Алтынның құны немесе Досмат пен Сыздықтың әңгімесі

2182

0

Досмат деген көрші ауылдың кісісі құмның бетінде жылтырап жатқан бір затқа көзі түсіп, бұл не болды екен деп қалтасына сала салады. Қай замандыкі екенін кім білсін, бұл бір ескі, тот басқан тиын екен. Сыздыққа көрсетейін деп ойлайды. Сыздық алтын-күмістен әшекей соғатын зергер де еді.

– Мына бір ақша ма, әлде не, алтын емес пе, көріп байқашы, – дейді Досмат Сыздыққа. Ол болса әлгі дөңгелек тиынды егеумен екi рет сүйкеп өтiп, қобдишаға лақтыра салады. Не екен деп Досмат та сұрамайды, алтын болса болар деп Сыздық та айтпайды.

Бір ауылдағы тойға Сыздықтың әйелі Күлшара алтын сырға тағып барыпты. «Бай ат мінсе құтты болсын дейді, кедей ат мінсе қайдан алдың дейді» деген. Жұрт қайдан алдың деп қызығады. Күлшара – ақкөңіл,  сыр жасырып қалмайтын адам. «Шалым ескі тиыннан шығарды» депті.

Мұны естіген Досмат келіп:

– Жеңгем алтын сырға тағыпты, – дейді.

– Алтын тауып әкелетін қайнысы болса, тақпай қайтсін, – депті сонда Сыздық.

Көп әңгіме айтпайтын ағасын мұнан әрі сөйлеткісі келмеген Досмат та үндемей бұрылып жүре беріпті.

Міне, ауыл адамдарының кеңдігі, мәрттігі дегеніңіз осы. Алтын үшін суға итеріп, отқа лақтырып жіберетіндер де жетеді. Құдай сақтасын, дегенмен қазақтың кеңдігіндей кеңдік кімде бар?!

Мына бір оқиға да сол заманда өткен. Біздің әңгімемізге қатысты болмаса да желілес, жерге тастауға қимайсың.

Бір бала түйе жетектеп Ақмешітке келсе, көшеде бір татар әйел майға пісірілген бәліш сатып тұр екен.

– Ал, бала, ал, – депті ол өзіне жақындай берген түйелі қазаққа, әлгі бала бәліштің үш-төртеуін алып жеп, бетін сипап кетіп бара жатыр дейді.

– Әй, малай, тоқта, ақшасын кім төлейді? – деп сонда сатушы әйел оның шалғайына жармасады ғой.

– Құдайы күлшеге ақша ала ма? – дейді бала.

– Бұл – пирожки шырағым, құдайы күлшеңді ауылыңда жейсің, балтай-шалтай хватит, давай ақша!

Осы жанжалдың үстіне сәнді киінген бір қазақ азаматы келіп қалады. Басында шляпа, қолында тері сөмке, оқыған кісіге ұқсайды.

– Не болып жатыр? – дейді ол.

– Мына малай ақшасын төлемей жатыр, – дейді әйел.

– Сізге қанша беруі керек?

– Үш сом.

– Мә, үш сом. Ал, бала, сен тағы да жейсің бе?

– Ия, жеймін, – деп бала тағы төрт-бес бәлішті алып кете береді. Онысына рахмет демейді, ана кісі рахметің қайда деп сұрамайды. Татар әйел бұған аузын ашып қарап тұрыпты.

Өзін зор санайтын орыс та, алып санайтын ағылшын да бұлай істемес. Болмаған күнде бір-біріне рахметін айтар. Айтпаса рахметің қайда деп сұрар еді. Міне, қазақы мәдениет және бұл – оның өзіне ғана тән ең биік мәдениет.

Сыздық  пен Досматтың әңгімесі де осыған ұқсайды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<