Ана махаббатының құдіреті

781

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүйрек 24 сағатта адам  бойындағы  қанды сүзгіден өткізеді. Осылайша ағзаны тазалап, қалдықтарды несеппен бірге шығарады, қан қысымын реттейді. Оның қызметі бұзылса басқа ағзалардың жұмысы баяуласа керек.

Ғаламторды ашып қалсаңыз, бүйрек саудасынан көз сүрінеді. Қазір нарықта бағасы 160 000 АҚШ доллары көрінеді.

Бізбен көршілес Ниетқалиев көшесіндегі үйде Болат, Жанна атты ерлі-зайыптылар тұратын еді. Жуырда ұлы Нұрболдың кенет сырқаттанып қалған хабары жетті. Университет бітірген, Алматыдағы бір колледжге оқытушы болып орналасқанына көп болмаған ұлының бір бүйрегі істемей қалып, ауруханада жатқан суыт хабары оларға төбеден жай түскендей болды.

Не істеу керек? Ерлі-зайыптылар екеуі бірдей суыт Алматыға аттанды. Ауруханада жатқан ұлының жүдеу тартқан жанары ерлі-зайыптылардың көз жасын төгілткендей еді. Дәрігерлер ұлының бір бүйрегін шұғыл ауыстыру қажеттігін ескертіп, әке мен ананың көңілін күйзеліске түсірді.

– Мен бүйрегімді беруге әзірмін! – деді әкесі Болат. Дереу анализ тапсырды. Қан топтары сәйкес болмай шықты. Анасы Жанна бір бүйрегін беруге шешім қабылдады. Анализ тапсырғанда қан топтары дәлме-дәл келді. Сонымен ана бүйрегі ұлына салынды.

Бұл операцияны Алматыдағы А.Сызғанов атындағы хирургия орталығының профессоры Болатбек Баймаханов пен ассисент Ислам Құрбанұлы жасаған еді. Операция сәтті шықты.

Жуырда Жеңіс күні қарсаңында жұмысына қайта оралған Нұрбол Қызылордадағы ата-анасының шаңырағына келіп, аурудан айығып, қатарға қосылғанын көрші-қолаңға қуана жеткізді. Ата-анасы қуанышын толғаныспен әңгімелеп берді.

Шіркін, ана махаббатының құдіреті ғой, ажал құрсауынан ұлы Нұрболды алып шықты. Ерлі-зайыптылар Қызылорда телерадио орталығында қызмет істейді. Енді бірер жылдан соң екеуі де зейнетке шығып, ұлының отау құрған қуанышты сәттерін асыға күтіп жүр.

Қайыр ҚОРАСАНИ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<