Үлгілі мемлекет жайлы көзқарас

2973

0

Сурет ашық дереккөзден

Қоғам мен мемлекеттегі алуан түрлі жайттарды қамтитын Әбу Насыр әл Фараби мұрасы ең алдымен адамзатқа арналған. Өйткені ол саналы ғұмырында қалың жұртшылыққа қызмет етуге атсалысты. Еңбектерін жекелеген тұлғаға, адамның игілігіне, елге, жерге, күллі әлем мен ғаламға арнап, көпшілік ортада қызу талас-тартысқа түскен немесе қордаланған мәселелерді шешуге ұмтылды. Сондықтан да болар ғылыми ізденістері әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпай келеді.

Бізге жеткен ғалым мұрасы философия, музыка, математика, логика, астрономия, филология және жаратылыстану ғылымдарының сан салаларын қамтиды. Өз заманында айтқан әрбір ойы немесе келтірген пікірі, талдаған сараптаулары қазіргі қоғам дамуының кейбір қордаланған мәселелеріне дөп тиіп жатады. Уақыт озса да, ортайған емес, қайта жылдар өткен сайын толысып келеді. Бұл оның еңбектерінің қайнар бастауы гуманизмде жатқанын аңғартады.

Қандайда бір халықтың өткенін таразылап, болашағына бағдар жасап, отыруы – табиғи заңдылық. Тарихи тұлғалардың рухани құндылықтарын зерттеп-насихаттау – біз үшін парыз. Шығыстың ұлы ойшылының рухани мұрасы әлемдік ғылым мен өркениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Қазақстандық фарабитанушылардың айтуы бойынша әл Фараби мұрасының маңыздылығы оның философия, әлеуметтану, логика, этика, эстетика, жаратылыстану ғылым салаларындағы орны тек Шығыстың ғана емес, сонымен қатар, Ортағасыр және Қайта өрлеу дәуірі кезеңіндегі Батыс халықтарының ғылыми-философиялық ойларының кейінгі уақытта дамуына үлкен әсерін тигізгенімен айқындалады. Осылайша, оны білім мен ақиқатты іздеу жолында этникалық, мәдени, тілдік, діни белгілердің айырмашылықтарын және әлем адамы ретінде қарастыруға болады. Ғалым өзі өмір сүрген қоғамдағы мемлекеттің басқаруына ықпал ету әрекеті негізінде мемлекеттің басқару теорияларына өзгерістер керек екенін өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында жан-жақты талдайды.

«Кез келген мемлекеттің өмір сүру жолындағы қол жеткізетін жетістіктері немесе оны артқа тартатын жағдайлардың орын алуы оны басқаратын билеушісіне байланысты. Мемлекетті басқару кез келген адамның қолынан келмейді, сол себептен де оған тек мыңнан озып шыққан, халқының қамын ойлайтын адамдар ғана сайлана алады.

Ондай адам мемлекетті басқаруы үшін екі шарт орындалуы қажет. Біріншісі, ол қаланы басқаруға дайын болуы керек. Екіншісі, басқаруға мүмкіндіктері мен жағдайы келуі керек. Оның өнері де басқалардың өнерінен жоғары тұруы керек. Өнер ештеңе үшін қызмет етпейді не басқалар оны қолданатын өнер түрі де емес дейді. Ол – оған басқа өнердің барлығы бағынатын өнер, ол үшін басқа өнер қызмет жасайтын өнер болуы керек» деп тұжырымдайды. Мемлекет басшысы осы өнерді біле тұра, өзі ең жетілген, бақытқа жетудің барлық жолдарын білетін адам болып саналады. Мемлекетті басқарудағы билеушісінің жүргізген саясаты қоғамның өміріне, халқының тұрмысына бірден тікелей әсерін тигізері анық. Әл Фараби философиясында осы мемлекетті басқаруға, оның құрылымына баса мән беріледі, яғни, билеуші қандай болса, оның соңынан ерген халқы да сол ізбен жүреді. Мемлекетті басқару билеушіден көптеген қасиеттерге ие болуды талап етеді. Жіберілген қателіктер мен кемшіліктерге кешірім болмайды, оның салдары халық үшін өте ауыр тиеді. Сол себепті, билеуші ізін аңдап басып, көрегенділік таныта білуі тиіс.

