғалған мал табылғанша айтар әңгіме жетерлік менде. Енді өз жайымнан тағы да әңгіме қозғайын. Құлағыңды сала бер, Берман.

– Сүйікті жарым Патымадан айрылғаныма биыл онбес жылдай болды. Отбасындағы одан кейінде өзекті өртейтін жайлар болды, оны қозғамайын, ол өзіңе аян. Ескі жараны түртпейінші, уһ! – деп Шәкең көзінен жас алды.

– Құлболды Ишанның немересі – Әкімал Мақсұмның қызы Патыма тұңғышы, сырбаз қасиетті жар еді. Ажалға кезікті. Ер адамға да жесірлік оңай емес екен, күннен-күнге шөгіп барамын. Ерді де, әйелді де жесірінде, баланы жетімінде көр деген ғой.

– Бойыңызды тіктеңіз, Шәке. Ұл-қыз ержетті, бәрі отау құрды. Шүкір деңіз.

– Шүкір, шүкір Берман!

– Менің атам Әкімал Мақсұм Құлболды Ишанның үшінші ұрпағы, Пазыл Ишанның немересі, Әбіласанның ұлы, Тапал Ахунға жиен.

– Текті жерден шыққан екен ғой, – деді Берман.

– Әкімал Мақсұмды қуғын-сүргін кезінде айта беретін «үш әріптің» екі белсендісі тұтқындауға жақындағанда дүлей дауыл тұрып, белсенділер көзін ашпай отыра қалып, кейін бұрылып кетті деген бар. Бірде Шымкенттегі нағашыларына бара жатқанда Әкімал Мақсұмды қарақшылар торуылдағанда аспанды қаратүнек басып, көздері көрмей, жан-жаққа қашқанын жолсеріктері елге келгенде жыр етіп айтқанын елде көнекөздерден естігендер бар.
Қос жауынгер орталыққа қайтуға бет бұрды. Берманның төрт бірдей жылқысы алдынан шықты. «Ақбелдің» қуысындағы тоғайда жүр екен.

– Берман сен табылған малыңмен жүре бер. Мен мына жаңадариядан әрі «Аяқшоқы» жақты бір шолып, табылмаса артыңнан жетермін деп Шәкең қалып қойды. Содан күрең төбел талай жерді сүзіп шықса да, табылмаған малдан күдер үзіп ауылға бет бұрғанда кенет ат тұяғы бір оқпанға сүріне құлады. Шәкең шұңқыр ішінде бүктетіліп түсті. Қызыл күрең атып тұрып, шылбырын шұбатып ауылға тартқан. Шәкең оқпан шұңқырда ұзақ жатып, сыртқа шығып есін әрең жинады. Оң аяқ тобықтан омырыла сынған, салбырап қалған. Қалтасындағы пышағымен шапанын әр жерінен кесіп, омырылған тобықты жаны қиналып, әрең ораған. Қан сорғалап, тиылмаған. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон атымен жоқ. Жаны шарқ ұрып, еңбектеп әудем жерге сүйретіле жүре берген. Өзі айтқандай төрт-бес шақырымдай қашықтықты еңбекте пжүрсе керек. Әр жерге қалтасындағы күкіртін шағып, от жағып жылынған. Қалтасынан қағаз, қаламы түспейтін жауынгер әр бұтаның түбіне қағаз жазып кете беріпті. «Ел ішінде қаңқу әңгіме, өсек көп болады ғой. Берманды өзім ауылға шығарып салдым. Мен малды іздейін деп қалдым. Жазатайым дүние салсам Берманнан көріп жүрмеңдер, ағайын, Шахап». 1968 жыл, 12 қыркүйек.
Шәкең осылайша жылжып жүрген сайын әр бұтаның түбіне бірнеше қағазға сөз жазып кете беріпті. «Аттан құладым, оқпаннан шықтым. Берманнан көрмеңдер, ағайын» дегенсөздерді жазумен болыпты.
Бір түн өтті. Ауылдан хабар жоқ. «Қызыл күрең» үйге барған болар деп ой түйді Шәкең. Сірә, іздеушілер менің қай жерде жатқанымды білмей жүр-ау деп ойға шомып, насыбайын атып, келесі бір биікке жантайды. Шүберекке оралған сынық зар қақсатып барады. Нені көрмеген, жауынгер. Бәріне төзді, бірер сексеуіл бұтаны қағазбен тұтатып, от жақты. Түтін бұрқырап, көкке көтерілді. Жылынғандай болды. Сүйретіліп, тағы жақты. Түтін биікке көтерілді, будақтады. Мұнысы жан-жаққа тіршілік бар деген белгісі еді.

