Болмысы бөлек Қазекең

629

0

Адамды өз ортасында сый-құрметке бөлеп, қадірлі ететін кісілік келбет, азаматтық ұстаным, адамгершілік бітім-болмыс. Балалық, жастық шағымыз бірге өткен, бүгінде алпыстың асқар белесін бағындырып отырған досым Қазтай Тоқтасынұлы туралы айтқанда бірінші оның осы қасиеттері ойға оралады.
Қазекең екеуміз бала кезден бір ауылда өсіп, мектепте бірге оқыдық.  Жас­тайымыздан еңбекке араластық. Ол жылдары мектеп оқушыларын 5-6 сыныптан бастап жазда пішен оруға, күзде күрішке комбайн ала алмайтын сабағын ору жұмысына алып кететін. Одан басқа кезекпен қой бағу, ауылдан 60 шақырым жерден, Қызылқұмның шетінен машинамен сексеуіл әкелу, қыс­тың қақаған аязында ауыл шетін­дегі ұңғымадан есекке артып флягамен су тасу мектеп жасындағы балалардың жұмысы болатын. Қазір заман өзгерді, айтылғандар кейінгі ұрпаққа ертегі сияқты. Соған қарамай мектепте де жаман болғанымыз жоқ.
Қазекеңнің оқушы кезінен талабы зор, білімге деген ынтасы ерекше болды. Сол талап пен ынтаның, алдына қойған мақсатының айқындығынан болар, арман жүгін арқалап Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсті. Студент кезден бастап белсенділігімен, ойының тиянақтылығымен, ұйым­дастырушылық қабілетімен студенттер ортасында абырой биігінен көрініп жүрді. Оны мен Тараз қаласында оқып жүрсем де, каникулдарда Алматы шаһарына, мектептес достарға қыдырып барғанда жиі байқайтынмын.
Студенттік шақтан кейін туған жерге қайта келіп, еңбек жолын  бірге бастадық. Жолдамамен келген жас маман Қазекең жұмысқа білек сыбана кірісті, облыстық агрохимиялық зертханасында аға агрохимик болды. Сол жылдары Сыр өңірінде ауыл шаруашылығын дамыту, қүріш ал­қап­тарын толығымен игеріп, одан мол өнім алу бүкілодақтық ша­раға айналған болатын. Сырдария суын толығымен егіншілікке пайдалану, жаңадан тың жерлерді егін алқап­тарына айналдыру партияның қада­ғалауымен жүргізілетін. Әрине, жаңа бастамалардың оңы да, терісі де болады, мол өнім алумен қатар күріш алқаптарының жай-күйі нашарлай бастады. Осы кезеңде күрішті жердің мелиоративтік жағдайын қадағалау, ондағы топырақ құрамына үздіксіз талдау жасау облыстық агрохимиялық зертханасының негізгі міндеттерінің бірі болатын. Қазекең осы кезеңде өндіріспен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту жолдарын қарастыратын ғылыми конференцияларға қатысып, сорланған жерлерді қалпына келтіру, топырақ құрамын тыңайту, онда өсіруге қолайлы өсімдіктер турасында тың ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, ғылыми мақалалар жазып, жарыққа шығарып жүрді. Ғалым-агроном мамандығы бағытындағы жұмыстарын үзбей, ғылыми ізде­ністерін жалғастырған болса, Қазекең­нен мықты ғалым шығатын еді.
Қазекеңнің өмір жолының келесі есте қалатын кезеңі – ол коммунистік партияның адал досы комсомолмен тығыз байланысты. 1982 жылдан бас­тап Қызылорда облыстық комсомол комитетіне қызметке шақырылып нұс­қаушы, бөлім меңгерушісі, тексеру комиссиясының төрағасы болып жұмыс жасады. Бұл кезең жас­тардың нағыз кәсіби маман есебінде қалыптасатын шағы болатын. Қазақс­тан комсомолының сол кездегі көш­басшысы Иманғали Тасмаған­бетовпен тығыз байланыста болып, онымен бірге жұмыс жасау, облыстың экономикасын көтерудің саяси платформасын іске асыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Қазекең бұл бағытта да тиянақты, тиімді еңбек етті, БЛКЖО орталық комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталды, алғыс хаттар алды.