Әл Фарабидің қоғамдық-саяси көзқарастарында мемлекетті адамзаттық қоғамды дұрыс басқара алатындай жоғары даналыққа ие көшбасшысы бар бір топ адам басқаруы тиіс деген ұғым негізгі орын алады.

Ойшылдың саяси философиясының қалыптасқанына көп уақыт өтті, бірақ оның ойлары және саяси әлеуметтік философиясы көпшілік жағдайда өзінің құндылығын сақтады, қазіргі қоғам үшін маңыздылығы бар. Бірқатар трактаттары қоғамдық өмір туралы оқуға арналған («Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақытқа жету жөніндегі кітап», «Бақытқа жол сілтеу» және басқа шағын трактаттары).

Грек философтарының, ең алдымен Платон мен Аристотельдің этикалық және саяси ойларына сүйене және ежелгі Шығыстың әлеуметтік ойларын қолдана отырып, мемлекеттік құрылымның үйлесімді теориясын жасады. Оның ойынша, қайырымды қалалардың билік басында бір мезгілде діни қауымның жетекші рөлін де атқаратын философ-басқарушылар болады. Қайырымды қалаларда барлық тұрғындар шынайы бақытқа жетуге талпынады, жақсылық пен әділдік үстемдік етеді, әділетсіздік және зұлымдық айыпталады. Қайырымды қалаларға шынайы бақыт жөнінде бейхабар және оған талпынбайтын, керісінше тән саулығына, ләззат алуға және байлыққа ғана көңіл бөлетін басқарушылары және тұрғындары бар қайырымсыз қалаларды қарсы қояды.

«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жөніндегі трактат» – әл Фарабидің ең кемел туындыларының бірі. Бұл еңбек 948 жылы Мысырда дүниеге келді. Ол трактаттың басында философ тұрған «қайырымды қала» туралы оқуды баяндайды. «Адам іскерлігінің мақсаты – тек дұрыс танудың көмегі арқылы қол жеткізуге болатын бақыт» деп есептейді. Ойшыл қоғамды мемлекетпен теңестірді. Қоғам – адамдық мүше. «Қайырымды қала – тірі ағзаның өмірін сақтау үшін барлық мүшелері бір-біріне көмектесетін сау тән тәріздес». Фараби қайырымды қаланы оқуды платондық принциптер негізінде құрады, дегенмен оның оқу құрылымының неоплатондық және аристотельдік элементтерін бағаламау мүмкін емес. Өз уақытының барлық бірегей ойлары секілді, ғалымның саяси тұжырымдамалары исламдық халифаттың шынайы бейнелеріне бағытталған араб мәдениетінің теориялық қағидаларына ұқсамады.

Бұл тұрғыда бір ерекшелікті атап өткен жөн, Фарабидің «Азаматтық саясаты» исламдық дүниені сезіну тұрғысындағы рақымшылдық жөніндегі платондық ойларды түсіндіреді және дамытады, бірақ қоғамдық құрылыстың әділеттілігін азаматтарды тәрбиелеумен байланыстырады. Бұл туралы былай дейді: «Әр адам өзінің табиғаты бойынша былай орналасқан, адам өзінің өмір сүруі, жоғары дамуға қол жеткізу үшін, жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын көптеген заттарға және оның мұқтаждылығын ескере отырып қандай да бір затты бере алатын адамдар тобынан кейбір заттарға қажетсінеді».

Қайырымды қала дейді. Әл Фараби сау әрі мінсіз адам денесіне ұқсас дейді. Себебі оның әрбір мүшесі денсаулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді. Бірақ адам денесіндегі органдар бір-бірінен табиғаты, атқаратын қызметіне байланысты айырмашылық жасайтыны секілді қала тұрғындары да өздерінің қызметі мен қоғамдағы орны бойынша айырмашылық жасайды дейді. Қалада бір басшы болады, ол өзінен бір саты төмендегілерден белгілі бір істің атқарылуын талап етеді, ал талап етілгендер өз кезегінде өздерінен кейінгілерден талап етеді, осылайша ең төменгі ешкімнен талап ете алмайтын сатылардағыларға да жетеді дейді.

