Әділдіктің ақ туын ұстаған жан

584

0

Қай заманда да билік айтып, дау шешу, төрелік жүргізу, әділдікті орнатып, қара қылды қақ жарып, тура сөйлеу оңай болмаған.
Жалпы билік тармағына, оның ішінде сот жүйесіне артылған жүктің салмағы ауыр болғандықтан төрелік жүргізу қызметі әйел затына жүктелмеген. Дегенмен, уақыт өте келе, біздің қазақ қыздарының арасынан да билік жүргізумен айналысатын нәзік жандылар халыққа қызмет ете бастағаны тарихтан белгілі. Кеңес үкіметі кезінде Сыр елінде судья қызметін атқарған санаулы ғана нәзік жанды қыздар болған. Олардың ішінде бұл салада осындай ауыр қызметтің қиындығына төзіп, ер-азаматтармен қатар ерең еңбегімен төрелік атқарып, сот жүйесінің дамып, өркендеуіне елеулі үлесін қосқан, жас мамандарға үлгі бола білген, ардагер судья – Зина Жаңбыршаева болды.
Зина Ізбастықызы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетінің түлегі, сот жүйесіндегі еңбек жолын 1982 жылдан Шиелі аудандық халық сотының судьясы, ал 1984 жылдан бастап Қызылорда қалалық сотының судьясы болып қызмет атқарып, отставкаға шыққанға дейін аталған сотта отыз жылдан астам үздіксіз судья қызметін абыроймен атқарған.
Өз табандылығымен және кәсіби білімімен қызметтік міндетіне сын келтірмей абыроймен қызмет атқарған Зина апамыз өз ісінің білікті маманы ретінде танылды. Оның сот актілерін сапалы түзуі, қолданыстағы заңнамаларды, нормативтік актілерді дұрыс қолдануы судья ретінде біліктілік деңгейі мен тәжірибесі мол судья екендігін көрсете білді. «Зергердің қадірін зергер біледі» дегендей, осы қызметтегі судьялар мен сот қызметкерлері қалалық соттың жұмысының күрделігі мен моралдық тұрғыдағы ауырлығын, оның ерекшеліктерін жете түсінеді. Сондықтан, отыз жыл осы сотта табанды жұмыс жасап, үлкен абыроймен еңбек демалысына шығудың қандай мәртебе екендігін білетіндер бұған тәнті болады.
Өзінің таңдаған кәсібіне адал қызмет етіп, отандық сот жүйесінің беделі үшін аянбай еңбек ету – Зина Ізбастықызының өмірлік мұраты болды.
Ол осылайша, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғады. Өзінің судьялық еңбек жолында қылмыстық, азаматтық, шаруашылық, әкімшілік істерді бірдей қарап, істің ақ қарасын айырып, талай қылмыс пен жазаның, әділдік пен заңсыздықтың аражігін ашып, әрбір істі сабырлықпен зерделей білді. Ауыр қылмыстық істер бойынша ақтау үкімдерін қабылдап, нәзік жанды әйел заты болғанына қарамастан, бұл мамандықтың қиындығына төтеп беріп, әділдігі мен адалдығының арқасында үлкен абырой мен беделге ие болды. Осылайша бір ұжымда 30 жыл еңбек еткен Зина Ізбастықызының Сыр елінің сот билігі дамуына зор үлесін қосып, сот әділдігін жүзеге асыру барысында жақсы жетістіктерге қол жеткізгені үшін еліміздегі сот жүйесінің ең жоғарғы марапаты «Үш би» төсбелгісімен, бұрынғы КСРО, Қазақстан Республикасы Әділет министрлерінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы, Қызылорда облыстық соты төрағаларының Құрмет грамоталарымен,  бірнеше медальдармен марапатталды. 2007 жылдың қорытындысы бойынша Зина Ізбастықызы жылдың «Үздік судья» атағын жеңіп алғаны да оның ерен еңбегінің айғағы.
Әділдік пен шынайылықты, парасаттылық пен адамгершілікті алдына мақсат тұтқан ол өз қызметін биік деңгейде атқара білді.
«Елге бай құт емес, би құт» деген қазақ халқы. Зина Ізбастықызының тәжірибесінде даулардың көп бөлігі бітімгершілікпен аяқталып отырғаны да белгілі. Бұл дегеніміз Кеңес Одағы кезінен бастап, одан кейін тәуелсіз еліміздің сот саласында судьялық қызметті атқарған Зина апамыздың бұрынғы ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша «дау мұраты-біту» деген қағиданы басшылыққа алып, халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырып, әділ ісімен елдің ризашылығына бөленгенінің айғағы.
«Адал би-әділ би» деген ұстаныммен қызмет жасаған ол төрелік алаңында өз мамандығына титтей  де күмән келтірмеу жолында тер төкті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық тәмсілі содан қалса керек. Міне, осындай туралығының арқасында ол көпшіліктің алдында үлкен абыройға ие болды. Сол үшін де ол кісінің өмір жолы өскелең ұрпақ үшін үлгі.
«Сот билігінің беделі әділ төрелігімен өлшенеді» деген сөз тікелей судьяларға қатысты. «Мемлекет тарапынан, халық тарапынан көрсетілген сенімді судьялар ақтай білуі тиіс. Сол сенімді ақтаған жан расымен де зор құрметке ие болады» дейді қазіргі күні бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер судья. Жас судьялардың тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін арттыруға Зина Ізбастықызы елеулі үлес қосып, өзінің отыз жылдан астам жинаған барлық оң тәжірибесін осы жас мамандарға жеткізіп, үйретуден жалықпайды.
Бүгінгі күні Зина Ізбастықызы облыстық және оған теңестірілген соттарда судьялардың іс-әрекетіне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау жөніндегі тұрақты түрде жұмыс жасайтын топтың мүшесі. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясының мүшесі.
16 желтоқсан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында сот жүйесінің ардагері Зина Ізбастықызы Жаңбыршаеваға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасының 2018 жылғы 26 қарашадағы өкімімен облыста алғаш рет «Құрметті судья» атағы және «Судьялар Одағының құрметті мүшесі» құрмет белгісі табысталды. 
Қазақстан Республикасы
Судьялар одағының Қызылорда
облыстық филиалы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<