Қазекең өндірістен қол үзген жоқ. 1991-1993 жылдары «Мерей» шағын кәсіпорнының директоры қызметін атқарып, 1993 жылдан 1997 жылға дейін  Қызылорда агроөнеркәсіп ин­же­нерлері институтының емдеу- сауықтыру кешені басшысы болды. Қайнаған еңбектің ортасында жүрсе де “мен болдым, толдым” деген жоқ. Керісінше, ізденген үстіне ізденіп, өзін жетілдіруді үнемі қолға алатын. Соның нәтижесінде 2000 жылы Қызылорда мемлекеттік университетін экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірді. 1997-2009 жылдары салық органдарында инспектор, бас маман, бөлім бастығынан басқарма басшысына дейін көтерілді. 2009-2017 жылдары Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер бас­қармасы басшының орынбасары қыз­метін атқарды. 2017 жылдан бас­тап «КЭИС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты топ компанияларында бас директорының орынбасары болып жұмыс жасауда. Сонымен қатар, «ЭлектроТехнология» ЖШС жанынан оқу орталығын ашып, сол орталықтың директоры болып бекітілді. Ол жерде де электр және электрмен дәнекерлеуші мамандарын дайындап, олардың жұмысқа орналасуына атсалысып келеді. Қарап отырсаңыздар, Қазекең 40 жылдай еңбек етіпті. Құдайға мың да бір шүкір, абыройлы болды, атқарған еңбектері де елеусіз қалған емес. Мәселен, комсомолдың құрметінен басқа, Қазақстан қаржы министрінің, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен «Салық қызметінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Бұлардың барлығы Казекеңнің қандайда бір қызметте болмасын барынша адал, облыс экономикасын нығайту жолында аянбай еңбек еткен тәжірибелі қызметкер, білікті маман ретінде қалыптасқандығының айғағы.
Адамдықтың биік тұғыры – тектілік десек, бұл қасиет адам бойына алыстан емес, әкенің құты, ананың сүтімен дариды. Қазтайдың әкесі Тоқтасын ағамыз Жалағаш ауданындағы «Мəдениет» совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы, совхоз директорының орынбасары қызметін атқарған, елдің абыройлы азаматтарының бірі болған. Ал анасы Бибісара апамыз №32 орта мектепте ұзақ жылдар бойы ұстаз болып зейнетке шыққан. Немеренің үлкені болғандықтан Қазекең әжесі Қыздаркүлдің тәрбиесінде өседі. Ол кісі де өз заманында іскерлігімен, адамгершілік қасиеттерімен ел аузында қалған кісі. Осындай жандардан тәрбие алып өскен оның жаман болуы мүмкін емес-ті.
Қазтай ағайын-туысқа ғана емес, достарының да ортасында сыйлы, абыройлы азамат. Мектепте 22 бала балалықты бірге өткізіп, бірге жүріп оқысақ та, өмір иірімімен әрқайсымыз әр жерде жүріп жатырмыз. Елге сағынышпен келгенде бәріміздің басымызды қосатын осы Қазекең. Әлі күнге дейін осы әдетінен таңған емес. Жары Жұлдызай екеуі шаңырағына келген қонақты сый-құрметсіз қайтармайды. Бұл достыққа, сыйластыққа деген адалдығы болса керек. Ол жайлы әңгіме қозғағанда оның кез келген істе адал, жан баласының көңіліне кірбің түсірмеуді, жүрген жерін ақ көңіл, ақ жарқын пейілімен нұрға бөлеп жүретінін айтпау мүмкін емес. Көңіліне қаяу түскен адам көрсе, оның көз жасын сүртіп, жағдайының жақсы екенін білмейінше, көңілі бір тынбайды. Жан-жағындағыларға тек жақсылық жасауға асығып отырады.
Қазекеңе тән ерекшеліктің бірі – әзіл әңгімелер мен анекдоттарды майын тамызып айтатындығы. Өз ортамызда әзілді жақсы айтып, қалжыңмен қағытып, бәріне жақсы көңіл күй сыйлап отырады. Өлең шығаратын ақындығы да, кейбір тұстарда өлеңмен жауап беретін тапқырлығы да бір бойынан табылады. Бірде жолаушылап Түркістан қаласынан өтіп бара жатып, сол жерде тұратын Ахметжан Тұрабаев деген ауылдас ағасына киелі мекеннің облыс орталығы мәртебесін алуымен құттықтап хабарлама жібереді. Оны оқыған ағасы жауап ретінде қой жайып жүрген баланың суретін жіберіпті. Онысы «Келсең қонақасы дайын, қонақ бол» деген ишараты болуы керек. Оны көрген Қазекең:
Әлмахан төбесінің етегі ме?
Туған жерге ештеңе жетеді ме?
Кезекпенен қой баққан сол бір кездер
Сірә, да естен шығып кетеді ме? – деп бала кездегі естеліктері есіне түсіп, осылай жауап қатады.
«Еңбек, еңбек түбі зейнет» деген сөз бар қазақта. Сол жасқа жақын жерде жүрген Қазекең алпыс деген аға жасына келіп отыр. Құдай қаласа, зейнеткер жасына жеткенде оны да тойлармыз.
Қазтай досымыз бұл белеске оңай жеткен жоқ, ел игілігі жолында қызығы да мол, қиыншылығы да жетерлік, халқының алдында абыройлы қызмет жасап келді, әлі де жасай беретіндігіне кәміл сенеміз. Адалдықтан танбай, ізгіліктің ізін салып келе жатқан оның бүгінгі ісіне, еңбегіне біз достары, ауылдастары мақтанышпен қараймыз.
Оразхан ҚАРЛЫХАНОВ,
техника ғылымдарының
докторы,
ҚР ауыл шаруашылығы ғылымдары
академиясының академигі.
Тараз қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<