Оның пікірінше, қоғамның ең жетілген формасы – қала. Қала деген терминді, әкімшілік территориялық бөлініс ретіндегі, осы заманғы ұғымдағы қаланы белгілеу үшін ғана емес, мемлекет-қаланы белгілеу үшін де, сондай-ақ феодалдық қоғамда ең көп болған әртүрлі әлеуметтік топтарды белгілеу үшін де қолданады. Бұл туралы «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» еңбегінде тоқталып өтеді: «Ертедегі адамдар «қала» және «үй» деп тек қана мекенді түсінген емес, сондай-ақ адамдар тұратын баспананы және баспананы күтетін адамдарды да түсінген. Үй белгілі бір бөлшектерден және бірлестіктерден құралады, солардың арқасында көркейеді. Бұлар саны жағынан төртеу, ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі; әке-шешесі мен баласы, мүлкі мен мүлік иесі». Қаланың саяси құрылымын ашып көрсетуде осындай аналогияны өте шебер пайдаланады. Оны адам организмімен ұқсастыра отырып, терең мәнін өте түсінікті тілде жеткізеді. Тән мүшелерінің иерархиясы мемлекеттің иерархиясына сәйкес келеді. Осындай аналогияны әлеуметтік-этикалық трактаттарының бірінде былай көрсетеді: «Қаланы да, үйді де адам тәнімен теңеуге болады. Тән жоғарғы және төменгі қатарға жататын белгілі бір мөлшерлі әртүрлі мүшелерден құралады, олар бір-бірімен белгілі тәртіппен қабысып, әрқайсысы жеке бір қызмет атқарады, олардың әрекеттерінің бәрі тәндегі мақсатқа жетуге бағытталған өзара көмек болып бірігеді».

Егер ел билеуші шынайы қайырымдылықтың жаршысы бола білсе, онда оның халықты басқарудағы басшылық қызметі де сан алуан жақсылық істерге толы болады. Дәл осындай игілікті мақсатты ойдағыдай жүзеге асыра білгенде ғана елбасының өзі де, оның қол астындағы әрбір адам да шексіз бақытқа кенеледі, ал мұндай жағдай нағыз бақыттың өзі болып саналады. Фарабидің өзінің зерттеу пәні ретінде мемлекетті белгілегенін оның әлеуметтік-философиялық көзқарастарын қарастырғанда аңғарамыз. Сонымен, әл Фараби үшін қоғамдық құрылыстың мұраты – кемелденген мемлекеттік өмір, мемлекеттегі өмір мемлекеттің өзі.

Мемлекет – адамдардың бақытқа жету жолындағы өзара қарым-қатынастарының неғұрлым кемелденген көрінісінің формасы. «Осы пікірге сай қайырымды қала дегеніміз – тұрғындары бір-біріне соңғы кемелдікке, яғни жоғары бақытқа жету жолында көмектесетін қала».

Ал ел билеуші надандықтың жолына түссе, ол міндетті түрде өзінің ойындағы арам пиғылдарын жүзеге асырудың жолдарын қарастыра бастайды. Сөйтіп, қызметінде билік пен мансап, тәкаппарлық, байлық пен масайраушылық басты орынға шығады. Дәл осындай жолға түскен ел билеуші шын мәнісінде бақытты болмаса да, өзін тым бақытты сезінеді. Тікелей өзіне бағынышты адамдардың көмегі арқасында өз үстемдігін баянды етіп қана қоймай, одан әрі нығайта түсуге жанталасады. Алайда халқының қолын берекеге жеткіздім деп есептегенімен де, шын мәнісінде бұл игі мақсат жүзеге аспаған күйінде қалып қояды. Мұндай пиғылдағылар әдетте, басқалармен салыстырғанда, өздерін ерекшеміз деп санайды.

