Бауыржанның әуестігі

823

0

-Бауыржан Момышұлы тәуір тоғызқұмалақшы да болған. Көбінесе, Мұхтар Әуезовпен ойнауды ұнатушы еді, – дейді жазушы Мамытбек Қалдыбай. 

Өзі 1944 жылы майданнан елге демалысқа оралғанда, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцовтың қабылдауында болып, оған ұлтымыздың бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, айтыс дәстүрлері мен тоғызқұмалақ секілді көптеген ойындарын дамытуға тыйым салып, қаскөйлік жасап отырғанынын бетіне қатты айтып, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі зор мәнін түсіндіреді.

         Бауыржан аға сол хатшыға қазақ халқының есепке ойша жүйрік, зерек келетінін, оның сыры тоғызқұмалақ ойынын жақсы білуде екенін айтады.

          – Мысалы, – дейді ол, – баяғыда мың қойды өзі-ақ бағуға машықтанған қойшыларымыз хат танымаса да алдындағы малды жедел-ақ санап үлгерген…  Сол кездесуден соң Н.А.Скворцов қателігін түсініп, халықтық мұраларға оң көзбен қарай бастаған.

Баукең бильярдты мергендік өнерімен тікелей байланысты деуші еді:

– Бір милиметр мүлт кетсең – ұтылғаның. «Геометриялық шағылысу бұрыштары» деген болады. …Нысана көздеуде жер қыртысы ерекшеліктерін, жел әсерін, оқтың ұшу траекториясын есептей білу машығы мұнда да жәрдемдеседі…

         Бірде Мәскеудің арғы шетінде орналасқан «Малеевка» демалыс үйіне «Куба әсерлері» кітабын жазуға барған екен.

         Жұмыс арасында сергіп қайтпаққа сондағы үлкен бильярд залына кірсе, ешкімді шақ келтірмей ұтып жүрген Асанов деген жазушы әбден кеуделеніп, кесірленіп «кәне, енді қайсың барсың» деп айқайлап тұр екен дейді. Ойынға Баукең кіріскенде, анау бұ кісіні де «азиаттар да ойнайды екен-ау!»деп менсінбей, бірден тықсырып тастамақ болады. Бірақ жедел-ақ қаумалап қарап тұрған жұрттың мазағына ұшырап, ойсырап ұтылады. Содан қатты қорланып, демалысының аяқталмағанына да қарамастан тез жиналып, еліне қайтып кетіпті. Сол ойынды көріп тұрған әйгілі мүсінші Евгений Вучетич Бауыржанға дән риза болып, айқара құшақтап, құттықтайды. Сол сәттен-ақ екеуі өле-өлгенше дос болып кеткен. Кейін Евгений Викторович Қазақстанға келіп он екі қайраткердің мүсіндерін жасағанда, Бауыржан Момышұлын кеңесші қылып алыпты. Өзі Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Кеңесінің алдындағы семсерден соқа жасап тұрған адамның ескерткішін соққанда оның бет-бейнесіне Баукеңнің кескін-келбетін алдым дейді екен.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<