Ат құлағында ойнаған…

1617

0

Жақында «Хабар» арнасындағы «Атамекен» бағдарламасы жылқыдай асыл түлікке арналды. Қазақ үшін жылқы деген – жалықтырмас тақырып қой. Атты алғаш ауыздықтаған аталарымыз екені де тегін емес. Қазіргі қазақ жерін мекендеген Ботай мәдениеті деген атпен белгілі тайпалар тұрағының орнын зерттеу барысында сол тайпа осыдан бес жарым мың жыл бұрын жылқыны соғым қылып сойғаны, көнін топыраққа тыңайтқыш ретінде қолданғаны дәлелденген.

Біздің бабаларымыз адамзат тарихында атқа алғаш қонғаны әлемге белгілі болып отыр. Салтқа адал халқымыздың қазіргі күнгі ұрпағы да жылқыны жақсы көреді. Ол – ерліктің, тазалықтың, биіктіктің символы.

Ендігі әңгіме, ұрпақ тәрбиесіндегі бұл тақырыптың алатын орны қандай?

Жас өркенді елжандылыққа баулу – бүгінгі күні өзекті мәселе болып отырғаны баршаға аян. Күнделікті сан түрлі гаджетпен күресті қосыңыз бұған. Ендеше жылқы туралы, атбегілік өнерін, ат әбзелдері жайлы толып жатқан қызықты әрі құнды мәліметтерді балаларға бере алсақ нәтижесіз болмас. Атқа қызықпайтын, бәйгені сүймейтін бала жоқ. Әсіресе ауыл баласы жылқы десе ішкен асын жерге қояры сөзсіз.

Егер осы тақырыпта кеш немесе сабақ өткізгіңіз келсе ат бәйгесі, көкпар, аударыспақ сияқты ұлттық ойындарды сынып ішіндегі теориялық сайыстарға айналдыруға болады. Тек сұрақтар тақырыпты ашу керек. Ребустар шешкізу де – ескірмейтін жақсы әдіс. Өз тәжірибемде ХІ ғасырда Каспий теңізі жағалауын мекендеген иран тілді халықтың әміршісі Унсур ал-Маликейдің атты сынағаны жөніндегі еңбегін пайдаландым.

Сабақты өткізбестен бұрын сыныбымдағы балалармен бірге қамшыгерлік өнері туралы барынша зерттеп, сабақ жаңалығы ретінде ортаға салдық. Ат әбзелдері, қамшы түрлері – бөлек бір қызық тақырып әрі оны балалар қолмен ұстап көреді, үйреніп өздері де жасай алады. Атсейістермен кездесу жасап, сұхбат алу да – жақсы әдіс. Сабақ үстінде жылқы туралы аңыз әңгімелер айту, өлеңдер оқу да бала бойында оң өзгерістер әкелуі сөзсіз. Ретімен төмендегі сөздерді де пайдалануға болады.

Қой – береке, түйе – ғазиз мал, ал аттың жалына қиямет күніне дейін жақсылық байлаулы тұрады. Ат үйірін сағынса, артқы аяғын қағынар. Ер басына күн туса, туған жерін сағынар. Ат айналып қазығын табады. Атсыздың атасының ақысы кетеді. Атың арымасын, тоның тозбасын, қадірің қашпасын. Атың жақсы болса, Ер жігіттің пырағы. Балаң жақсы болса, Жан-тәніңнің шырағы.  Жүйрік атта жал болмайды, Ер жігітте мал болмайды. Жылқы – тәңірдің жердегі елшісі.

Жоспарлаған мақсатыңызға жету үшін насихаттап жатқан нәрсеңізге өзіңіз де шынайы қызығуыңыз әрі тақырыпты зерттеуді жүйелі жалғастыруыңыз шарт. Текті жануарды әлемдегі ең алғаш ауыздықтаған ең мықты халықтың ұрпағын тәрбиелеуде шығармашылық шабыт тілеймін.

Надежда ӘБІШЕВА,

Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектептің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<