Жаңылыстар мен қателіктерге ұшыраған ел билеуші өзінің халықты басқарудағы қабілеті мен даналық қасиеттерінің жоғары екеніне шек те келтірмейді. Дәл осылай болмаса да, оның өзі де, одан қалды оның қол астындағылар да, осылай ойлауға мәжбүр. Мұндай жағдайда ел билеушінің өзі де, оның елі де шынайы бақытқа қол жеткізбесе де, оны сезінгендей күй кешеді. Халықты басқарудың дәл осы сипаттағы жолдарының жалғандыққа негізделгеніне қарамастан, бағынышты халық оны көп жағдайда сезінбей де қалады. Сондықтан да болар, олар ел билеушінің бойында рақымшылдық пен даналық қасиеттердің мол екеніне кәміл сенеді. Мұндай көзбояушылықты билеуші де, оның қарамағындағылар да жан дүниесімен нағыз бақытқа санайды. Сөйтіп, ел билеушіні қолдау арқылы оның көкейіндегі надандық пен білімсіздіктен туындаған мақсаттарының кейбіреулерінің орындалуына жағдай да туғызады.

Бірінші басқарушы іс-әрекеттердің барлығын болмаса да, олардың денін нақты дәлелдеу мен шегіне жеткізу жүктеледі. Кей жағдайда дәлелденген қағидаларды тегіс жетілдірудің қажеттігі болмай қалады. Кейбір іс-әрекеттердің дәлелденіп немесе дәлелденбеуінің объективті себептері де болады. Олар төмендегідей: алғашқы жағдайда күтпеген жерден соғыстың басталып кетуі немесе басқа шұғыл түрде қолға алуға тура келетін істердің туындауынан іс-әркеттердің жиынтығын айқындау қажеттігі болмай қалады. Мұндай жағдайдың орын алуы елбасының өмірден өтіп кетуіне тікелей байланысты болады. Сонымен қатар мұндай істерді шешуіне мұрындық болатын белгілі бір қажеттілік туындап, өтініштер жасалғанда немесе кейбір мәселені шұғыл түрде шешу қажет болғанда ғана дайындайды. Сонда ғана ол қалыптасқан түрлі себеп-салдардың байыбына бара отырып өзінің іс-әрекетіне сай келетін заңдар шығарып, тәртіп орнатады. Елбасы шешетін келелі істер оның мемлекетті басқару кезеңінде және ол басқарған елде туындамауы да ғажап емес. Сондықтан сол елдегі өз уақытында шешілмеген кейбір келелі істердің елеусіз қалып та қоюы мүмкін, ал олар өз кезегінде қалыптасқан жағдайға байланысты өз шешімін күтері сөзсіз. Міне, сонда елбасы қажетті мемлекеттік істерге байланысты заңдар шығарудың орнына, сол істерді нақты тұрғыдан шешудің жолдарын қарастыруда өз білімділігі мен ақыл-ойына арқа сүйейді. Нәтижесінде алғашқы елбасының орнына келер ізбасарларының түпкілікті мәселелерді шешудегі қадамына даңғыл жол ашылады. Ең бастысы, жарық көрген заңдар атқарылатын істерді, белгіленген мақсатқа сай шешілмей қалған мәселелерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал шешілмей қалғандарын жүзеге асыру болашақ елбасының үлесіне тиеді. Өз кезегінде жаңа басшы зерделі болса, өз қызметінің бағдарламасын жасап, түрлі заңдар шығарады және оларды қала халқының игілігіне айналдырады. Өзінің қоғамдық істерін тыңғылықты ұйымдастырады, қажетті заңдар шығарады және болашақта жүзеге асар ауқымды мәселелерге де ерекше назар аударады. Өйткені, ол өз орнын басар адам атқарылар істерді ойдағыдай жалғастыра алады деген сенімінің жетегінде болады.