Бірер шақырымдай жердегі қыстауда шопан Дүйсенбайдың ұлы Әлен қойшының үйі болатын еді. Қойшы жігіт қойын қайырып, қыстауға бет бұрған. Алыстан будақтаған түтінді көріп, таңырап тұрып қалды.

– Мына будақтаған түтін біздің қыстауға қарай бет бұрса маңайды өрт шалады ғой, – деп атын қамшылай өртті сөндіруге шаба жөнелді. Түтін түбінен қарауытқан адам көрінді. Тез жетті. Бүктетіліп жатыр.

– Басын бұрды. Таныс адам. Ауылдағы Шәкең. Шәке не болды, ағатай-ау? Шопан жігіт құшағына қысып, өксігін баса алмай тұрды. Тағы да не болды ағатайым-ау?!

– Әлен шырағым-ай, аттан құладым, оқпанға түстім, әрең шықтым. Оң аяқ тобықтан бөлінді, орадым, орнына салғандай болдым. Шыдатар емес.

– Ағатай-ай, қиналған екенсіз. Атыма мініңіз! – деп Әлен Шәкеңнің аяғын үзеңгіге салып, шылбырды ұстап, қысқы қонысқа тартты.
Бұта біткеннің арасынан бұрқырап ұшқан қағаз. Бұл не қағаз, Шәке?

Ей, шырағым-ай, жазатайым өліп кетсем Берманнан көрмеңдер деген жазу ғой. Әр бұтаның түбіне қағаз жаздым. Қасымдағы Берманнан көрмеңдер дедім. Ел іші ғой, кім біледі, жазатайым көз жұмсам әртүрлі әңгіме болар деп сақтандыруым ғой, Әлен? Шопан үйіне жетті. Шәкеңе шәй берді, қуаттандырды. Сөйткенше болған жоқ, ауылдан төрт-бес Абылай, Қасқырбай бастаған ағайындар келіп, ауылға тартты. Аяқ сырқырап қояр емес. Көнбіс жауынгер сездірмеген болады. Неткен қайсарлық, төзімділік…! Майдангер үйінде ұзақ жатты. Қалаға, хирургке апарайық, – деп ұлы Пасахаддин талай қолқалады. Көнбеді.

Хирургкке бармаймын. Гипстеп, шегелетіп мазамды алдырмақсыңдар ма? өзім жазамын, оқтай түзу аяқтың жетпістен асқанда не керегі бар. Сылтып басып өмір сүремін. Қисық аяқ әлі көп кәдеге, жоғалған малды іздеуге жарайды деп селкілдеп күлетін қайран Шәкең.
Туған жері «Қоғалыда» талай қызметтің тұтқасын ұстады. Ауылдық кеңесте хатшы, диқан, бригадир, сауда қызметкері болды.

Бір ауылдың Шәкесі атанды. Майдангер Шахап Қаюпов 1997 жылдың 15 қазанында 78 жасында пәни дүниеге аттанып жүре берді. Артында ұл-қыздары, немере-шөберелері қалды. Қазір «Қоғалыкөлде» Сламбек Қаюпов қара шаңырақты жалғастырып отыр. Мектепте көп жылдан бері ұстаз, қазір мектеп директоры. Ат тұяғын тай басар деген осы болар.

Әруақтарыңнан айналайын, ағаларым-ай!

Менің туған жерім «Қоғалыкөлде» қазір майдангерсіз ауыл. Көз көрген ағалардың ұрпақтары майдангер әкелері мен ағаларының әңгімелерін есте сақтап, әлі күнге айтып отырады.
Тоқсаныншы жылдардың басында ауылдағы майдангер Шахап Қаюпов ағамен кездесудің сәті түскені бар. Біраз сыр ағытып еді, қойын дәптерімді қарап отырсам көп жайларды қағазға түсірген екенмін. Ойға оралтып, бұдан жиырма жыл бұрынғы майдангер айтқан әңгімені қаз-қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

Қайырбек Мырзахметұлы
«Қоғалыкөл» ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<