Ізгілікті қаланың әміршісі халықтар ынтымақтастығын ойдағыдай жүзеге асырып, олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда жан дүниесінде қалыптастырылған ізгілікті органдармен, қабілетпен ғана шектеліп қалмауы керек. Ол ізгілік пен игіліктің жан дүниесінде бұрыннан-ақ орныққанын ескере отырып, басқа да толып жатқан адамгершілік қасиеттерге жол ашып береді.

Әл Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатында: Адам толығымен дамып жетілуі үшін ол көптеген нәрселерге тәуелді. Себебі ол барлық өзіне қажетті жалғыз өзі жасай алмайды әрі қол жеткізе алмайды. Сондықтан адам өзінен басқа адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады. Бірақ ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып табылады және басқалардың жоғын тауып беруші болып келеді дейді. Осылайша қоғамдастықтың әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып береді дейді. Жалпы адам қоғамдастығын ғалым екі түрге бөліп көрсетеді: толық және толық емес. Толық қоғамдастықтың өзін үш түрге бөледі: үлкен, орта және кіші. Үлкен қоғамдастық деп ол бүкіл жерді мекендеуші барлық адамдардың жалпы қоғамдастығы деп көрсетеді. Ал орташа қоғамдастық дегеніміз белгілі бір халық ретіндегі қоғам дейді, кіші қоғамдастықты ол белгілі бір қала ретінде көрсетеді.

Толық емес қоғамдастыққа келсек, Фараби оларды төртке бөліп көрсеткен. Олар – квартал, көше, үй және ауыл. Соңғысы қала құрамына кірмегенімен, қалаға қызмет көрсетуші толық емес қоғам. Жоғары деңгейдегі даму мен игілікке адам ең бірінші ретте ең кіші дегенде қалада ғана қол жеткізе алады деп көрсетіледі. Кез келген нәрсеге шын көңіл білдіріп, шынайы таңдау жасап талаптанып жетуге болатындықтан, кез келген қалада бақытқа қол жеткізуге болады. Әрбір тұрғыны бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесетін қала қайырымды қала деп түсіндіріледі және сол секілді қайырымды қоғам, қайырымды халық та болады.

Ұлы ойшыл саяси ілім – қайырымды басқару, оны ұйымдастырудың тәсілдері мен қала тұрғындарына қайырымдылық пен игіліктің қалай келетінін, оған қандай жолмен жетуге болатынын үйретеді деді. «Адамдар бақытты болуы үшін бір-біріне көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала – ізгі қала. Халқы бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отырған қоғам да ізгі қоғам болады. Қалалардың бәрі бақытқа жету жолында біріне-бірі көмектесіп тұратын халық – ізгі халық. Сол сияқты халықтардың бәрі бақытқа ұмтылып, біріне-бірі көмектесіп отырса, бүкіл жер жүзі ізгі болар еді» деді Әл Фараби. Ол қала тұрғындарының бақытты өмірге қол жеткізуі жоғары, қайырымды билік өнеріне де тікелей қатысты деп ой түйеді. Қайырымды қала билеушілері өз жұрты, тұрғындары үшін қызмет етеді. Тұрғындарының ғана мүмкіндігі, құқығы бар «бақыт – дегеніміз игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені». Сондықтан қайырымды билеушілер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатыны айтылады. Ғұлама қайырымды қалалармен бірге надан, бұзылған, сараң, қайырымсыз қалалардың болатынын ескертеді. Сонымен қатар, «қайырымды қала» тұрғындары пайдаланатын игіліктерге ғылым негіздерін меңгеру, әділдікке ұмтылу, әртүрлі әлеуметтік топтардың бір-бірімен тату өмір сүруін, т.б. жатқызады. Әл Фарабидің ойынша, адам – өз өмірінің қожасы, сондықтан ол өз бақытын өзі жасауы және қиындықтардан қашпауы керек.

Азаматтық ғылымның міндеттеріне нағыз бақытқа жеткізетін қайырымдылық қимылдары мен адамгершілік қимылдар жатады. Саяси ұйым басшының міндеті – осындай адамгершілік қимыл мен оның сақталуын қамтамасыз ету. Бұл міндеттің орындалуы басшыдан мемлекетті басқаруды, сонымен бірге басқару өнерінің білімділігін талап етеді .

Басқарудың екі типі болады:

І. Нағыз бақытқа жеткізетін моральдық белгілермен, өмірдің әдістерімен орнатуға бағытталған; мұндай басқарудағы мемлекет қайырымды мемлекет және мұндай басқарудағы қала да, оның халқы да қайырымды болады;

ІІ. Басқару бойынша білімі жағынан төмендеу мемлекет болады; бұл мемлекеттің қала тұрғындары да мәдениетсіз, білімсіз болады.

Фараби қоғам мен индивид гармониясының идеясын дамыта отырып, мынадай қорытынды жасады: мемлекетке адам пайда келтіргенде ғана күшті, дамыған мемлекет болады. Үлгілі мемлекет қандай болуы керек? Ондай мемлекет жетілдірілген, дамыған иерархиялық құрылыстағы мемлекет болуы керек. Мұндай мемлекетте әрбір адам бір өнермен шұғылдануы керек немесе өнердің болашақ басшысы сол өнерді игеруі керек. Фараби Платон сияқты өзінің идеалдық мемлекетінде адамдарды қауымға байланысты, кәсіптік белгісіне қарай бөлді. Жоғары қауымды бақытты адамдар құрады, яғни философтар дейді. Басқа адамға бақытқа жететін жолды көрсете алады, яғни, қаланың басшысы ретінде қоғамға керек. Мемлекет бақытқа кенелетін екінші қауым – дін қызметкерлері, шешендер, ақын-музыканттар, хат шеберлері, өлшегіштер. Үшінші қауымды Фараби өлшегіштер деп атады. Оларға математиктер, геометриктер, дәрігер, астрономдар жатты. Төртінші әскери адамдар, бесінші қаланы байлыққа кенелтетін байлар деп атап көрсетті .

Мұндай идеялық мемлекетте адамның қоғамдық жағдайы байлығына емес, біліміне байланысты болады. Осы пікір арқылы Фараби ақша ауқатты қаланың басты шарты дегендерді айыптады.

Платонның идеалды мемлекетінде азаматтардың қызметтері бөлінді, философтар мемлекетті басқарса, әскерлер оны қорғады, жер өндеушілер, қолөнершілер тұтыну өнімдерін шығарады. Бірақ Платонның міндеттер мен құқықтарды бөлуі мемлекетте касталық бөлісті жандандырады. Фараби туғаннан бақытты деген идеяны жақтады. Платон бойынша философтардың білімі философтардың қауымы үшін керек, қолөнершілердің білімі қолөнешілер қауымы үшін керек деді. Сондықтан бұл платондық иерархияда бір қауымнан екінші қауымға өтетін мүмкіндік те, қозғалыс та жоқ, мемлекеттің игілігі үшін ешқашан бұзылмақ емес. Бұған қарама-қарсы Фараби білімі тәрбиеге, сыртқы жағдайға байланысты беріледі деді.

«Әр адам өзінің табиғаты өзінің өмір сүруі және жетістіктерге жетуі үшін көптеген қажеттіктерді зәру етеді, оған өзінің күші, жағдайы жетпейді, ал өзінің мұқтаждығын өтеу үшін жұрттың бірлестігінің, қоғамдастығының әрқайсысының әртүрлі көмектерін қажет етеді, бірлестіктің барлық мүшесінің қызметі әркімге өзінің өмір сүруі және жетістіктерге жетуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп жазды Фараби.             

Осындай негізде ойшыл адам қоғамы пайда болуының табиғи теориясын ұсынды. Тек басқа адамдармен қарым-қатынаста ғана, әлеуметтік топта ғана адам өмір сүруі мүмкін. Адамдардың бірігуінің себебі – олардың материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандырудағы мұқтаждығы.

Мемлекет туралы ілімінде Фараби мемлекеттің ішкі және сыртқы міндеттерін анықтап көрсетеді. Мемлекеттің сыртқы міндетіне қайырымды қала тұрғындарын, елді сыртқы жаудан қорғау, яғни қорғаныс ұйымдастыру талап етіледі. Соғысты ол әділетті, әділетсіз деп бөлді. Әділетті соғыс игілікті мақсаттарға жету үшін жүргізіледі және де онда қылмысты айыптау болады. Ал әділетсіз соғыс жеке басшылардың мүддесінен туындайды.

Мемлекеттің ішкі міндеті бұл тұрғындардың бақытқа жету жолын қарастырады: әділеттілік орнату, халыққа білім беру, тұрмыс туралы ілімге оқыту, оларды адамгершілікке тәрбиелеу, бақытқа жеткізетін әдеттерді тарату. Экономикалық мәселемен шектелетін мемлекет – ойшылдың есептеуінше мәдениетсіз мемлекет.

Фараби дін бақытқа жетудің құралы деп түсінді. «Әртүрлі қайырымды қалалар мен халықта әртүрлі дін болуы мүмкін, бұлардың бәрі дінге сеніп мақсатына жетуге ұмтылады».

Көшбасшы қандай болуы тиіс? Сонау заманнан бері бұл сұрақ белгілі философтарды толғандырып келді. Платон оны өтірікті жақтырмайтын және шындықты сүйетін, әділ, білімге ұмтылатын философ болуы керек деп санады, себебі әділетсіздікке орын жоқ және қоғамдық болмысқа енгізе алмайтын мінсіз, парасатты болмысты тек сол ғана көруге қабілетті деп білді. Көне ойшыл тек осындай басқарушы тарих толқынын өзгерте алады және қоғамда бұндай адамның болуы әлі орындалмаған ойларға қол жеткізуді қамтамасыз ететіндігіне көндірді. Платонның пікірінше, бұндай басқарушы танымға қабілетті, жақсы есте сақтау қабілетіне ие және ақиқатпен, әділдікпен, батылдықпен, даналықпен тіл табысады.

Әл Фараби қайырымды қала басшысы табиғатынан керемет түсініп және өз ойын, өзіне істің қалай болып жатқанын айтушының сөздерімен байланыстыра отырып, елестете білуі керек деп белгілейді. Бұл – әл Фарабидің пікірі бойынша кемелденген ақыл-ой құрылысы.

Философиялық мемлекеттік құрылым ілімі барлық уақытта адамдық қоғамның дамуында әрдайым өзекті болып келді және солай болып қала береді. Кез келген заманауи адам одан қоғам мен жеке адам дамуындағы өзін алаңдатқан сұрақтарға жауап таба алады деп қорытындылауға болады.

Президентіміз Қ.Тоқаевтың ұстанып отырған негізгі саясаты – әділеті азаматтық қоғам құру.

Бүгінде Жаңа Қазақстан орнатудағы «әділеті қоғам құру идеясы» ұлттық идеялар түріндегі саяси бастамалар сөзсіз ұлы ойшылдың идеяларымен ұштасатыны анық. Әділетті қоғам құру идеясы – барлық қазақстандықтарға арналған жолдау, бұны өз кезегінде әл Фараби де өз шығармашылығында қамтыған болатын. Әділетті қоғам идеясы Платонның ізгілікті мемлекет және әл Фарабидің қайырымды қала жөніндегі оқу жайындағы ойлардың қисынды жалғасы екенін толық сенімділікпен айтсақ болады.

Әл Фараби пікірінше, бақытқа қол жеткізу үшін қайырымды қала тұрғындары екі өмірде де бақытты болуға мүмкіндік беретін тәртіптілікке және имандылыққа талпынуы тиіс. Басқа сөзбен айтсақ, бұл қайырымды қала тұрғындарының бірлігі мен жақындастығын білдіреді. Дәл осыны «Әділеті қоғам» құруға қатысты да айтуға болады. Біздің еліміз бен мемлекетіміздің болашағы Қазақстанның әр тұрғынының, оның өзіне, отбасына және өз еліне қатынасына байланысты. Әділетті ел болу – ең алдымен жалпықазақстандық үйдің ұлттық идеясы және біздің ұлы бабаларымыздың арманы.

Пірімбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты, доцент,

әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<